ЕЛ БІЛМЕЙТІҢ ЕҢЛІК ҚАЛАЙ «ЖҰЛДЫЗҒА» АЙНАЛДЫ?
Осыдан біршама уақыт бұрын Еңлік Сыдықова дейтін актриса пайда бола қалып, жоқ жерден жік шығарды да Министрлер кабинетінің мүшесі қыр көрсетті деп ащы мәлімдеме жасап, әлеуметтік желілерді шулатып қоя берді. Оның Ютубтегі ролигін 20 мыңға жуық адам көріп, ал Сыдықова бір сәтте «жұлдыз» болып шыға келді.
Жас «актриса» «2011 жылдан 2015 жылдар аралығында Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясында оқып жүргенімде...» – деп әңгімесін бастайды да, тағдыр оны осы оқу орнының ректорымен жолықтырғанын тілге тиек етеді. Алайда, Сыдықова сол кездегі өз басында болған шындықты ұмытып қалды ма, әлде мыңдаған адамды әдейі шатастырғысы келді ме, себебі ол 2011 жылы «актерлік шеберлік» курсы бойынша тәлім алған емес. Еңліктің академияға түсу үшін құжат тапсырғаны рас, бірақ артынан бұл ойынан бас тартып, 3,56 орташа балы көрсетілген мектеп аттестатын шұғыл қайтарып алады. Өтіріктің арты – бір-ақ тұтам. «Өкінішке қарай, кеш болса да қатемді түсіндім және қабылдау емтиханына кешігіп қалдым», – деген Сыдықова не айтып, не қойғанын аңғармаса керек, біреу-міреудің жетегіне еріп, елді шатастырғысы келді. Академияның деректер базасында Сыдықова өзінің ұмытшақтығының құрбаны ретінде емес, абитурент ретінде құжаттарын қайтып алғандығы көрсетілген. Электрондық тіркеу журналы дейтін болады. Еңліктің тұсы бос. Сабаққа бармаған. Қатыспаған. Оқимын деген ниеті де болмаған. Демек, ешқандай емтиханға барған емес.
«Мен қолымды қусырып қарап отырмадым, мәселені басқа қырынан шешуге тырыстым, - дейді жас актриса. – ЖОО қызметкерлеріне шықтым, олар маған ректормен кездесуді ұйымдастырды». Сыдықова «емтиханды жіберіп алған соң ректормен кездесуге бардым» – дейді. ЖОО анықтамасына сәйкес, 2011 жылы Жүргенов атындағы академияға құжаттар 14 маусым мен 5 шілде аралығында қабылданады. «Музыкалық театр әртісі» мамандығы бойынша емтихан 9 шілде күні өтеді. Емтихандарды жіберіп алған біздің «кейіпкеріміз», «мәселені басқа жағынан шешуге тырысып» академия басшысы «қабылдауына» тап болады. Бұл да өтірік!
Академияның іссапалар кестесі әлі күнге дейін сақталған. Іссапарлар құжаттары тігулі екен. 2011 жылдың шілде айында ол үш рет жұмыс бабымен басқа қалада іссапарда болған. Шілденің 1-і мен 6-ы аралығында ректор Астанада, Елорда күні мерекесінің шараларын ұйымдастыру ісіне қатысады. Яғни, Сыдықованың бұл күндері ректордың қабылдауында болуы тіпті мүмкін емес. 9 шілде күні емтиханнан қалып қойған Еңлік, «басқа жағынан шешу» шешімін жүзеге асыруы қажет еді, яғни ректордың қабылдауында болуы керек. Шілденің 10-ы күні де Еңлік ректормен кездескен емес. Өйткені ол күн – жексенбі! Ал шілденің 11-күні, дүйсенбіде ректор ЮНЕСКО қолдауымен өткізілетін іс-шараларға қатысу үшін Өскемен қаласына жұмыс бабымен жүріп кетеді және Шығыс Қазақстанда шілденің 14-іне дейін болды. Сонда Сыдықова «жіберіп алған емтиханнан» кейін ректордың кабинетіне қалай және қашан келді? Айта кетелік, шілденің 17-19 күндері де ректор қалада болған емес. Демек, бұл жерде де қыз жалған айтады.
Ал, әлеуметтік желілерде жарқ еткен «біздің жұлдыз» ақиқаттан аттап кеткен. 2011 жылы ол Жүргенов атындағы өнер академиясында тіпті оқыған емес (оқуға түскісі келгенмен, артынан бас тартады). Бізді таңқалдыратын жайт: Еңілік құжаттарын Қызылорда қаласындағы «Болашақ» жекеменшік университетіне апарып тапсырғанын неге жасырады? Болашақ актриса алдымен «аудит» мамандығы бойынша оқиды . Бірінші семестрден кейін Еңлік «хореография» мамандығына ауыса салады.
Әңгіме мынада, Сыдықова «Жүргеновке» тек 2012 жылы ғана, емтихан тапсыруды қажет етпейтін ақылы бөлімге ауысады.
«Болашақ» университетінен академияға ауысуы туралы құжаттар екі оқу орнында да сақталған, ал олардың көшірмелері жұртқа жария боп үлгерді. Бір қызығы, екі оқу орнында жазылған өтініштері Еңліктің «өз қолымен» жазылғанымен, неге екені белгісіз қойған қолдары әртүрлі. Мұның бәрі тайға таңба басқандай көрініп тұр. Тағы бір шындықты айталық. Немен байланысты екенін айту қиын, дегенмен қыздың портретіне тағы бір штрих жасалық: «Жүргеновте» оқып жүрген кезінде ол екі рет оқудан шығарылмақ болады. Екеуінде де Қызылордадан әжесі ат арытып, «сүйікті» немересінің студент мәртебесін жылап-сықтап жүріп сақтап қалады.
Сонымен, бес жарым минутқа созылған роликте бас кейіпкеріміз көзіне жас та алғысы келмейді, дауыс ырғағы да өзгере қойған жоқ. Ол сөзін мұрнының астынан міңгірлеп, «енді не айтуым керек еді?» дегендей ауыр күрсінеді.
Сөйтіп, Еңліктен тәуір актриса шыға қоймады. Есесіне «қолшоқпар» рөлін сомдаған ол сол таяқ өзіне ұртоқпақ боларын білмей қалаған сияқты...
Кемел Қарасартов
Abai.kz