Жексенбі, 24 Қараша 2024
Қоғам 8263 1 пікір 6 Маусым, 2016 сағат 12:28

ӨЗІҢ БІЛМЕ, БІЛГЕННІҢ ТІЛІН АЛМА!

...1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінде қазақ жастары алаңға шықты. Ұлттық мәселені көтерді. Көше-көшені аралап, студенттерді митингке шақырды. Мәскеу мен сол орталыққа қызмет ететін жергілікті биліктің қанға бөктіріп таратқан бейбіт, бірақ рұқсат етілмеген жиынының арқасында қазақ халқының ұлттық намысы оянып, жүректерінде от пайда болды. Сол митингке шыққан азаматтарды ұрып соққан, түрмеге тыққан, оқудан шығарған, қыздарымызды итке талатқан, орыс жұмысшыларының қолына темір сойыл берген адамдар әлі де қасымызда жүр. Ал халықты бейбіт митингке шақырған, митингке қатысқан жандардың барлығы әділетсіз жазаға ұшырады.  Тәуелсіздік алғаннан кейін «Желтоқсан көтерілісіне» арналған ескерткіш орнатылды, боздақтарға «Халық қаһаманы» деген атақтар берілді. Бірақ, ең қорқыныштысы, қазақ жастарын ұрып соққан, соттаған, оқудан, жұмыстан шығарған адамдардың бір де бірі халықтан кешірім де сұраған жоқ, «сендердікі дұрыс екен» деп, ақталған да жоқ.

...1988 жылы Қызылорда қаласының институтында «Қазақ тілі мемлекеттік тіл болуы керек» деген тақырыпта студенттермен, оқытушылармен кездесу өткіздім. Кездесуден соң «Ана тілі» деген ұйым құрылды. Мен Семейге барып, осы бағытта кездесу өткізіп жатқанда Қызылордадан хат келді. Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті студенттерден құрылған ұйымды толық талқандапты. «Қазақ тілі ешқашан мемлекеттік тіл болмайды, бұл үкіметтің саясатына қарсы» деп, жастарға бұл мәселені көтеруге тиым салды. 1989 жылы қазақ тілі – мемлекеттік тіл статусын алды. Ал соған қарсы жұмыс істеген адамдар сол тойда қасымызда отырды... Қызармайды, ыңғайсызданбайды! Олардың ешқайсысы «сендердің сол уақытта көтерген мәселелерің дұрыс екен» деген сөз айтқан жоқ. Мүмкін, іштерінен «әттең, заман өзгерді ғой, әйтпесе, біз сендерге көрсетер едік» деп отырған болар.

... Әлі есімде, 1990 жылы «7 қарашаны тойламайық, бұл Тоталитарлық Кеңес өкіметінің дүиеге келген күні» деген үнпарақ жазып, Алматыға тараттық. Түн ішінде 5 жасар қызымды  жетелеп (өзімше тапқан амалым ғой), Айнабұлақ ықшамауданын аралап 20-30-дай үнпарақ жапсырдым. Ертеңіне милициялардың сол үнпарақтарды жұлып, тастап тастап жүргендерін көрдім. Бір жыл болмай 7 қарашаны тойлау өзінен өзі тоқталды. Ең қызығы, біздің үнпарақтарымызды жұлып жүргендер «7 қарашаны тойлау керек» деп көшеге де шықпады, өздерінің жасаған жұмыстарынан ыңғайсызданбады да...

...1991 жылы «Кеңес өкіметін сақтап қалуымыз керек пе?» деген бүкілодақтық референдум өтті. Біздер Референдумға қарсы шығып, «Ешқандай референдум болмауы керек, бізге толық тәуелсіздік қажет» деп, рұқсат етілмеген бейбіт митингке шықтық. Бізге мемлекеттік органдар «шықпаңдар, құртамыз» деп айбат көрсетті, жауапқа тартты. Өкінішке орай, референдумда халықтың басым көпшілігі (80 пайыздай болуы керек) Кеңес өкіметін сақтап қалуымыз керек дегенді қолдады. Бірақ, жыл өтпей жатып, Кеңес өкіметі ыдырап, тәуелсіздігімізді алдық. Бізді сол уақытта қудалағандар қазір қасымыза жүр. Ең қызығы, солардың барлығы дерлік «Тәуелсіздіктің пәленше жылы» деген төсбелгімен марапатталған...Қызармай-ақ тағып жүр.

...1991 жылы тамыз айында, Кеңес өкіметінің тірі кезінде, бір топ бұрынғы коммунистік партияның басшылары төңкеріс жасап, Төтенше жағдай (ГКЧП) жариялап, билікті алып қойды. Бұл – бұрынғы Кеңес жүйесін қайтадан қалпына келтіруге бағытталған іс-әрекет болатын. Алматыда біздер бұларға қарсы шыққан Ельциннің сөзін көбейтіп, автобустардың ішінде үн парақ ретінде тараттық. Сол үшін бірнеше адамдарымызды тұтқындап, түрмеге тықты. Митинг ұйымдастырдық, көшеге халықты шығаруға күш салдық. Билік «алаңға халықты шығармаңдар, ез болып отыра беріңдер» деп бізді тағы да жазалады, Алайда, 3 күннен кейін төңкеріс жасағандар жеңіліп, билік заңды үкіметке көшті. Тәртіп органдары тез арада біздің адамдарды  босатты. Бірақ, «біз ГКЧП-нің жеңілетінін білмей қалыппыз» деп кешірім де сұраған жоқ, «сендердікі дұрыс екен» деген сөзді де айтқан жоқ. Сазарып отырып алды.

2004 жылы Қазақстанға Электронды дауыс беру жүйесі (АИС «Сайлау») енгізілді. Ол уақытта мен Республикалық Тәуелсіз бақылаушылар жүйесінің басшысы болатынмын. Біздер электронды дауыс беру жүйесінің сайлаудың ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ете алмайтындығын айтып, әлемге жар салдық. Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының өкілдері Венаға шақырылды. Олар ОБСЕ-ге кіретін елдердің сайлау комиссияларының басшыларының алдында АИС «Сайлау» жүйесінің ашықтық пен мөлдірлікті қамтамасыз ететіндігін дәлелдеуге күш салды. Олардан соң сөз алған мен өзімнің қарсы пікірді айтып, дәлелдерімді келтірдім. ...Cол уақыттағы «Дос, сенікі дұрыс емес» деген жандар осыдан бес-алты жыл бұрын электронды дауыс беру жүйесін толық жауып, біздің көтерген мәселемізің дұрыстығымызды өздері мойындады. Бірақ «Досеке, сендердің айтқандарың дұрыс екен» деп ешкім телефон соққан жоқ.

...2007 жылы Алматыдағы Шаңырақ ықшамауданында «заңсыз салынған үйлерді қирату» операциясы жүргізілді. Арнайы киім киген, резина оқтармен және бүлікшілерге қарсы қолданылатын гранатамен қаруланған 960 полицияға қатын-балаларды қосқанда 2000-ға толмайтын тұрғындар қарсы тұрды. 80 полиция қызметкері жарақат алып, 1 тергеуші азамат отқа оранып опат болды. «Шаңырақ шайқасының» алдында, бұл мәселеге арналған митингтер болды, қанды оқиғаға жібермей, барлығын митинг арқылы шешкісі келгендердің сөздері тыңдамай, күш қолданды. Қақтығыстан соң, өздерінің жерлерін, үйлерін қорғаған 25 тұрғын сотқа тартылып, 9 айға созылған соттан кейін 4 азамат ұзақ мерзімге түрмеге қамалды.  Бір жыл өтпей, жаңағы «заңсыз салынған үйлердің» барлығы заңды құжаттарын алды. Жас азаматтың қазасы мен төрт жігіттің азабын кім көтереді, оны ешкім де білмейді. Әлде, шындыққа жету үшін, әділдіктің үстемдігін орнату үшін азаматтарды құрбандыққа шалу – табиғи заңдылық па?

...2016 жылы сәуір, мамыр айларында жер мәселесіне байланысты халық митинг жасауға күш салды. Билік тағы да заңды белден басып, «болмайды, сендердікі дұрыс емес» деп, жаппай ескерту, жазалау шараларын жүргізді. 

Ақымақ адамдар ғана тырманы екі рет басады деген сөз бар. Біздің билік бұл тырманы жүз рет басқан шығар. Біздің билік дегенім – тәуелсіздікке дейін де, көк байрағымыз желбіреген күннен кейін де біздерді басқарып отырғандар – сол коммунистік (комсомолдық) номеклатураның өкілдері. Олардың басты ұстанымы – қателіктерін мойындамау. Олардың Жарғысында екі ғана бап бар сияқты. Біріншісі – «Биліктің жүргізіп отырған саясаты – ең ақылды, ең кемеңгер, ең дұрыс саясат.  Оған қарсылар не күмәнді пікір айтушылар – ақымақтар, айқайшылдар, наркомандар мен маскүнемдер немесе мемлекетті күшпен басып алғысы келетін экстремисс-терроршылдар».  Екінші бап – «Егер биліктің саясаты дұрыс болмаса – бірінші бапты қайта оқып шығыңыз»...

Билік «сол уақыттағы сендердің көтерген мәселелерің дұрыс екен» деген сөзді айтудан қорқатын сияқты. Мүмкін, бұл да дұрыс шығар, себебі сол сөз ауыздарынан шыққан күні «онда сендер билік басында боқ жеп отырсыңдар ма?» деген сұрақтың қойылатынында дау жоқ... 

Шынын айтқанда, жоғрыдағы жағдайларды қазақ атамыз «екіжүзділік» деп атайды.

Билік өзіне сын айтатын, немесе биліктің қабылдаған заңдарының кемістік жерін көрсеткен азаматтардан емес, шын мәніндегі қылмыстық, терроршыл топтармен күрес жүргізуі шарт.

Биліктің өзінде жауапкершілік болмаса, жоғарыдағы оқиғалар қайталана береді екен. Әрине, олар бірде «заман солай еді» деп ақталады, енді бірде «бұйрық солай болды» деп міңгірлейді. Сол арқылы халықтың сенімінен айрылады.

Осындай ыңғайсыз жағдайға қалмас үшін, билік орындары (атқарушы да, заң шығарушы да) реформа жасамас бұрын халықпен, оның ішіндегі сол мәселемен айналысып, сол мәселеге жандары ауырып жүрген азаматармен ақылдасып алу керек. «Қазақ тілін құртатын бір реформа жасайын деп едік» деп Мұхтар ағаны шақырып ақылдасыңдар. «Орта мектептегі нақты ғылымдарды ағылшын тілінде оқытайын деп жатырмыз, осыған қалай қарайсыз» де академик Асқар Жұмаділдаевті шақырып алыңдар. «Оралмандары қазақ жеріне келтірмейтін сұрқия тәсілдеріміз бар еді» деп Ауыт Мұқит бауырымызды шақырыңыздар. «Келесі сайлауда Президентімізге 99 пайыз дауыс бергіземіз, пікіріңізді айтыңыз» деп мені де шақыруға болады. Айтпақшы, жер жөнінде Мақсат Нұрыпбай деген азамат бар. Бәрін бүлдіріп, бірімізді біріміз боқтап болғаннан кейін мәмлеге келу қыйын болады. Әрине, біз – қазақпыз, кекшіл емес - кешірімді халықпыз. Бірақ, сөз айтқызбай тұтқындап, жазалап, кейіннен, біздің көтерген мәселеміз шындыққа айналып, өмірдің өзі мойындатса, қасымыздан томсырайып, қабақтарыңды түйіп өтіп кетпеңдер. «Өмірден, тарихтан сабақ алу» деген сөз бар. Жоғарыдағы оқиғаларды тағы да жалғастыруға болады. Қазіргі күні бұлардың барлығы  – тарих және Сіздерге сабақ.

Дос Көшім, қоғам қайраткері

Abai.kz

 

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5572