ҚАЗАҚ ЖЕРІН ҚАЛАЙ БӨЛУ КЕРЕК?
Жер туралы Үкіметтік комиссия іске кіріскеннен бері жалғасты көтеріліп келе жатқан бір мәселе бар. Ол– «Кімде қанша жер бар?!» деген сұрақ! Атырауда өткен сегізінші отырыстың негізгі бір түйіні де осы болды. Бірақ, Заң бойынша бұл мемлекеттік "құпияға" жатады екен.
Одан да маңыздысы: бүгінгі таңда бүкіл әлем Қазақстандағы мемлекет құрушы қазақ ұлтының Жер туралы ұстанымы мен тегеуірінін анық байқады. Бұл үшін комиссия құруға тапсырма берген Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа, сол жұмыстың барынша ашық, еркін өтуіне мүмкіндік берген төрағалар Б.Сағынтаев пен А.Мырзахметовке рахмет айтуымыз керек!
«Базарға, қарап тұрсам, әркім барар» деп, хакім Абай айтпақшы, біз базарға беттеп бара жатқан, жоғын іздеуге кіріскен жұртпыз. Ол базар – АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ да, жоғы – ЖЕР!
Жер комиссиясының сегіз отырысынан түйгеніміз – комиссия мүшелері де, өңірлердегі халық та Жерді қазақстандықтарға сатуға, шетелдіктерге жалға беруге түбегейлі қарсы.
Егер, Үкімет осы түйінге тоқтап, Мәжіліс «Жер туралы» Заңға өзерістулер мен толықтырулар енгізуге кіріссе, «Жеке тұлғаларға берілетін Жер көлемінің ең жоғары шегі қалай белгілену керек?!» маселесін бірінші қадамда шешуге тура келеді.
Бұл жолғы Жер реформасы – өз кезегінде, Қазақстан Үкіметінің халқына деген шын мәніндегі қамқор пейілінің қай деңгейде екенін көрсетпек, әділетті-әділетсіздігін сынамақ, әлем алдында беделін өлшемек! Міне, Жер мәселесін Заң арқылы болашақта ешкім өзгерте алмайтындай және ешкім наразы болмайтындай етіліп шешетін сәт сәтімен туды. Мәселені бұдан ары созу – аса қауіпті! Сол үшін осынау тарихи кезеңде өзін мемлекетшілмін деп есептейтін әр тұлға бірін-бірі сынай, міней бергеннен гөрі, халыққа пайдалы, Үкіметке тиімді әдіс, шығар жол ұсынсын.
Біздің ұсынысымыз мынау:
«Уикипедия – ашық энциклопедиясындағы» бар мәлімет бойынша, мысалы Ақмола облысының Қорғалжың ауданының тұрғыны 13,0 мың адам екен. Ауыл шаруашылық жері 656,5 мың гектар. Оның 46,1 мың гектары егіндік, 28,2 мың гектары шабындық, 382,8 мың гектары жайылым, 199,5 мың гектары тыңайған жер.
Біз алдымен сол Ауыл шаруашылыққа жарамды 656,5 мың гектар жерден жайылымға керекті 382,8 мың гекта жерді алып тастасақ, 273,7 гектар қалады. Себебі, бұл Жерді тұрғындар ортақ жайылымға пайдаланады.
Ал, қалған 273,7 гектар жердің 10 пайызын алыс-жақын шетелдерден ертең көшіп келетін ораламандарға сақтап қойсақ, 164 мың 330 гектар жер қалады. Оны осы ауданның манағы 13 мың тұрғынына бөлсек, әрбір адамға 18,9 гектардан тура келеді.
Бұл 18,9 гектар жер телімі осы ауданда тұрақты тұратын әрбір тұрғынға берілетін ең жоғарғы шек болып белгілену керек!
Ал, артық алып алған тұлғалардың жер көлемі осы шекке дейін төмендетілуі, кем алғандардікі толықтырылуы тиіс!
Тұрғын басқа ауданға көшкен жағдайда, оның иелігіндегі Жер телімі қайтарылып алынсын.
49 жыл біткенше, жаңа туған балаға жер берілмесін; өлген адамның жері сол адамның отбасына, ұзатылған қыздың жері төркініне қалдырылсын!
Шеттен көшіп келген қандастарымыз «Оралман» мәртебесін алып, тұрақты тіркеуге тұрған күннен бастап, өзiндiк қосалқы шаруашылық жүргiзу, бағбандық және саяжай құрылысы үшiн; шаруа немесе фермер қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн, Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы N442 Кодексінің 46-бабына сай, жер телімдерін манағы қалған 10 пайыз жер қорынан осы өлшем бойынша ала берсін.
Сөйтіп, жер бөлісін әр аудан өз ерекшеліктеріне – жер көлемі мен халық санына қарай, осы заңдылықты негіз етіп жүргізсе, жұрт бірден келіседі деп ойлаймын. Ал, жері кең, халқы аз немесе жері аз, халқы тығыз орналасқан аудандар бар. Бұл жағын Үкімет ішкі және сыртқы көші-қон саясатын жандандыру арқылы реттей алады.
Сосын, Үкімет ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған кемелді бағдарламаларын кешенді түрде іске асыруға кіріссін. Қолында қаражаты, өндірістік құрал-сайманы жоқтарға кемектессін. Одан арғы жерде шаруалар жермен өздері айналыса ма, жоқ селбесіп корпорация құра ма, ол – екінші кезеңде қаралатын шаруа!
Осы жерде ерекше ескеретін бір түйін бар.
«Жерді жеке тұлғаларға конкурыс арқылы бөлу» дегеннің көзін жоғалту керек!!!
Кез-келген тұлғаға кез-келген уақытта белгіленген шек көлемінде егіндік және шабындық жер телімдерін 49 жылға жалға алуға бір мәрте құқық берілсін! Жер алу үшін тек қана жеке басын куәландыратын құжаты мен сол ауданда тіркеуде бар екенін дәлелдейтін анықтамасының болуы шарт етілсін! Бүгін алмаса, ертең алсын. Биыл алмаса, келер жылы алсын. Сөйтіп, Үкімет ақырындап барлық шаруалардың белсенділігін арттырып, жермен түбегейлі айналысуға қарай жетелеу керек! Бірте-бірте ауылда жерсіз адам болмауы немесе иесіз жер болмауы тиіс!
Біз - тәуелсіз Отанымыз бола тұра, жер емшегін емуге келгенде кенжелеңкіреп қалған халықпыз. Ахмет Байтұрсыновша айтсақ, қазақ басқадан кем болмас үшін жерлі, бай һәм күшті болуы керек. Жерлі болу үшін жер бәрімізге тең бөліну керек. Бай болуға жермен кәсіп керек. Күшті болуға табыс керек. Осы керектердің бәрііске асу үшін кемелді Заң керек!
Ауыт Мұқибек
Abai.kz