Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Әдебиет 15948 0 пікір 21 Маусым, 2016 сағат 08:39

"ҚИЛЫ ЗАМАНДАҒЫ" КӘРІБОЗ КІМ?

Кәрібоз Қаңтарұлы – 1916 жылғы Қарқара жәрмеңкесіндегі Албан көтерілісі басшыларының бірі. Олбатыр Ұзақ, данагөй Жәмеңкемен қатар жүріп, елдің бірлігімен ынтымағын, біртұтастығын және ақ патшаның отарлау саясатына қарсы шыққан күрескер. Өз ортасында беделді, үлкен құрметке ие болған, діни сауаты мықты, араб-парсы тілін жақсы білген адам. Білімділігімен Албан мен қырғыздың Бұғысына танымал болғандығы жөнінде ел аузында әңгіме айтылады.


Кәрібоздың білімділігі мен білгіштігін Жәмеңке де жоғары бағалап, жұрттың: «Албанда төрт білгіш бар, соның бірі Кәрібоз» деуі тегін емес. Және де белгілі ақын Көдек Байшығанұлы өлеңдерінде «елдің ішіндегі бетке ұстар білімдісі Кәрібозды» деп жырға қосқан.1916 жылғы қанды қырғын туралы жырлаған ақындардың өлеңдерінде оның есімі кездеседі. Оның осындай дәрежеге жетуі – Қарқара жәрмеңкесінде дүниенің төрт бұрышынан келген жәрмеңкеде алуан кітаптарды кәдеге жаратып, өзінің айналасына білгенін айтып, насихаттауы, көзі ашық, көңілі ояу жандарды сауат ашуға, білімді болуына ықпал еткендігі. Сонымен бірге өзі оқыған кітаптарды рухани азық еткен. Дүниетанымдық көзқарасын жетілдірумен қатар қырдың балаларын оқытып, шәкірт тәрбиелеген.

Кәрібоздың тағы бір ерекшелігі қазақтың алғашқы газет-журналдары «Шолпан жұлдызы» мен «Ұшқынды» да оқып, ондағы материалдарды қалың жұртшылыққа жеткізіп отырған. Ол өз заманында Жетісуға Түркістан жақтан келген ауыз әдебиетінің білгірі Жүсіпбекқожа Шайхысламұлымен де бірге жүрген. Елдің ішіндегі ауыз әдебиетке деген сүйіспеншілігі жоғары болумен қатар, оны жинастыруда Мәшһүр Жүсіп Көпеевпен де байланысы болғандығы кейбір деректерде кезігеді. Бұл жөнінде М.Ж.Көпеевтің еңбектерінде Кәрібоздың есімі аталатын шығармалар да бар.

Сонымен қатар Кәрібоз да өзінің шығармаларын кітап етіп шығаруға ниет еткен екен. Соның бірі 1912 жылы «Қазан» баспасынан «Махрабаиа рамазан» атты діни қиссасы. Қисса мұсылманның бес парызының бірі – ораза айына арналып жазылған туынды. Оны оқыған адам оразаның қадір қасиетін, құдіреттілігін терең сезініп, тануына ықпалы зор. Бір ғасырдан бұрын шыққан қиссаның мәні мен мағынасы уақыт өтсе де өміршеңдігін жоғалтпайыны бұған дәлел болады. «Рамазанон екі айдың патшасы, Бұл айда қабыл болар көздің жасы» деп жырлаған Кәрібоз ораза ұстаған мұсылман қауымға айдың ұлылығын сипаттай отырып, оразаға тән нәрсенің барлығын қиссаға қосып жырлаған. Пітір мен зекет туралы да жұршылыққа түсіндіреді. «Бидай болса, бес қадақ бір адамға, Арпа болса, он қадақ әрбір жанға. Ақша болса, сол бидайдың бағасын бер, Әр нәрсе үшін сауаптан құры қалма» деп оразаның жақсы жолын көрсетеді. Отыз күнгі оразадағы мұсылмандық парыздың қасиеті қиссада табылады. Жалпы Кәрібоз Қаңтарұлының бұл туындысы мұсылман қауым үшін ораза айында арнап жазған діни қиссаның бірі десе артық емес. Қисса ұзақ жыл Ғылыми академияның қорында сақталып келіпті. Оны филология ғылымдарының кандидаты Тоқтар Әлібек мұсылманша әріптен біздің әріпке түсіріп, жарыққа шығарғандығы. Бірақ қисса бұдан кейін өз оқырманына толық жетпегені өкінішті. Кәрібоздың бұдан басқа шығармалары болған болуы керек. Бірақ ол сақталмаған. Ал Кәрібоз Қаңтарұлының күні бүгінге дейін беймәлім болып келуі, ол діни адам болғандығынан кеңес заманына лайық емес болып, зерттелмей қалуында. Албан көтерілісінің басшылары жөніндегі бір деректерде Кәрібоз Қаңтарұлы 1860 жылы Құрман болысындағы Тұзкөл ауылында туған, оқымысты, орта бойлы, дембелшең келген, қой көзді, қаба сақал, ақсары өңді кісі болған деп жазады. Басқа дерек жоқ.

1916 жылғы Албан көтерілісінің басшысы деп Қарқара жәрмеңкесінде ұсталған 16 адамның ішінде Құрман болысынан Ұзақ Саурықұлы, Кәрібоз Қаңтарұлы, Сыбанқұл Арғынұлы және Саза Төбеұлы Қарақол қаласына айдалып, абақтыда атып өлтірілгені ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» кітабында жазылған. Осындай деректі Қарақолдың абақтысынан үш жерінен оқ тиіп, аман шыққан Әубәкір Солтанбекұлының естелігінен де табамыз. «Қамауда 10 күн жаттық. 11-күні алты солдат келіп: «Әубәкір, Жәмеңке, Ұзақ – үшеуін судья шақырады», – деді. Бұл уақта Жәмеңке, Ұзақ екеуі де кісендеулі еді. Жәмеңке – жаман ауру. Үшеумізді солдаттар айдап шықты. Мен Жәмеңкені сүйеп алып келдім. Айдаған солдаттар жол бойы қарқылдап, балдырлап: «Аубакр батыр... Ұзақ батыр... Жаманке батыр... Үш батыр...» деп мазақтап күліп келді. Соттың қорасына кіргізді. Қораның ішіне сот үстелін, жазушысын алып шығып, сұрай бастады.Біздің сотқа берген жауабымыз бір жерден шықты. Жауабымызға қанағатанбаған сот бізді боқтап, тақтайын тағы тепкіледі. Қайтып алты солдат айдап, абақтыға жапты. Артынан іле-шала «мына дәріні Жәмеңкенің ауруынан емделуге судья жіберді», – деп құмырамен бір орыс дәрі әкелді. Мен: «Жәке, ішпеңіз, бұл у», – дедім. Ұзақ батыр: «Әзір бізге қастық қылмайды, домбытып жүр ғой», – деді. Жәмеңке де жанына батып отырған ауруға әлгі дәріні біраздан соң ішкісі келді де, ішті. Ішті де дөңбекшіп, талаурап барып, екіндіде Жәмеңке өліп кетті. Жәмеңкені өзіміз конвоймен жүріп, мұсылман қауымына апарып қойдық. Одан кейін аман-есен 5 күн түрмеде жаттық. Басқалардан бір де жауап сұраған жоқ.

Түрмеде бізбен бірге жатқан 7 орыс бар еді. Мұның бірі әйел болатын. Бұлар бұрынғы қылмысты адамдар болса керек. Бұларды «мұнапас» болдың деп бәрін босатып жіберді. Біз өңкей қазақ қалдық.

Сол күні түсте мылтығымен абақтының есік алдына 3 солдат келді де, тесіктен сы­ға­­лап «Әубәкір батыр, сендерге патшадан «мұ­напас» келді. Сағат 2-де шығасыңдар», – де­ді. Мен: «Тоқта, бағана орысқа келген мұ­на­пас бізге неге бірге келмеді. Онан да са­ғат 2-де атыласың десеңші, атаңның аузын ...», – деп боқтап жатырмын. Ұзақ: «Әттең-ай, мұны бекер айттың ғой. Неге өлтіруші еді?» – деді. Көпшілік маған иланды. Дембе қағып, Кәрібозды имам қып, бесін оқыдық. «Ясинды» оқытып, ата-бабамыздың аруағына дұға қылдық, – деп жазады. Ясин сүресі не үшін оқылатын мұсылман жұртшылығына белгілі жайт. Алайда оның құдіреттілігі мен сүренің қасиеттілігін көбіміз біле де бермей­міз. Ясинды Кәрібоз Жәмеңке қатты қиналғанда оқыды деп Әуезов те жазады. Сонда да ясин сүресіне тоқталып өткенді жөн көрдік.

– Ясин – құрандағы ең ұлық сүре. Алла Тағала ясин сүресін 7 жарым миллион етіп түсіріпті. Кейбір шариғат кітаптарында ясин 8 болса, дүниеден қайтқандарға жан салмақ екен. Сүренің күштілігі осы. Ясинді өлім қалінде жатқандарға, дүниеден қайтқандарға оқиды. Құранды толық қатым қылмаса да ясинды оқып қатым жасайды. Сүре 83 аяттан тұрады. Аяттар әр нәрсеге себепте болатын қасиеті бар. Ауру-сырқауларға, жүйкесі сыр бергендерге, ауызы басы қисайғандарға ясин сүресін оқып, дем салады. Дене мүшелері ажырқаланып немесе кекжиіп қалғанда ясин сүресін оқу арқылы қалпына келтіреді. Мысалы Жәмеңке удан уланғанда Кәрібоз ясин сүресін оқыған. Бірақ удың қуаттылығы күшті болғандықтан ол кісінің беті бері қарамаған. Алайда қиналған Жәмеңкенің жаны жұмсақ әрі ұйықтаған адамдай жүріп кетуіне себепші болған. Үзіліп бара жатқан өмірге дем салғанда, адам жаны еш қиналыссыз кетеді. Сол үшін Кәрібоз ясин сүресін оқыған. «Кәрібоз әрбір қауіп үстінде істейтін әдеті бойынша сүре «ясинды» оқи бастады» деп жазған жазушы кітабында. Яғни сүренің құдіретінен Әуезов те хабардар болған. Сүрені кез келген молда оқи бермейді. Оны жақсы білген, оқығанда әріптерін тастамай, қирағатына келтіріп, ережесіне сай оқу керек. Шыдамы мықты молда ғана оқиды,– дейді Алматы облысы Талғар ауданы Тұрар Рысқұлов ауылының найб имамы Асылбек қажы Іңкәнұлы.

Бұдан біз Кәрібоздың үлкен ілімді молда болғандығын байқаймыз. Абақтыда ол жолдастарымен бірге имам болып намаз да оқиды. Жәмеңке өлгеннен кейін абақтыда отырғандардың бәрін қырған. Ол Әуезовтің кітабында және Әубәкірдің естелігінде де айтылады. «Намаз оқып болғанда әлгі үш солдат тағы келді. Бірінде бесатар, бірінде әміркен тапанша, енді бірінде бердеңке бар еді. Келе сала темір есіктің тесігінен мылтықтың астына алды. Түтін, тұман болды. Орнымнан «Аллалап» атып тұрып, қалпағымды кигенімде арқама екі оқ тиді. Қайта айналғанда сүбемнен бір оқ тиді. Үстелден ырғып түсіп, есіктің тасасына тығылдым. Оқ тиген алты кісі төрде аунап жатыр. Бұлар: Нүке, Саза, Құдиярбек, Жәмпейіс, Қазбек, Кәрібоз еді. Бұлар біріне-бірі қақтығып жығылып жатыр» деп Әубәкір қанды қырғын оқиғаның қалай болғанын жазған. Бір камерада отырған 18 адамнан Әубәкір, Жайшыбек және Тұрлықожа ғана тірі кеткен. Бір деректе Қарақол абақтысында отырғандардың 14-ін ату жазасына бұйырса, Сыбанқұл Арғынов пен Кәрібоз Қаңтаровты 25 жыл каторгага айдауға үкім шығарғаны жөніндегі дерек кездеседі. Бірақ көтеріліс басшыларын түрмедегілер 12 тамыз күні қырып салған. Себебі бұл кезде Қарақолда қырғыздарда көтеріліп, қырғын соғыстан көп адамдар қырылып, өлген. Сол бір қырғында Албан көтерілісінің басшылары Қарақол абақтысында атылғанда солардың ішінде Кәрібоз да болған.

Кәрібоз Қаңтарұлы Албанның Құрман руындағы Киікбай атадан тарайды. Олардың ата-бабалары отырған жері көрнекті жазушы Бердібек Соқпақбаевтың туған ауылы Қостөбе. Қостөбеде ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» кітабындағы тарихи кейіпкерлердің ұрпақтары аз тұрмайды. Солардың бірі Кәрібозға жақын туысқан болып келетін Сәду Боранбаев қарияға жолыққан едік.

– Біз 1916 жылғы Қарқарадағы албандар көтерілісіне қатысып, абақтыда атылған Кәрібоз Қаңтарұлының туысымыз. Кәрібоз туралы әкелеріміз көп айтатын. Қарақол түрмесінде атылғаннан кейін Кәрібоздың өлі денесін әкелеріміз Текес өзенінің жағасындағы Иінжар деген жерге қойып, басына мазар тұрғыздық дейтұғын. Мұны біздің үлкен әкеміз Нүсіп Боранбайұлы айтқан еді. Боранбайдың әкесі Назарбай Кәрібоздың шәкірті болып, тәрбие алған және қасында жүріп, атқосшы қызметін атқарыпты. Атамыз 1969 жылы 9 қазанда 83 жасында қайтыс болды. Атам өзінің дүниеден өтер алдын білді ме мені шақырып алып, «балам, бастықтарыңнан рұқсат сұра. Менің жағдайым онша емес, олай-бұлай болып кетсем, мені Қаңтардың Кәрібозының қасына жерлеңдер» деп өсиет айтты. Мен онда колхоздың малын бағатынмын. Содан кейін көп ұзамай атамыз бақилық болды. Біз атамның өсиетін орындап, ұстазының қасына қойдық. Кәрібозды ел әжінің баласы дейді екен. Себебі Қаңтар қажыға барған адам көрінеді. Ал атам Нүсіпке келетін болсақ, сауатты, ілімді Кәрібоздың шәкірті болған, дінге мықты еді. Көп нәрсені білетін. Үлкендермен әңгімесінде Кәрібоздың өлеңдерін жатқа айтып, әңгіме жасайтын. Кәрі­боздың өлеңдерін жаздырып та қойған. Оны біреулер сұрап алып, кейін бермей кет­ті. Ал өз әкем Сейдахмет домбырашы, күй­ші болған адам. Кәрібоздың баласы Әкім, Махмұд. Әкім 1970 жылы қайтыс болды. Олардан ұрпақтар бар. Атам үйреткен Кәрібоздың «Дүние тәсіл» және Рамазан айындағы ораза туралы өлеңдері есімде. Бұдан да басқаларын білетінмін. Жас келген соң ұмыт болды. Оның көбі діни өлең болған соң, оған көп мән бермеппіз, – дейді Сәду қария.

 

Дүние тәсіл 

Біреу өтіп, біреуден қалған дүние,

Күн өтсе де артында арман дүние.

Қызыл белгі түлкісі секілденіп,

Әр беріп алдап қойған жалған дүние.

Заман қайтып, түзелер бұзықтырып,

Дүниені көзіне бір көрсетсең,

Мәнсап қалар ма еді қызықтырып.

Бәтшағарды алдымен ұстап алып,

Аузы басын қан қыларма бұзып тұрып.

Дүние жүр пендесін мекеніне қызықтырып,

Заман қайдан түзелер бұзықтырып.

Бәтшағарды айдалада ұстап алып,

Найза алып қуарма едім қызықтырып.

Қазанға етін асып, былықтырып,

Екі көзін ойып жесем мұжып тұрып.

Бес күндік баяны жоқ жалған дүние,

Ажал қармақ жағадан ұстағанда,

Бір қасық су болады қалжаң дүние,

Дүниеге қызығып жүргеніңде.

Бір күні ұшарсың жардан дүние.

Еш пенде қызығына тойып болмас,

Құдай әруақ өзіңе бар-бар-бар дүние.

 

Ораза айы туралы

Ораза он екі айдың патшасы,

Бұл айда қабыл болар көздің жасы.

Оразаны құрметтеп аттандырсаң,

Құдайдың тиеді екен ықыласы.

 

Ораза он екі айдың шамшырағы,

Құрмет еткен адамның артық бағы.

Оразаны құрметтеп бір ат берсең,

Мақшардан береді екен мың пырағы.

 

Ораза он екі айдың қожасы екен,

Иман мен ораза жолдас екен.

Он бір айдың ішінде күнә қылсаң,

Осы айда кешуге уәдесі екен.

 

Оразаның пітірін қалдырмай бер,

Айттан бұрын естіген тыңдаған ер.

Пітірдің ораза екі қанат,

Сондықтан қабыл етер пәуардігер.

 

Ораза ұша алмаса қарғайды екен

Қанаттары шықырлап шарлайды екен.

Әзіреттің алдына бармайды екен,

Ұстағанға сауабы болмайды екен.

 

                                                                       ***

Жігітті жақсы көрсеткен алдындағы ағасы,

Атты жақсы көрсеткен төрт аяқтағы тағасы.

Келінді жақсы көрсеткен бесіктегі баласы,

Жақсы киім кидім деп, жағасына қарама,

Жақсы ат міндім деп сауырына қарама.

Жексен АЛПАРТЕГІ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053