ЖЕР МӘСЕЛЕСІ. Б.САҒЫНТАЕВҚА ҰСЫНЫС
ҚР Жер реформасы жөніндегі комиссияның төрағасы. Бақытжан Әбдірұлы Сығынтаев мырзағаның назарына!
Құрметті, Бақытжан Әбдірұлы!
Қазіргі барша жұрттың, ең көңіл қойып, алаңдайтын мәселесі жер сату мен оны жалға беруге байланысты туындаған даудың шешілуі. Жер мәселесінің дұрыс шешілуі қазақ халқының келешек тағдыры мен тәуелсіздігін мәңгі сақтап, азат ел қатарында өмір сүруіне байланысты туындап отырған үлкен сұрақ. Осы мәселенің ушығу салдарынан халықтың билікке деген сенімінің күннен күнге азайып отырғаны байқалады. Сондықтан, осы жер мәселесі туралы ұсыныс дайындайтын мемлекеттік комиссия халықтың қойып отырған талабына көңіл бөліп, оны билікке қоспасыз жеткізу үшін келесі мәселелерді назарында ұстаса деген тілекпен өз ұсыныстарымды жолдаймын:
Бірінші, Ел Басының « .. Бізге халық қабылдамайтын заңның керегі жоқ» деген сөзін халықтың түсінігі бойынша: Билік комиссия құрып, қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялар және қарапайым қатардағы адамдарды қатынастырып, мәселені терең талдау жасау арқылы, келісіммен шешілген ұсыныс дайындауды талап ету деп ұғынды. Яғни, Ел Басының бұл тапсырмасын орындаудың өз ерекшелігі бар. Олар: а) Осы комиссияның ашық түрде құрылуы мен мүшелеріне әр облыстардан өкілдерді халықтың ұсынысы мен жасақталуы; б) Аймақтағы пікір анықтау кездесулерінде, азаматтарға моральдық қысым болмайтын жағдай туғызу үшін, аймақтың жоғары лауазымды басшыларының сол жиындарға қатынаспауына бақылау жасау қажеттілігі; в) Биліктің, комиссия жұмысы басталар кезеңде және оның жұмыс мерзімі біткенше қандай да бір сылтаумен жер мәседесіне байланысты коғамда репресивті шаралардың жүргізілмеуі мен қатар халықтың пікірін толықтай біліп алмай тұрып жер туралы заңға өзгерістер енгізбеу; г) Жер мәселесі екі жақты келісілген саяси шешімді қабылдайтын болғандықтан, дипломатиялық сауаттылық болуы. Яғни, билік болсын, халықтың сөзін сөйлейтін өкілдер болсын комиссия жұмысын аяқтағанға дейін екі жақ өзара келісе отырып, қоғамда жер мәселесіне байланысты шешім қабылдауға нұқсан келтіретін, не болмаса басқадай ықпал ететін қандай да бір шаралар ұйымдастыруға тоқтау салуға кепілдік беру қажеттілігін бекітуі; д) Егерде, комиссияның үкіметке ұсынатын соңғы шешімінде(заң қабылдау үшін) жер дауы мәселесіне байланысты халықтың қойған талаптары ескерілмей, қазақ халқының келешегіне нұқсан әкелетіндей жағдай туған кезде, демократиялық қоғамда тұрып жатқан азаматтар Ата заңға сүйене отырып, бейбітшілік түрде республикадағы күші бар заңдар шеңберінде өз пікілерін білдіру үшін шаралар ұйымдастыруға құқылары барын ескеруі.
Екінші, а) Осы Комиссияның алғашқы отырысы басталуымен қатар, қоғамда орын алған құқық қорғау орындары мен ресми БАҚ өкілдерінің жер мәселесін көтерген ұлтшыл азаматтарды «әшкерелеуге» бағытталған белсенді әрекеттері қатардағы азаматтардың арасында түсініспестік тудырдыратындығын ескеру. б) Телеарнадан тікелей көрермендерге сұрақ қойып «жер мәселесін көтеріп жүргендер ел бірлігіне нұқсан келтіретіндер» , «Оларды ұйымдастырып жүргендер кімдер?», «Сіз оны қолдайсызба?» деген сияқты ұғымдарды тықпалауы билік пен халық арасына іріткі салып, арандатуға жол бермеу; в) Сонымен қатар, кейбір ақпарат құралдарында ұлт мүддесін қорғайтын азаматтардың намысын қорлайтын пікірлер болуы және аймақтарда халықтың пікірлерін тыңдаудың орнына, жердің сатылуы олардың әлеуметтік жағдайларын жақсартуға септігін тигізеді деген насихат жүргізілуін шектеу қажеттілігі; в) Комиссия өз жұмысын аяқтамай жатып орын алып жатқан осы сауатсыз істеліп жатқан әрекеттер қарапайым халықтың арасында күдік пен үрей тудырып, азаматтарды өз ойларын ашық айтудан жасқануға әкеліп, жұртшылықтың билікке деген сеніміне зиян әкелетінін ескеру.
Үшінші, а) Жер сату және шет елдіктерге жерді жалға беру бұрыннан заңды түрде қалыптасқан, қазір басқадай «жымысқы» ойларын іске асыру үшін осы мәселені ушықтырып жүрген ұлтшылдар деп, өз ойларын ашық айтқан азаматтарды(ұлт жанашыры ондай қадамға бармайды) қаралауға бағытталған жаңсақ пікірлерді таратуды тоқтату; Халық неге енді ғана жер мәселесін көтеріп отыр деген сүраққа: б) Жер сату заңын қабылдаған жылдары халықтың пікірімен санасу болмағаны, ол кезде азаматтардың белсенділік көрсете алмағаны тоқсаныншы жылдардағы әлеуметтік қиыншылықтан әлі есін жинай алмай жүрген кезі болатын. Кейінгі заңға енгізілген толықтырулар да жұрттың пікірін көрсетпейтіндігі; в) Халықтың жер сатуға түбегейлі қарсылығына жауапты, қазақ халқының тарихи қалыптасқан менталитетінен іздеу қажет. Қазақ тарихында жер ешқашанда біреудің меншігінде болмаған. Қазақ тарихында, жер Жаратқанның халыққа ортақ берген сыйы деп, ұжымдық(рулық) ұғыммен бірігіп пайдаланып отырған. Осы ұғым қазақ халқының қанына сіңіп қалғандықтан кіндігінің қаны тамған жерін қасық қаны қалғанша қорғаған және қорғайды да. Тарихтан белгілі, қазақ өзінің жерін қорғау кезінде рушылдық жікшілдікті доғарып бір атаның баласындай ұйысып жеріне дұшпанын жолатпаған. г) Қазақ үшін жер дауы мен рухани байлығының намысын қорғау ең жоғарғы деңгейдегі ұғым деп саналады. Өйткені, жер сатылса, не оны өзге жұрттықтың таптаурынына ұшыратса онда қазақ халқы ұлттық бірлігінен және отанын сүю, қорғау қабілетінен айрылады. Қырық рудан құралған қазақты бір халық, бір ұлт етіп отырған жер. Оны сату өткен жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдары жасалған(табиғи кәсібінен өз еркінсіз айырған) ашаршылық геноциді сияқты, жер сату апаты қайта қалпына келмейтін қазаққа жасалған рухани геноцид болуы ықтимал. Өз менталитетінен айрылған, мәңгүрттенген халықтың ешқашанда отаны болмайды. Бұл кімге керек?...
Төртінші, а) Ақпарат құралдарында және кейбір комссия мүшелері жерді сатпаса, не шетелдіктерге жалға бермесе ауылшаруашылық экономикасын көтеру мүмкін емес дегенді көлденең тартуы, ол экономикалық сауатсыздықты көрсетеді: б) Ауылшаруашылығының экономикалық даму заңдылығының ерекшелігі, бұл саланың тікелей табиғат даму заңына баланысты болуында. Сондықтан бұл салаға, ғылыми негізсіз нарықтық либералды капитализмнің өндірістік экономикада жаппай пайдаланатылатын көптеген әдістемелері мен әрекеттерін тықпалау үлкен қателік. Жер сату экономиканың табиғи заңына қайшы, оның тауар екенін және бағасын қалыптастыратын ғылыми анықтама жоқ(авантюра); в) Жер сату ұсыныстарын жақтап отырғандарда, ұсыныстарының тиімділігін ғылыми негізде дәлелдеп және оны әлемдегі аграрлық елдердің тарихи тәжірибесімен бекітіп отырған құжаттары барма? Жоқ. Кешегі кеңес дәуірінде осы салада біраз жетістіктер әлемге белгілі болса да, талай агробағдарламларына салған орасан көлемдегі қаржылары, экономикалық және табиғи заңдылықты ескермеу салдарынан құмға сіңген судай тиімсіз болғанын ұмытуға болмайды; г) Шетелдіктерге жалға жер беріп, олардың техникаларын, технологиясын, қаржысын, әкелеміз деген сылтаумен кәсіпкерлерін әкелу өз елінің жаңа ғана көтеріле бастаған, ешқандай бәсекелестікке дайын емес ауылдың әлжуаз шаруашылығының тамырына балта шабу екенін ұқпау болады; д) Шет елден инвистиция әкелу олардың қаржысын, техникасы мен технологиясын пайдалану, ал жерді жалға беріп шет елдіктерді елдің ішкі экономикасына өз еркімен кіргізу – экономикалық экспансияны ішке енгізу болатынын ұмытпау қажет; е) Бұл қадам, ауылды жерде орта және шағын шаруалар мен жеке шаруалардың дамуына, нығаюына кері әсерін тигізеді. ж) Әлемдегі елдердің азық – түлік өндіру тәжірибесіндегі орта, шағын және жеке шаруаларды мемлекеттік қолдау арқылы дамытудың маңызы зор екенін көрсетіп отырғанына көңіл бөлу қажет. Яғни, ғылыми негізделген, халықтың менталитетіне жақын, мемлекеттік қолдауға сүйенген (ауыл мен қала арасындағы әлеуметтік, мәдениеттік және экономикалық алшақтықты жоятын) мемлекеттік қолдау негізінде Ұлттық агробағдарлама жасау қажет.
Бесінші, а) Ашығын айтатын болсақ, халықтың қатты алаңдататушылығын туғызып отырған мәселе, ол экономика салалары мен басқару жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық жерді сату мен шетелдіктерге жалға берудің аяғы неге әкеп тірейді деген сұрақ. Оның кесірін болжау қиын емес; б) Өйткені, бұл үрдіс ұлттық қасіретке айналған, биліктің төменгі сатысынан бастап ең жоғарғы деңгейіне дейін жайлап алған әлеуметтік науқас. в) Яғни осындай жағдайда елімізде қандай қатаң заң қабылданса да, жер сату және шетелдіктерге жалға беру үдерісінде тазалық болады деп ешкімде кепілдік бере алмайтыны; г) Өйткені, елімізде әзірше билікке ықпалын жүргізе алатын ұлттың келешегіне жаны ауыратын Ұлттық буржазия қалыптаспаған, керісінше ел байлығы билік пен оның маңайында жүргендердің қолында болып отыр. Сондықтан да, қарапайым халықтың өз жерін қорғауда белсенділік танытуы заңдылық.
Алтыншы, а) Жерге байланысты дау, тартыстың келешекте көтерілмеуін тереңірек ойлау қажет. Яғни, бұл мәселенің тамыры жер сату туралы алғашқы қабылданған заңдағы қателікті жоюдан басталуы дұрыс. Жер сатылуы тоқтатылып, тек өз елінің азаматтарына жалға берілуі қажет. Олай болмайынша, әр уақытта халық пен билік арасындағы түсіністік пен сенімге сызат тусуі қайталана беруі және ол ұлғаймаса азаймауы мүмкін; б) Ал, кейбір саясаттанушылардың Комиссияның міндеті ұсыныс дайындау, заң қабылдау парламент құзырында және тұрақты билік элита жүйесін қалыптастыру қажет деген ұғым тарату үлкен қателік; в) Ата заңда айтылғандай мемлекеттің билік көзі, халық. Паламент партиялардың(әр бір топтың ғана мүдесін қорғайтын) өкілдерінен тұрады. Олардың бірде біреуі барша халықтың атынан сөйлеуге құқылары жоқ. Яғни, кезінде сайлауға қатынасқан азаматардың ғана (демократия диктатурасына сәйкес) сеніміне ие болғандар. Әр депутат өз халқының пікірімен санасу қажеттілігін түсінеді, өздерін халықтан биікпіз деп санамайды деп, халық әзірше сенеді; г) Биліктегі элита, тек қана халыққа кызмет көрсетуші ғана. Әр кезеңде, билік жүргізетін элиталар келіп, кетіп отырады, олардың мәңгілік билікте болуы мүмкін емес, ондай ұғым адамзат қоғамының тармхи даму заңдылығына қайшы; д) Әділ билікте пендешілік пен дүниеқорлық болмауы тиіс. Халқымыздың дана сөзі бар «Бұл жалғанда ең жоғарғы тұрған Құдай, одан кейін Халық» деген. Олай болмаған күнде халық оларды орындарынан кетіріп отырған.
Жетінші, а) Қазақ халқының мақсаты тәуелсіз елінің мәңгі жасауы. Бұл мақсатқа жету үшін билік, мемлекет құрушы өз халықының мүддесіне адал қызмет етіп оның сеніміне ие болуы қажет; б) Қазақ елінің азаматтары көзқарас қайшылығына қарамай, елінің тағдырын ойласа өзін және маңайын мемлекетшілдік психологияда тәрбиелеуге бір адамдай ат салысуы керек; в) Жұртының мүддесін өз мүддесінен жоғары қоюды үйреніп, «өз жейдем өзіме жақын» деген тоғышарлық психологиядан құтылып, барша халықтың аухатты болу жолында өмір сүруі қажет; г) Баршамыз, халқымызға тән қасиет бауырмалдық, қанағатшылық, төзімділік, намысшылдық, кешіре білу мен аталы сөзге тоқтау, адалдық пен имандылықты жоғалтпай, тәкапарлықтан ада болып білім мен ғылымды игеріп ұйыссақ қана еліміздегі басқа халықтар өкілдеріне беделді боламыз дегенді ұғуымыз қажет. Сонда ғана олар бізді құрметтейтін де, соңымыздан еретін де болады. д) Біздің келешегіміз бірлік пен ынтымағымызда. Билікте жүргендер, зиялылыр, қарапайым халық өкілдері де – ащы да болса шындыққа жүгінуді үйренейік. Бізге басқа жол жоқ. Егер осы жолдан қандай да бір себептермен алшақтасақ, ел арасына іріткі салатын жымысқы күштердің бірігуіне ықпал жасап, халықтың ұйысуына нұқсан келтіріп, сырт дұшпандардың жеміне айналамыз. Бұл қатерден ешқандай айла, қару құтқармайды. Қазір ойланбасақ, аруақ пен келешек ұрпақ алдында кешірілмес қателік жасаймыз.
Болат Дүйсембі, «Ұлт тағдыры» қозғалысы Орталық Басқарма мүшесі, қоғам қайраткері, саясаткер, экономист
Abai.kz