Жексенбі, 24 Қараша 2024
Мәйекті 4952 0 пікір 8 Қыркүйек, 2016 сағат 12:16

ӨЗБЕК МИГРАНТЫНЫҢ МАХАББАТЫ

Өзбекстанның президенті қайтыс болған соң, Ислам Кәрімовті ұлықтайтындар тым көбейіп кетті. Әлеуметтік желідегі отандастарымыздың өзі Ислам «әкәні» жер көкке сыйғызбай мақтап, «тірінің аманы, өлінің жаманы жоқтығын» дәлелдеп тастады. Осы бір қазаны еліміздегі өзбек мигранттары қалай қабылдады?. Алматы облысындағы Талғар, Еңбекшіқазақ аудандарының жерінде көкеніс егіп, күнелтіп жүрген мигранттармен тілдескен едік. Өзбектер басқаны білмесе де, саясатқа жүйрік көрінеді.

Қазір өзбек ағайындар қазақтың жеріне көкеніс егіп, мол өнім алып, оны қайтара қазаққа сатып, қыз-қыз тіршіліктің қызығына түсіп жатқан уақыт. Алматы облысындағы Қойшыбек ауылынан сәл төмен түссеңіз бүкіл егістікті жайлаған өзбектердің лашықтарына кез боласыз.

Бұл жаққа мен секілді көкеністі арзан бағаға алуды ойлайтын «саудагерлер» көп келетін көрінеді. Тонналап қарбыз алатын саудагердің кебін киіп, өзбектерді әңгімеге тарттым.

Бірінші барған лашықта он шақты ер азамат сораптап, көк шай ішіп отыр екен. Күн ысып кеткен соң, демалып отырған сыңайлары бар.

Егістікте қарбыздың таусылғанын, басқа көкеніс қажет болса, тауып беретінін айтып, мені дастарханға шақырды.

Дастарханның шетіне жайғаса беріп, «Құдай қазаның қайырын берсін! Президенттеріңіз қайтыс болды ғой» дедім елеусіз ғана.

Сол-ақ екен, іші пысқан жігіттер «Жақсы адам еді, жарықтық» деп бастап алып, әңгіменің тізгінін ағытты-ай келіп.

– Сол жақсы адам жағдайларыңызды жасап берсе, шекара асып қаңғымас едіңіздер ғой, – деп қағыттым.

– Өзбекстанда жұмыс жоқ емес, бар. Біз ол жақтан да жан баға аламыз. Бірақ, ақша деген адамға көп қажет. Көп ақша табу үшін осында жүрміз, – деді олар.

– Ислам Кәрімов несімен жақсы адам?

– Ол Өзбекстанды мықты мемлекетке айналдырды.

– Енді кім президент болуы мүмкін?

– Шавкат Мирзияев болады деп жатыр.

Тағы егістікті аралай жүріп, бір лашыққа бас сұқтым. Кішкене ғана масахана тұр, ішіне екі-үш жасар бала қаннен қаперсіз ұйықтап жатыр. Дастархан басында әкелі-балалы екі өзбек шай ішіп отыр. Есік алдында кір жуып жүрген келіні мені көре сала егістің ішіне кіріп кетті.

«Қарбыз сұрау» аяқталып, президенттің қазасына көңіл айттым.

Ақсақал президентке өзбек халқының ешқандай өкпесі жоқ екенін айта келіп: «Ол бүкіл өзбектің қамы үшін туған-туысын да, өзінің қызын аяған жоқ. Өз туғанын аямаған азаматты бізді қаңғытып жіберді деп айыптай алмаймын» деп аяқтады сөзін.

Мен қайтуға ыңғайландым. Баласы «мені Алға ауылына дейін ала кетесіз бе?» деді.

Алға ауылының шыға берісіне өзбектердің өнімін сататын көкеніс базары бар екен. Соған жеткенше, өзім құралпы жігіттің әңгімесін тыңдадым.

Аты Әбділәзіз екен.

– Мен Қырғызстанның Ош облысында дүниеге келдім. Ол жақта білетін шығарсыз, қырғыз мен өзбек ылғи да қырылып, соғысып жатады. Есейе бастағанда Өзбекстанға көштік. Оншақты жылдан бері Қазақстанда жұмыс істеп жүрмін. Мен осы үш мемлекетті өз көзіммен көрдім. Бір-бірімен салыстыра аламын. Мысалы, Қырғызстанда оқымағандар – бай. Өзбекстанда – оқығандар бай. Бала кезімде оқу үлгерімім дұрыс болмады. Оқуға қабілетім болмағаны үшін қазір қара жұмыс жасап жүрмін. Өзбекстанда оқыған адам жерде қалмайды. Жанын бағатын жұмыс тауып алады. Сондықтан, кінәні президенттен емес, өзімнен іздегенді жөн санаймын. Қазақстанда оқығаны да, оқымағаны да – бай.

Қырғыстан мен Өзбекстаннан Қазақстанның бірінші артықшылығы осы.

Екінші артықшылық мұнда ұлтаралық қақтығыс жоқ. Маған келіп, әлі бір қазақ «сен өзбексің» деп тиіскен емес.

Үшінші артықшылық мұнда байларға Өзбекстандағыдай қысым көрсетілмейді. Кейін байып кетіп жатсам, Қазақстанда тұрғанды жөн көремін. Мәселен, Ислам Кәрімов ұлттық әуежай саудаға түсіп, дау болған кезде көптеген байларды қысып, оларға жол жөндеу, мектеп салу деген секілді істерді жасауға міндеттеп тастаған болатын. 

– Сен өзі Өзбекстанды жамандай бастадың ғой.

– Жоқ, жамандаған жоқпын. Тек ойымды айттым. Мен Отанымды жамандады екен деп, маған біреу өз Отанын бермейді ғой.

Алғадағы өзбек базардағы біраз өзбек ағайынды әңгімеге тарттым. Олардың барлығы да Ислам Кәрімовтің жақсы адам болғанын айтады.

Түйін

Бір кездері Ислам Кәрімов Өзбекстанды тастап, шетел асқан мигранттарға шүйлігіп, оларды «жалқаулар» деп сөккен болатын. Сол «жалқау» өзбектері қазақтың жерін «еміп» жатып, алғыстың бәрін Ислам Кәрімовке жаудырып жатуы ненің белгісі? Бұл сұраққа Сіз жауап беріңіз.

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1496
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3267
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5627