Жексенбі, 24 Қараша 2024
Өмірдің өзі 5445 0 пікір 3 Қазан, 2016 сағат 11:04

АРААҒАЙЫНДЫҚ. ЕЛБАСЫНЫҢ ӘЛЕМ МОЙЫНДАҒАН ЕРЛІГІ

Араағайындық немесе араздасып қалған екі ағайынға татуластыратын билік айту барлық халықта да болған. Еуропа елдерінде «медиация» деп аталған араағайындық дәстүрі ежелгі заманнан бері бар, ал римдік құқықта ол VI ғасырдан бастап қолданылған. Әрине, атаулары өзгеріп отырғанымен, бәрінің де мазмұны сол – араағайындық.

Біздің қазақ арасында да ол жақсы дамып, ердің құнын екі ауыз сөзбен бітіретін шешен, тапқыр, әділетті адамдар болып, таласқан екі жақ сондай билердің шешіміне жүгіну үшін айшылық алыс жерлерден іздеп келетінін тарихымыздан жақсы білеміз. Сондай тәжірибенің қажеттігін бүгінгі күннің шындығы да көрсетіп отыр. Араағайындық тіпті бір елдің азаматтары арасында ғана емес, халықтық дипломатия жолымен елдер арасындағы тартыстар мен таластарды да реттей алады екен.

Жуырда бүкіл әлем соның бір классикалық үлгісін көрді. Бұл оқиғаны бәріміз оқып, білгенімізбен маңызына терең бойладық деп айта алмаймын. Өйткені, оның маңызы ғасырларға кетері сөзсіз. Ұлы тарих көшінің бүгінгі белесінде оны Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев көрсетіп, әлем халқын бір таңырқатты.

Еске сала кететін болсақ, Су-24 бомбалаушы ұшағының атып түсірілуі себепті біздің стратегиялық әріптестеріміз болып табылатын Ресей мен Түркия арасы қатты суып, бір-біріне деген өшпенділік халге жетті. Әділіне жүгінер болсақ, қалыптасқан тайталастың ешқандай объективті саяси немесе экономикалық астары жоқ еді. Осыған дейін екі жақ та бірін бірі «доспыз» деп ойлайтын. Екі жақ та визалық режімді алып тастаған. Түркия Еуроодақ пен АҚШ-тың санкциясына да қосылмай, Ресеймен арадағы қарым-қатынасын сақтап қалған.

Ал  соғыс жүріп жатқан аймақта қапелімде шекара бұзған ұшақтың оққа ұшуы қалыпты жағдай болатын. Өзі де қаншама жазықсыз жандарды жер жастандырған ұшақтың әйтеуір бір оққа ұшуы да заңдылық қой...

Сондықтан Су-24 оқиғасына байланысты теке-тірестің тууы – екі жақтың да субъективті амбициясынан туған кикілжің деп айтуға болады. Әрине, ДАИШ-пен (Қазақстанда тыйым салынған) қатар, Сирия оппозициясының ошақтарын да бомбаның астына алып жатқан ресейлік әскерилерді Түркия жағы ұната қойған жоқ. Өйткені, олар Б.Асадтың мемлекет басынан кеткенін қалайды. Ресей тарапынан бомбалағыш ұшақтардың Түрік Республикасының әуе кеңістігін бұзбауын қатты талап етуінің бір ұшы сонда жатыр. Тіпті, өзі мүшесі болып табылатын НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенбергке де осыны айтқызған. Соған қарамай 2015 жылдың қараша айында шекара бұзған Су-24 ақыры  атып түсірілді...

Кикілжің екі жаққа да өте ауыр тиді. Барлық бизнес құрылымдары, экономикалық даму, басталған бірлескен жобалар, екі жақтың да миллиондаған халқы бұл теке-тірестен зардап шегіп, оның тезірек шешілгенін қалады.               

Екеуі де стратегиялық әріптесіміз болып табылатын елдердің бұлай қатты кетуі бізге де тиімсіз еді. Сондықтан да Қазақстан Президенті екі елдің арасындағы кикілжіңнің бейбіт жолмен шешілуі үшін батыл әрекеттерге барғанын бүкіл әлем көрді. Ең алғаш өзінің ойын Президент 2015 жылдың қараша айында жасаған Жолдауында білдіріп, осы екі елдің жақындасуына көп еңбек сіңіргенін айта келіп, жағдайдың дәл осылайша ушыққанына өкініш білдірген және кикілжіңді реттеуге талаптанғаны да белгілі болған. Бірақ ол кездегі талпыныс сәтсіз болды.

Содан бері біршама уақыт өтіп, алғашқы ашу басылып, аптыққан көңіл суынған шақта ол екі елдің арасындағы теке-тіресті таратуға қайта кіріскен сияқты. «Түркия бізден кешірім сұрасын, атып түсірілген ұшақтың құнын төлесін» деп дікеңдеген Ресей үкіметінің талабының ілгегі кешірімде... Бірақ, біздікі дұрыс, аумағымызға өткен барлық ұшақты да осылай атып түсіреміз деп сіресіп тұрған түрік тоңын қалай жібітерсің?..

Президент Н.Назарбаев барлық ілгектің кешірімде екеніне көзі жеткен соң Түркия жағын оны жазуға көндірген. Дәл қандай сөздермен көндіргені белгісіз, бәлки, болашақ тарихта ол да белгілі болатын шығар... Әйтеуір, көндірген. Көндірмесе Р.Ердоғанның хатын ШЫҰ-ға мүше елдердің Ташкенттегі саммитінде Путинге өз қолымен тапсырар ма еді? Түрік басылымы «Хьюриетт» нақ осылай деп жазды.

Президент хатты неге өз қолымен тапсырған деген сұрақ туады. Егер Анкара осы хатты дипломатиялық арналармен ресми түрде жіберген болса, оның оң нәтиже бере қоюы екіталай еді. Өйткені, онда Кремль талап еткен кешірім жоқ, ұшақтың құны туралы да сөз айтылмаған. Сондықтан хаттың оң нәтижелі болып қабылдануы тек Назарбаев сөзінің өтімділігінен екені көрініп тұр. Тек соның арқасында ғана мазмұны сан-саққа шашыраған «кешірім» сөзсіз қабылданған.

Кремль «кешірім келді» деп емеурін танытқаны сол-ақ екен, бүкіл Ресейдің ақпарат құралдары «Түркия кешірім сұрады» деп жарты әлемге жар салды. Соны ғана күтіп жүргендей екен-ау. Арада сегіз-ақ күн өткенде екі елдің басшылары телефон арқылы сөйлесті... Түркияның барлық қайраткерлері, соның ішінде Президент Р.Ердоғанның өзі, Ресей Президенті В.Путин – бәр-бәрі екі елдің арасындағы татулықты қалпына келтіруге қосқан зор үлесі үшін Н.Назарбаевқа алғыс айтты.

Міне, бұл оқиға елдер арасында жасалған араағайындықтың айшықты үлгісі болып тарихта қалары сөзсіз. Біздіңше, оның маңызы 1966 жылы Ташкентте Үндістан мен Пәкістанды татуластырған КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы А.Косыгиннің дипломатиясынан бір де кем емес.

Жақсыбай САМРАТ, журналист

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5562