Жексенбі, 24 Қараша 2024
Мәйекті 7113 0 пікір 6 Қазан, 2016 сағат 09:59

ҚАЗАҚ ТІЛІ: МАМАНДАРДЫҢ ҚҰЛАҒЫНА АЛТЫН СЫРҒА

Тіл мәселесін мен айдалада тоқтап қалған өгіз жеккен арбаға ұқсатамын. Халық өлеңінде айтылғандай, қара жолмен сықырлап арба келеді. Не асфальт жол жоқ, аяқтың асты батпақ, жолаушылардың үсті сатпақ.  Арбаны көздеген жерге алып бару үшін ең алдымен қамыт киген өгіз мықты болуы керек, оның шамасы жетпесе, айдаушы іскер болуы шарт, оның да қолынан келмесе, кездейсоқ жүргіншілер мен арнаулы жолаушылар бейнетіне көніп, бірі тегершігін итеріп, бірі  өгізді сүйреп, біреуі жол көрсетіп дегендей, көпшілікпен бітетін жұмыс. Бізде сөз көп те, іс шамалы. Ал құр айқаймен есекті де жұмысқа жеге алмайсың. Тәуелсіздік алғалы пәлен жыл деп жатырмыз. Одан бері бірінші сыныптың табалдырығын аттаған бала кәмелетке келетін уақыт болды ғой. Тілі қазақша шыққан бала енді қазақша сөйлей алмай тұрса, оған кім кінәлі?! Оны сақау деп те, мақау деп те айта алмаймыз ғой.

Ахмет Байтұрсынов айтқан бастауыш мектепте біріңғай қазақша оқыту мәселесі шешімін тапты ма? Сол Ақаң айтқан халықтың көзі, құлағы тілі болатын төл басылымдарымыз жеткілікті ме? Өзге ұлттарды төрімізге шығарып, өзіміз босағада қалатындай не жазығымыз бар? Осыдан он шақты жыл бұрын балаларымызды қазақ мектебіне беріп, жиналыстарда ана тілімізде сөйлеп, марқайып қалып едік. Сол үрдіс жалғасын тауып жатыр деп айту қиын. Өйткені, «қазақ тілі тағы қалды тасада, ұқсап тұрмыз Ақаң айтқан масаға...»

Теледидарды ашып қалсаң да, радионың құлағың басып қалсаң да, газеттерді парақтасаң да, журналдарға қарап қалсаң да басымдық орыс тілінде. Тіпті әу баста ана тіліне құрмет көрсеткен төл теңгеміз де енді орыс тілінде сайрай жөнелді.

Қазақстандағы, әсіресе, облыс орталықтарындағы орыс тілдес газеттер қазақ елі емес, басқа мемлекеттің басылымы секілді. Өйткені, оларда халқымыздың тілі мен діні, салт-дәстүрі, әдебиеті мен мәдениеті туралы мүлдем жазылмайды, немесе ара-тұра, тиіп-қашып жазылады. Олардың көпшілігі христиан дінін уағыздайды, орыс немесе батыс мәдениеті мен әдебиетін насихаттайды. Бір ғажабы, сол басылымдар тендерде жеңімпаз атанып, мемлекет тарапынан оларға қаржы бөлінеді. Беттерінде орыс тілі мемлекеттік тіл болсын деген орынсыз ұсыныстарға орын беріледі.

«Егемен Қазақстан» газетінің 2007 жылғы 12 наурыз күнгі санында жазушы Дулат Исабековтың: «айналып келгенде, бар әлем бір-ақ тілде сөйлеуге көшеді» деген идеяны қозғаушылар қазақ халқын осы идеяны меңгеруге қазірден бастап дайындала беруге уағыздайтын секілді» деген сөзі  қазақстандық барлық газеттерге арнап айтылғандай. Әсіресе, орыс тілді басылымдар бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, орыс тілінсіз таңымыз атып, күніміз батпайтындай, қара аспанды төндіреді де жүреді.  Бір қызығы, мемлекеттік газеттер де, оппозициялық басылымдар да бұл тақырыпта бір ауызды десек те болады.

Қазақ тілді басылымдардың жан айқайын күнде оқып жүрміз десек те, олардың көпшілігі өз қотырын өзі қасығандай әсер қалдырады.  Мемлекеттік тілді білмейтін шенеунік немесе қазақ тілінде сөйлемейтін депутат қызметтен кетсін немесе депутаттық мәртебеден айырылсын дейтін  сөздер де естіледі. Екінші жақ болса, орыс тілінің өнбейтін дауын даулап, өршелене түседі.

Тіл жанашырларының көптеген құнды пікірлері «жартасқа бардым, күнде айқай салдымды» еске салады. Баяғы жартас бір жартас. Мекемелер мен көше аттарының жазылуындағы өрескел қателер туралы БАҚ-ы  аттан салып жатады. Бірақ, сын түзелгенмен, мін түзеліп жатқан жоқ. Өйткені, билік басындағылардың дені орысша ойлайтындар, сол тілде сөйлейтіндер, қазақ тілін өрге шығарайық десең, «әлі оған ерте, қой!» дейтіндер. Сең қозғалды ма дегенде, кейбір министрлеріміздің тілі келсін-келмесін, ана тілінде сөйлеп жатқанынан үміт етеміз. Бірақ, мемлекеттік тіл мәселесін кейінгі кезде жиі өткізіліп жүрген түрлі байқаулар мен көрмелер, өзге ұлт өкілдері арасындағы жарыстар түбегейлі шеше алмайтыны туралы  қазақ басылымдары жазудай-ақ жазып жатыр. Қазақ тілі әр отбасымен қатар мемлекеттік ұйымдарда, мектепте және мәдени ошақтарда басымдыққа ие болғанда ғана бөркімізді аспанға атуға болады.

Біздің теледидарды жаулап алған, көбісінің мазмұны жеңіл айтыстарда тіл мәселесі жиі айтылғанына  ғана қуанбасақ, мұндай хабарлар қазақ халқының мәдени  өресін танытады деп айту қиын. Оның есесіне зиялы қауым өкілдерін көбірек сөйлетіп, осы тақырыпқа орыс тіліндегі бағдарламаларда да жиі оралып отырсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Көгілдір экранда ана тілін қасиет тұтатын белгілі қоғам қайраткерлерінің, ақын-жазушыларымыз бен ғалымдарымыздың тұрақты мінбері болуы керек. Содан кейін кейбір министрлеріміз бен жоғары лауазымды шенеуніктердің  орыс тілінде сөйлегенін қазақ тіліндегі хабарларда  мүлде көрсетпеуге тырысу керек. Олардың  сөздерін  қазақшаға аударып бергеннен не ұтамыз?!  

Босағада қалған қазақ тілін төрге шығару үшін  ана тілінде тәулігіне 24 сағат бойы сөйлейтін арнаулы телеарна керек. Қазақ радиосы да үзіліссіз эфирге шығуы керек. Мемлекет тарапынан қаржыландырылатын көптеген республикалық және облыстық  газеттерді орыс және қазақ басылымдарын біріктіріп, екі тілде шығарсақ ұтар едік. Мәселен «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда»  көбінесе бір тақырыптағы материалдарды жариялап келе жатқаны шындық қой. Мұның өзі бір жағынан қаржы үнемдеуге әкелсе, екінші жағынан тіл үйрету мектебі болар еді. Жарнамадан түскен қаржы да бір астауға құйылар еді. Мемлекеттік тілдің мүддесін қызғыштай қорғайтын орыс тілді басылым  да ауадай қажет. 

Теледидардан тіл ғылымын дамытуға үлкен үлес қосқан көрнекті қазақ ғалымы туралы хабар жүріп жатыр. Әкесі туралы ұлдары мен қыздары орыс тілінде сұхбат беріп, оны тілші қазақ тіліне аударып, диктор қазақ көрерменіне аударып беріп жатыр. Бұл не деген сұмдық?!

Бірақ, осы көріністі күнбе-күн көріп жүрміз. Шенеуніктерді былай қойғанда, ана тілі арқылы күнін көріп жүрген ғалымдардың балалары, ақын-жазушылардың балалары, қазақ тілінен сабақ беретін мұғалімдердің балалары орыс мектебінде оқиды, орыс тілінде сөйлейді, немерелері шет мемлекетте оқиды, шет тілінде емін-еркін сөйлейді. Соған ата-анасы да мәз, өздері де мәз.

Сол теледидардан тағы бір тілшінің «көңіл айтуды білдірді» деген сөзін естідік. Орыстың «выражаю собелезнование» дегенін аударған түрі. Мына қалыппен мемлекеттік тілді түгел меңгеруге тағы бір ғасыр керек болатын шығар.

Ұлттың тілден алыстауы – сөз бен істің қабыспауы. Сөз жүзінде қазақ тілін дамытайық деген қайраткерсымақ іс жүзінде ана тілін өзге тілден кем көрсе жағдай қайдан түзелсін?! Сөзі басқа адамның ісі басқа болған соң олардан қандай үлгі-өнеге алуға болады?!

Орыс тілі тек Ресейде ғана мемлекеттік тіл бола алады. Оны өзге елге телудің еш қисыны жоқ. Қазіргідей қысылтаяң кезеңде мұндай мәселе қозғаудың өзі ақылға сыйымсыз. Егер қиналып бара жатса, орыс болсын, басқа болсын, өздерінің тарихи Отандарына барсын. Ал Қазақстанда тұрады екен, мемлекеттік құндылықтарға құрметпен қарап, оны дамытуға ат салысулары тиіс.

«Русский язык не такой барин, чтоб он нуждался в чьей либо помощи». Мен мұны әдейі орысша айтып отырмын. Орыс тілі – онсыз да ресми тіл. Бұл статусты алып тастаса да ештеңесі кетпейді. Қайта қазақ тілін дамытуымыз керек. Қостанайда қазақ тілі қансырап, кенже қалған. Қазақ тілін Ресей немесе Қытайға барып дамыта алмаймыз ғой. Қазақстан да жүріп Ресейдің мүддесін қорғауға да ешкімнің қақысы жоқ. «В чужой монастырь со своим уставом не ходят» деген сөзді естен шығармау керек.

Сәбит Мұқанов: «Әркімнің туған тілі – туған шеше» деген екен. «Туған шешесін тек өгей ұлдары ғана сыйламайды» дегенді Ғабит Мүсірепов  айтқан. Ендеше ана тілі – бізге ананың сүті секілді. Ал басқа тілді емізікпен салыстыруға болады. Емізікпен өскен баладан ана сүтіне уызынан жарыған баланың артықшылығы көп екені анық.

Қазақ халқының тілі ғасырлар бойы өзінің түбірін сақтап келуі біздің тіліміздің айырықша  бай әрі мағыналы екенін көрсетеді. Мысалы, Адам деген  алғашқы пайғамбардың аты  халқымызда  кісі деген ұғымда сақталған. «Атымды адам қойған соң қайтіп надан болайын» – деген Абай сөзі ойға оралады.

Екіқабат келіншекті қазақ аяғы ауыр дейді. Бөпе көтеріп жүрген соң аяғының ауырлайтыны рас қой. Оның үстіне ауыр деген сөз болашақ ұрпақ  тәрбиесінің ауыр екенін де байқатады. Содан кейін аман-есен босанды дейді. Сәбидің  жарық дүниеге шығуы, босануы, бостандық алуы деген сөз емес пе?!  Өзге халықтардың бірде бір  тілі дәл осындай жан-жақты мағынаны бере  алмайтын шығар.

Орыстың брат деген сөзінің түбірі түркі тілінен бастау алған. Бір ата деген ұғымды білдіреді. Братань дегені бір атадан тарадық дегені. Ал брак деген неке мағынасын білдіретін сөз бір-ақ, яғни, біреу-ақ болайық дегеннен шыққан. Қазақша айтқанда, екі жарты бір бүтін болады. Орыстың «баш на баш» деген тіркесі де қазақтың басқа басынан шықаны анық.  Үй болу деген сөз бір жерге жиналайық, үйілейік деген қадірлі мақсаттан туған. Осындай мағыналы сөздерді туғызған ата-бабамызға қалай риза болмайсың?!

Санақ деректеріне қарағанда сан жағынан қазақ халқының үлесі ең аз аймақ Қостанай өңірі екен. Бұл жердің тұрғындарын шартты түрде үш топқа бөлуге болады.

1. Дана қазақтар.

Оқыған-тоқығаны мол, көненің көзін көрген, ескінің сөзін білгендер.

2. Шала қазақтар.

Қазақ тілін қажет қылмаған, орыс тілінде құстай қалқыған орта буын.

3. Бала қазақтар.

Бұлар жаңа қазақтар. Үміт еткен көзіміздің нұры, ананың жыры болған жас буын.

Тіл саясатының ең өзекті мәселесі –

  1. Дана қазақтардың ақылын алып, құрмет көрсету,
  2. Шала қазақтарды өзекке теппей, бауырымызға тарту,
  3. Жаңа қазақтарды тәрбиелеу.

Ұлттық идеологияның алтын арқауы осы болуы керек!

Ана тілі төрге шығарса, кезінде орыс тілі өрге шығарғаны да анық. Бірақ, өзге ұлт өкілдерінің біздің ана тілімізді білгендерінің көпшілігінен не қайыр деген сауал кейінгі кезде жиі мазалайды. Қазақ тілін үйренген өзге ұлт өкілдеріне қосымша ақша төлейік деген сөздер жиі естіле бастады. Біз орыс тілін үйренгенде, кім ақша төледі екен?! Неткен қарама-қайшылық?!

Қазақстанды мекен ететін өзге ұлт өкілдеріне деген ілтипат кейінгі уақытта айырықша сипатқа ие болып барады. Герольд Бельгердей неміске, Асылы Османовадай әзірбайжанға қандай құрмет көрсетсек те лайықты. Мәселен, Герольд Бельгердің «Шалдыр-шатпағы» («Плетение чепухи») қазақтың жүз жазушысының «балдыр-батпағынан» мың есе артық. Алайда, қазақ тілінде сөйлейтіндердің бәрі бірдей  періште емес қой. Олардың арасында қазақтың күйеулері мен жиендері де аз емес. Солардың кейбіреуіне: «қызымызды бердік, қызметімізді бердік, сонда күйеу баладан не жақсылық көрдік?!» – деп айтқың келіп тұрады.

Қостанайдың қазақшасын түсіну үшін аудармашы қажет етесіз. Көшелердегі биллбордтар мен жарнама тақталарына қарасаңыз, Қазақстанның «Тіл туралы» заңының талаптары белден басылатыны көзге бірден түседі. Қаладағы көше толы жарнамадағы қазақ тіліндегі жазуларда кездесетін қателер тіл мамандарының ғана емес, қазақ тілін білетін барша қауымның сынына ұшырап келеді. Әйткенмен ол сыннан нәтиже де көрінбейді - мемлекеттік тілде жазылған жарнамадағы бір ауыз сөйлемнен биттей өрген қатені қаланың әр бұрышынан кездестіруге болады.

Жазылған сөздерді көріп тұрып жаның ауырады. Мысалы, «Күлкі денсаулықпен жарқырасын!» деген тіркесті қалай түсінесің? «Күлкіңіз жарқын болсын!» деген секілді қазаққа түсінікті сөйлемдерді пайдаланса қайтеді? «Қарым-қатынас жылу береді» деген жарнама жылу  компаниясына арналған ба деп қаласың. Орыс тілінен сөзбе-сөз және ерсі аудармай, «қарым-қатынас жаныңызға жылу сыйлайды» немесе «жаныңызды сергітеді» деген тіркестерді қолданса болады ғой.

Бізге көшеде жолыққан бір ақсақал хабарландырудан оқыған мекен-жай бойынша Ахмет Байтұрсынов атындағы көше мен Таран атындағы көшелердің қиылысқан жерінде орналасқан ғимаратты іздеп жүр екен. Ол кісі хабарландырудағы «Таран бұрышы» деген жазуды кәдімгі асқа салатын бұрыш деп түсініп қалуға болады дейді. Дұрысы: Таран көшесінің қиылысы. Ал Ахмет Байтұрсынов атындағы көше қысқартылып, «А.Байтұрсынов ат.көше» деп жазылыпты. Сөйтіп, Алаштың ардақтысы атындағы көше «аттың көшесі» болып шыға келген.

Облыс орталығындағы жарнама агенттіктерінде сауатты аудармашылар жоқтың қасы, сондықтан да қателер аяқ аттаған сайын кездеседі. Оның үстіне осы агенттіктердің көпшілігіндегі суретшілер қазақ тілін мүлде білмейді, содан барып, қазақ жазуларында қате өте көп кетеді. Көшедегі қатеге толы жазулардан расында көз сүрінеді. Дүкен алдындағы жарнамадан «түнгі көбелек» дегенді оқыдық. Айтып отырғаны «вечернее платье» болуы керек. Оны сәнді көйлек деген орынды. Ал орамал мен сүлгіні әлдебір аудармашы «майлық» деп аударыпты. Майлығы болса, сулығы қайда? Дүкен ішіне кірсеңіз, былғары бұйымдарды «тері» деп, бағаның түсуін немесе арзандауын «түсімділігі» деп жазған жазулар тағы алдыңыздан шығады. Тағы бір суреттегі «джунгли» сөйлемді оқыған адамның көзін қойып, өзі адасып кетердей. Жарнаманы көріп-оқығандардың ешқайсысы оның мән-мағынасын айта алмай дал болды. Құдды бір балаларға арналған жаңылтпаш па дерсің?!

Осындай жарнамаларды жасап жүрген кәсіпорындардың бірі «Қостанай баспа ауласы» баспаханасының директоры Валентина Захарченко: «Біз өзімізге тапсырыс берген мекемелердің жұмыстарын уақытында әрі сапалы орындаймыз, ал мәтінде қате болса, оған сол мекемелердің өздері жауапты, өйткені, олар бізге тапсырған мәтінді біз сол қалпында жазып береміз», деп ақталды. Көптеген биллбордтардың мәтіндері Астанадан келеді екен. Ендеше ондағы қате аудармаларға қостанайлықтар емес, астаналықтар жауап беруі керек.

Жалға беруді «жалдану» дегені не сұмдық? Аренда мен малайлықты ажырата алмаған кім екен? Жалға алу мен жалданудың арасы жер мен көктей емес пе? Енді бір жерден «күйіктас» дегенді көрдік. Күйдірілген тас болуы мүмкін деп болжадық. Тағы бір тақтада орыс тіліндегі «снегоход» сөзін «қарда жүргіш» деп аударғанын оқыдық. Қаршана «қарда жүргіш» болса, қайықты «суда жүзгіш» деу керек шығар деген ойға қалады екенсің.

Әйткенмен, бұл сөйлемдердегі қателерді соншалықты сөлекет санамайтындар да табылды. Жаңағыдай қазақшасы сақау жарнамалардың жанында бізге жолыққан жастардың бірі осы жайлы не ойлайтыны туралы қойған сауалымызға: «ең бастысы орыс тіліндегі жазулар дұрыс болса болды, ал қазақ тіліндегі жазуды ауылдан келген кемпір-шал болмаса, басқа кім оқиды дейсің» деп орыс тілінде жауап қайтарды. Оның осы пікірі көшедегі жазуларды қадағалайтын жергілікті билік өкілдеріне де тән секілді. Өйткені, тіл туралы заң алғаш қабылданған 1989 жылдан бері бұл тақырыпқа қатысты сан мәрте сын айтылып келе жатқанымен, баяғы жартас сол жартас қалпында орыс тілінен мемлекеттік тілге шала-шарпы аударылған, мағынасы өзгерген дүбәра сөз тіркестері мен грамматикалық қателер көшедегі жарнамаларда сірескен күйі тұр.

Қостанай ғана емес, республикамызда  шет тілдегі атаулардан аяқ алып жүре алмайсың. Яғни, қазақтар өз жеріне өзі кірме болып отырғандай әсер қалады.

Мемлекеттік тіл де елтаңба, әнұран, мемлекеттік ту секілді Қазақ мемлекетінің символы, елдігіміздің нышаны. Мемлекеттік тілге көшу мәселесі Қостанай облысында көбінесе тек қана орыс тілінің пайдасына шешіліп жатыр. Облыстағы қазағы басым, тіпті халқы жүз пайыз қазақ тілінде сөйлейтін Жанкелдин және Аманкелді секілді аудандардан облыс орталығына қазақ тілінде түскен хаттар әуелі орыс тіліне аударылады да, жауап хат орыс тілінде әзірленіп, оны бейнеті көп аудармашы қайтадан қазақ тіліне аударады.Сүйтіп мемлекеттік тілдің ауыртпалығын тек аудармашылар иғына арта салу белең алып отыр. Орысшалап айтсақ, «переход на гос. язык» «перевод на гос. язык» болып отыр. Кадр саясатындағы солақайлық әрбір облыстық басқармалар мен департаменттерде ана тіліне мұрнын шүйіріп қарайтын мамандардың көбейіп кетуіне алып келді.

Әу баста қоғам болып жиылып, таудай болып үйіліп, аяғында қар суындай сұйылып кеткен жайымызды жасырудың қажеті жоқ. Қазіргі орыс тілі мен қазақ тілінің «тепе-теңдігі»  аттылымен жаяу адам жарысқандай, Қажымұқанмен ергежейлі алысқандай жағдайда. Тіліміздің алтын діңгегі болған қазақ ауылдары азып-тозып, өздерінің байырғы атауларынан айырылып қалды.

Терминология саласындағы мамандардың құлағына алтын сырға, село, деревня, рабочий поселок, населенный пункт деген атауларды жаңалап, кент, шаҺар, мекен, қоңыс, тұрақ деген секілді қазақ тіліндегі баламалармен ауыстыру күн тәртібіне қойылуы керек деп есептеймін. Әуелі көршімен ақылдасып алайық деген жалтақтықты ысырып қойып, қала, ауыл, көше атауларын, дүкендер мен мекемелер, кәсіпорындар атауларын, маңдайшадағы жазуларды  бір-ақ тілде жазу туралы тіл туралы заңға өзгеріс енгізу ауадай қажет. Екі тілде жазу екі есе шығын екенін неге ескермейміз. Абай даңғылын «проспект Абая», Шоқан көшесін «улица Валиханова» дегеннен не ұтамыз? Кирилл әрпімен жазылған жазуды осы күні қазақ түгілі орыс та түсінетін деңгейге келдік емес пе?! Бұрын «Тобыл» аталып келген футбол командасы «Тобол» деген атпен Қостанай облыстық әділет басқармасында заңды тіркеуден өткеніне де көзімізді жұмып қойдық.

Өзге ұлттарды ренжітпейік деген желеумен тарихи жер-су атауларын қайтаруды ұзын арқан, кең тұсауға салып келеміз. Осы мәселеге орай елді мекендерде жиын жасау, оларды жергілікті мәслихаттарда қарау секілді процестерден арылмайынша қазақтың сөзі ешқашан да өтпейтініне куә болып жүрміз.

Ең алдымен тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік тілдегі картасы жасалуы керек секілді. Бұл картадағы жер-су атаулары түгел дердік қазақ тілінде жазылуы керек. Мәселен, осы уақытқа дейін Қостанай теміржол бекеті «Кустанай», Тараз вокзалы «Джамбул» болып жазылып келеді.

Қостанай қаласында Сарыарқаға мәлім үш би Наурызбай Қазыбайұлы, Тоқсан Жабайұлы, Шеген Мусин есімдерін көшелерге беру туралы ұсыныс аяқсыз қалды. «Билер институтының дамуы» деген тақырыпта аймақтық ғылыми-теориялық конференция қорытындысында Арқаға аты жайылған үш бидің есімін Қостанай қаласының көшелеріне беру туралы ұсыныс бір ауыздан мақұлданған болатын. Сол жолы көше атауларын өзгертуге мораторий жарияланды деген сылтау айтылды да, кейін бұл тақырыпты ешкім де қозғамады. Осыдан бірер жыл бұрын Алаш қайраткерлері Елдес Омарұлы, Біләл Асфандияров, қазақтың көрнекті тұлғалары Мұхамеджан Қарабаев, Ақсұлу Орысбайқызы, Серке Қожамқұлов, Хакімжан Наурызбаев, Өмірзақ Сұлтанғазин, т.б. туралы да әңгіме көтерілген. Бұл ұсыныстардың бірде бірі қабылданған жоқ.

Қазіргі «Қазақ тілі» қоғамы не сардары жөніне кетіп, сарбаздары бытыраған, не сарбаздары бет-бетіне кетіп, жалғыз сардары қалған қолға ұқсайды.Тілімізге  қаулаған өрттен қорғағандай жанашырлық көрсетіп, қараңғыда  қалған ауылда жарық жандырғандай қылу үшін мемлекеттегі беру мәселесі, мемлекеттік тілдің орындалуын бақылау Тіл туралы заңда арнайы қарастырылуы керек. Тіл туралы заңды бұзған мекеме басшыларына әуелі ескерту жасап, кейін айып салынса, оған да көнбесе, қатаң жазаланса, салынған айыптан түскен қаржы тілімізді дамытуға жұмсалса, оның пайдасы орасан зор болатынына күмән келтіру қиын.

Мемлекетті  алтын отау деп бейнелі түрде айтатын болсақ, әкесі мен шешесі қазақ тілінде сөйлемейтін от басында баланы қазақша сөйлетемін деу бекершілік. Ана тілінде ең алдымен Президент аппараты, Парламент, әкімдер сөйлеуі керек. Сөйлей алмаса, әкім болмай, басшы болмай, орынбасар болса, қосшы болса да, жетіп жатыр. Ал ұлттық идеологияға жауапты орынбасарлар екі тілді  толық меңгермесе, меңгергісі де келмесе, олардан не қайыр?!

Мемлекеттік тілдің іргетасы бала бақша мен мектеп десек, сол бақшалар мен мектептерді тек қана ана тілінде тәлім-тәрбие беретін оқу ордалары қылып қайта құруға не кедергі?! Баяғы жалпақшешейлік. Қазақ мектебінде мемлекеттік тілде білім беріп, орыс тілін тереңдетіп оқытса, өзге ұлт алғыс айтпаса, қарғыс айтпайтыны анық. Ал жетімханалардағы тәлім-тәрбие солтүстік өңірде тек қана орыс тілінде екені белгілі. Олар ер жеткен соң өз елін өгей санайтын ұрпақ болмасына кім кепіл?!

Қостанай облысындағы 600-ге жуық мектептің қазақ тіліндегісі 150-ден аспайды, аралас мектеп саны да (136) осы шамалас. Ең сорақысы, кейінгі уақытта қазақ  мектебінен көрі орыс мектебіне баратын оқушылар саны көбейіп барады.

Ресейлік БАҚ-ның Қазақстанның ақпараттық кеңістігіне ықпалынан да арыла алмай отырмыз. Қостанай облысындағы жүзден астам газет пен журналдың таза қазақ тілінде шығатыны бірен-саран. Аудандық және қалалық газеттердің аты қазақша да, заты басқа. Мәселен, Қарабалықта «Айна», Қостанай ауданында «Көзқарас», Қостанай қаласында «Қостанай»  деген газеттер жарық көреді. Материалдардың басым бөлігі орыс тілінде, қазақ тілінде ара-тұра не жалғыз бет, не айқарма беттер беріледі. Біздің қазақ соған да мәз.

«Көршің соқыр болса, көзіңді қыс» деген мәтел қазіргі уақытта бізге арнап айтылған тәрізді. Ал көрші мемлекеттегі қазақтардың не мектебі, не театры, не ана тілінде шығатын басылымы жоқ. Оған сұрау салып жатқан Қазақ үкіметі де жоқ. Орыстар да бізден үлгі алып, бір Ассамблея құрса, бағы жанар ма еді, қайтер еді?! Алдағы істі Алла біледі.

Ақылбек Шаяхмет, Ахмет Байтұрсынов атындағы ҚМУ профессоры

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3263
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5592