ӨЗБЕКСТАН. АВТОРИТАРЛЫҚ БИЛІК ӨЗГЕРЕ ҚОЙМАЙДЫ...
Желтоқсанның 4-і күні Өзбекстанда өткен Президент сайлауының нәтижесі шығып, елдің тарихындағы екінші Президент Шавкат Мирзияев болды.
Өзбекстанның Орталық сайлау комиссиясы соңғы мәліметтерді жариялап, Мирзияевке тұрғындардың 88 пайыздан астамы дауыс бергенін мәлімдеді.
Ол либералды-демократиялық партия атынан додаға түскен болатын.
Сайлауда 17 млн. 941 мың 955 адам дауыс берді, бұл жалпы халықтың 88 пайызын құрайды.
Айта кетейік, Мирзияевпен бірге сайлауға Халықтық-демократиялық партия атынан Хатамжон Кетмонов, социал-демократтардан Нариман Омаров және демократиялық партиядан парламенттің төменгі палатасының вице-спикері Саруар Отамуратов қатысқан еді.
Бұған дейін 78 жастағы президент Ислам Каримов 2 қыркүйек күні жүрек талмасынан қайтыс болған еді. Ал 8 қыркүйекте Өзбекстанда заң шығарушы палата мен Олий Мәжілісі сенатының бірлескен отырысында ел президентінің міндетін атқарушы болып, елдің премьер-министрі Шавкат Мирзияев тағайындалды.
Шавкат Мирзияев 59 жаста. Ол өзінің қызмет жолын Тәшкенттің Мирзо-Улугбек ауданда әкімі болып бастаған. Кейін Жызақ, Самарқан облыстарының әкімі қызметін атқарды. 2003 жылдан бері Мирзияев Өзбекстанның премьер-министрі.
Уақытша президенттікке тағайындалған 3 айдың ішінде Мирзияев біраз мәселенің басын қайырды. Әсіресе, біраз уақыттан бері шешімін таппай келе жатқан өзбек-қырғыз шекарасы маңындағы даулы аймақты реттеуге бел шеше кірісті. Қырғызстан басшыларымен дипломатиялық келісімдер жасап, ТМД аумағындағы бірнеше Президентті қабылдап үлгерді. Солардың ішінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та болған еді.
Енді ол - легитимді сайланған Өзбекстанның Президенті. Ислам Каримов мектебінен шыққан кадр қандай саясат жүргізеді? Өзбекстанға ресми іс-сапармен Ресей Президенті Владимир Путин мен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың баруы нені аңғартады? Мирзияев жиырма бес жыл ұстанып келе жатқан Каримовтың саяси позициясын әрмен қарай жалғай ма, әлде ЕАЭО интеграциясын қолдай ма? Бұл туралы қазақстандық саясаткерлер не дейді?
ӨЗБЕКСТАНМЕН ЖАУЛАСУ БІЗДІҢ ТАРАПЫМЫЗДАН БОЛҒАН ЖОҚ
Жабал Ерғали, Сенат депутаты:
-Іргеміздегі ежелгі көршіміз өзбектерде күні кеше ғана Президент сайлауы аяқталды. Бұған әсіресе өзбек халқының ерекше қуанып отырғанын баспасөзден оқыдық. Енді Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы кейбір шешілмей келе жатқан мәселелер оң шешіледі ғой деген үміттеміз. Себебі, біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Өзбекстанмен арадағы қарым-қатынасты барынша жылы ұстауға, барынша ашық жүргізуге алғашқы күннен бері айрықша мән беріп келе жатқаны белгілі. Арада қандай бір әңгіме, қандай бір жағдайлар болса да Өзбекстан мемлекетіне жүк арту, оларды кемсіту немесе дау бастау деген біздің тарапымыздан болған жоқ. Енді мына жаңа Президенттің сайлануы бұрынғы шешілмей келе жатқан мәселелерді, әсіресе адамдардың екі ел арасында емін-еркін жүріп-тұруы, сауда-саттықтың еркін болуы, бірлескен кәсіпорындардың ашылуы секілді бірқатар мәселелерді шешуге жол ашуы тиіс. Әсіресе мына бизнесте жүрген халықтың қалауы осы. Сондықтан да біздің ұстанымымыз қай мемлекет болмасын, мейлі ол алыс-жақын шетел болсын, әрдайым тату-тәтті болу. Өзбекстанмен де біздің достық қарым-қатынасымыз, ежелгі тарихи ағайындығымыз одан әрі дамиды. Соған сену керек.
АВТОРИТАРЛЫҚ БИЛІКТІҢ ҚАЛАТЫНЫ АЙДАН АНЫҚ
Әзімбай Ғали, саясаттанушы:
-Шавкат Мирзияевтың бірқатар ниеттері құптарлық көрінеді. Әуелі ол демократиялық болғысы келеді. Өйткені Батыстың алдында легитимді, заңды сайланған, әділ сайланған болып көрінгісі келеді. Бірақ оның табиғаты авторитарлы лидер. Ислам Каримовтың кезінде тек қана авторитаритаризм болған. Ферғанада көп халықты қырғаны тағы бар. Себебі Каримов реформаны Қытай нұсқасымен жасаймыз деп, кейбір реформаларды мүлде тоқтатып тастаған. Сондықтан экономикалық реформалар Өзбекстанда кенжелеп қалды. Және бұрынғы кеңес дәуірінде Өзбекстанның ішкі жиынтық өнімі Қазақстаннан жоғары болған. Ал қазір бізден 3,5 есе кем. Ал халқы 32 миллионға жақындап қалды. Сондықтан бұл Мирзияев үшін күрделі жағдай. Тағы 5 миллион халықы Ресейде жүр. 300 мыңнан астамы Қазақстанда. Мирзияев реформаға жол ашамын және Ресейдің ешбір жобасына (ЕАЭО, КО, ҰҚКҰ секілді ұйымдар) кірмеймін деп отыр. Бірақ Ресей қысым жасағысы келеді. Өйткені ертең әлгі 5 миллион адамды қуа бастаса, олар мына билікті төңкеріп тастайды. Ресейдің өзі қазір экономикалық дағдарысты бастан кешуде. Жұмыс тапшы. Ақша жоқ. Ал Мирзияев жаңағы реформаларды бастайды. Бірақ алысқа бармайды. Кейбір әкімшілік шектеулер бар. Ауылдардан қалаға келуге шектеулер қойылған. Ауылда жұмыс жоқ. Сондықтан қалаға келе алмайтындар мигрант атанып, шетелдерге кетеді. Демек, Мирзаев бірінші кезекте ел ішінде ары-бері көшуді жеңілдететін сияқты. Бұларда енді жалған статистика. Экономика тынысын нарықпен кеңейтуге әрекеттенеді. Бірақ бұның қаншалықты мүмкін екендігі белгісіз. Өйткені тағы сол авторитаризм болған соң әділдік жоқ. Әділдік жоқ жерде инвестиция болмайды. Немесе елден дәулетті адамдар қашады. Қысқасы Өзбекстанда жағдай күрделі. Бұл елде вторитарлық биліктің сақталып қалатыны айдан анық. Бұл өзі шала өзбек, шала тәжік. Егер жергілікті тұрғындар Ресейге қашатын болса хаос осында басталады. Сонда жаңағы 5 миллион тағы өседі. Ал қазіргі Ресейдің ахуалы үшін 5 миллионның өзі тым көп.
88 пайызбен жеңгенінің өзі үлкен көрсеткіш қой. Халықтың үміті жоқ емес. Әсіресе әкімшілік ресурс сақталған соң, сайлауға халық қатысқаны рас. Оның үстіне ел іші үрейлі болуы да мүмкін.
Өзбек ұлтының бір ерекшелігі жүрген жерінде төңкеріс жасайды. Мысалы Тәжікстанда бұлар көтеріліс жасады. Ленинабад облысын басып алғанда Ресей армиясы араласқан. Сонан кейін Өзбекстанда лаңкестердің қатарын толықтырды. Сосын Қырғызстанда да сепаратистік көтерілістер жасады. Оны тағы жаншыды. Тек бізде ғана көтеріліс жасай алған жоқ. Өйткені біздің Президенттің саясаты адекватты болып тұр.
ОА-ДА ҚАЗАҚСТАНҒА СПАРИНГ ҚАРСЫЛАС КЕРЕК
Ерлан Саиров, саясаттанушы:
-Енді Өзбекстан халқы өзінің таңдауын жасады. Мирзияев Президент болды. Оның ендігі саясаты екі бағытта болуы ықтимал. Біріншісі - модернизациялау. Екіншісі - дәстүрлі саясат. Сайлауалды сөздеріне қарасақ, Мирзияев Өзбекстанның әлеуметтік-экономикалық кемшін тұстарын жетілдіруді көздеп отырған секілді. Өзбекстанда 32 миллионнан астам халық бар ғой. Сосын өзбек халқы дәстүрлі түрде саудаға бейім. Егер жаңа билік халықтың жолын кішкене ашатын болса, Орталық Азияда Қазақстанға үлкен бір бәсеке пайда болады. Экономикалық жағынан либерализация жасайтын болса, онда көптеген мемлекеттік кәсіпорындар жекешеленуі мүмкін. Бұл Қазақстанның бизнесі үшін пайдалы болатыны сөзсіз. Өйткені Қазақстанның капиталы Өзбекстанға құйылатын болса, ол екі ел арасындағы интеграцияны дамытуға үлкен жол ашатыны айдан анық.
Ал енді Мирзияевтың сыртқы саясатына келер болсақ, ол бейтараптық саясатты ұстанатынын өзі айтты. Яғни, ешқандай интеграциялық ұйымдарға кірмейтінін мәлімдеді. Бірақ, Ресей мен екі жақты стратегиялық қарым-қатынас жасайтынын да айтты. Дегенмен де, Қазақстанға қарқынды даму үшін Орталық Азиядан Өзбекстан сияқты спаринг қарсылас керек-ақ.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz