Сенбі, 23 Қараша 2024
Құсни хат 3056 0 пікір 8 Желтоқсан, 2016 сағат 11:51

ҚҰСМҰРЫН ҚҰРЫҒЫ: КЕБЕНЕК КИІП КЕТКЕНДЕР

...Үш айда бір келетін қысқа уақыттағы кездесу мен алты айда бір келетін ұзақ мерзімдегі (үш тәулікке дейін беріледі) кездесуден айрылып, “бостандықпен” тек хат арқылы ғана хабарласып жүргеніме де бір жылдан асып кетті. Шынымды айтсам, туған-туыстың жөні бөлек екен. Тым болмаса жарты сағат кездесіп, жүздерін көру - арман. Мені қойшы, көппен көрген ұлы той демекші, анашымның ауылдағы жағдайын ойлап кетсем, жүрегім біртүрлі сыздап қоя беретінді шығарды. Жастық шақта денсаулықтың қадірін білмейді екенбіз, жүректің сол жақта орналасқанын енді ғана байқап қалғандаймын. Спортпен айналысқанның қадірін жақында болған бір “қақтығыста” байқап қалдым. Дегенмен, өкпем сәл сыр бере бастағанға ұқсайды, басқасының бәрі де орында .

Ұйғыр “әкәм” сөзінде тұрып, “нөлевой” бригадасын алып берген. Енді кез келген уақытта жилзона мен промзонаны кезіп жүре беремін. Зонаның қожайыны Шлычковқа ойып жасаған шахматты силаған көрінеді (ондай өнердің барын өзім де байқамаған екенмін). Зона демесең , сырттан еш айырмашылығы жоқ. Жүріп тұру еркіндігі деген қандай керемет екендігін енді ғана ұққандаймын.
Көптен қолым жете алмай жүрген кездесудің де сәті түсті. Ауылдан Қайырғазы ағам, іргедегі Арқалықтан Тұрсынгүл апайым келген екен. Жездем Ғабит пен апайым Қарағандыдағы мединститутарын ойдағыдай аяқтап Арқалық қаласына қызметке орналасыпты. Жас мамандарға үш бөлмелі пәтері мен “подьемныйларын” да бергенге ұқсайды. Жалпы жағдайлары жаман емес екен. Жездемді кіргізбепті де ол сыртта тосып қалыпты. Директорлықтан шығарып тастаған үлкен ағам Оралғазыны да бір колхозға директордың орынбасары қызметіне қойыпты. Баян апайым да Семейдегі мединститутын тамамдап, анамның жанына - Мақаншыға дәрігер болып барыпты. Кәкең Қарабұта ауылындағы совхозға бас инженер болып орналасыпты. Таяқтың екі ұшы барын бұрыннан да білетінмін, дегенмен, екінші ұшының зардабы сәл-пәл болса да азайғанға ұқсайды. Анамның төте жазумен жазып жіберген хатын оқып, мәз мейрам болдым. Отырып алып хатына жауабымды оңынан солына қарай ирелеңдете жөнелдім.   

Тұрсынгүл апайым неше түрлі тамақ жасап әлек. Мында аш жүрмегенімді жеткізудің өзі қиынға соғып, көңілі қалмасын деген оймен шұқып-шұқып қоямын. Қайдан білсін, адамның көңілі толса, тамақ дегенің де батпай қалатынын.
Сөйткен үш тәулігім зырылдап өте шықты. Анамның хатындағы “Әттең, әкең ертерек аттанып кетті, сен ерте қолдан шығып кеттің”,-деп жазған жолдарының байыбына кешкісін ойланып жатып әрең жеттім. Сөйтсем, 1978 жылы апайларымның үлкені Қарағандыға, екіншісі Семейге, менің Алматыға оқуға түскенімізді меңзегені екен ғой. Олар ана үмітін ақтап, оқуларын ойдағыдай аяқтап, маман атанып, тұрмыс құрып үлгерді. Менің “зек” атанып , жатқан жерім мынау.

Павлодардың он бірінші зонасынан этаппен Хасен деген жерлесім келген екен. Ауылдасым, менен бес жас үлкендігі бар. Шайын, темекісін апарып бердім. “Семейниктерім ” семейлік Асқар мен өскемендік Болат, жезқазғандық Суйіншібай әркімінің өз отрядтарында проходтары бар. Кілең боксерлер мен күрескер спортсмендер. Оларға еріп мен де көптен ұмыт болып бара жатқан жаттығуымды қолыма алып әртүрлі қимылдар жасап қоятын болдым. Қаншама жыл ат үстінде жүрген Суйіншібайдың жасына қарап, Жаратушымыздың бойына силаған ерекше күшіне таңғалмасыма болмады. Білек күшімен оған осы зонада тең келетін ешкім жоқ. Қол күрестіруден ешкімді алдына салмайды. Бостандықта жүрген кезінде жылқыны уйірімен сонау жамбылдың Сарысуынан айдағаннан Ресейдің көршілес Төменіне (Тюмен) қуып апарады екен. Сол жерден келісілген ақшаларын алып, ауылдарына қайтатын әккі “конокрад” болыпты. Екі жеті бойы ат үстіне өздерін таңып тастап жорта беретін ол - бір жорықтарында қолға түсіп, сегіз жылын өтеп жатқан жайы бар.

Асқар болса бокспен айналысып жүріп, бір кеште төбелеске араласып қата тимесе де, бата тиіп біреулерді мертіктіріп , спортпен қош айтысып, өз өмірі мен тағдырына байқамай балта шауып алған көрінеді. Болат тұйықтау, сырын ашып айта бермейді. Ебін тауып бір сөйлетіп алсаң көпке дейін тоқтамай қоятыны тағы бар. Ал "баламут" деуге болмайды. Жастайынан жетім өскен жігіттің өмірге деген құштарлығын тілмен жеткізу мүмкін емес. Қандай сәттерде болмасын ылғи көтеріңкі көңіл мен жайдары “көктемді” баршамызға силап жүргені. Қолынан келмейтіні жоқ, зонаның барлық жаңалықтарын жарнамасыз-ақ соның аузынан естиміз. Сыртпен байланысы жақсы, қызыл жағалылардың да тілдерін тез тауып ала қояды.
“Режимниктер мен оперативниктердің” маған құрып жүрген тұзақтары да бар сияқты. Оның алғашқысын промзонада байқадым. Түскі тамаққа отрядпен кіргелі тұрған кезімізде лейтенент (лақап аты "чабан") алдымды көпе көрінеу кес-кестеп, жақында ғана алдыртқан малақайымды басымнан жұлып алды. Ондайды мүлде күтпеген едім. Малақайыма ұмтыла бергенім сол еді, малақайымды оң қолымен артына тығып, сол қолымен жағама жармаса кетті. Жағамдағы қолын ажыратуға ұмтылғанымда оң қолындағы малақайымды жоғары көтеріп лақтырып жібергені. Өзімді ұстай алмай қалдым ба, әлде ыңғайы келіп қалды ма, оң қолымды сәл түсіріп күрестің “бедро” әдісіне салып, періп кеп жібердім. Екі аяғы аспаннан келіп, “жалп” ете түсті. Ондайды менен күтпесе керек жалма жан атып тұрып, жан дауысы шығып, бірдеңелерін айтып жатыр. Оған қарайтын менде де хал жоқ еді. Жерде жатқан малақайымды қағып - қағып “чабанға” бір қарадым да жүре бердім. "Тоқта", "тоқта" дегеннен басқа оның шарасы да қалмаған сияқты. Түскі тамаққа жиналғандардың алдындағы бұл көріністің арты жақсылыққа апармасы баршамызға мәлім болатын. Екі күн жилзонаға шықпай, промзонадағы бендюжкаларды паналадым. Үшінші күні жилзонаға өтіп бара жатқанымда тоқтатып, бірден “шизоға” он бес күнге кете бардым. Ол он бес күнімнің үстіне он бес күн қосылып, бір ай зонаның ішіндегі зонаны да көріп қайту бұйырған еді. Асты бетоннан жасалған камераның қабырғасында күндіз темір шынжырмен қабырғаға қабыса жабысатын кереуеттен басқа ешнәрсе жоқ. Бір күн “залетный” бір күн “пролетный”. Бір күн үш уақыт асқазан алдайтын тамағын бергенімен, екінші күні судан басқа нәр татқызбайды. Қысқасы , зонаның тәртібін бұзғандарды тәубәсіне түсіруге арналған орын. Оған мойымағандарды алты айлық “бур” күтеді. Оны әркім әрқалай қабылдап, әрқалай туйін жасап жатады.

Айдың соңғы күні ыстығым көтеріліп, біртүрлі күй кештім. Камерадағы жастау жігітпен таң атқанша күрестің көп тәсілдерін үйретіп, терлеп тепшіп бір “отработка” жасап алып, “бостандыққа” шығып бара жаттым. Семейниктерім түгелдей келіп, барлығы денсаулық пен жағдайымды сұрастырып, бірден моншаға алып барды. Бұндағы (жазылмаған) ішкі дәстүрге сай қарсы алып жатыр. Моншадан кейін бәрін жаңадан киіп алдым. “Мелюстиннен” тігілген кәстөм шалбар мен таза былғарыдан жасаттырған төплиі тұп тура өзіме шақ болып шықты. Мол дастарханның басындағы әңгіме -дүкеннен кейін, келіп - кетіп жатқан жігіттердің көңіліне масайрай, шизодағы бір айдың бір күндей болмай, “шәй көтерімдей” уақыт болып қала беретініне таңқалып, Эйнштейннің салыстырмалы теориясы есіме түсіп, уақыт пен кеңістікті біраз шарлап қайтыппын.
Күндер де осындағы “кеңістікке” сәйкес баяу өтіп жатты. Ақырғы кезде кешкісін ыстығым көтеріліп, аяғым тобықтан төмен өзгенікі сияқты, табаным түсіп қалғандай әсерде болып жүргенін семейнигім Хасенге айтсам: “Қойшы сен, мені құлақтан теппей-ақ қой”,-деп қаперіне алар емес. Осы жолы да көрші локалкадағы жігіттің туған күнін тойлатып қайтайық деп қолқа салып болмады. Зонада атап өтілетін, тойлайтын негізі туған күн мерекесі мен бостандыққа шығу “провод” қана. Ол енді екі мыңдай адам отырған жерде жиі кездесетін дүние екенін өздеріңіз де біліп отырған боларсыздар. Дегенмен, осы жолы бас тартуға тура келіп, ертерек ұйықтап қалған едім. Түнде терлеп жатқан жерімнен ояндым. Астымдағы матрац су болып кеткен. Әйтсе де таңды бірдеңе қылып атыруға тура келді. Ертесінде таңғы астан кейін жилзонаны аралап шықтым. Денсаулығымда еш кінәрат жоқ сияқты. Кеш бата тағы басталды. Түнде тұрып матрасты ауыстыруға тура келді. Күндіз еш нәрсе болмағандай тағы тайраңдап кетемін. Түсінсем болмасын. Үшінші күні түнде оянып кетсем, жан терге түсіп жатыр екенмін. Үсті басым малмандай су. Білегімді жалаңаштап жіберсем, жаңбырлы күнгі ағаштың бұтағынан тамған жауынның тамшысындай ... Өз көзіме өзім сенбей, сүлгіммен сүртіп қарасам, иығымнан төмен сорғалаған тер шынтағымнан тамшылап тұр. Таңертең дәрігерге барып болған жайды баяндап берсем, сенбей шығарып салды. Ертесінде еркек дәрігерге барлық жайды жайып салдым. Анализімді ертерек әкеліп тапсырып, дәрігерлік “практикасында” бұндаймен кездеспегенін айтып, басын шайқап шығарып салды. Анализді алып барсам, кешегідей емес, ананы-мынаны айтып шығарып салмақ ойы бар. Ашуды ат қып мініп, қолымдағы құтыны лақтырып, ұзын корридордың екінші жақ шетіндегі терезені шаққанымда ғана зонаның медицина басшысы капитан кеңсесінен атып шықты. Онсыз да кінәсізден кінәсіз бас бостандығымнан айрылғанымды , енді денсаулығымды алатын болса, еш нәрсенің мені тоқтата алмайтынын айтып өрекпідім. Дереу жатқызыңдар, анализін толықтай алыңдар деген “командадан” кейін ғана барып, мені қабылдады.
Түніне үш рет матрас ауыстырылып, түрлі дәрі дәрмектерін ішіп, уколдарын алсам да “ат арыса -тулақ, ер арыса -аруақ “ дегендей, қырық төрт келіге бірақ түстім. Зонаның киімімен , қолым кісенде аудандық ауруханаға- Құсмұрынға апарып рентгенге де түсіртіп келген. “Волямен” іштей қоштасып, жанымдағы жігіттен бір тал темекі сұрап алып, құшырлана шектім. Орыс әйелден сұрасам, айтарға жауабы жоқ. “Диагнозымды” бір жетідей болды таба алатын емес. Күндіз далаға шығып, локалканың сыртындағы өмірге қызыға бір қарап алып, ішке ілбіп енемін. Бірінен кейін бірі келіп жатқан жігіттерге шығуға да зауқым жоқ. Мынандай мүсәпір жайым мен жағдайымды ешкімге көрсеткім де келмейді. Іштей баршасымен қоштасып:
-Шіркін, воляға бес-он минутқа шығарып, қолыма бесатар тисе, әлгі әккі шалға бірінші оқты жолдап, соңғысын өзіме жұмсар едім,-деп Жаратқаннымыздан жалбарынып сұрап та қоямын. Ауыл аймақ, туған-туыс, бота- тайлақтың барлығы көз алдыма бір-бірден келіп, киноның “лентасындай” өтіп жатыр, өтіп жатыр ...Қай жерде үзілетіні тек бір Аллаға ғана аян.

Отыз төрттен Қадыр ( зонаның паханы болған) жерлесіміздің семейнигі он үш жыл отырған Төлеген деген жігіттің этаппен келгенін естіген болатынмын. Сол келіп тұр деген соң екі жігіт қолтығымнан демеп далаға алып шықты. Темір тор локалканың ар жағынан келген жіңішке жігіттің қолын алып амандастым. Жанындағылар өзіміздің зонаның “весовой” жігіттері. Қадырдың сәлемін жеткізіп, бірден әңгімеге көшті.
-Бауырым, мен сенің ауруыңды білемін. Осыдан өлесің немесе жазылып кетесің деп жанындағы жігіттің қалтасынан шығарып жатқан шөлмегін қолына алып, асықпай аузын аша бастады. Байқағаным, кәдуелгі “русская водка”. Екінші біреуінің қолынан “хозяйский кружканы “ шығарып лықылдатып құя бастады. Бетімен бет қылып толтырғанында шөлмектің түбінде үштен бірі ғана қалды. Ал, бауырым, шешім өзіңнен болсын,-деп ұстата берді. Менің қолын қайтаруға амалым да қалмаған болатын. Бісмілләмді айтып, терең бір дем алдым да, жұтып жатырмын, жұтып жатырмын бітетін түрі жоқ, тоқтамастан не болса ол болсын,- деп бітірдім-ау, әйтеуір. Қайтарып берген кружкама қалғанын құйды да, "сенің денсаулығың үшін",-деп қотара салды. Жігіттер онсыз да аяғымды әрең алып жүрген мені қолтығымнан демеп әкеліп, кереуетіме жатқызды. Бес минуттай жатқаннан кейін бүкіл денем ішіме құрт кіріп кеткендей жыбырлай жөнелді. Бармақтарымның басы мен ақырғы кезде онша көп бар-жоғын байқамай жүрген бақайларымның ұшы жыбырлап қоя берді. Тәтті қытықтың ләззатына батып, ұйықтап кеткенімді байқамай да қалыппын. Сіздерге - өтірік, маған - шын , тәңертең атып тұрып, тайқұлындай шапқылап кеттім. Кешегіден түк қалмаған. Күзетші дәрігерім де сенбейді. Жұмысқа келе бастаған “мед.персоналдың” барлығы менің палатам арқылы өтіп жатыр. Тәңірімнің осындай сиы мен желтоқсанның керемет қасиетін көргеннен кейін, көп нәрсенің маған кейде “түкке тұрғысыздай”болып көрінетіні рас.
Бір жетіден кейін зонаның ішіндегі “красный крестке” ауыстырды. Осында жатып Сеулде өткен 13 жазғы Олимпиада ойындарын теледидардан көру бақыты бұйырды. Үсіпханнан кейін Дәулетов Жеңісті ұмытпасам жиырмасыншы желтоқсанда шығарып салып, қыстың соңы Жаңа жылдың алдында жалғыз өзімді “сангородокқа” этапқа шығарды. «Обшактың грузын» тиеп алып, тағы да тукутук-тук, тугудук-туктатып Қарағандыға жеттім. Байқағаным, этапта қызыл жағалылар барларын салып «раскруткаға» жібермек болған екен. Жанымдағы жақсы жігіттердің арқасында ол ойлары іске аспай қалды. Долинкасда алыс емес еді.

(Желтоқсан оқиғасы. Естеліктерден үзінді)

Құрманғазы Рахметов, желтоқасаншы

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5478