Жексенбі, 24 Қараша 2024
Қоғам 5729 0 пікір 19 Шілде, 2016 сағат 12:31

ЖЕР МӘСЕЛЕСІ КӨЛЕҢКЕДЕ ҚАЛҒАН ЖОҚ ПА?

Ақтөбе мен Алматыдағы терактілер еліміздегі басты проблема жер мәселесін көлеңкеде қалдырған жоқ па? Осы сұраққа жауап іздеп, жеркомның мүшелеріне хабарласуды жөн санадық.

1 сұрақ. Ланкестік әрекеттер жер комиссиясының жұмысын күн тәртібінен ысырып тастаған жоқ па?

2 сұрақ. Жер комиссиясының төрағасы Асқар Мырзахметов жерком мүшелеріне алдағы отырысқа арнайы ұсыныспен келуді тапсырған еді. Қандай ұсыныс дайындап жатырсыз?

Жанұзақ Әкім, ғалым:

1. Кешегі Алматыда болған оқиғаны өз басым бұзақылық деп бағалаймын. Түрмеде отырып шыққан қылмыскер адамның ісіне бола халқымыз негізгі жер мәселесін ұмытып кетеді дегенге сенбеймін. Кешегі Алматыдағы оқиғаны, өткенде Ақтөбеде болған ланкестік әрекеттерді жер мәселесіне байланыстырудың қажеті жоқ. Сондықтан еліміздегі жерге қатысты қордаланған проблемаларды шешу үшін комиссия өз жұмысын тынбай жалғастыра береді.

2. Барлық отырысқа да арнайы дайындықпен барамыз. Алдағы отырыста ауылдың жайы, ауылшаруашылығын дамыту мәселесін көтеру ойда бар. Жеркомның жұмысы нәтижесінде 7 млн. гектар жер мемлекетке қайтарылды. Енді ол жерлерді қалай пайдалану керектігін анықтау керекпіз. Елдің болашағы үшін өз ұстанымдарымызды ашық айтатын кез келді. Мәселен, жер комиссиясында әлі күнге шетелдіктерге жерді жалға беру, бермеу мәселесі ашық айтылған жоқ. Екіұшты пікір айтуды қойып, нақты ұсыныстармен мәселенің басын ашып алуымыз керек. Бұл орайда жер мәселесі көлеңкеде қалып қойды деп қорқудың қажеті жоқ. Жерді сақтап қалудың күресі енді ғана басталды. Сондықтан, қоғам ұйқыдан оянып, белсенділік танытқаны жөн.

Дос Көшім, саясаттанушы:

1. Меніңше, Ақтөбе мен Алматыдағы терактілер жер мәселесін екінші кезектегі проблема етеді деп қорқуға негіз жоқ. Жерге қатысты халықтың баяғы көңіл-күйі өзгермейді. Баяғы талабымыз өзгермейді.

2. Жеркомда өз ұсынысымызды айтуымыз үшін ол жердегі азаматтардың уәждерін тыңдап алуымыз қажет. Мысалы, осы уақытқа дейін Жер кодексіндегі көптеген олқылықтарды тауып, оны түзету керектігін дәлелдеп бердік. Яғни, әр отырыста бір проблема өздігінен пайда болып, оған тереңірек үңілуге мүмкіндік алып отырмыз. Жұмысты осы негізде жалғастыра берген дұрыс деп ойлаймын.

Жерді жалға беру мен иеленудегі ашықтықты қамтамассыз ету керектігін айтып келеміз. Бұған Жер комиссиясының төрағасы Асқар Мырзахметов заң бойынша кейбір тұлғалардың мүлкін ашық жариялауға тыйым салынғанын айтты. Заң солай болғанның өзінде халық кімнің қанша жерді иеленіп отырғанын, қандай мақсатқа пайдаланып жатқанын білуі керек. Жекеменшікті былай қойып, кім қанша жерді мемлекеттен жалға алып отырғанын білуге әрқайсымыздың құқығымыз бар. Яғни, бұл мәселеде ашықтықты, жариялықты талап ету қажет деп ойлаймын.

Жерком жұмысын бастағалы біраз мәселелердің беті бері қарады. Десе де талқыланатын жайттар әлі көп.

Дайындаған Қанат Бірлікұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1499
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3269
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5650