ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚАРЖЫСЫНА «МЕГА» САЛЫНАТЫНЫН ЖӘМІШЕВ ТЕ РАСТАДЫ
«Қазақстанның даму банкі» АҚ басқарма төрағасы Болат Жәмішев Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражат қайда жұмсалатынын айтып берді деп хабарлайды «ҚазАқпарат» порталы.
Тілшілерге тіл қатқан төраға Болат Жәмішев 15 миллиард теңгенің 15 жылда қайтарылатынын айтыпты.
«MEGA Silk Way сауда орталығының құрылысына «Бәйтерек» Холингіне бөлінген БЖЗҚ қаражаты 15 жылға берілді. Несие сомасы 15 млрд теңге. Оған «Бәйтерек девелопмент» есепшотындағы қаражаттар кепілдік болады. Бұл ең сенімді кепілдік болып табылады. Ставкасына келетін болсақ, біз БЖЗҚ-дан 15 пайызбен алдық, аталмыш жобаға 16,5 пайызбен бердік», – дейді Жәмішев мырза.
Естеріңізге сала кетейік, осының алдында қазақстандықтардың Бірыңғай зейнетақы қорынан 15 миллиард теңге ЭКСПО-2017 аумағындағы құрылыс нысандарына берілетінін жазған болатынбыз.
Осыдан кейін БАҚ-қа сұхбат берген кей шенеунік бұл ақпараттардың шындыққа жанаспайтынын айтқан-тын. Енді міне, банк басшысының өзі ЭКСПО-2017 аумағында «МЕГА» сауда орталығының салынатынын мәлімдеді.
«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қаражаты өте қымбат, сондықтан біз ол қаражаттарды жобаларға бөлген кезде өзіміздің қаражаттармен, Ұлттық қор мен бюджеттік қаражаттармен қосамыз. Мысалы, біз үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасының екінші кезеңінде қолға алынатын жобаларға 225 млрд теңге қарастырдық. Оның тек 65 млрд теңгесі ғана – БЖЗҚ қаражаты. Зейнетақы қорының 15 млрд теңгесін MEGA Silk Way сауда орталығына, 17,5 млрд теңгені жүк вагондарының құрылысына және 30 млрд теңге экспорттық және экспорт алдындағы қаржыландыруды қолдауға бөлініп отыр. Бұл – биыл біздің БЖЗҚ-дан алған қаражаттар», – деді банк басшысы.
Естеріңізге сала кетейік, жақында Қазақстанның Даму банкі қазақстандықтардың зейнетақы қорынан 15 миллиард теңгеге жуық қаржыны «ЭКСПО-2017» құрылысына жұмсайтынын мәлімдеген болатын.
Кейін «Астана ЭКСПО-2017» ҰК-ның қоғаммен байланыс департаментінің директоры Сергей Куянов бөлінетін қаржының ойын-сауық кешендеріне емес, нақты ЭКСПО жобасы аясында салынатын ғимараттар құрылысына жұмсалатынын мәлімдеген. Ал жекелеген жобалардың Халықаралық көрмеге еш қатысы жоқ екендігін айтқан. Мұндай жекелеген инвестициялық жобалардың ішінде Нұрлан Смағұловтың МЕГА сауда ойын-сауық кешені де бар екен.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz