Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 7200 0 пікір 9 Желтоқсан, 2016 сағат 13:22

БҰЛ ОЛЖАСТЫҢ ОЙЫ МА, ОЙЫНЫ МА?

Күні кеше ғана ақын Олжас Омарұлының сұхбаты БАҚ-та қызу талқыланды. Ақын Мәскеуге барып, онда елші Марат Тәжиннің қабылдауында болып қайтыпты. Кетерде мәскеулік «IQ» деген журналға сұхбат беріп, кәрі одақтан құтылған жиырма бес жыл туралы аз-кем баяндап берген екен.

Көлемді сұхбаттың ішінен көзге ұрып, сүйелдей көрінгені – Олжас Сүлейменовтың «бізге социализм керек» дегені болды. Ақын неге бұлай деді? Сөйтсек, Олжекең: «Егер біздің арамыздағы рухани, мәдени байланыстар үзілген болса, онда мұндай тәуелсіздіктің қажеті шамалы. Сондықтан, «Тәуелсіздік», «бостандық» деген түсініктерге түзету енгізу керек. Меніңше, болашақ – Социализмде»,-депті.

Аты аңызға айналған ақын Олжас Сүлейменов Мәскеуге сапарлап, онда «Заманауи түркітану дүниесінің мәселесі: тіл – әдебиет – мәдениет» атты жиынға қатысыпты. Ақынның келгенін естіген елші Марат Тәжин арнайы қабылдап, Сүлейменовті құбылысқа балаған. Содан шыққан соң, әлгі сұхбатты беріпті.

Олжас Сүлейменовтің ақындығына дауласпаймыз, рас. Ал оның осындай орашолақ ойлары  көбіміздің көңілімізде күмән тудырады. Сонда бұл Олжастың ойы ма, әлде ойыны ма? Біз сауалнама жасадық.

«Тәуелсіздік халуа емес!»

Әміржан Қосанов:

-Меніңше, кешегі КСРО мен қазіргі Қазақстанның тірлігін салыстыру кейде тым тұрпайы, примитивті сипат алып жатады. Кейбіреулер арзан тағам, үй мен машинаға кезек, тегін білім алу секілді социализм элементтерінің артында қылышынан қан тамған, кез келген еркін ой иесін итжеккенге айдап жіберетін, ұлттық республикаларды материалдық әрі моральдық тұрғыдан қанау жатқанын ұмытып кетеді! Тәуелсіздік деген баршаға ұнай беретін, тек қана жағымды жақтары бар құбылыс емес, бәрі рахаттана жейтін тәтті тағам емес! Тәуелсіздік – қанмен, термен, кескілескен шайқаспен келетін қымбат, кермек дәмі де бар құндылық.

Біз қазір сол Тәуелсіздіктің бағасы мен парқын түсінудің алғашқы кезеңінде тұрмыз! Бәлкім, 1991 жылы ол бізге аспаннан салбырап түскендей болғасын, біз әлі де оның құнын түсінбей жүрген болармыз. Бірақ, 1991 жылдың алдында 1986 жылдың Желтоқсаны болғанын да ұмытапуымыз қажет! Тәуелсіздік сонымен бірге халуа емес! «Тәуелсізбіз!» деп айта бергеннен ешнәрсе өнбейді, шынайы Тәуелсіздікті нақты іспен, мінезбен, жүрекпен дәлелдеп отыру керек!

Бір сөзбен айтсақ, формальды түрде біз тәуелсізбіз, бірақ іс жүзінде талай басшы, талай зиялы әлі де ескіні аңсап, сол КСРО-ның құрамында жүр! Оның үстіне «Тәуелсіздік» пен «оқшаулану» деген категорияларды қатар қоюға болмайды. Тәуелсіз елдің жазушысы боп та, басқа елдермен мәдени қарым-қатынасты дамыта беруге болады емес пе? Мәселен, Еуроодақ елдері де бір ұйымның мүшесі болар алдында толыққанды дербес мемлекеттер болды. Тек содан кейін ғана ортақ мүдделер мен бір-біріне сәйкес экономикалық параметрлер негізінде бірікті.

Қазір Лениннің мұрасынан дәйексөз келтіру мода емес. Сонда да мен оның «Прежде, чем объединяться, и для того, чтобы объединиться, мы должны сначала решительно и определенно размежеваться» деген сөзін еске салайын. Әрине, бұл сөз нақты тарихи жағдайда, тактикалық тұрғыда айтылған сөз. Бірақ оның жаны бар. Бізге де 70 жыл бойына жұрттың, соның ішінде, орысша жазатын интеллигенцияның бойына сіңіп кеткен идеологиялық, саяси, психологиялық сарқыншақтардан құтылуымыз керек! Содан кейін ғана шын мәніндегі, тең дәрежелі бірігі, ұжымдасу секілді идеяларды қарастыруға болады...

Сүлейменов те қоғамдық дамудың екі формациясын көрген адам

Қуандық Шамахайұлы:

-Олжас Сүлейменов те біз секілді қоғамдық дамудың екі формациясын көрген адам. Социализм кезінде оның жастық шағы өтті. Жай өткен жоқ. Дүркіреп, атағы жер жарып дәуірлеп тұрған кезі ғой. Олжекең социализмнен бұрын сол бір алтын дәуіріндегі жастық шағын көбірек сағынып кеткен жоқ па екен? Ол да мүмкін. Бірақ, ол кісі қатты түңілетіндей қазіргі тәуелсіздік кезеңде де еш жамандық көріп жүрген жоқ секілді. Екі формацияға да жағып жүрген бір бақытты адам болса, осы Олжекең болар.

Десе де қазіргі өтпелі кезеңнің тым созылып кеткені, қоғамда сыбайлас жемқорлықтың, әділетсіздіктің белең алып, халықтың ортақ қазынасы мен байлығын тонап, ұрлықпен байығандардың тым астамсып кеткені жалғыз Олжас ағамызды ғана емес бәрімізді де алаңдатып отырған жайы бар. Осының бәріне ашынған соң социализмнің артықшылығын Олжекең сағына еске алған болар.

Жалпы, қоғам арасында "Біз күткен, сан жылдар бойы аңсаған тәуелсіздік осы ма еді?" деп түңіліп жүрген жандар баршылық. Алайда, солай екен деп тәуелсіздікті тәркі етуге болмайды. Қоғам тазарар, өзгерер, оны да көз көрер.

«Тәуелсіздік ұғымын - оқшаулану деп түсінбеу керек»

Есенгүл Кәпқызы:

-«Әлем азаматы» КСРО және Қазақтың ұлы ақыны Олжас Сүлейменов жақында Мәскеуде «Заманауи түркітану дүниесінің мәселесі: тіл – әдебиет – мәдениет» атты басқосуға қатысты. Олжас Омарұлының әлем әдебиетіне қосқан орасан үлесін ерекше бағалаған мәскеуліктер 80-нің сеңгіріне шыққан ақынға Ресейлік халықтар достығы университетінің құрметті докторы атағын беріп, оның 80 жылдық мерейтойына арналған «Олжас и я» атты кітабының тұсауын кесті. Осындай мәре-сәре күйде www.iq.expert.ru сайтына сұхбат берген Олжекең КСРО-ның құлағанына әлі де өкінетінін айтады. Дегенмен «әлем азаматының» тәуелсіздік туралы ойларына құлақ асқан жөн секілді. Оның ойынша, жалпы адами, интернационалдық және рухани құндылықтар Кеңес одағында өте жоғары болатын. Қазір ол құндылықтардың мәні кетті. «Посткеңестік елдер «тәуелсіздік» ұғымын «оқшаулану» деп түсінуде. Айталық, қырғыз, тәжік, өзбектермен Құдай қосқан көршіміз. Осы 25 жылда мен бірде-бір рет Ташкент пен Душанбеде болғам жоқ. Біздегі игі-жақсылар араласпайды. Хабар алыспайды. Солай. Оқырман  жоқ, әдебиет жоқ.  Далада қалды бәрі. Тәуелсіздікті рухани, мәдени байланысты үзу деп түсінетін болсақ, мұндай тәуелсіздіктің адамдарға еш қажеті жоқ. «Тәуелсіздік», «егемендік» деген түсініктердің кеңістігін кеңейту керек. Кеңейтпесек олар өмір сүре алмайды. Тіршілік ете алмайды деген ол. Демек біздің Орла Азия мемлекеттері өз соқпақтарымен, өз даму жолымен кетті. Түркі тілдес мемлекеттер бір-бірімен рухани қарым-қатынас жасаудан қалды. Егер «оқшаулануды» - тәуелсіздік деп түсінсек, біз өзімізді-өзіміз орға жығамыз. Сол себепті, «әлем азаматының» алаңдаушылығын түсінген жөн сияқты. Рухани құндылықтардың құлдырауы әлемде зұлымдық туындауына және агрессияның күшеюіне жол бастап отыр. Алайда бұған бола КСРО-ның келмеске кеткеніне өкініш білдірмеген абзал деп ойлаймын. 

Дайындаған Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5520