ЕРҒОЖИН НЕГЕ ОФФЛАЙНҒА КЕТІП ЖАТЫР?
Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кіріс комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожин facebook әлеуметтік желісіндегі «Көлеңкелі бизнеспен күрес» ашық тобында «Құрметті достар! Біз барлық әлеуметтік желіден оффлайнға кетіп жатырмыз. Жазбаша сұрақ-жауап түрінде жұмыс жасаймыз. Түсіністік танытқандарыңызға рахмет!» деп жазды. Бұл нені білдіреді? Соңғы кездері көлеңкелі бизнеспен күресті күшейтіп, салық жүйесіне жаңа технология енгізіп, әрбір тауардың шекарадан өткеннен тұтынушы қолына жеткен дейінгі аралықтағы жүрісін бақылап, салық төлемін қатаң қадағалайтын жүйелерді жүргізіп әрі мемлекеттік кіріс комитетінің құзырына кіретін жұмыстардың денін қоғамға ашықтық жағдайында жүргізілуіне белсене кірісіп, барлық әлеуметтік желілерде жұмыс жүргізіп, өзі де түрлі жиындар мен отырыстар өткізу арқылы көптеген мәселелерді түсіндіріп, сарапшылармен бірлесіп, ортақ талқыға салып жүрген Ерғожиннің әрекеті біреулерге ұнамаған болуы керек деп топшылауға болады. Бірақ, Ерғожиннің өзі жоғарыдағы сөзінен басқа ашып ештеңе айтпаған.
Президент Н.Назарбаев мемлекеттік органдардың халықпен тығыз жұмыс жасауын, ашықтыққа бет бұруын үнемі айтып келеді. Президенттің айтқанын орындағандай жұмыс істей бастаған мемлекеттік кіріс комитетінің әрекеті кімге ұнамай қалғаны түсініксіз. Қалай болғанда да, салықтан жалтарып, миллиардтаған қаражат айналымында жүрген көлеңкелі бизнестің қолы ұзын келетініне ешкім күмәндана қоймас. Дегенмен, мемлекеттік орган – мемлекеттік кіріс комитетінің заманауи коммуникациялық технологияны пайдаланып, халықпен ашық жұмысқа көшкеніне кедергі келтіру, бұл – Президенттің мемлекет органдардың ашықтығына қатысты айтқандарына қарсылық екені сөзсіз...
Нұра Матай
Abai.kz