Жексенбі, 24 Қараша 2024
Кәсіп-түбі нәсіп 5637 0 пікір 27 Қазан, 2016 сағат 11:45

МAРАЛ ӨСІРУ – БАЙЛЫҚТЫҢ БІР КӨЗІ

Мемлекеттік деңгейде көңіл бөлінсе, марал шаруашылығының болашағы зор. Мәселен, Қытайда жасанды жолмен ұрықтандырудың арқасында, марал мүйізінің салмағы 24 келіге жеткен.

Ал бізде аталған мал шаруашылығы кәсібімен айналысушылар небары 9 кг салмаққа иек артып, соны қанағат тұтуда. Қазақстанда ирек мүйіз жылына бір кесілсе, Қытай Халық Республикасында кем дегенде екі рет алынады.  Тағы бір маңызды мәселе, қытай халқы маралды басқа малдан бөлек жайып, қанына дейін кәдеге жаратса, Қазақстанда кәсіпкерлер тек мүйізін сатумен шектеліп, қой-сиырмен бірге өрістете береді екен. Ал бұдан жұқпалы аурулар қаупі жоғарылайды.

Міне, дәл осы елімізде тың жаңалық болып саналатын қолмен ұрықтандыру тәсілін қытайлық ғалым Жаншоу Мин, Шығыс Қазақстан облысы аумағында орналасқан шаруа қожалықтары иелеріне үйретіп қайтты.

Көрші мемлекет өкілін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Агробіліктілік орталығы арнайы шақыртыпты. 3 семинар өткізіп үлгерген Үрімші қаласының тұрғыны өзі де бұғы өсірумен айналысып, көл-көсір кіріске кенелуде. Себебі, ол жақта тиісті сала жан-жақты зерделенген, емдік қасиеті мол, еті мен сүйегі жанға шипа, бойға азық жануарды күтіп ұстауға мұқият көзқарас қалыптасқан. Қытай фермерлері бүгінде қолға көндіккен тіршілік иесінің өнімділігін арттыру мақсатында жақсылап баптауға кірісіпті.

Мәселен, Алтай өңіріндегі қазақстандық әріптестерімен бай тәжірибесін бөлісіп, бірнеше күн еркін пікір алмасқан Жаншоу Миннің өзінде маралдың 20 мың басы бар екен. Дәріскер бұл шағын шаруашылықты да кеңінен өрбітіп, әртараптандыруға, тереңінен өңдеп, мол пайда табуға болады дегенді келтіреді.

«Сіздерге алғаш рет аяқ басып отырмын. Қажетті құрал-жабдықты қоса әкелдім. Бұл аппарат бағасы 15-18 мың АҚШ доллары шамасында. Қолмен ұрықтандыруды жігіттерге іс жүзінде көрсеттім. Ерінбей дамытатын болса, Қазақстандағы бұғы шаруашылығының келешегі кемел. Ел ішінде өндіріс ашып, шикізаттан дәрілік ұнтақ жасаса, қоспалармен нығайтса, құны да әлдеқайда қымбат болатыны даусыз, - деді Ж.Мин. – Сабақ барысында жасанды жолмен егу арқылы буаз күйге енген 10 ұрғашы бұғы аман-есен төлдеп қалса, ғажап емес. Табиғи  сипатта 40 пайыз марал төл берсе, біздегі технологолияда мүмкіндік - 90%. Сонымен қатар, арнайы баққан малдың денесі мен сүйегі ірі болып, көз сүйсінтеді».

Қытай Үкіметінен жасанды ұрықтандырудағы жетістіктері үшін екі мәрте марапатталған білікті ауыл шаруашылығы маманы Жаншоу Мин шетелге шыққанда да үнемі марал өсірудегі жаңашылдықтардың қыр-сырымен танысып жүреді екен. Содан беделді академиктердің дәрістеріне қатысып, өзіндік дербес әдістемесін түзген.  

Агробіліктілік орталығының басқарушы директоры Болат Сейсенов марал шаруашылығына Үкімет қолдау танытып, субсидия бөлінсе, экономикаға үлесі қомақты боларына, экспорт нарығына жаңа өнім қосылатынына сенімді.

«Дәрілік қуаты күшті мүйіздің 1 келісі 350 долларға бағаланады. Сонда есептей беріңіз, табыстың қандай болатынын. Жалпы таза шөпті таңдап қоректенетін маралдың түрлі ағза мүшелері дертке таптырмас шипа, тұнып тұрған қазына.  Бел мен омыртқа ауырып, тізе сырқырағанда етін пісіріп жеп, сорпасын ішсе тез айықтырып, тауқыметті жеңілдетеді.  Жастардың арасында мал тұқымын асылдандыруға, жасанды жолмен ұрықтандыруға қызығушылығы ояна бастады. Сырт келбеті сұлу бұғы шаруашылықтарын туризм нысандары ретінде ұсынсақ та артық етпес еді», - деп пікірін білдірді Орталық өкілі.   

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1492
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3261
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5584