Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Кәсіп-түбі нәсіп 4103 0 пікір 11 Қазан, 2016 сағат 09:55

Қ.БОЛМАНОВ: «ОЙЫНШЫҚ БАЛАНЫҢ ӨРЕСІН ӨСІРЕДІ»

Мемлекеттен бөлінетін қаржыға шетелден ойыншық сатып алу тиімсіз. Оның орнына өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен дамуына қызығушылық танытып отырған жергілікті кәсіпкерлерді барынша қолдау қажет

Танымал продюсер және әнші Қыдырәлі Болманов балаларға арналған тауарлар өндірумен айналысып келе жатқаны белгілі. Ол осы саламен айналысатын кәсіпкерлердің балаларға арналған дамыту ойыншықтарының өндіріске арналған стандарттарын және  балалар тауары ұлттық брендін ілгерілету мәселелерінде мемлекет тарапынан ешқандай нақты көмек көрмей отырғандығына қынжылады.   

«Осы саладағы кәсіпкерлік қызмет ешбір субсидияға ілінбейді. Көршілеріміз менің жұмысым мен диссертациямды ноу-хау ретінде қабылдап, мені ғылымға еңбегі сіңген қызметкер ретінде атақ беру үшін Ресейге шақырып отыр. Осы уақытқа дейін әлемде ешкім ойыншықты балаларды дамыту әдісі ретінде пайдаланбаған.  Ол жай ғана ойыншық болды. Қазіргі таңда балаларға арналған өнімдердің орны бос.  «Balbala» – Қазақстандағы осы саладағы бірден бір бренд. Балаларды тәрбиелеп, дамытуымыз керек, алайда бізде тиісті заңнамалық база жоқ. Білім мен бизнес қабыспай тұр», – деп атап өтті Қыдырәлі Болманов.

Ол мемлекеттен бөлінетін қаржыға көрші мемлекеттерден ойыншықтар сатып алудың тиімсіз екендігін атап өтті. Өйткені олар балаларды дамытуға арналмаған әрі сапасы күмәнді. Болмановтың пікірінше, тек ақша табуды ғана көздемейтін, өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен дамуына қызығушылық танытып отырған жергілікті кәсіпкерлерді барынша қолдау қажет.

«Атамекен» ҰКП Астана қалалық Өңірлік кеңесінің мүшелері Қыдырәлі Болмановты қолдап, осы мәселені егжей-тегжейлі қарап, аталған сектордағы шағын және орта бизнесті дамытуға нақты қандай шаралар қажет екендігін түсіну керек деген пікірге келді.

«Бизнесмендер көтеретін барлық түйткілді мәселелерді арнайы мәселелер тізіліміне енгіземіз. Оларды жергілікті атқарушы және басқа да мемлекеттік органдармен бірігіп отырып, қалалық деңгейде шешеміз. Егер мәселе республикалық сипатта болса, оны ҰКП орталық аппарат деңгейіндегі Тізілімге кіргіземіз», – деп атап өтті Ғани Тасмағамбетов.

Сондай-ақ отырыста жеке кәсіпкерлік субъектілерін нығайту, олардың қызметтеріне қолдау көрсетіп, дамыту мақсатында инвестициялар тартуға көмектесу мәселелері талқыланды.

Естеріңізге сала кетейік, Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесі 2013 жылдың қазанында экономиканың кәсіпкерлік секторын нығайту, өсіру және дамыту үшін құрылған еді. Қадағалаушы органның құрамына 30 мүше кіреді, соның 5-уі бизнес-қауымдастықтардың өкілдері болса, 25-і өңірдегі экономиканың түрлі секторындағы кәсіпорындардың басшылары.  Елордадағы Өңірлік кеңестің төрағасы «Цеснабанк» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы – Дәурен Жақсыбек. 

 Abai.kz

0 пікір