Сенбі, 28 Желтоқсан 2024
Міне, әңгіме! 8150 0 пікір 31 Қазан, 2016 сағат 18:20

МӘЖІЛІСТІҢ КӨШПЕЛІ ЖИЫНЫ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ӨТТІ

  • Мәжілістің көшпелі отырысы Алматыдағы Ұлттық кітапханада өтті
  • Гүлмира Исинбаева өзге ұлт өкілдері үшін ілеспе аударманың жүріп отырғанын, сондықтан жиынның қазақ тілінде өтетінін ескертті.

.......................................................................................

Бүгін Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада ҚР Парламенті Мәжілісінің көшпелі отырысы өтті. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы талқыланған жиынға «Abai.kz» порталының тілшісі де қатысып қайтқан еді.

Әдебиет пен мәдениеттегі маңызды мәселелерді сүзгіден өткізген бұл жиынға ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Гүлмира Исинбаева, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова,  Мәжіліс депутаттары және Асанәлі Әшімов бастаған ұлт зиялылары, қоғам қайраткерлері мен саясаттанушылар тегіс келіпті.

Алматыда алғаш рет өткен Мәжілістің көшпелі отырысында көтерілген мәселелердің әр қайсысы дерлік нысанаға дөп тигенімен, күрмеуін шешу кейінге шегерілді. Министрлік өкілдіктері мен депутаттар даярлап әкелген заң жобаларының кейбірі шикі екенін тәуелсіз сарапшылар мен мемлекеттік орган өкілдері де айтып қалды. Мысалы, Мәжіліс депутаты Бейбіт Мамраев театр, музыка және кино өнері, мәдени демалыс қызметі, кітапхана және республикалық мәдени ұйымдарды қайта құру мен тарату мәселері жөнінде «уәкілетті органмен келісу бойынша» деген өзгерту енгізуді ұсынған. Бұл өзгертуге сәйкес,  республика көлемінде құрылатын немесе таратылатын кез келген бірлестік, ұйым немесе мәдениет ошақтары тегіс жергілікті басқару органдарының бақылауына өтетін болады.

Мәжілістің көшпелі отырысына қатысқан Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев мырза Заң жобасына ұсынылған өзгертудің олқы екенін ескертіп, қайта қарауға қалдыруды сұрады.

Арман Қырықбаев, Алматы қаласы әкімінің орынбасары:

-Бұл Заң жобасын концептуалды түрде қолдауға болады. Бірақ, республика көлеміндегі барлық ұйымдарды ашу мен жабуды жергілікті басқару органына міндеттеу дұрыс емес деп есептеймін. Мүмкін өңірдегі ұйымның жабылуын бақылауда ұстауға болатын шығар, алайда әр бір ашылатын ірілі-ұсақты ұйымды әкімшілік өз активіне ала алмайды. Себебі, әрбір ұйымды басқару үшін бюджет керек. Солай ғой. Демек, салмақ қала бюджетіне түседі. Сондықтан, бұл өзгерту енгізу туралы ұсынысты тек концептуалды түрде қолдауға болады. Және бір айта кетерлігі, мен өз басым соңғы 5-10 жылда өңірде жабылып қалған театр немесе одақты естімедім. Мүмкін сонау шалғай аймақтарда бар шығар. Және бұл Заң жобасын өзгерту үшін алдымен жұмыс тобы бүкіл облыстардың пікірін біліп алуы керек деп ойлаймын. Шешімді содан кейін ғана қабылдаған дұрыс болар.

Жалпы алғанда Мәжілістің көшпелі жиынында 15 позициядан тұратын 4 өзгерту қаралды. Соның ішінде театр және кинодағы тілдік нормалардың сақталуы (бейәдеп сөздерге шектеу қою), өңірлерде кітапхана жұмыстарын үйлестіру, қоғамдық және мемлекеттік ұйымдарды құру және тарату, көркем шығармаларды сатып алу және қаламгерлерге қаламақы төлеу т.б. мәселелері талқыланды.

50-ден астам ұйымның (мемлекеттік және қоғамдық) өкілі қатысқан көшпелі отырысты Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан жүргізіп отырды. Алқа-қотан жиынды ҚР Парламенті Мәжілісінің вице-спикері Гүлмира Істайбекқызы ашып, өзге ұлт өкілдері үшін ілеспе аударманың жүріп отырғанын, сондықтан жиынның қазақ тілінде өтетінін ескертті.


Гүлмира Исинбаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің вице-спикері:

-VI сайланған Парламенттің 1-сессиясын ашқан кезінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы қабылданатын Заң жобаларын қоғамдық талқылаудан өткізуді тапсырған болатын. Қабылданатын Заң жобасының немесе оған енгізілетін өзгерістердің өнімділігін арттыруда мұндай жиынның маңызы өте зор екені даусыз. Заң жобасына депутаттар бастамашы болғанымен, оған қатысты нақты мәселелерді сол саланың мамандары жіті біледі. Сондықтан, Заңды қабылдауда немесе өзгерту енгізуде сарапшылардың да пікірін ескеріп, пісіріп, жетілдіріп барып ұсыну тиімді.

Бекболат Тілеухан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Шынында да осы қазақ мәдениетінің, әдебиетінің тарихында ойып алар орны бар деген, арқасы атан тайдырардай дардай тұлғалардың біразы осы жерде болды. Өздерінің пікірлерін білдірді. Ащы айтып отыр, орынды айтылып отыр. Әрине, мұның барлығы ескеріледі. Біз ұсынған жобаларға қатысты әлі де болса Үкіметтің қорытындысын күтеміз. Жеңісті жобалар да жоқ емес. Мысалы, депутаттық корпустан кеткен нәрсе – мына жазушылардың еңбегіне сай қаламақыларын алу мәселесі болды. Қазір Үкіметтің қарауына жіберілді. Бұл Заңдар қазір талқылану үстінде ғой. Бірақ, барысын көріп отырсыздар жаман емес. Әсіресе, мәдениет қызметкерлерінің талаптарын қанағаттандыратын Заң жобалары қабылданып жатыр. Жергілікті әкімдіктің ұйымдастыруымен өткен бүгінгі жиының жалпы қорытындысы көңіл көншітерлік болды деп есептеймін.

Мәжілістің көшпелі отырысынан Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2068