Жексенбі, 24 Қараша 2024
Билік 5966 0 пікір 8 Шілде, 2016 сағат 10:55

«ҚОҒАМДЫҚ ПАЛАТА» ҚҰРУ –МЕМЛЕКЕТТІ ТИІМДІ БАСҚАРУДЫҢ ҚАЖЕТТІЛІГІ

Жоба

 

Қазақстан халқына және

Жер реформасы жөніндегі комиссия

мүшелеріне

 

 

 

Кейінгі жылдары әлем күрт өзгерісте, кейде ертең не болатынын білу қиын. Дүниежүзінде болып жатқан дағдарыс және әлеуметтік-саяси өзгерістер, әр түрлі нәубаттар, Қазақстанды да айналып өтпейтіні анық.

Осылардан бойымызды алып шығу үшін және де, ішімізде де елдің әл-ауқатын көтеру, экономикамызды үдемелі дамыту үшін, түбегейлі өзгерістер жасауымыз керек болады. Әрине мұндай жаңашыл өзгерістер біреуге жақса, екіншілерге жақпауы да мүмкін. Стратегиялық жағынан ұтымды болса да, кейде халыққа уақытша ауыр тиуі де мүмкін.

Бізде үкімет, депуаттар, заң органдары, әкімшілік жүйесі қабылданған заңдарды,  бағдарламаларды т.б. маңызды шешімдерді іске асыруға келгенде жергілікті халықпен ақылдасып, олардың ұсыныстарын ескермейді. Мысалы, Үкімет пен Парламенттің қоғамның пікірін ескермей «Жер Кодексіне» түбегейлі, тағдырлы өзгерістерді енгізуі, Ақтөбедегі болған лаңкестік оқиға, Шымкенттегі билікті алуға қарсы іс-әрекеттер және алда болатын өзгерістерді де халыққа жеткізіп, халықтың ой-ұсыныстарымен санасу керек.

Міне осындай келеңсіздіктерді болдырмау үшін, халықтың басым көпшілігін қанағаттандыру және халықпен диалогқа бару үшін ең жоғарғы деңгейде «Қоғамдық Палата» керек деп ойлаймын.

Дағдарыс – бұл жіберілген қателіктермен жүргізілетін жұмыстың «сыншысы» және алғышарты, бір күндік және бір жолғы шаралар емес, алысқа көз салып, білек сыбана болашаққа бастар шаралар қабылдайтын, еліміздегі жағдайды әділ түрде, бар айбынмен бағалау қажеттігі туындайтын жағдай, өйткені әңгіменің төркіні  барлық қазақстандықтардың гүлденуі, қауіпсіздігі мен  әл-ауқатының жақсаруы жайында.

Бұл дағдарысқа лайықты тойтарыс беру үшін өз күшіміз бен ресурстарымызды қайта жасақтап, азаматтық қоғамды халқымыздың бірлігін нығайтуға жұмылдыру керек. Ресурстар мен мүмкіндіктерді жұмылдырумен қамтамасыз ету,  дағдарыстан кейінгі экономика  құру және  олардың іске асырылуын қадағалау жөніндегі ұйымдастырушылық шараларды күшейту қажет. Тек осылай ғана дағдарыс пен дағдарыстан кейінгі жағдайды бақылауға алу тиімділігіне қол жеткізуге болады.

Осыған байланысты, экономиканы басқарудағы маңызды буын – ол, заң шығарушылар қабылдаған  заңдардың  іске асырылуы және   орталық пен өңірлер, азаматтар мен мемлекет арасындағы байланыс сенімділігіне баға беру болып табылады. Осылайша қоғамның  билік өкілдеріне  өз мүдделерін  мәлімдеп, оған қоғамның құлақ салуына  қол жеткізуге болады. Мұндай  миссияны іске асыруды «Қоғамдық Палата» жұмысына   жүктеуге болады. Атқарушы билік пен қоғамның қатынасы жақында ғана құрылған қоғамдық кеңестер арқылы жүзеге асырылуда. 

Қазіргі таңда, экономиканы басқару процесін,  Үкімет шешімдерін іске асыру барысын әділ бағалау қажеттілігі және мүмкіндігі туған уақытта азаматтық қоғамды еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуының стратегиялық және ағымдағы міндеттерін   іс жүзінде жүзеге асыруға жұмылдыру қажет.  

Нақ қазір әлемдік дағдарысқа тойтарыс беру мақсатында «Қоғамдық палата» азаматтық қоғамның басты институттарының бірі болуы қажет, яғни оған ҚР Президенті жанынан жұмыс істеу мәртебесін беру керек.

Осыған байланысты ҚР Президентінің «Қоғамдық палатаға» ерекше мәртебе беру туралы Жарлығын қабылдау қажеттігі туындайды. Өз мәртебесін нығайта отырып, «Қоғамдық палата» өзекті проблемаларды талқылауға және оны атқаратын ұсыныстарды қабылдауға арналған ашық алаң болуы тиіс.  «Қоғамдық палатаның» өз қатарына азаматтық қоғамның барлық топтарын, соның ішінде қоғамдық бірлестіктердің өкілдерін де біріктіретін,  қабылдаған шешімдерге дұрыс және әділ баға берумен қамтамасыз ететін табанды ұстанымы болуы қажет.  

Мұндай жағдайға «Қоғамдық палата» оның мүшелері қоғамда азаматтық сана-сезім қалыптастыруға қауқары бар, қазақстандық қоғамның алуан түрлілігін көрсететін лайықты, беделді, атақты, білімді және ұяты бар азаматтар болса ғана тиімді іс болады. Бұл «Қоғамдық палата» мүшелерінің қатарында  партия көшбасшылары, сенаторлар, депутаттар, судьялар, мемлекеттік қызметкерлер болуы міндетті емес. Алайда Президент қана палата құрамының үштен бір бөлігін атай алады, мәселен палатаның 16 мүшесін (палатада 48 орын болған жағдайда), олар кейін оның құрылуын жалғастырады.

 Біздің ойымызшы, палата орындарының жайғасуы шамамен мынадай болады: палатаға барлық қазақстандық бірлестіктерден 20 өкіл қабылданады, 16 – өңірлерден. «Қоғамдық палатаның» толық құрамы анықталғаннан кейін, бір айдан кешіктірмей ол өз отырысын өткізуі қажет, палата кеңесін, бюро,  секретариат сайлауы және ҚР Президентінің «Қоғамдық палата» туралы Жарлығына сәйкес «Қоғамдық палата» жөніндегі реттемелеуші құжаттар қабылдауы тиіс т.б.

«Қоғамдық палатаның» тұтастай алғанда, елімізді дағдарыстан кейін дамыту стратегиясының жасалуына және елде моральдық-психологиялық ахуалдың қалыптасуына жауапты  ұйымдық құрылымын ҚР Президентінің өзі келесі құрамда бекітеді:   

-  төраға - 1 адам.

-  төраға орынбасары – 2 адам.

-  жауапты хатшы - 1 адам.

-  ақсақалдар кеңесі - 3 адам.

-  ұлттар кеңесі - 5 адам.

-  қоғамдық бірлестіктер мен партиялар кеңесі - 20 адам.

 - өңір өкілдері кеңесі -16 адам.

 

«ҚОҒАМДЫҚ ПАЛАТА»

ұйымдық құрылымының үлгі сызбасы  

 

 

 
   

«Қоғамдық палатаның» басты міндеті – өмірлік маңызы бар әлеуметтік-экономикалық және саяси мәселелерді  ашық талқылау,  елді дамытудағы заңдар мен тағдыршешті ережелерді қалыптастыру мен  қабылдауға белсенді  түрде жәрдемдесу және қатысу,  Үкімет пен жергілікті билік органдары  қызметінің тиімділігін бағалау.

Жаңа мәртебемен «Қоғамдық палатаның» құрылуы арқасында қоғам атқарушы және заң шығарушы билік жұмысын халықтың атынан қадағалау мүмкіндігіне ие болады. Палата мүшелерінің тәуелсіздігі мен құзыреттілігі Үкімет пен өңірлік билік өкілдері қызметінің қаншалықты тиімді екеніне,  заң шығарушылар қабылдаған заңдардың қаншалықты сенімді, лайықты және пайдалы екеніне баға бере алады. Көтерілген мәселелердің жедел шешімін табу мақсатында 11 адамнан тұратын қоғамдық палата бюросы құрылуы мүмкін.

Осылайша, «Қоғамдық палата» орталық пен өңір, азаматтар мен мемлекет арасындағы байланыстың сенімді жолы болады деген үміт бар. Және қоғам билікке өз мүдделерін айтып, құлақ астыра алады:

- «Қоғамдық палатадан» азаматтық қоғам құрудың демократиялық ұсытанымдары қорғаушыларын көреді;

- «Қоғамдық палата» қабылдаған шешім ұсыныстық сипатқа ие болатын болады және қорытынды, ұсыныс және үндеу ретінде қабылданады;

-  палата мүшелері Парламент отырыстарында, Үкімет отырыстарында сөз сөйлеп, өз шешімдері мен бағалауларын дәйектей алады, ал депутаттар мен атқарушы билік органдары өкілдері мұқият тыңдайтын болады;

- «Қоғамдық палатаның» қызметі айғақтайтын жыл сайынғы қорытынды құжаты - Қазақстанның дағдарыстан кейінгі даму стратегиясын қалыптастыру бағытындағы толық масштабты зерттеуі болып табылатын «Азаматтық қоғам жағдайы жөніндегі ұлттық баяндама» болуы қажет. Палатаның мәртебесі, өкілеттіктері мен қызметінің мәнін қамтамасыз ететін құқықтық жағдайлар жасау үшін «Қоғамдық палатасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы әзірленіп, қабылдануы мүмкін. 

Қорыта айтқанда бүгін жер мәселесі бойынша халықтың наразылығына байланысты Елбасы жер реформасы туралы мемлекеттік комиссия құрды. Ал ертең тіл, лаңкестік, күн көрістің төмендеуі сияқты тағы басқа әлеуметтік, саяси, экономикалық проблемаларға комиссия құрмау үшін және осы мәселелерді бір орталықта қарау үшін «Қоғамдық палата» құру қажет.

 

Оразалы Сәбден,

Жер реформасы жөніндегі комиссия мүшесі,

ҚР Парламентінің 4-дүркін депутаты,

э.ғ.д., проф., ҚР ҰИА академигі,

ҚР Мемлекеттік сыйлығы лауреаты,

Қазақстан Ғалымдар одағаның  президенті

 

Abai.kz                          

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1496
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3267
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5618