Сенбі, 23 Қараша 2024
Кәсіп-түбі нәсіп 4482 0 пікір 8 Қараша, 2016 сағат 14:24

ТӘТТІ ТҮБІРДІ НЕГЕ ҚАБЫЛДАП ҮЛГЕРМЕЙ ЖАТЫР?

Бүгінде қант қызылшасынан жетісулық шаруалар мол өнім жинауда. Өнімнің көптігі сонша, Көксу қант зауыты қабылдап үлгермей жатыр. Тәтті түбір тиелген техникалар Балбпық би ауылында кезекте тұр. Кезек екіге бөлінген. Алматы жақ кіре берісінде бір кезек және Талдықорғаннан келе жатқандағы кіре берісте тағы бір кезек. Ұзын сонар кезектегілер таңғы 4-тен, 5-тен кеп тұрғандарын айтады. «Кешкі 6-7-ге дейін зауытқа артылған жүгімізді түсіріп кетсек,  бас киімімізді аспанға атып, қуанамыз» дейді Қарабұлақтан қызылша әкеп тұрған жігіттердің бірі.

Сонымен, ұзын-сонар кезектің себебі неде? Шаруалар мен тасымалдаушылар «Қант зауытының қуаты аз, техникалары ескі. Сол себепті біз ұзақ күтіп тұрмыз» дейді. Ал, зауыт өкілдері «Кей көліктер қызылшамен қоса тас және батбақ, тіпті шіріген өнім әкеліп, техникамызды істен шығарып жатыр» деп уәж айтады. Кімдікі дұрыс?

Абай Әбділдинов, «Жер ана» шаруа қожалығының жетекшісі: Өздеріңіз білесіздер, қант қызылшасын қайта қолға алу, шаруашылықты дамыту, өз қантымызды өндіру мәселесі – Елбасы тапсырмасы. Облыс әкімі және одан кейінгі басшылар болып, бұл тапсырманы орындауға кірісті. Мен сияқты шаруаларды қыс бойына үгіттеп жүріп, 20-30 гектарға қызылша себуге келістірді. Рахмет, бізге тұқым, тыңайтқыш берді. Субсидия төлеп жатыр.  Ала жаздай еңбектеніп, міне қызылшамызды жинап жатырмыз. Біздің қожалықта 30 гектар алқап бар. Қазір 20-сын қазып алдым. 700 тоннадан астам өнім өткіздім. Әлі де 500 тонна көлемінде қызылшам бар. Қыс болса келіп қалды. Қазір біз қызылшаны өткізуден қыжалат көріп отырмыз. Зауытқа жөнелткен техникамыз тәуліктеп келмей қалады. Себебі, зауыттың қабылдау қуаты төмен. Ертең аяз болса, біздің маңдай теріміз еш кетейін деп тұр. Қызылша ағып кетеді. Салмақ жоғалтады. Қазір амалдап, қазылған тәтті түбірді аңызға жинап, үстіне жапырағын жауып отырмыз.  Мына түрімізбен жаңа жылға дейін өнімізді өткізе алмай дал боламыз ғой. Сондықтан басшылар мәселемізді шешуге көмектессе деп сұраймыз.

Мән жайды білмек болып, «Көксу қант зауыты» ЖШС-на жол тарттық. Тәтті түбір тиелген көліктер Балпық биге жетпей, Көксу өзеніндегі көпірден бері асып тұр екен. Жүргізушілердің түрі шаршау. Бір-екеуін сөзге тартып едік «Таңғы 4-тен, 6-дан бері тұрмыз. Кезекпен жылжып келеміз. Бүгін өтіп үлгерсек жақсы болар еді» дейді.

Хош. Зауытқа да келдік. Алғашқыда бізді күзет ішке кіргізбеді. Жөн сұраса келе іштен Галина Баймурзаева есімді апай шықты. Өзі зауыт ішіндегі бақылау кеңесінің төрайымы екен. Айтуынша, зауыт шама-шарқынша қызылша қабылдап жатыр. Мұнда тәулігіне 2 мың тонна қызылша өңделеді. Бірақ, қабылдау бұл көрсеткішке байланысты емес. «Біз тәулік бойы жұмыс істейміз. Соңғы көлікке дейін қабылдаймыз. Бірақ, кей көліктер тазаланбаған қызылша әкеледі. Немесе шіріген өнім төгеді. Тіпті қызылшамен тас араластырып әкелгендер де болады. Солардың кесірінен қабылдау аппараттары істен шығып қалады. Оны жөндеуге уақыт кетеді. Зардабын өзгелері тартады» дейді.

Жағдайды баяндай жүріп Галина Томаевна бізді қызылша каготының /үйіліп, әктелген қызылша/ жанындағы 2 көлікке әкелді. Оның үстінде жігіттер қызылшаны тазалап, келесі көлікке салып жатыр екен. Үстіне шығып көріп едік, Сарқаннан келген камаздың тележкасына кәдімгі батпақ толтырылған дерсің. Сұрастырып ек «Жаңбырлы күні тиелген ғой» деген жауап алдық.

Зауыттың қызылша қабылдау пунктінде отырған қызметкерінен кешегі және бүгінгі күннің жазбаларын көрдік. 1-қарашада қант зауыты жалпы салмағы 5500 тонна болатын 377 көлік қабылдаған екен. Зауыт ішінде каготтарда 90 мың тоннадан артық қызылша жатыр.

Галина Баймурзаеваның сөзіне сенсек, «Зауыт жетісулық шаруалар сепкен барлық қызылшаны қабылдауға міндетті. Қазір жоспарланған өнімнің жартысынан астамын қабылдап үлгердік. Енді қалған жартысына да шамамыз жетеді» дейді.  Айта кетелік, зауыт қызылшаның тоннасын 17 мың теңгеден алып отыр.  

Ыбырай Даутов «Құрақты» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің жетекшісі: Біз биыл 20 гектарға қызылша септік.  Қазір 15 гектарын қазып болдық. Күніне тракторым 2 рет, ЗИЛ көлігім екі рет зауытқа 6-7 тоннадан өнім өткізіп кетеді. Халық көріп отыр. Зауыт жұмыс істеп тұр. Әрине, қуатын арттырса тіптен тамаша болар еді. Дегенмен, біз түсініп отырмыз. Келешекте зауыт бұдан да жақсы жұмыс істейді деп сенеміз. Міне 4-5 күн болды, қазір зауыт аумағында кезек реттелді. Өткенде ғана жігіттер кезек үшін біраз жерге барып, бір бірімен төбелесе жаздаған. Бүгінде аудандық әкімдік пен полиция өкілдері бірігіп, бұл жерге тәртіп орнатты. Айтпағым, сәл түстіністік танытып, шыдайық. Бәрі дұрыс болады!

Қанша адам болса, сонша пікір бар. Біз қызылша айналасындағы өзіміз көрген әңгімені сол қалпында жеткізуге тырыстық. Бірақ, анық дүние мынау - ауа-райы шаруаны күтпейді. Мамандар бүгін-ертең күннің бұзылатынын болжап отыр. Шаруаның еңбегі еш кетпесе деп тілейміз.

Тұрарбек  ЖҰМАЙ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5417