ТҰРҒАНҚҰЛОВ ӘДІЛ САЙЛАУ ӨТКІЗЕ АЛА МА?
Қазақ халқы иттің етінен жек көретін «қазіретті» Сталиннің сайлау жайлы айтқан «қалай дауыс бергенi маңызды емес, қалай саналғаны маңызды» деген сөзі есіме түсіп отыр. Бізде де сол «әулие» Сталин айтпақшы кімнің, қалай дауыс бергені емес, саналғаны маңызды... Сол санау кезінде қаншама халықтың даусы ұрланып, ешкім күтпеген нәтижелерді көріп жатамыз. «Ұрлау» дегеннен шығады, тәуелсіздік алғалы бері біздің ел дені түзу бір сайлау өткізе алмапты. Бұл орайда сарапшылар Орталық сайлау комиссиясының күнәсінің ауыр екенін, болашақ ұрпақ алдында сол комиссияның жауапты болатынын айтады.
«Ең көп өтiрiк соғыс кезiнде, аңнан кейiн және сайлауға дейiн ғана айтылады» дейді Бисмарк. Сол Бисекем, сайлаудан кейінгі алғашқы өтірікті Орталық сайлау комиссиясы сүйіншілейтінін ұмытып кетсе керек... Егер Бисекем қазақ болып туса, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанда өмір сүрсе мұндай сөзді айтуды ұмытпас еді. Амал не, қазақ емес, амал не бүгінгі тәуелсіз қазақ елін көре алмады.
Шынын айтайықшы осыған дейін елімізде өткен сайлаулар қазақ мемлекетіне деген, бүгінгі билікке деген көзқарасты өзгертіп жіберді. Тіпті, соңғы кездегі сайлаулардың нәтижелері Қазақстан лидері Нұрсұлтан Әбішұлын масқаралау үшін әдейі бұрмаланып, жүнін қобырайтып шығарылатындай әсер қалдырады. Әрине, еліміздің басым халқы Тұңғыш президентін жақсы көреді. Оған сенім артып, даусын береді. Десе де қоғам болғаннан кейін әртүрлі ойлайтын, мемлекет саясатына сынмен қарайтын азаматтар аз емес екені белгілі. Ең азында жүз адамның жиырма бесі басқаша ойлайтынын кез-келген адам топшылай алса керек-ті... 75 пайыз дауыс жинап, ел тағына жайғасудың өзі – абырой... Оны сайлау комиссиясының құрметті төрағасы Тұрғанқұловтар ойлай ма? Ойламайды.
Керісінше, сайлау «әділетсіз өтті» деген позицияны қолдағандай етіп, елдің санасына сыймайтын сандарды алдыға жалт еткізіп шығара қояды. Оларға «Дамыған елдердің көшбасшылары 51-52 пайыз дауыспен де ел басқарып жүр ғой. Кішкене тізгін тартсаңдаршы» дейтін адам жоқ. Мұндай көрсеткіш (51-52 пайызды айтып отырмыз) ол елдердегі сайлаудың қаншалықты әділ өтетінінің айнасы іспетті көрінеді. Ал, біздікілер «қолыңнан келсе, қоншыңнан бас» деген қазақтың мәтелін негізге алып, қоныштың бәрін басып болды.
Демек орталық сайлау комиссиясындағы санақшылар, дұрысы санаушылар бәрін қасақана жасап, елімізде демократияның жоқ екенін дәлелдеуде алдыға жан салмай келе жатыр деген сөз. Сырттай қарағанда олар қолда бар мүмкіндікпен жоғарғы жаққа жағымпазданып қалуды көздейтін сияқты. Әйтпесе, Елбасымыз маған берілген дауыс 90 пайыздан асу керек демейтіні ақиқат. Бұл жағымпаздық елдегі еркін ойға, демократияға, сайлауға деген құлшынысқа кері әсерін тигізіп келеді. Ал, ішкерілей енетін болсақ, бұл жағымпаздану емес – масқаралау. «Сендердің дауыстарың емес, біздің санауымыз шешеді» деп бүкіл жұртшылықты мазақыға айналдыру. Елбасының анық жеңісін бүркемелеп, қолдан «Толағай» жасау.
Өздеріңіз білесіздер, 1999 жылғы сайлаудан кейін Орталық сайлау комиссиясының сол кездегі төрайымы болған Зағипа Балиева ханым: «Қалай депутат болғандарыңызды ұмытып кетпеңіздер» деп төбеден түскендей пікір айтып еді. Әрине, кімнің қалай билікке келіп жатқаны сол кезде төрайымға ғана белгілі болғаны рас. Десек те, бұл бізде әділ сайлау өтпегендігінің, өтпейтіндігінің белгісі ретінде қабылданып, Балиеваның осы сөзі қанатты сөзге айналып кетті.
Мұнымен не айтпақпыз... Міне, алда тағы да кезектен тыс сайлау келе жатыр. Өзін-өзі таратқыш мәжілісмендерді тағы да електен өткізіп, жайлы орынға жайғастырмақ болып шапқылаудамыз. Дағдарыс алқымнан алған тұста миллиондарды шашуға сақадай сай тұрмыз.
Өткенде ҚР Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттары сайлауын әзірлеу және ұйымдастыру мәселелері жөніндегі республикалық кеңесте ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов: «Сайлау органдарының басты міндеті – сайлаудың заңдылығын қамтамасыз ету, яғни, сайлау заңнамасы мен жалпыға бірдей танылған халықаралық ұстанымдардың талаптарына сәйкес әділ және ашық сайлау науқанын өткізу» деді.
Біз осыған дейін Тұрғанқұлов айтқандай халықаралық ұстанымдардың талаптарына сәйкес әділ және ашық сайлау өткізе алдық па, өткізе аламыз ба? Бүгінгі ахуалға қарап, «жоқ» деп жауап бере салған дұрыс. Неге десеңіз, көкектің өз атын өзі әлемге әйгілейтініндей қазірдің өзінде кеңірдек керіп, ашық сайлау жайлы ертегі айта бастадық. Бұл жолы да баяғы жартас, сол күйінде жаңғыратынын осыдан-ақ аңғаруға болады.
Бізде ашық һәм әділ сайлау өткізуге сұранған бір азамат бар еді. 2004 жылдары Заманбек Нұрқаділов сұхбаттарының бірінде «Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, ОСК төрайымы Зағипа Балиеваны босатып, орнына өзін қоюды сұрағанын» айтқан еді.
1993 жылы Жоғарғы Кеңесті заңсыз таратуға үлес қосқанына өкінетінін білдірген Заманбек Нұрқаділов «ОСК төрағасы болса барлық партиялар мен жоғары билік өкілдерін, халықаралық ұйымдарды шақырып, әділ сайлау шарттарын кеңесетінін, бөгет жасағандарды тәртіпке келтіретінін» айтқан.
2004 жылы көктемдегі бір сұхбатында ол «Егер әділ сайлауға қол жеткізе алмасақ, оларды мүлде өткізбеген жөн. Әзірге әділ сайлауға жағдай жасалған жоқ – сайлау комиссиялары өзгермеді, олардың құрамында оппозиция өкілдері жоқ... Ал әділ сайлау болмаса, әділ парламент те болмайды, онда [елде] мен болжаған сүреңсіз жағдай орнайды» деген болатын.
Мұны Қуандық Тұрғанқұлов біле ме? Заманбектің «Әділ сайлау болмаса, әділ парламент те болмайды» дегенін Тұрғанқұлов қаперге ала ма?. Жоқ, әлде сайлауға бөлінген қаржының тігісін жатқызып «жемсаудан» өткізіп, бар дауысты «Нұр-Отанға» аударып, қалған сүйек-саяқты бірлі жарым партияларға лақтырып, ескі сүрлеумен зымырап өте шыға ма?
Әрине, мұны болжау үшін бақсылықтың қажеті жоқ. Бұл сайлауда кімнің айдарынан жел есетіні әзірден-ақ белгілі. Ендеше, «сайлау өткіземіз» деп алашапқын болу неге керек? Бұған менің басым жетпейді. Менің басым жететін бір-ақ ақиқат бар. Қазақ мемлекеттілігінің әділ тарихында әділ сайлау өткізе алмаған Тұрғанқұловтардың, Тұрғанқұлов секілділердің есімі «алтын әріппен» жазылады.
Түйін
Мен кейде биліктегілердің өтірігіне, соның жасаған күнәсіне болашақта бала-шағасы жауап беретін болса ғой деп ойлаймын. Бүгінгі күнгі барлық өтіріктердің беті ашылғанда, өтірікшілердің үрім-бұтағы азап шегіп, әкелерін лағынеттер еді? Әркім бұған жеткізбеу үшін қам жасар еді. Ал, біз болсақ: «Сайлау деген – өзіңе берген ықтияр» деп Ахмет Байтұрсынұлының сөзін басшылыққа алып, сайлау учаскесіне жүгіре жөнелер едік...
Шәріпхан Қайсар
Abai.kz