Жексенбі, 24 Қараша 2024
Мәйекті 3708 0 пікір 6 Қазан, 2016 сағат 12:11

ПОЛИЦЕЙЛЕР ҚЫЛМЫСКЕРДІ ЕМЕС, ПАРА АЛАТЫН ЖЕРДІ ІЗДЕП ЖҮР

Қылмыспен күресуге полициямыз қауқарсыз екен. Бұл жайтты мінбеде тұрып министр Қалмұхаммед мырзаның өзі мойындады. Қайда қарасаң да көзіңе ілінетін қаптаған полиция қызметкерлерінің бұл орайда неліктен қауқарсыз екендігін ұғу қиын. Есесіне айыппұл салуда алдарына жан салмайтын көрінеді. Тіпті қоқысты аралап заңсыз қоқыс тастағандарды тауып алатын «ізкесер шеберліктерін» атап айтуға болады...

Бүгінгі таңда қара халық биліктің бірталай айыппұлдарынан қалай құтыларының амалын таппай отыр. Өйткені оны шешудің заңды жолы миға сыймайтындай қисынсыз.

Мәселен, қалаларға уақытша қыдыра келгендер (мейлі жұмыс істеуге болсын, мейлі басқа себеппен болсын) қалалық тіркеуге тұруға тиіс деген талапты орындау өте қиын шаруа. Жұмыс іздеген бейбақ 10 күн ішінде қай бұрыштан тұрақ тауып үлгермек және оған қалалық тіркеуге мүмкіндікті кім берер дейсіз. Алматы және Астана қалаларында қалалық тіркеуге тұру баяғыдан ақ көлденең табыс іздеген үй иелері үшін жақсы жемтік еді. Ендігі кезекте жемқор полиция қызметкерлерінің тұмсығы майланып жүр. Ал, халық маңдай терімен тапқан нәпақасымен солардың құлқынын толтыруға мәжбүр. Бұл өз кезегінде елдің ызасын келтіріп, билікке деген өкпе-назын күшейте бермек.

Ал, бизнесті дамытуға жасаған полицияның кедергісі шаш-етектен: кәсіпкерлерді сылтау тауып тексеріп, ай-шайға қарамай бизнесінің басын қайырып жатқандарын көріп жүрміз. Мұнда да «заңды сылтауратып» арестқа алынған кәсіпкерлік нысандарды жіпке тізіп айтуға болады. Әділдік іздеп әділет басқармасына бару қиын. Халық арасында мұндайда «Ақымақ адам бара береді, ақылды адам пара береді» деген нақыл қалыптасып қалған. Пара бергендердің полиция шеңгелінен оңай шығып кететіндері тіпті де жасырын емес.

Жол полициясының былықтары – өз алдында ойластырылған «маркетинг». Неғұрлым сауатсыз жүргізуші көп болған сайын соғұрлым пара беретін майлы шелпектер де көп болмақ. Бар құлқынымен осыны көксейтін жолпол қара жолдың қасында тұрып өзін құдай санайтындары да шындық. Көше – халықтікі, көлік – халықтікі бола тұра «таяғын» көтергені үшін оның қалтасына пара салып кететіндер тіптен көп. Жүргізушілер берген парадан белгілі бір мөлшерде жоғары жақтағы полиция қызметкерлеріне ресми емес үстемақы баратынын ел жиі айтады. Соның дәлелі ретінде осы жылдың шілдесінде ОҚО ІІД 15 бірдей офицері жемқорлықпен күресетіндердің кісенін кигені елге мәлім. Олардан өзге бірнеше аудандық полиция басқармаларының басшылары да пара алғандықтары үшін ұсталды. Бұл полиция қызметкерлері жүргізуші куәлігін оңды-солды ақшаға сатқан. Бүгінде елімізде көлік апатынан қайтыс болғандардың саны Сирия соғысында мерт болғандардан да көп екендігі айтылып жүр. Солардың қаны мен көз жасы осы жемқор жолполдың «маркетингін» жасап отырғандардың мойнында.

Жүргізушілер үшін жол ережесін білу – ардың ісі десем артық айтпас едім. Жолпол тоқтата салысымен елбелектеп кететіндерге таң қалмасқа шараң жоқ. «Оу, ағайын, сен оған емес, ол саған қызмет көрсетуге тиіс екенін ұпытпағайсың» деуге қауқар жоқ. Білімсіздіктің салдарынан өзінің адал жолынан да, адал ақшасынан да айырылып жүргендері. Ондайлардың алдында кейде хаттама толтыруға да сауатсыз полиция қызметкері тіптен құдайланып алады.

Ендігі кезекте жемқорлықтың жаңа жолдарын ашып берудеміз. Терроризмге қарсы заңды сылтауратып кез келген адамды күдіктіге санап темір торға апарып қамай салады екен. Әрине, пара бермесең, құтыла алмайсың. Бұндай батпан былықтың арасынан нағыз террористі тауып көр. Бір арағайынның алқаш інісі бауыры іріп қайтыс болғанда, ағасын полиция келіп алып кеткен. Таққан айыбы «ініңді сен өлтірген шығарсың» деген көрінеді. Інісінің жаназасына асыққан бейбақ өзінің айыпсыз екендігін дәлелдеу ұзаққа бармайтынын білсе де, полицияға 30 мың теңге пара беріп үйіне қайтқан. Бұл – мыңнан бір ғана мысал. Мұндай әңгімелер ел арасына тарап «полицияға қорғаушымыз емес, қорлаушымыз» деп қарайтын көзқарас одан әрі нығая түсті.

Тағы бір түйткілді мәселе жерді мақсатсыз пайдалану деген қағида шықты. Заң бойынша шаруа қожалықтары мен саяжайларға тұрғын үй салуға болмайды екен. Тағы бір миға сыймайтын ереже бұл. Қарапайым шаруа қайдан ғана егін салып, мал бақпақ, егер ол жерде жауыннан, ыстық-суықтан қорғайтын бір баспана болмаса?! Жерді мақсатсыз пайдаланғаны үшін айыппұл салынып, биліктің тарапынан арестқа алынған жерлер жетерлік. Оларды билік не істемек? Айыппұл салып ұпайын көбейтпек пе? Меніңше, тағы да жемқорлықтың иісі мүңкіп тұр...

Басшысы көп, биліктің тізгінін қолынан жібермеуге тырысатын, алайда халқына қамқорлығы аз, құлқынын тойдыра алмай жүрген шенеуніктерге қарап, бұл өмірден түңіледі екенсің. Бәлкім, майдаланып бара жатқан халыққа қызмет етушілер арасынан бірлі-жарым ірілік көрсете алатындар мен адал жолмен, ақыл-санамен хәрекет қылатын билік өкілдері табылар деп үміт етемін. Лайым, ондайлар жоғалмасын деп тілеймін.

Гүлжан Ізтай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1495
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3266
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5608