Жексенбі, 24 Қараша 2024
Қоғам 6502 0 пікір 5 Шілде, 2016 сағат 08:33

МАТРИЦАДАН ШЫҒУ

Танымал психолог, профессор Пол Экман ұзақ жылдар бойы адамның дене бітімінің қимылын, түр-әлпетінің қозғалысын (беттiң қызаруын, тыныс алуын, көздің қозғалысын т.б.) зерттеп, зерделеп дәлелді сараптамалар негізінде кітап жазып шыққан болатын. Осы кітап желісінде 2009-2011 жылдары режиссерлер «Мені алда» деген фильм түсірді.

Біздің айтпағымыз фильм кейіпкерінің жалған мен шындықты «ажырата» білу қабілетінің кереметтігі туралы болмақ. Адамның «ажырата білу» қабілеті құнды, әрі өте маңызды қасиет. Жалған мен шындықты адамның түр-тұрпатына қарап ажырату бір бөлек, ал, оны көре білу, түйсіну, сезіне білудің орыны тіпті ерекше. 

Сонымен, біз ажырата білу өнері туралы не білеміз? Ол – бізге керек пе? Лайықты таңдауды  қалай жасаймыз? Адаспаудың, өз-өзіңді алдамаудың жолы қандай? Шындықтың критерилері бар ма?

Шындық – ол, нақтылық. Ал, оның мағынасын ашып, іске асыру үшін шым-шытырық ағымдардың арасынан шындықтың арнасын табу міндет. Ол үшін тануды және ажырата білуді үйрену ләзім. Бірден айтайық, шындық жер бетінде ашықтан-ашық жарқырап жатқан жоқ. «Білім инемен құдық қазғандай» – деп, өте тереңнен қамтып айтылғанына көзің жетеді. Бүгінгі ақпарат заманында замандастарымызға да, жас ұрпаққа да ауқымды білім, тегеурінді көзқарас қажеттігін қазір тіпті айқындай түскендейміз. 

«Ажырату» мектебі

Адам баласы өмірде мына нәрсе «Дұрыс» ал, мына нәрсе «Бұрыс» деп бөліп қаруға бейім. Осы «бөлу» Алла Тағаланың адамзатқа берген «ажырата білу» қабілеті. Бала кезімізде ата-әжелеріміздің «оны істеуге болмайды, ұят болады», «мынаны істеуге болады, ол дұрыс» деп ақ пен қараны бөліп құлағымызға құйып отыруы ажырата білуге баулу мектебі екен. Осындай ой орамда данышпан Әл Фарабидің: «Адам нені және қалай ажырататындығынның мәніне жетіп (әдісін біліп), өмір бойы жақсы мен жаманды айырар болса, міне, сонда ғана бақытқа жетеді», – деп «айыра» білу ұғымына басымдық беруі бекер емес.

«Адам нені және қалай ажырататындығының мәніне жетуі» үшін не қажет? Әрине, адамның іс әрекетін басқарушы субъекті (ағым) туралы ақпарат керек. Ақпарат – ажыратудың «негізі». Ұзақ уақыт бойы жиналған тәжірибе, ақпаратсыз «дұрыс» немесе «бұрыс» деп тұжырым жасау мүмкін емес. Сондықтан, ақ пен қараны айырудың негізгі құралы – ақпарат.

Санаңдағы сауалдың жауабын табу үшін бір-біріне қарама-қайшы идеялар ағымын салғастырып, салыстырып көп оқығанмен, рас, тез арада көкейің күйттеген жайға бірден жете алмайсың. Алайда, оқу, тоқу, салыстыру арқылы көзқарасыңа, көңіліңе үлкен сенім орнайды. Ал, нық сенім орнықты әрекетке бастайды. Осылай шыңға көтерілу, жан-жағыңа, тұтас өмірге сергек қарау қадамы басталады. Бұл – баға жетпес адамгершілік байлық.

Мән беретін тұсымыз мынау: данышпан, ғұлама Әл-Фараби тағы бір тұжырымында: «Адамға ең бірінші білім (ақпарат) емес тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы», – деуінің басты себебі неде?

Зейін салып қарасақ: ғалымның тәрбие деп отырғаны ақ пен қараны, жақсы мен жаманды «ажырата білу» қабілеті. Демек, жастарға ақпарат берместен бұрын «ажырата білу» дағдысын қалыптастыру қажет. Ата-әжелеріміздің «мынау болады», «мынау болмайды» деп әр нәрсені екіге бөліп, баланың құлағына құйып отыруының өзі «ажырату дағдысын» қалыптастыру жолы болған.

«Ажырату» әдісі

Сонымен, ажыратуды – түрлі фактілер мен элементтерді имандылық пен интеллектуалдық ақыл тезіне сала отырып қабылдау немесе қабылдамау деп түсінуге болады. Өйткені, Хәкім Абайдың: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек», – деуінің басты себебі осы үш бірлікті бірдей ұстаған адам сансыз ақпаратты ретімен орналастырып, «дұрыс» пен «дұрыс еместің» толық кескінін қалпына келтіре алады. Суық ақылға, ерік-жігерге яки әулеген эмоцияның жетегіне еріп кетпей, «ақыл», «қайрат», «жүректі» бірдей ұстаған адам ғана әр нәрсені ажырата алмақ. Ал, ажырата білген адам әрине басқа «елден бөлек» болары сөзсіз. Ажырата білу мен интеллектуалдық тереңдік – мына «Баста миға» талас қылған» заманда әрқайсымыз және бүкіл қоғамымыз үшін ең құнды қазына болуы қажет.

Ажырата білу Алла Тағаланың адам баласына берген ерекше қабілеті.  Айыра білу қабілеті кез келген адамда бар қасиет. Бірақ, бидайды қауызынан бөліп алу үшін белгілі бір әдіс керек. «Мені алда» фильміндегідей адамның физиогномикасы туралы білімнің өзі толық ажыратуға жеткіліксіз. Оның да себептері түсінікті. Физиогномика туралы ғылым ажыратуға қажетті 60-70% ғана ақпарат. Сонымен қатар, ол теория әрдайым жұмыс жасай бермеуі де мүмкін. Сондықтан, ажырату әдісін меңгеру үшін төмендегі мына ғылыми ұғымдардың маңызы зор. Олар:

• Бақылау

• Өлшеу

• Аналогия

• Талдау

• Синтез

Бұл айтылған басымдықтар – тек ғылыми әдістер жүйесі. Ғылыми зерттеу әдістерімен қоса адамның интеллектуалдық тереңдігі пен кемелдігін тыс қалдыруға болмайды. Олар:

• Тұтас қабылдау

• Айқын түсіну

• Терең түйсіну

Қоғамда һәм ағымдар арасында болып жатқан процесстерді танып-түсінуге, дұрыс ажыратуға кедергі келтіретін басымдықтар бар. Олар:

• Ойлау стереотипі

• Біржақтылық және сынның жоқтығы

• Білімнің жетіспеушілігі

• Эмоцияналдық тәуелділік және тұрақсыздық

Ажырата білуді үйрену ешқашан кеш болмайды. Әсіресе, жастар дін мен ағымның аражігін ажырата білуі өте маңызды.

 

«Әл-Фурқан» – дегеніміз не?

Қасиетті Құранда «Әл-Фурқан» деген сүре бар. Мағынасы ажырату дегенді білдіреді. Демек, «ажырату» ұғымына тұтас бір сүре арналған.  Құранда «ажырату» ұғымына мән берілуі бекер емес. Бүгінде сарапшылар мен ғалымдар Ислам әлемінің күйреу себебі туралы ғылыми болжамдар жасап, түрлі уәждер айтуда. Соның бір себебі «сауаттылық деңгейі төмен, білім-ғылым жолында артта қалды», – дейді.

Мәселен: статистика бойынша Ирак мемлекетінің сауаттылық деңгейі 2013 жылдың дерегі бойынша әйелдер 80.57%, еркектер 83.26% сауатты. Ливия елі 2013 жылдың статистика бойынша әйелдер 99.90%, еркектер 99.96% сауатты. Ал, Сирияда әйелдер 73.6%, еркектер 86% сауатты екен. Әрине, бұл Европа елдерінің сауаттылық деңгейімен салыстырмалы дерек. Сондықтан, Ислам елдері хат танып, жазу жаза аламайды деуге болмайды.

Ислам әлемінің саясиланған хаос орталығында қалуының бірегей себебі Құранда баяндалған «ажырату» ұғымынан айырылып қалуы. Ең үлкен күнә қоғамда, ғаламда болып жатқан процесстерді ажырата алмай, өзіңді де, өзгені де сергелдеңге салып адастыру. Ағымның жетегінде жүрген адам өз ұстанымынан басқаны мойындамайды. Жалпы таным-түсінігі тар шеңберлі адам дүниеде болып жатқан құбылыс, тіршілік әрекеттерін дұрыс аңдап, байыптауға келгенде өте кенделік танытады. Бұл – кемдік. Бұл – барып тұрған қорлық.

Заманаға түйін айту – Алла Тағаланың адамзат бойына дарытқан «ажырату» қабілетіне үңілу екенін аңғардық. Уақытқа сай бәрі өзгеріп сала беретіне көз жеткіздік. Ол мін емес, әрине. Мін – соны ажырата алмау.

Алла Тағала «Әл Фурқан» сүресінің, 1-ші аятында: «Әлемдерге ескертуші болуы үшін құлына (ақиқат пен жалғанды) Ажыратушыны түсірген Ол (Алла) ұлық берекелі!», – деп баяндайды. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімнің өзін жақсылық пен жамандықты, ақ пен қараны, шындық пен жалғанды ажыратушы (Фурқан) деп атаған. «Әл-Фурқан» (ажыратушы) – Құранның ең кең таралған және мұсылман әлеміне мәлім аты. Оның күллі мазмұны, сайып келгенде, «Ақиқат келді де, өтірік сейілді; жалғанның өмірі ұзақ емес» дегенді дәлелдейді.

«Жақсы менен жаманды айырмадың»

Кез келген ағымды матрица дейтін болсақ (матрица – дегеніміз жасанды жүйе. Ал, ағымдар ұзақ уақыт бойы программаланып, қолдан кодталған жүйе). Матрицаның (ағым) табиғаты мен мақсаты адастыру, шындықты айқын көрсетпеу, бүркемелеу. Ол – сол үшін жасалған. Матрицадан шығудың жолы «ажырату». Басқа жолы жоқ. Енді, ағымның құрылымын, ондағы ақпараттардың орналасу тәртібін, жүйесін білмейінше одан шығу мүмкін емес. Ал, ағымның құрылымын білмеген адамның қоғамға, адамдарға деген әрекетін қалай болжауға болады? Яки, ажырата білген адам ағымның жетегінде кетерме еді?

Хәкім Абайдың: «Жақсы менен жаманды айырмадың, Бірі қан, бірі май болды енді екі ұртың», –  деп санасын сарқып, уайым шегуінің бір ғана себебі бар. Сіз қашан соңғы рет саналы, дегдар адам ретінде дүниенің ақ-қарасын «ажыратуға» тырысып көрдіңіз?

Әсет БЕКТҰР, ҚМДБ баспасөз бөлімінің бас маманы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5562