Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 6403 0 пікір 2 Қараша, 2016 сағат 10:04

ЗІКІРИЯ ЖАНДАРБЕК. ТАҒЫ ДА САЛАФИЛЕР ТУРАЛЫ

Еліміздегі діни ахуалдың күрделі екендігі, оның басты себебі салафиттік бағыттағы ағымдар екенін, 2011-2012 жылдары мен биылғы жылы елімізде орын алған террактілер сол салафилік бағыттағы ағымдар тарапынан жасалғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Солай бола тұра, бұл ағымға елімізде іштартатындардың саны азаймай тұрғанын да жоққа шығара алмаймыз. Ең бастысы билік жүйесіне ықпал ете алатын топың барлығы да айқындала түсуде.

Маусым мен шілде айларында орын алған терактілерден кейін Елбасының өзі бас болып, «салафизмге тыйым салыну керек» деген ұстанымда болды. БАҚ беттерінде жарияланған қаншама мақалалар салафизмнің зияндылығы туралы жарыса жазды. Бүкіл ел болып қарсы шыққан ағымға, салафизмге тыйым салынбайтынын бүгінгі күні белгілі болып отыр. Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев «Сәлафизмге тыйым салмаймыз» деп ашық мәлімдеп, неліктен тыйым салмайтындарын да ескертті. Өз сөзімен айтатын болсақ, былай деді: «Необходимо подчеркнуть, что салафизм не является организацией. Это религиозное течение, система взглядов.» Демек, олардың арнайы құрылған ұйымы болмағандықтан, оларға тыйым салып қажеті жоқ. Министрдің бұл шешімін есіткен салафилер қуаныштары қойындарына сыймай былай деп «мәлімдеме» жасады:

 Бізді қуантып отырғаны, ақыры билік сәлафизмге тиым салу Ислам дініне тиым салу екенін түсініпті. Дегенмен, әлі де дінде шектен шыққан, радикалданған әртүрлі теріс ағымдардың сәлафизмге еш қатысы жоқ екенін ашық айтуға дәттері жетпей отыр. Себебі, әлі күнге дейін көптеген лауазымды тұлғаларға діни істерде кеңесші болып жүрген сектанттар (көбінесе гүленшілер мен хабашиттер). Иншаллаһ, мемлекет ақты ақ, қараны қара деп айтатын күнге де жетерміз. Себебі, сектанттарды шынайы мұсылмандардан ажырата білмесек сынақ көбейе береді. Сәләфизм - ешқандай ұйым емес, сәләфилер ешқандай әулиенің, көсемнің, ұстаздың артынан ермейтін, патшаға шынайы бағынған діндар жұрт екенін министр мойындапты. Тек, ендігі уақытта хауариждер мен сәләфилерді ажырата білсе нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймыз. Себебі, "Әт-Тәкфир уәл-Хиджра» экстремистік ұйымын ешбір мұсылман ғалымы сәләфилер деп айтпаған. Олардың сәләфилерге ұқсап сүннет ұстанған бүлікшілер екені баршаға аян.»

 Иә, салафилердің қуануының жөні бар. Қуанбағанда қайтсін, төніп келе жатқан қауіпті министрдің өзі қайтарып отырса. Алайда, министрдің қателесіп отырғандығына дау жоқ. Еліміздегі салафилік «не является организацией. Это религиозное течение, система взглядов.» дегені шындыққа келмейтінін бір мен емес, оқи алатын, жаза алатын бар қазақстандық түсінеді деп ойлаймын. Өйткені, салафилердің мемлекеттік органдар есебіне белгілі ұйым ретінде тіркелмегенімен, бір-бірімен тығыз байланыстағы, астыртын жүйелі жұмыс жүргізіп отырған ұйым екендігін, олардың шетелдік орталықтармен тығыз байланысы барлығын мемлекет білмесе де, халық сезіп, көріп-біліп отыр. Әсіресе, еліміздегі орта және кіші бизнестің белгілі бір пайызы сол салафилердің қолында екендігі, салафтардың қатарына кіргендердің, тез арада, байып шыға келетініне көпшіліктің көзі үйренген. Осыдан 5-6 ай бұрын дін саласын қадағалайтын маманмен сөйлескенімде, «Ағатай, бұл салафтардың мұртын балта шаппайды. Қаладағы құрлыс материалдарын саудалайтын жігіттердің көпшілігі салафтар. Өткен күзде бір сауда орны бар еді. Қазір қаланың әр жерінен тағы екі-үш магазин ашты. Ішкені алдында, ішпегені артында. Кейде ақшаны жеткізе алмай күйінген кезде, солардың қатарына өтіп алса қайтеді деген ой келеді»-деп ағынан жарылды. Бұған не дейміз? Білетіндер «Салафилерге қайтарымсыз көмек, ақшалай емес, материал күйінде вагондап келеді» дегенді айтады. Ондай діндес бауырларына есепсіз материалдық көмек көрсетіп отырған діни ағымды ұйымдаспаған, жетекшісі жоқ деп айтуға болады ма? Жоқ болмайды. Жақында ғана Мәжіліс депутаты Жанат Жарасов былай деп мәлімдеді: «В Алматы выявлен, по данным спецслужб, которыми я располагаю, ряд коттеджей, которые использовались как общежития за минимальные, совсем мизерные платы. Через эти общежития пропускалась приезжая молодежь, которая в короткое время подвергалась радикальной обработке. И оттуда практически как с конвейера сходил ряд уже заточенных на радикализм наших молодых людей». Мұның бәрі ел-жұрт көріп, біліп отырған айғақтар.

Осы мәліметтердің өзі салафилерді ұйымдаспаған топ атауға болмайтынын көрсетсе керек. Оның үстіне олардың терактілерді жасағанда ұйымдаса отырып жасайтыны да белгілі. Ол Ақтөбеде болған террактілер кезінде анық байқалды. Рас. Салафилік өкілдері тарапынан олардың салафилерге ешқандай қатысы жоқ «жихадшылар» екендігін, олар бұйрықты сырттан алғандығын айтып, дәлелдемек болған мақалалар жарық көрді. Алайда, уаххаби мен салафидің, жихадшының, тәкфиршінің сенім негіздерінде ешқандай ерекшелік жоқтығын мақала авторлары есепке алған жоқ. Сенім негізі бір болған салафилік бағыттағы топтардың «байсалдылардан» жихадшыларға немесе тәкфиршілерге айналуы қиын емес екендігін, салафизмге тыйым салмаймыз деген мырзалар да ескермей отыр. Бұл салафилік ағым тарапынан еліміздің басына төнген қауіп одан әрі қоюлана түседі дегенді білдіреді. Өйткені, уаххабилік-салафилік ағымға тыйым салды деген Өзбекстан, Тәжікстан сияқты елдердегі діни ахуал әлі күнге толық қалпына келтірілді деп айтуға болмайды. Біз оны сол ел азаматтарының Сирия мен Ирақтағы соғыста қатысып жүргендерінен көруімізге болады. Бұл уаххабилік идеологияның халық санасына қаншалықты дендеп еніп кеткендігінің белгісі. Тәжікстан салафилік бағытқа тыйым салу туралы шешімге азамат соғысын басынан өткеріп барып келсе, Өзбекстан аса күрделі діни-саяси тіке-тіресті  басынан өткере отырып келген болатын. Тоқсаныншы жылдардың ортасына қарай Өзбекстанда аса қауіпті діни тік-тірес басталды. Мешітттер ханафилер мешіті, уаххабилер мешіті болып  екіге жарылды. Ферғана аңғарында болса, хизбут-тахрир мемлекеттік органдарға мойын ұсынудан бас тартып, өздерінің билік жүйесін қалыптастырды. Міне, осындай күрделі жағдайда марқұм И.Каримовтың табандылығының арқасында ғана мемлекет азамат соғысынан аман қалды. Бірақ, И.Каримовтың жүргізген аса қатаң шаралары уаххабилік идеологияны жақтайтындарды да, оларды қолдаушыларды да аяған жоқ. Уаххабилік ағымға қолдау көрсеткен, оларға материалдық жәрдем бергендердің барлығын қатаң жазаға тартты. Мемлекеттік қызметтегі уаххабилерге іштартушылар да жазасыз қалмады. Соның арқасында ғана Өзбекстан мемлекеті өзінің діни-рухани тәуелсіздігін сақтап қала алды. Бірақ, бұл қатал шаралар Өзбекстанның экономикасына ауыр соққы болып тиді. Соған қарамастан, И.Каримов ешкімге алақан жайған жоқ. Оның орнына өзбек халқының рухани-мәдени әлеуетін қайта қалпына келтіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Өзбек мәдениетін, өзбек халқының дәстүрлі діни танымын уаххабилік идеологияға қарсы тұруға жұмылдырды. Мемлекеттің экономикалық қуатын қалпына келтіруді де мемлекеттің ішкі резервтерін қайта қалпына келтіру арқылы жүргізді. Мұның бәрін тізбектеп айтып отырғандағы мақсат бізде Өзбекстан мемлекеті өзбек халқының рухани-мәдени тұтастығын сақтап қалу жолында қолдан келгеннің бәрін жасап жатқандығын көрсету. Ал, бізде уаххабилік-салафилік ағымға тыйым салудың қажеті жоқ деп қарап отыр. Олардың ойынша қазақ халқы өзі-ақ, мемлекеттің жәрдемінсіз салафилік идеологияға қарсы тұрады дегенді айтыпты. Сөзіміз нақтырақ болу үшін миннистрдің сөзіне кезек берелік:

«Біз қазақстандық дана халқымыз елімізге жат салафизм ағымының таралуына заңмен тыйым салмай-ақ жол бермейді және зайырлы қағидаттарды басшылыққа алатын демократиялық Қазақстанды құруды таңдайды деп сенеміз.» Бұл жерде бір мәселе ескерілмей қалып отыр. Қазіргі күні уаххабилік-салафилік ағымға қарсы тұратындай қазақ халқында рухани әлеует қалды ма? Қазақстан мешіттерінде қазақтың дәстүрлі діни танымын негізге алған уағыздар  айтылады ма? Жоқ. Мешіттерде айтылатын уағыздар негізінен араб дәстүршілдігі. Қазіргі уаххабилік-салафилік ағым сол араб дәстүршілдігі негізінде көктеп шыққанын еске алатын болсақ, онда қазіргі күні мешіттер уаххабилік-салафилікке қарсы күрестегі орны мардымсыз немесе мүлде жоқ деуге болады. Оған жақында Жамбыл облысының бірнеше аудандарына барып, лекция оқығанда толығымен көз жеткіздім десем болады.

Мешіттердегі уағыздардың көпшілігі қазақтың дәстүрлі діни танымына қайшы екендігін, мешітттердегі уағыздарда «Аллаға серік» қоспау туралы мәселе айтылатынын, мешітке барған жастардың көпшілігінде қазақтың діни дәстүрлеріне қарсы көзқарас қалыптасып жатқанын ата-аналар да, мұғалімдер де айтты. Олай болса, қазақ қайтіп уаххабилік-салафилік ағым ықпалына қарсы тұрмақ? Уаххабилік-салафилік идеолгоияға қарсы тұратын қазақтың дәстүрлі діні қайсы? Ол неге жоқ?-деген заңды сұрақ туындары анық. Ол әлде мүлде жоқ па? Бар! Бірақ, Ол қазір түрмеде отыр. «Зікіршілерді», Исматулла қариды, Саят Ибраев пен оның серіктерімен бірге қазақтың дәстүрлі дін де, дәстүрлі діни танымы да, рухани мәдениеті де түрмеге қамалған.

Қазір ешбір имамның сопылық туралы, қазақтың дәстүрлі діні мен діни танымы туралы айтуға құқы жоқ. Әйтпесе, имамдар арасында айтқысы келетіндер жоқ емес. Бар. Бірақ айта алмайды. Сотқа тартылармын, қуғынға түсермін деп қорқады. Мұның бәрі қазіргі қазақ қоғамының уаххабилік-салафилік идеология алдында қорғанатын ешқандай мүмкіндгі жоқтығын көрсетеді. Қазақтың қазіргі жағдайы аяқ-қолы байлаулы адамды, бес қаруы түгел жендетке қарсы жекпе-жекке айдап салған шарасыз жанды көзге елестетеді. Басқаша елестету мүмкін емес. Өйткені, салафилердің қолындағы қоғам санасына ықпал ету мүмкіндігі мен дәстүрлі дінді қорғап, шырылдап жүргендердің мүмкіндігімен салыстыруға келмейді. Салафилердің қолында телевидениеден бастап бәрі бар. Мысалы, «Асыл араның» салафилерге тиісті екендігі және кімдердің тарапынан қаржыландырып отырғандығы жасырын емес. Өткен жылы (15.10.20015). «Абай.кз» сайтында бұл туралы «Асыл арна» және һәм Саят Ыбырай жыры» деген арнайы мақала жарияланған болатын. Содан бері не өзгерді? Ешнәрсе де өзгерген жоқ. Баяғы жартас, бір жартас. Өкінішке орай, салафилер мемлекеттің, қазақ халқының болашағына қаншалықты қауіп төндірсе де, салафилерді жақтап отырған ықпалды топқа ешкімнің сөзі де, көз жасы да өтер емес. Әлде олар еліміздегі діни-рухани ахуалды ушықтырып, елді азамат соғысына итермелеуді мақсат етіп отыр ма? Бұдан кім ұтады? Кімге керек? Сұрақ көп, жауап жоқ.   

Abai.kz    

  

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5341