Жексенбі, 24 Қараша 2024
Мәйекті 5051 1 пікір 25 Қазан, 2016 сағат 11:22

ҚАЙРАТТЫҢ "СОҢҒЫ СӨЗІ". ТАЛАС ТУДЫРҒАН ҚОС ӨЛЕҢ

 

 

«Абай.кz» пікірталас алаңында мақаламыз жарияланған соң, біраз әңгіменің тиегі ағытылды. Жазылған пікірлердің дұрысы бар, бұрысы бар, біраз тиянақты ойлар айтылыпты, тіпті, жеке басқа тіл тигізген желөкпелер де жасырынып қиқулапты. Оның бәріне жауап беру шарт емес.

Солардың арасынан аталы сөз айтқан белгілі ғалым, қоғам қайраткері Совет-хан Ғаббасов ағамыз, Еламан, Али деген азаматтар қазақ халқының бірлігі үшін, жас ұпақтың тәрбиесі үшін бәрімізді ынтымаққа шақырған екен. Әсіресе, Сәбеңнің «Ал, екі мақаладағы айтылып отырған – ҚАЙШЫЛЫҚТАР – соншама дабыралайтын іс емес. Жөнін айтып екі нұсқаны да... Қайраттың кітабына енгізген жөн» – деген тоқтамын мен де құп көріп отырмын.

Енді Ғаббас Қабышұлының мақаласына келсек... Ғаббас аға, бойыңызға қарап, өзіңізді қара нардай мықты екен деп жүрсем, көңіліңіз баладай нәзік екен ғой. «Үйге келмеді, айтпады...» деп, біраз бұрқылдапсыз. Өкпеңіз орынды. Баяғыда алды артымызға қаратпайтын жастықтың буымен үйіңізге еркелеп кіруші едік. ЦК-ның мүшесі-ау, «Ара» журналының Бас редакторы екен-ау деген ой, ол кезде, «зырқырап» тұрған басымызға кіріп те, шықпайтын. Сіз де түсіне қоясыз. Жеңгеміздің «алысқа» тығып қойған тәтті-дәмдісін, ой, кешіріңіз, «ащы-тұщысын» арқалатып жіберуші едіңіз. «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі ұмытыла ма? Жоқ, әрине. Бірақ, қазіргі уақыт мүлде басқа ғой, адамдарды да өзгертіп жіберді. Шақырмаса, бірге туған бауырыңның үйіне де бейсауат бармайтын болдық. Мақаланы көрсетіп, өзіңізге кіріп-шықсам ба деп оқталғаным рас, бірақ батпадым. Алдыңыздан өтпегенім үшін – ғафу өтінемін, Ғаббас аға! «Жақсының ашуы шәйі орамал кепкенше» дейді ғой, Сіздің әрқашан мейірім төгіліп тұратын жүзіңізді ешқашан кірбің шалмасын деймін.

Тек, өтінерім, мені Роллан Сейсенбаевтың «адвокаты» деп босқа күйдірмеңізші! Мүйізі қарағайдай кілең мықтылармен Мәскеуде «обед» ішіп, Лонданда «ужин» жасайтын әйгілі жазушы біз сияқты жалаңаяқ журналиске қарап қалмаған шығар. Өздеріңіздің араларыңыздағы әдеби дауды менсіз де шешіп аларсыздар.

Ал, «өзіміздің мәселемізге» келсек, мен де Сізге тартқан бірбеткей екенімді жақсы білесіз – айтқанымнан қайта қою жоқ. Сондықтан, өз пікірімде қаламын. Бірақ, өзіңіз айтқандай, ойлана келе, оқырмандардың да өтініштерін ескере отырып, екі өлеңді қатар жариялауды ұсынып отырмын. Әр автордың өлеңдерінде жоқ шумақтарды қызылмен бояп көрсеттім. Ақ-қарасын оқырман өзі айырып алар.

Осымен, бұл әңгіменің нүктесін қойсақ, қолдайтын боларсыздар, ағайындар.

 

 Қайрат Рысқұлбеков 

 

       АҚТЫҚ СӨЗ

 

Елбең-елбең жүгірген,
Ебелек отқа семірген
Арғымақ мінген жаратып,
Ақ сауыт киген темірден,
Алатаудай бабалар,
Аруағыңмен жебей көр!

Ұлы Ленин бабамыз
Қатарға тең деп тартқан соң,
Компартия басқарып,
Достық отын жаққан соң,
Аға дедік орысты,
Әділдігі жаққан соң.
Ал енді қазір неткен күн,
Орыстан ынсап кеткен күн.
Тізесі қатты батқан соң,
Шыдамастан ақыры,
Қарғыс атқан Алаңда
Қарғыс атқыр туған күн.

Қаймана қазақ қамы үшін
Қарусыз шықтық Алаңға.
Алыстан әскер алдырып,
Қырып салды-ау табанда.
Сөйлесем даусың жетпейтін
Кез болдық мынау заманға.
Шовинизм еді ғой
Басты себеп жанжалға.
Екі жүзің қырылып,
Екі жүзің ұрылып,
Екі жүзің сотталып,
Жоқтаусыз кетіп барасың,
Қатарым жусап қалғанда,
Қыршынымнан қиылып,
Солармен бірге өлсемші-ай!
Артта қалған ата-анам,
Арулап қолдан көмсеңші-ай!

Тұтқынға түстім жаутаңдай,
Жоламай ешкім қасыма.
Бара қалсаң, сәлем айт,
Сырттағы құрбы-досыма.
«Ақтық сөзің не?» деген
Бүгін қойды сот сұрақ.
Айтайын оны халқыма:
Жоқ пиғыл менде жасымақ.
Қорлай да беріп қайтадан,
Титыққа орыс жетпесін.
Туған жердің намысы,
Бөтен қолда кетпесін.
Салт-санадан айырылып,
Арақтан ұрпақ азбасын.
Ел көркейтер азамат
Қызғаныштан тозбасын.
Абай туған жерінде
Бомбасын атом жармасын.
Құлыптасты қиратып,
Өлігіңді қазбасын.
Өз ұлтыңның басшысын
Орнынан сүйреп алмасын.
Үміт еткен Мәскеуден
Қарадай көңілің қалмасын.
Ленин салған сара жол.
Қолдаушысыз болмасын.
Барлық ұлтпен тең болып,
Ешкімнен көңілің қалмасын.
Ендігі жерде басыңнан
Бірлік пен бақ таймасын.
Осы айтылған ақтық сөз
Туың болсын әрдайым.
Мойныма алып жаланы,
Мен болайын құрбаның.
Бас-аяғы сол болсын
Басыңа түскен қатердің.
Ақтық сөзді енді мен
Сотқа да бір айтайын:

Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар,
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар,
Алам десең, алыңдар!
Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар.
«Еркек тоқты – құрбандық»,
Атам десең, атыңдар!
Мен не етермін, не етермін,
Мен келмеске кетермін.
Көрмеген, қош бол, таңдарым,
Көре алмай мен өтермін.
Қош, аман бол, артымда
Ағайын, туған азамат!
Артымда қалған ата-анам,
Ел-жұртым, саған аманат!

 

Қазақ ССР Жоғарғы Сотында оқылған күні:

16 маусым, 1987 жыл

 

(1994 жылы «Атамұра» баспасынан жарық көрген К.Табеевтің   «Қайсар рухты қазақ» кітабына енгізілген)

 

Тоқтархан Шәріпжанов

 

ҚОШ БОЛ, ТАҢДАРЫМ!

Елбең-елбең жүгірген,
Ебелек атқа семірген,
Арғымақ мінген жаратып, 
Ақсауыт киген темірден, 
Алатаудай бабалар! 
Әруағыңмен жебей гөр!

 

Қаймана қазақ қамы үшін,
Қарусыз шықтық алаңға.
Алыстан әскер алдырып, 
Қырып салды табанда.
Сөйлесем даусым жетпейтін,
Кез болдық мынау заманға.

Жалғанда мынау, жалғанда, 
Жеткен жан бар ма арманға,
Жаныңда жүрген жолдасың,
Басыңа пәле салғанда,
Қыршынынан қиылып,
Қатарым жусап қалғанда,
Солармен бірге өлсемші-ай!
Артымда қалған ата-анам, 
Арулап қолдан көмсейші-ай!

Күнәден таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар. 
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар,
Алам десең, алыңдар!
Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар,
Атам десең, атыңдар!

 

Сусылдап келіп шешінген,
Еркелеп жатып көсілген,
Жар қызығын көре алмай,
Аймалай алмай төсінен,
Арманда кеткен мен – бейбақ...

Айтылған сөзім жетер деп,
Алаңға лек боп жиылдық.
Қырып салды әп-сәтте,
Қыршынымыздан қиылдық.
Тең құрбым жоқ қасымда,
Бәлені басқа салған соң,
Кешегі өткен бабалар
Әруағына сиындық!

Қайғының бұлты торлады,
Ақ Жайық-Алтай арасын,
Сел басқандай сенделтіп,
Жұртымның көне даласын.
Амалым жоқ, көтердім,
Басыма салған жаласын,
Екі жүзің қырылып,
Екі мыңың сотталып, 
Көк өрім кілең көгенкөз,
Жоқтаусыз кетіп барасың.

Мен не етермін, не етермін?
Мен келмеске кетермін.
Көрмеген қош бол, таңдарым!

Көре де алмай өтермін.
Мойныма түскен салмақты,
Көтердім, жұртым, көтердім,
Еркек тоқты ─ құрбандық,
Бас-аяғы сол болсын,
Басыңа төнген қатердің.

 

Жиырма бір жасында,
Кежімдеп мінген қазанат,
Мерт болған башқұртта,
Асып бір туған Салауат,
Мен де кеттім дүниеден,
Кетіретін болған соң,
Жаланы жауып жазалап,
Қош, аман бол артымда,
Ағайын-туған азамат!
Артымда қалған ата-анам,
Ел-жұртым, саған аманат!

 

 

«Қазақ әдебиеті»,

16.09.2016 ж.

 

(2003 жылы «Үш қиян» баспасынан шыққан Т.Шәріпжановтың

«Қалдырдым мұра халқыма» деген кітабына сілтеме беріп жариялаған Ғ.Қабышев)

 

 

 

Қайым-Мұнар Табеев  

 Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1498
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3268
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5646