Жексенбі, 24 Қараша 2024
Кеше мен бүгін 4199 0 пікір 13 Желтоқсан, 2016 сағат 10:44

ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНДАРЫН ҚАСТЕРЛЕУ ЖЕТІСУДАН БАСТАЛҒАН. ЕНДІ ШЕ?

(Алматы облысы әкімдерінің назарына)

1990 жылдың қарашасында Талдықорған облысы Кеңесі төрағасының (бүгінгі облыс әкімінің қызметі) орынбасары Гүлша Тәңірбергеноваға кірдім. Ол мені Төраға Сағынбек Тұрсыновқа апарды. Сәкеңе алдағы 1991 жылы қазақтың Бас Қолбасшысы Қаракерей Қабанбай батырдың туғанына 300 жыл толатынын, осы датаны облыс жұртшылығы болып атап өтсек деген ұсыныс айттым. Несін жасырайын, ішімде сенімсіздік бар еді.

Кеңес үкіметінде, КПСС басқарып тұрған мемлекетте Халық Қаһармандарына арналып мұндай шара ешуақта, еш жерде өткен емес. Алайда Cәкең ұлтжанды, қазақтың кез-келген шаруасын ілгерілетуге қамқор азамат. Сенгенім де осы қасиеті. Бір аптадан соң Талдықорған облысында «1991 жыл Қаракерей Қабанбай батыр және Халық Қаһармандары жылы болып белгіленсін» деген облыс басшысы С.Тұрсыновтың қаулысы шықты. Жеделдете іс жоспар жасалды. 1991 жылғы қаңтарда, Дарабоздың туған айында, Республикалық ақындар айтысы өткізіледі, мамырда «Жетісу тарихы мен мәдениеті» деген тақырыпта Ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылып, оған Қазақстанның жетекші тарихшы және әдебиетші ғалымдары шақырылады, тамызда Үйгентас жайлауында Мемлекет қайраткерлерінің қатысуымен Қаракерей Қабанбай батырға Ас беріледі деп шешілді.

Осылайша қазақ даласында соңғы жетпіс жылда болмаған аса үлкен шаруа қолға алынды. Құдайға тәуба, барлығы ойдағыдай атқарылды. Ақындар айтысына Республиканың сол тұстағы ең таңдаулы айтыскерлері түгел қатысты. Бас бәйге Қонысбай Әбіловке тапсырылды. Осы айтыс үстінде «Қаракерей Қабанбай батыр» Қоры құрылып, жұртшылық мені бірауыздан Төрағалыққа сайлады.

Ғалымдардың басқосуы екі күнге созылды. Қорытынды той Үйгентаста өтіп, оған 1300 киіз үй тігілді. Өзбекәлі Жәнібеков бастаған ел ағалары айтыстан бастап, Хан Батыр Асының соңына дейін түгел қатысты. Бейнетаспаға ағаларымыздың мына сөздері түсіпті. Өзекең көзіндегі жасын жасырмай:

- Бұл күнге де жеттік! - депті.

Тұрсынбек Кәкішев:

- Мен биылғы барлық Асқа қатыстым. Осылардың арасынан Қабанбай батырдың Асы жиналған қонақтардың деңгейі, ұйымдастырылуы, ауқымы, маңызы, тігілген киіз үйлердің қарасы жағынан көш ілгері тұр.

Әнуар Әлімжанов:       

- Бұл Ас біздің күткенімізден әлдеқайда асып кетті. Міне, үш күн, жайлау төрінде демалып, марқайып тұрмыз. Ата-баба рухы дем беріп, күш-қуат алдық. Жетісу жұртына мың алғыс! - деген-ді.

Жоғарыда айтылған, мамырда өткен ғалымдар бас қосуынан ҚР ҒА Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология Иниституты, Талдықорған облысының Кеңесі (ол кезде бүгінгі әкімшілік осылай аталатын) және І.Жансүгіров атындағы Талдықорған Педагогика Иниституты бірлесе отырып, «Жетісу тарихы мен мәдениетті» атты екі томдық кітап бастырды. Бұл да сол тұстағы елең еткізген жаңалық-тын. «Қазақфильм» киностудиясы «Қаракерей Қабанбай батыр» атты документальді толық метражды кино шығарды. Бұлар қалың қазақ ортасына жол тартып, Бабамыздың ғұмыры, ерлік дастанынан бәріміз сусындадық.

Күні бүгінге дейін айтылмай келген бір үлкен құпия және бар. Үйгентастағы Асқа санаулы күн қалғанда Республика басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысады дегенді Сағынбек Тұрсынов екі-үшеуімізге жеке айтты. Сол мерзімде Ресей басшысы Б.Ельцин Қазақстанға ресми сапармен келуі жоспарланыпты. Мейманға қазақ Асы көрсетіледі. Әңгіме сыртқа шығып кетпеуін қатаң ескертті. Мұны ұмытып та кетіппін, жақында дастархан үстінде Сағынбек Тұрсынов ауызға алды. Келісім бойынша Нұрсұлтан Назарбаев мейманымен Астың үстіне ұшып келеді. Батаға қатысып, Астан соң Алматыға оралады.

Бірақ Үйгентасқа қонған тікұшақтан Республика басшысы түспеді. Себебін кейін білдік. Нақ сол күні Мәскеуде, ел арасында бықы-шықы аталған, ГКЧП бүлігі басталып, бүкіл СССР аласапыранға ұрыныпты. Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз да, Сағынбек Тұрсынов та бұл жөнінде тіс жармады. Аламан бәйге, палуандар сайысы, қыз қуу, ақындар айтысы, Ас тамаша өтті. Жиырма бес жорға мінген жігіттің жиырма бес астау ет алып, тайпаң қаққыза жиырма бес ауылға тартқаны қандай керемет көрініс!

Өткен оқиғаларды таратып жазып отырған себебім бар. Біріншіден, араға түскен ширек ғасыр уақыт сол кезді аздап болса да ұмыттырған шығар. Екіншіден, ол тұста етқызумен аңғармаған екенбіз.      Барлық шара өтіп, қорытынды шығарғанда Қаракерей Қабанбай батырдың тікелей ұрпағы, Байжігіт шежірешісі Қапшырбай Оспанұлы бір қателігімізді ескертті. Қаракерей Қабанбай батырдың дүние есігін ашқан мерзімі  туралы дастандарда:

«...Қаңтарда туған екен шешесінен,

Үлгі алып, батырлықтың есесінен...» деген ақпар беріледі. Қаңтардың жуан ортасы екен. Қазақтың көне ай қайыруы бойынша тағы да он үш күн қосылады. Ендеше, қаңтардың 27-28-29-дары болуы мүмкін. Бірақ, біз, қазақтың Жаңа жылының науырызда кіретінін естен шығарып алыппыз. Орыс күнтізбесінің шиырына ілесіп кетіппіз. Демек, Хан Батыр келесі жылғы қаңтарда 300-ге толған болып шығады. Баспасөзде қатемізді мойындап, бірнеше мақала жаздық, кешірім өтіндік. Бұдан көпшілік құлағдар.

Одан бері Қазақ даласы Тәуелсіз Ел аталды. Өз тізгініміз – өз қолымызда. Осы уақыт аралығында Қабанбай батыр туралы қазақ халқының Ұлы тұлғаларының пікірлерін ел жадына жаттады. Қаракерей Қабанбай батырды төбеге алғаш көтерген қазақтың Ұлы Аталығы Бұхар жырау еді. Жырау баба:

«...Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай,

Шақшақұлы Жәнібек,

Қаз дауысты Қазыбек...» деп сол тұстағы Елтұтқаларымыздың басында Дарабозды атап, әр қайсысын өз орнына қойды. Үйсіннің Саршуаш жырауы артына «О, Қабанбай, көзелім» атты дастан қалдырыпты. Мына дүниеде қас қағым ғұмыры қалған Қабанбай батырдың басын сүйеп отырып айтқаны. Жырау Хан Батырдың бар ерлігін шоғырландыра келіп, өз тұстастарынан оқ бойы оздырады. Ал, Мәшһүр Жүсіп Көпей әулие «...Қазақта Қаракерей Қабанбайдай батыр болған емес...» деп кесіп сөйлейді. Бұл бабаларымыз Қабанбай батырдың тума-туыстары емес. Тіпті, ұлты басқа Құрбанғали Халиди «Тауарих хамса» («Бес елдің тарихы) атты еңбегінде жоңғар шапқыншылығы кезіндегі халық арасынан шыққан батырлардың қаһармандығына таң қалады. Абылайды да батырлар қатарына қосып, тізімдей келіп «...Осы батырлардың арасынан халықтың алқауына ерекше бөленген Қаракерей Қабанбай батыр еді» деп түйіндейді.

Соңғы оншақты жылдың көлемінде Қаракерей Қабанбай батырдың 1758, 1762 жылғы қытай-қазақ келісімдерінде Қазақ Мемлекетінің атынан сөз ұстағаны нақтыланды. Абылай бастаған осы келісімдердің нәтижесінде, тиімсіздеу болса да, шекара белгіленді. Алаш баласы соғыссыз, алаңсыз тіршілігін бастады. Сол тұстағы Хан Батырдың дипломатиялық рөлі енді бағаланып, зерттелуде. Бұл шаруаға өскемендік ғалымдар үлкен үлес қосуда.

Қаракерей Қабанбай  батырдың атты қолымен болған 1757 жылғы қақтығыс қытайлардың маңдайын тасқа соқты. Дала соғысынан жұрдай қытай атты әскерге шарасыз екенін танытты. Жиырма екі мың от қарулы шерікпен келген Фу Де генерал қазан айында сілікпесі шыққан сегіз мың әскерімен жоқты сылтау етіп, кейін қайтты. Қабанбай батырдың қолы далалық соғыс тактикасын әбден игерген, жарау атты бір түмен-он мың еді. Фу Де Бейжіңге мынадай бір ақпар жолдапты «Соғыста өлтірілген 300 қазақтың сол жақ құлақтарын жіпке тізіп өткізіп жібердім...» Қабанбай қолының шығыны осындай секілді. Алайда қытайдың сол жақ құлағынан қазақтың сол жақ құлағының не айырмашылығы бар екен? Сол, өз құлақтары-ау!  Қазақтың қаруы – найза, садақ, шоқпар-тын. Қытай келісімге келуге мәжбүрленді. Қаракерей Қабанбай батыр өрекпіген қытайдың тауын шақты.

1770 жылдарға қарай қазақ пен орыстың арасында Кеден мәселесі көтерілді. Қытаймен, орыспен шекарасын белгілеп алған Қазақ Мемлекеті енді мемлекеттік күрделі Иниституттарды құру мәселесін шешуді қолға ала бастаған. Алғашқы орыс-қазақ Кеден мәселесі Семейде өтті. Мұнда да қазақ тарапының негізгі бір сөзін Қаракерей Қабанбай батыр ұстады. Едіге Уәлиханов бұл тұрғысында егжей-тегжейлі жазып кетті. Арнайы тоқталмайық. Айтылар бір ғана тарихи факт – Қаракерей Қабанбай батырдың тұсында, 1770 жылға дейін, Қазақ Мемлекетін орыс та, қытай да таныды. Танығаны сол емес пе, кеден орны, алым-салығы белгіленді. Өз ішімізден шыққан шұбар жыландар мен Ресейдің көкезулері аузына келгенін көкімес бұрын, тарихқа бір үңілсін. Қазақ Мемлекеті де, шекарасы да болды. Қара жерде мемлекет құрған ешкім жоқ. Бұл - бұлтартпас тарихи факт.

Осындай Ұлы тұлға – Қазақ Мемлекетінің Ұлы Қайраткері, Бас Сардары-Қаракерей Қабанбай батырдың туғанына келер жылы 325 жыл толады. Айтулы дата. Осыған орай өткенде Талдықорғанға соғып, Қаракерей Қабанбай батырдың 325 жылдығына қандай дайындықтар жасалып жатқанын сұрастырдым. Облыс әкімшілігінің, Ішкі саясат бөліміндегі, мәдениет, тіл, радио-телевидение маңындағы өзім танитын азаматтармен тілдестім. Өкінішке орай, келер жылы облыста өтетін шаралар арасынан қазақтың Қаракерей Қабанбай батырына арналған бір шаруаны ешқайсысы атап бере алмады. Жұтап қалдым. Жүрек ауырды.

Келер жылы мұнан өзге де шаруалар бар. Оларды да ақырындап суыртпақтадым. Жігіттер бәрінен бейхабар. Уақытында оларды да жаза жатармыз.

Күнделікті кеңсе тіршілігі адамды мезі етеді. Жан-жағыңа мойын бұру қиын. Мұны түсінемін. Бірақ, алдағы жылға жасалатын жоспардың мақсаты да осы аласапыраннан арылу, ұлт мүддесіне қажетті жоспарларды іріктеп алу емес пе. Жылдық жоспар, әдетте, облыстың әлеуметтік саласының барлық тармақтарын қамтиды және ол жұртшылықпен кеңесе отырып жасалатын. Әрине, Қаракерей Қабанбай батыр сынды Ұлы Тұлғаның шаруасына кірісу жауапкершілікті, табандылықты, білімділікті талап етеді. Әлде, Алматы облысында мұндай мамандар қатары сирек пе? Мен білетін Жетісу Мемлекеттік Университетінде аса білікті, өз саласының озық ғалымдары болатын. Тәрізі, оларға ешкім қозғау салмаған.

Ана жылдары Алматы облысы қазақтың Әнуар Әлімжановының 80 жылдық мерейтойын уақытылы өткізе алмай күлкі болып, Республика жұртшылығының ренішін туғызған. Халықтың, Жазушылар Одағының, Ғаббас Қабышев ақсақалдың, профессор Кәкен Хамзаның мәселені суытпай оқтын-оқтын көтеріп отыруы ғана Әнуар Әлімжановтың мерейтойын екі жыл кешіктірсе де, атап өтуге мәжбүрлеген. Осы келеңсіздікке Қаракерей Қабанбай батырдың туғанына 325 жыл толатын жылы жол беруге болмайды. Біздің бүгінгі Тәуелсіздігіміз, Ұлт болып қалыптасуымыз, Туымызды көтеріп, Елтаңбаны айшықтап жүруіміз Жаратушы Иеміз әулиелігін берген Қаракерей Қабанбай батыр сынды Бабаларымыздың арқасы, солардың жанқиярлығы. Ендеше, Ұлы Бабаларымыздың әрқайсысына Қазақ Мемлекетінің тарихындағы орнына, тұлғасына лайық құрмет көрсету бүгінгі ұрпақтың, Алматы облысы басшылығының міндеті. Мен бір рудың, жеке тайпаның намысын жыртып отырған жоқпын. Қазақтың Бас Қолбасшысы, Абылай «Дарабоз» деп басына көтерген, халқы «Көкірек әулие» деп аспандата әспеттеген, қара басы ханға теңеліп «Хан Батыр» аталған, Өзбекәлі Жәнібеков ағамыздың куәлігі бойынша Түркістанда Хан сайланып, ақ киізге көтерілген Қаракерей Қабанбай батырдың келер жылғы мүшел жасын атап өтудің қамына кірісудің уақыты жеткенін ескертіп отырмын.

Қаракерей Қабанбай батырдың алда келе жатқын 325 жылдық мерейтойын атап өту үшін Алматы облысының басшылары кешенді жоспар жасап, әр басқарма өзіне тиесілі шаруа атқарады деп үміттенемін. 1991 жылғы Ғылыми-танымдылық коференциядан бері жиырма бес жыл өтті. Қазақ тарихынан бізге беймәлім талай-талай соны деректер ашылды, тіпті, қаншама фальсификацияға ұрындық. Тәубе, құлдық санадан арыламыз деген талпыныс бар. Соның нәтижесінде Жетісуды мекендеген көне Көк Түрік жұртының тарихына жаңаша көзқарас қалыптаса бастады. Міне, осы жайттардың басын қосар ғылыми отырыс қажет.

Мәскеу қылқындырып тұрғанда сең бұзып, Ата-баба аруағын алғаш көтерген Жетісудың батыр  жұрты еді. Осы үрдіс үзілмесе керек. Ал, іске сәт, ағайын! Ата-баба аруағы қолдасын!

Камал Әбдірахман,

«Қаракерей Қабанбай батыр» Қорының төрағасы,

Жетісудың қарт жорналшысы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1495
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3266
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5608