Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Әдебиет 10591 0 пікір 20 Мамыр, 2016 сағат 10:01

БАРЫМЫЗДЫ НАР ҒЫП, ТІРІМІЗДІ ТӨРЛЕТЕЙІК...

Мәңгілік Ел болудың мығымы – қанша уақыт зымыраса да ұлттығымыздан айрылмау, әдебиет пен өнеріміздің сан ғасыр бойы жасауы. Себебі елдің амандығын, ұлттың мәртебесін көтеруін, қадір-қасиетін жырға қосып тереңнен жырланған поэзия өлмек емес.

Қазіргі уақытта шығармаларын өз заманына арнаған ақындар аз емес. Өз кезеңінде уақыт тынысын сезінген ақындардың бірі – Исраил Сапарбаев.

Қазақ поэзиясындағы өзіндік қолтаңбасы айқын, ХХ ғасырдың 70-80–жылдарындағы лириканың жарқын келбетін жасаушы ақынның бірі – Исраил Сапарбаев. Сезімді селт еткізер, жүректен шыққан жырдың балын тамызар ақын поэзиясының пернесі таза тың лиризмге лайықталған. Жанға жылы өлеңдер көбінесе лирикадан табылады.

…Сонау 70-жылдардың басында «Сені көргім келеді де тұрады», «Виолетта», «Құдайы бар құлдың да» секілді тамаша жырларымен қазақ жырының үйіріне екпіндей қосылған Исраил Сапарбай – бүгінде кемеліне келген ақын. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына дөп келген ақынның 75 жылдығы – текті де терлі екендігінде.

Исраил Сапарбаевты өзге  ақындардан ерекшелеп, даралап  көрсететін – оның  өлеңдеріндегі  шынайы, таңғы шықтай  мөлдір  жырындағы лиризмнің үстемдігі, ғашықтыққа, сұлулыққа сүйіспеншілікке деген асыл сүйсініс, жарасымды  жыр кестелелері.

Нәзiктiк пен сұлулық, адалдық пен адамгершiлiк, махаббат пен сүйiспеншiлiк, сағыныш пен қайғы ақын поэзиясынан ерекше орын алады. Осы құндылықтар ақын қаламынан жаңаша өмiр танып, жаңаша тыныс алады. Сол себептi ақын өлеңдерiнiң өзектi мәселесiне үңiлiп, оның даралығы мен талантын танудың өзi талмай зерттеудi талап етедi. Қандай да бір мәселені тілге тиек етсе де ақынның ерекшелігі оны кең ауқымда алып, өлең өлшеміне өрісті оймен аудара, сыйдыра білген. Бұл қасиет сөз зергерінің шағын өлеңдерінде де, көлемді туындыларында да бөлекше бітімге, әсерлі айшыққа ұласқан. Ақын өлеңдерінің тақырыптық жүйесі, жанрлық түрі, идеялық және мазмұндық негіздері қазақ поэзиясындағы тың үрдісті танытады және өзге тілге аударуды анықтайды. Ақынның көп қырлы махаббат лирикасының мазмұны, көркемдік болмысы алуан түрлі, әрі күрделі.

Лирика дегеніміз-ақынның ішкі жан дүниесінің сезім күшімен тебірене толқуы, өз басының көңіл-күйі, күйініш-сүйініші тән. Исраил ақын өз өлеңдерінде шама-шарқынша көркемдікке ұмтылды, өлең жазудағы Абай талаптарына талпынды, Мағжанның ғашықтығын өртей түсті. Жатық тіркес, шымыр ұйқас құруға, ажарлы сөзбен бейнелеуге, әсерлі ырғақ, шырайлы шумақ жасауға, осылардың бәрін үйлестіре келіп, ой салар, жүрек тербер көркем поэзия тудыруға тырысты. Ол белгілі дәрежеде Абай бастаған қазақтың жаңа жазба әдебиетіндегі көркем үлгіні басшылыққа алды. Табиғат көріністерін беруде, жер-су, тау-дала, географиялық ортаны суреттеуде алдыңғы үлгі бағытында ізденді, солармен үндесетін азды-көпті туындылар берді. Алайда ақын поэзиясында өзінің бойына бала кезінен сіңген халықтық сипат, ұлттық дәстүрдегі көркемдік үлгі басым байқалатыны шындық. Өмірдің өзін өлең деп бағалаған қаламгердің өлең-сөзге жүгінуі ақын мұратын әйгілеп тұрғандай. Өлең-жырдың жасампаздық құдіретіне ерекше маңыз беру де ақындық мұраттың басты шарты болса керек. Ақын лирикасындағы шалқар шабыт ақынның сөз өнерін құрметтеу, оған табыну құдіретінен көрік алады. Нағыз ақынға тән кредо – жыр бұлағын аялап сүюден нәр алып, одан арғы биіктерге қол созады. Ақын түсінігінде өлең патшалығы адамзат дамуы мен жеке тұлға рухына қызмет етер ерекше дүние. Қазақ сөз өнерінің өзегі – өлең деп ұқсақ, «сөз патшасына» сыйынып сыр ашу – ақынға ғана жарасқан символика болғаны.

Әдебиет әлемiнде творчестволық қабiлетi мен адамгершiлiгi, кiсiлiк қасиетi ерекше талантты тума ақындар сирек кездеседi. Бiр шумақ өлең жазбаған адам қазақ қазақ емес болғанмен, өлең жазғанның бәрi сыршыл да сезiмшiл ақын емес қой. Ақиық ақын десе, бiз Мақатаевты, реалист ақын десе С.Сейфуллиндi, Б.Майлиндi, ұлы ақын десе Абайды бiрден еске аламыз.

Кейде өзiңе де көрiнбей тек ұғым дүниенiң әлдебiр түкпiрiнде бұғып жатқан, ұйқылы-ояу сезiмiңе жан бере алар күштiң иесi де – поэзия құдiретi, ақындар әлемi.

Әркiмнiң өз жан өлшемi деңгейiне тән қанша қасиет – қастерi бар болса, соның бәрiн жақсы ақынның саңлақ қиялынан жаралған сұлу жыры жан бiтiре жаңғыртады.

Демек адам болмысы, адамның жан дүниесіндегі түрлі сапалық өзгерістерді поэзия тілімен өрнектеудің өзгеше әдіс-тәсілін тапқан ақын қазақтың төл әдебиетімен ғана шектелмей түбі бір түркі руханиятының мазмұнды туындыларынан сусындап, әрі әлемдік ақыл-ой жетістіктерінен үйренген.

Еңбек жолын орайлы Оңтүстіктен бастаған ақын Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасында, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газеті редакциясында, Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент облысаралық бөлімшесінде, кейін республикалық  «Жалын», «Жазушы» баспаларында, «Қазақтелефильм» киностудиясында, «Қазақ әдебиеті» газетінде,  Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы елшілігінде (дипломатиялық дәрежесі бар), М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында қызмет атқарды.

Ақын, драматург, сазгер Исраил Сапарбай, ең алдымен – талғамы нәзік, туабітті сыршыл лирик ақын. Ол 1979 жылдан бері бұрыңғы ҚСРО, қазіргі Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 35-40 жылғы шығармашылық өмірінде ақынның жиырмаға жуық жыр жинақтары жарық көрген:  «Аққу арман», «Бозқараған», «Раушанғұмыр», «Қызыл-жасыл дүние», «Жүрегіме ұя салған қарлығаш», «Қызыл жел», «Бармақтай бақ», «Гүласыл», «Махаббат пен Ғадауат», «Жүз бір түн», «Түнгі әуендер», «Балауыз шам» кітаптарының өнбойында Отанға, елге деген перзенттік парыз, туған халқына деген сүйіспеншілік, жаратылыс пен табиғат дүниесіне деген таза да адал көзқарас өміршең өлең жолдарымен өріліп отырады.

Драмалық шығармалары: «Ауылдан келген ару», «Әмір-Темір», «Абай-Тоғжан», «Сыған серенадасы», «Махаббат пен Ғадауат», «Мәжнүн», «Кемпір алып қашу» т.б. Аудармалары: «Сүйе білсең...» (өзбек драматургы Е.Құшуақтовтың «Қызыл алма» драмасы, өзбек ақыны, Өзбекстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері Абдолла Ариповтың «Сайыпқыран» тарихи драмасы), «Жангүлім», «Сағыныш сазы», «Ананы аңсау», «Ностальгия», «Жүрекке жүрек тіл қатар», «Асыл ана», «Сенің туған күніңе», «Тамаша танго», «Ғажайып танго» т.б. жүзге  тарта әндердің, сондай-ақ «Махаббат – мәңгі ертегі», «Амалым қанша...», «Қоштасудың қиыны-ай», «Сен болмасаң», «Өзің ғана», «Ауылды аңсау», «Бір күн озып бара жатыр бір күннен», «Қайран, дүние», «Қазақтың қара баласы» т.б. 100-ден аса ән мәтіндерінің авторы.

Исраил Сапарбайдың жақын және алыс шетел ақындарының озық шығармаларын төл тілге аударудағы көркемдік, тәржімалық тәсілі де өзгеше. Омар Һайамның «Наурызнамасы», Әмір-Темірдің «Аманаты» («Уложение Темура»), Лұқпан Хакім хақындағы хиқая, афсаналар кітабы, имам Исмаил Бухаридің «Ақиқи хадистері», өзбек шайыры Әбдірахым Пратовтың «Бір тал гүл» өлеңдер жинағы, Югослав ақыны Джорже Катичтің «Сәлемдеме» кітабы, А.С.Пушкиннің, С.А.Есениннің тәржіма топтамалары. Ақын 2006 жылы «Бәйтерек» атты республикалық жабық бәйгеге қатысып, С.Есенин, А.Пушкин өлеңдерін көркем аударғаны үшін жүлделі бірінші орынды жеңіп алды.

Исраил Сапарбай І.Жансүгіров атындағы Жазушылар одағы сыйлығының, Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың, Түркі поэзиясы халықаралық фестивалінің, сондай-ақ Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты. Республикалық бірнеше жыр мүшәйраларының жүлдегері.

Тәуелсіз еліміздің тарихы мен ұлттық құндылықтары, жас ұрпақ тәрбиесі, мемлекетіміздің өркениет көшіндегі даму, кемелдену, өсу өресі, сондай-ақ қоғамымыздың бүгінгі рухани, имани хал-ахуалы хақындағы публицистикалық өткір толғаныстары, сыр-сұхбаттары, эссе-мақалалары ылғи да жұртшылық назарында.

Ақын Исраил Сапарбаев 1960 жылдың аяғында 70-жылдың басында ойлы да сырлы жырлары ешкiмге ұқсамайтын, еш дараланбайтын өз ерекшелiгiн оқырмандарға паш еттi. «Аққу арман» атты ең алғашқы жинағы «Жалын» баспасынан жарық көрдi. Табиғаты сұлу, жаны нәзiк ақын осы тұңғыш жинағанда-ақ қиындығы мен қызығы, сырға толы әлемге құлаш ұрған сезiм тамшысынан туындаған өткiр жыр шумақтарын төгiп, өмiрдi қаз қалпында қабылдауымен дараланды:

Сондықтан да:

                   Өмiр жолы қатпарлы сан,

                   Түске дейiн шаттансам,

                            Түстен кейiн мұңаям, – деп айтса,

осы сырлы түйiннiң тереңiне ерiксiз түседi, ойға шомады. Исраил өлеңдерiнде ой мен бейне тұтастығы өмiрге келген өлең – перзенттiң өмiршеңдiгiнiң дара аксиомасы. Бұл сөзiмiзге ақынның «Аққу арманы», «Бұлақ жыры», «Туған жермен қоштасу» атты туындылары, «Жүрегiме ұя салған қарлығаш», «Перзент триптихы», «Үркек қыз немесе алғашқы махаббат туралы» балладасы нақты дәлел бола алады.

                   Мен бұлақпын, төгiлген қан да көргем,

                   Талай боздақ мен үшiн жан да берген.

                   Жүзiм айна, үнiм – сыр, маған қарап

                   Талай сұлу шаштарын талдап өрген.

Әдебиеттiң қай жанрында болмасын автордың бүкiл қауымға айтар ойы, ниетi, пиғылы мейлiнше пәктiгiмен, ақтық сезiмiмен, адал да ашық бағыт-бағдарымен, қарапайымдылығымен оқшаулана көзге көрiнiп тұрса нұр үстiне нұр емес пе?

Мiне, дәл осы қасиет Исраилдың жырларында бой көрсетiп, әрбiр оқырманды айтар ойының мақсат-мүддесiне баурап алып, көркемдiктiң көгiлдiр әлемiне еркiн құлшыныспен жетектей жөнеледi.

Пайымдауымызша жыр әлемiне сапар шеккен, оқырманға ләззәт, өзiне артар жүк iздемеген ақын емес, оған «жақын да» емес.

Ақын үшiн өмiр сан қилы егестен тұрады, және ол егеске нағыз таланттың ғана шыдайтындығына кәмiл сенгендiктен ақын:

Өмiр - өзен ағызып кетер бiздi,

Жеңе алмасақ, тағдырдың түрлi егесiн, –

деп тебiренедi.

Өмiр туралы әр ақынның өзiндiк түсiнiгi, өлеңдегi қолтаңбасы әр қалай. Сондықтан әр ақын өмiр, өлiм туралы өзiнше бiр жаңалық ашады. Амангелдi Мырзабеков «Дүниеде жаңалық жоқ деп көсемсiгенiмiзбен, бiздiң дүниеге келiп, басқаларға ұқсамайтын табиғи болмысымыз бен дүниетанымыздың қалыптасуының өзi жаңалық емес пе?» десе, Исраил ақын: «Өлiм – жұмбақ ән, өмiр – тылсым жыр» дейдi.

Ақын қашан да дара тұлға. Ақынның тағдыры –  лирикада билік ыңғайына жығылмастан,елдің қамын қамдаған еркін ойлы күрескер. Ақынға шығармашылық жолында өзін танудың, төл танымын сақтаудың, одан айнымаудың ғұмырлық маңызы зор.

Ақын осы өмірдің сұлу жағына, нәзік жағына, яғни адам мен адамның арақатынасына назар аударады. Әсіресе жастық шаққа, махаббатқа табан тірейді. Оның көздеген мақсаты – жақсылық пен жамандықты, нәзіктік пен сұлулықты, адалдық пен пәктікті ақындық жүрекпен әрлейді. Кезінде махаббатты жырлағаны үшін Мағжанды төсек ақыны деп кінәлаған екен. Әлеуметік тұрғыдан алып қарағанда ол дабір кезең шығар. Ал қазір Исраил ақынды махаббатты жырлағаны үшін, асыра жалаңаштағаны үшін сыршлы ақын, интим ақын деп те айтып жүр. Бүгінде адам мен адамның арақатынасы, мінезі қоюланып барады. Мұны жүрегімен жырлау, сөз тауып жырлау Исраил ақынның еншісінде.

 И.Сапарбаев - поэзия әлемінде өзіндік қолтаңбасы қалыптаскан, жылдан-жылға оқырмандары көбеймесе, азаймайтын дара ақын. Сезімді селт еткізер, жүректен шыққан жырдың балын тамызар ақын поэзиясының пернесі таза тың лиризмге лайықталған. «Жанға жылы өлеңдер көбінесе лирикадан табылады. Лирика дегеніміз – табиғаттың немесе қоғамның өмірінде болып жатқан көріністерге ақынның әсерленуі, сол әсерлеріне өз жанының толқыны қалай араласуын айтып беруі ғой», – деген С.Мұқановтың пікірі бүгінгі таңда да маңызын жоймақ емес.  

 Әр адамның қоғам дамуына қарай, өмірдің жалғасуына қарай дүниетанымы да, ой ерекшелігі де, санасы да өзгереді.  Ақындарымыз да дәстүрді жалғастыра отырып, өз әлемін аша отырып жаңашылдыққа бой ұрады. Бұл қасиетті біз  зерттеуіміздегі ақын өлеңінен де танимыз. Дәстүрді жалғастырмай жаңалық та, жаңашылдық та туындамайды. Ақынның лабораториялық шеберлігімен де туындайды. Мұны біз Исраил Сапарбайдан  да анық көре аламыз. Ақынның қазіргі кезде шырқалып жатқан өлеңдері де жаңа бір әуезбен, жаңа бір леппен келген сияқты. Ақын өлеңдері жасқа қарамайды, таңдамайды да. Қай өлеңін алсақ та жаңашылдықты сезінеміз.

Қорыта келе, дара тұлғалы, сезім жыршысы, шашына ақ түссе де, көңіліне кірбің түспеген, сағыныш пен мұң аралас іңкәрліктің белгісі ретінде танитын  Исраил Сапарбай ағамызға берік денсаулық,  қажымас қайрат, шығармашылық табыс тілейміз!

Ақбілек Мыңбаева

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2059