Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 8190 0 пікір 30 Мамыр, 2016 сағат 09:04

31 МАМЫР. ҚАШАНҒЫ «ЖАУЫРДЫ ЖАБА ТОҚИМЫЗ»?

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Қазақстандық ақпарат құралдарының осы күні ұсынатын материалдарының ауанына, ауқымына көңіліміз толмайтынын желіде жылда жазатынымыз бар. Жазғанмен не пайда, жыл сайын сол баяғы таптаурын жол, өз жауырын жаба тоқып, өзгенің жарасын жан ауырту үрдісінен еш жаңылған емес. Әрине, жел қайдан соқса...

Өткен ғасырдың басынан бастап елуінші жылдарына дейін созылған түрлі саяси науқандар, зұлмат-сүргіндердің ащы зардабын барша кеңес халқы татты дегенімізбен, дәл қазақ халқы сияқты рухани, демографиялық апатқа, орны толмас қасіретке ұшыраған бірде бір ұлт жоғы және рас. Он алтыншы, жиырма бірінші, отыз екінші жылғы сүргіндер мен аштықта ұлтымыздың үштен екі бөлігі опат болды. Жиырмасыншы, отызыншы, қырқыншы жылдардағы жазықсыз жазаға ұшырап қыршын кеткен мыңдаған ұлт қаймақтарының тағдырын ойлағанда жан түршігеді.

Есті ел, ел боламын деген ел – өз тарихының қасіретті беттерін ұрпақ санасында жаңғыртып, сабақ алуға шақырып отырады. Бұған еврейлер мен армяндардың, поляктардың іс-әрекеті айқын мысал. Біздің мемлекетіміз де күнтізбеде арнайы күнді белгілеп, мән беріп отырғаны қуанышты, әрине. Ендеше, «жауырды жаба тоқып» деп неге көңіліміз орта болады?

Қазіргі Қазақстанда қазақтан өзге де көптеген ұлт өкілдері мекендейтіні, байырғы қазақ жерінде барлығы «бір қолдың саласындай, бір атаның баласындай» тірлік кешіп отырғанына шүкір айтамыз. Олардың әрқайсысының қазақ жеріне келуінің бірнеше себебі бар. Кавказ халықтары, поляктар мен немістер, қалмақтар мен кәрістер т.б. – сталиндік билік тарапынан саяси сенімсіз халықтар ретінде туған жерлерінен күшпен көшіріліп, қазақ жеріне тоғытылды. Одан бері талай су ақты, заман өзгерді, қоғам өзгерді. Зорлықпен көшірілгендерге туған өлкесіне, тарихи отандарына оралуға мүмкіндік туды. Қазіргі мұнда жүргендері – ата-бабасының сүйегі жатқан жерден қазақ даласын артық көріп, тірлігіне қолайлы болғаны себепті осы мемлекеттің азаматы болып қалуды жөн көргендер. Әрине, олар тәуелсіз Қазақстанның нығайып, гүлденуіне үлес қоспай жүр, олар еліміздің патриоты емес деуден аулақпыз.

Саяси қуғын сүргін құрбандарын еске алу күні біздің телеарналар материалдарының ауаны негізінен осы халықтардың өкілдерімен сұхбат құрып, бастан кешкен қиын-қыстау күндерін еске алдырып, ақырына келгенде қазақ халқы мен президентіне рақметін айтқызуға құрылатыны рас қой. Бұл – әрине, дұрыс, солай болуға да тиіс. Алайда, болса болмасын Қазақстан халқы ассамблеясы күні мен Бірінші мамырда, тіпті Тәуелсіздік күні мен Наурыз мерекесінде де осы бауырларды көбірек көсілтіп алуымыз жетпей ме? Қасірет-қайғыны, көрген қиыншылықты салыстыруға болмайды, әрине. Дегенмен, күштеп көшіріліп келген ағайындарды қанша қатыгез болса да, қызыл билік қазақтар мен украиндар секілді әдейі аш қалдырып айдалада қырылып қалсын деген жоқ, жүк вагонына тиеп апарып, өзі өлместің күнін көріп отырған қазақ пен қырғыздың мойнына ажырғы етіп артқаны өтірік пе? Мұны қазіргі шығып жатқан көптеген фильмдер де айғақтайды.

Ал қолдан ұйымдастырған демографиялық апат салдарынан алдындағы малынан, талшық еткен дәнінен айрылып аштыққа ұрынып, туған жерінен боса көшкен қазаққа кімнің жаны ашып еді? Орталық өлкедегілер аштықтан бұралып, ісіп-кеуіп жапан түзде шыбындай қырылып жатса, шекараға таяу өлкедегілер арғы беттегі атам заманнан бері тұрып жатқан өз қазағына жетіп, өлімнен аман қалып, ес жиғаны рас емес пе? Тоқсаныншы жылдары шыққан «Қызылдар қырғыны» атты жинақты оқығанда, сол жылдардың сұмдық оқиғаларынан төбе шашыңыз тік тұрады!

Өткенді орынсыз қазбалау емес, өткеннің өрескел істерінен сабақ алып, бүгінгі, ертеңгі ұрпақты сақтандыру тұрғысында жадымызда жаңғыртып отыруымыз керек емес пе? Қызылдардың аштық қырғынына ерекше ұшыраған екі халық болса, біреуі – қазақ, біреуі – украиндықтар. Кекілді ағайындар сияқты арнайы күн белгілеп, метрополиядан ақырып теңдік сұрай алмасақ та, қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, сұм заманда сұраусыз кеткен мұңлықтарымызды неге осы күні тебірене еске алуды алдыңғы планға шығармаймыз?

Кейбір қазақ тілді БАҚ өкілдері орыс тіліндегі «великий джут» деген тікесті «ұлы жұт», «ұлы аштық» деп пәруайсыздық танытып жүр. О заманда бұ заман, қазақтың қынадай қырылғаны сталиншіл-голощекиншіл қанішерлер үшін «ұлы» болмаса, есі дұрыс қазақ үшін мұндай эпитеттің түкке де керегі жоқ.

Ұзын сөздің қысқасы, дәл осы 31 мамыр күні қазақ халқының басынан өткен қасіретті жылдарға баса мән беріп, қыршын кеткен есілдерімізді лайықты егіле жоқтап, тәубаға келетін күн қылайықшы! Өз қотырымыз тұрып, өзгенің шиқанын шұқығаннан не табамыз? Өліске ұрынып, өзегі талып жеткен өзге ұлт өкілдерінің бүгінгі бақуатты ұрпақтары ренжімес, бұған. Сіз не дейсіз, қандасым!

Асылбек Байтанұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5340