Сенбі, 23 Қараша 2024
Кәсіп-түбі нәсіп 7035 0 пікір 24 Наурыз, 2016 сағат 14:05

ИНЕ-ЖІПТЕН ИГІЛІК ИІРГЕН ІСМЕРЛЕР

 

 

Нарық заңы қоғамнан бәсекеге қабілетті болуды талап етеді және бұл өнеркәсіп өрісінің өркендеуіне, кәсіпкерлікті қолдауға байланысты екендігі мәлім. Қазіргі кезде елімізде кәсіпкерлікті қолдауға барынша көңіл бөлініп отыр. Соған сәйкес «кәсібім – нәсібім» дейтін азаматтар қатары көбейіп келеді. Оның ішінде қазақтың ұлттық қолөнерінде бұрыннан бар ісмерлік кәсіпті таңдағандар да жетерлік.   

 Қолөнер саласының шебері, дарынды суретші, үздік кескіндемеші Ирина Бәкірова – тігіншілікпен айналысып жүрген атыраулық кәсіпкерлердің бірі. Оның айтуынша, бүгінгінің адамына бір кәсіп аздық етеді. Яғни, тұрақты жұмыстан түсетін табысқа ғана сеніп отыра беруге болмайды.

- Дағдарыс пен дамуды қатар кешкен қоғам тек таза еңбек пен үнемшілдікке ғана иек артуы тиіс деп ойлаймын. Сондықтан, тоқыма өнеркәсібіне өз үлесімді қосқым келеді. Ісмерлік өнер  шығармашылық қабілет пен асқан төзімділікті қажет етеді. Шүкір, қазір тоқыма жұмысын жеңілдететін түрлі шетелдік құрал-жабдықтар жетерлік. Кәдімгі кір жуғыш машина секілді барлық қызметті бір өзі атқаратын тігін құрылғылары бар. Тоқымашыға тек матаны нығыздап, ине мен жіпті дайындап отыру ғана қалады. Көйлектің бір бөлігін тоқу үшін тігін машинасында тізіліп тұрған 400 инеден қырық инені мұқият санап алу қажет. Заманауи техникада қазір автоматты есептегішке дейін орнатылған. Ол тоқыма өнімінің ұзындығы мен енін алдын ала өлшеп береді, - дейді Ирина.

Жаңадан кәсіп ашқысы келетіндер үшін жеңіл өнеркәсіп — таптырмайтын бизнес көзі. Бұл — көп уақытын тоқымашылық кәсіпке арнаған тағы бір тігінші Ғалия Мұқанованың пікірі. «Елбасының өзі кәсіпкерлер ел өнеркәсібіне өз үлесін қосу керектігін айтты емес пе? Бұл үшін жергілікті кәсіпкерлерге көп болып қолдау білдіруіміз қажет. Бір сәт шетелдің арзанқол ала-құла киіміне ұмтыла бермей, өзіміздің қазақы оюмен өрнектелген киім-кешегімізді кисек, несі жаман? Керісінше, ұлттық киіммен бірге бойымызға ұлттық рухты сіңіреміз» дейді Ғалия.

Естеріңізге сала кетейік, былтырғы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Н.Назарбаев отандық өндірушілерді қолдауға шақырған болатын. Осыдан кейін ел бойынша «Қазақстанда жасалған» жалпыұлттық акциясы басталды.  Қазіргі күні барлық сауда желілерінде сатылатын қазақстандық өнімдер көзге бірден түсердей көрсетіп қойылған. Отандық өндірушілердің тауарын сатып алғысы келетін азаматтарға бұл өте қолайлы. Бұл қазақстандық тауар өндірушілерді қолдауға әрі тұрғындарды елімізде шығатын тауарлар жөнінде «біздерде мынадай бар, мынадай бар» дегендей хабардар етуге бағытталған. Бастамаға  қазір мемлекеттік органдармен қатар, ұлттық компаниялар, қоғамдық ұйымдар мен жастар қозғалыстары  келіп қосылуда.

Облыс орталығында бұрынғы Кеңес дәуірінен бері қызмет етіп келген Тұрмыс үйі қазір «Өнерпаз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ретінде көпшілікке жақсы таныс. Еліміз тәуелсіздігін алған тұста бұл мекемені атыраулық кәсіпкер Әлия Бекқожиева өз басшылығына алған болатын. Міне, тоқсаныншы жылдардағы тоқырау тұсында тәуекелге бел буып, өз ісін бастап кеткен осындай кәсіпкерлер Атырауда жетерлік. Бұл жерден соңғы үлгідегі сырт киімдер, күзгі, қысқы маусымға арналған трикотаждық өнімдер шығады. Осындағы трикотаж цехының меңгерушісі Қалыш Қабдоллиева техниканың соңғы үлгілері саналатын «SilverReed-SR 280», «SilverReed-SK-840» тоқыма құрылғыларын еркін меңгерген.

- Кейде бір жіп үзілсе, бүтін шаруаға кедергісін тигізеді. Бұл кәсіпті ұршықша иіріп кету үшін қолдың икемділігі өте қажет. Бүкіл жұмысты станокқа артып қоюға болмайды. Техниканың аты техника, ол адам қолын алмастыра алмайды. Шағын кәсібін тоқымашылықтан тапқан адамның  көзі де қырағы болу керек. Қазір айналаңызға көз жүгіртсеңіз, адамдардың бәрінде тұрақты жұмысымен қатар шағын бір кәсібі бар екенін көресіз. Демек, бұл –  уақыт талабы. Киім-кешек бүгін-ертең сәннен шығады, тозады, ал оны тігуші мамандардың өнері – мәңгілік, - дейді ол.

Иә, о заманнан нәпақасын төрт түлік малдан таба білген қазақ үшін қолөнер жат емес. Соның айғағы ретінде, ата дәстүрдің шырағын сөндірмей, келешекке жалғап отырған ұрпақ бар бүгінде. Ендеше, ине-жіптен игілік иірген шеберлерді қолдауға қашанда дайын болайық.  Қазақстандық тауарды сатып алу – ел экономикасына қосқан үлесіміз.

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5402