Сейсенбі, 8 Қазан 2024
Алашорда 6048 0 пікір 5 Желтоқсан, 2016 сағат 13:44

Тұрсын ЖҰРТБАЙ. «ҚАЗАҚША САУЫҚ КЕШI» (жалғасы)

Жазушы, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың (суретте) «Бесігіңді түзе!..» кітабының жалғасы. Өткен бөлімдерін мына сілтемелерден оқи аласыздар:

http://abai.kz/post/view?id=7271       

http://abai.kz/post/view?id=7292    

http://abai.kz/post/view?id=7363    

http://abai.kz/post/view?id=7851    

http://abai.kz/post/view?id=7819    

http://abai.kz/post/view?id=7851

http://abai.kz/post/view?id=7963

http://abai.kz/post/view?id=8004

http://abai.kz/post/view?id=8164

http://abai.kz/post/view?id=8190

http://abai.kz/post/view?id=8438

http://abai.kz/post/view?id=8635

http://abai.kz/post/view?id=8747

http://abai.kz/post/view?id=8925

http://abai.kz/post/view?id=8955

http://abai.kz/post/view?id=9050

http://abai.kz/post/view?id=9536

http://abai.kz/post/view?id=9857

http://abai.kz/post/view?id=10194

http://abai.kz/post/view?id=10277

http://abai.kz/post/view?id=10532

http://abai.kz/post/view?id=10740

http://abai.kz/post/view?id=10973

http://abai.kz/post/view?id=11107

http://abai.kz/post/view?id=11260

Зады, Кәмила мен Мұхтар тамыздың аяғында, қыркүйек айының басында қалаға қайтып оралған. Ескi Семейдегi Татар орамындағы Мусиннiң диiрменiнiң жанындағы үйде пәтерде тұрған. Елде көп аялдамағанының себебi – уездiк құрылтайда ол Қазақстанның тұңғыш съезiне делегат боп сайланғандықтан Орынборға аттануы тиiс едi. Бiрақ, Ишмұхамбет Алиннiң естелiгiнде айтылғанындай, ол бұл съезге ауырып қалғандықтан бара алмады. Қашанда, өсек пен дақпырт өрттей қаулап, тез тарайды ғой. Мұхтардың тұңғыш съезге қатынаспауын: «Алаш» партиясының бұрынғы мүшелерi құрылтайға қатыспағандықтан iштей қарсылық бiлдiрiп, Мұхтар өтiрiк ауырып қалды. Кәмиламен үйленгенiн сылтауратып Орынборға бармай, той-тойлады» - дестi. Осы кезде Шыңғыстауда Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатовтар демалып жатқан. Тойға қатысты. Шындығында, Мұхтар мен Кәмиланың тойы одан бұрын, тамыздың екiншi жартысында өткенiн Қауаш Әлiмқұл қызының естелiгi растайды. Мұхтар да жұмысқа белсенiп кiрiсе алмаған.

Сол тұстағы Семейдегi саяси-әкiмшiлiк жағдайдан мағлұмат беру үшiн Қазақ революциялық комитетi мен Губревкомның жат жұрттықтарды басқаратын бөлiмi қызметкерлерiмен бiрiгiп өткiзген мәжiлiсiнiң шешiмiн ұсынамыз. Бұл арада Семей губерниясы ол кезде Сiбiр ревкомына бағынатынын ескерте кетемiз. Қазақтардың өз жерiнде отырып, «жат жұрттықтар бөлiмi» аталуы да сондықтан.

6 қыркүйек, 1920 жыл. «Кирревкомның өкiлi, губревкомның мүшелерi және жат жұрттықтар бөлiмi басқармасы мүшелерiнiң бiрiккен мәжiлiсiнде күн тәртiбi бойынша Ақаев жолдас сөз алды. Ол Губревкомның ұйымдық мәселесi қаралған алғашқы мәжiлiсте Қосарев жолдас жат жұрттықтар бөлiмiне екi адамның орны бөлiнгенiн, оған Ермеков пен Тюленевтiң бекiтiлгенiн айтты. Кейiн Ермеков кирревкомның қарамағына шақыртылды да, оның орнына Аймауытов тағайындалды. Өткен айда Губревком бұл бөлiмдi тарату туралы түсiнiксiз шешiм қабылдады да, Тюленевтi оның (Аймауытовтың – Т.Ж.) Орнына тағайындады» - дедi. Бұдан кейiн Ақаев жолдас бұл мәселенi кеңеске қойып, жоғарыдағы орынға қазақтан адам сайлауы қажеттiгiн талап еттi. Ақаев сондай-ақ, жат жұрттықтар бөлiмiн таратып, оны Губревкомның қазақ iсiмен шұғылданатын басқармасының қарамағына берудi, сөйтiп сайланатын Губревком мүшесiне дауысқа салуды ұсынды... Қаулы: Ақаевтiң Губревкомның жанындағы жат жұрттықтар бөлiмiн тарату туралы талабы дауысқа салынып, бұл бөлiмдi басқаруға губревкомның мүшесi Әуезов жолдас сайланды, Кирревкомның Семей облысындағы өкiлдiгiне – Зорин жолдас, Зайсан уезiне – Мұстамбаев, Қарқаралы уезiне – Қозбағаров, Павлодар уезiне – Барлыбаев, Өскемен уезiне – Әлиханов өкiл боп сайланды. Ғаббасов жолдас қызметiнен босатылып, Кирревкомның қарамағына жiберiлдi».

Бiз неге қаптаған құжаттардың iшiнен осы жолдарды оқырманға ұсынып отырмыз? Оның мәнi мынада: сол кезде Семей облысы мен Каспий теңiзiнiң солтүстiк жағалауы Қазақстанға қарамайтын. Семей губерниясы тұтастай Ресейдiң құрамында едi. Араға жетпiс жыл салып Петрушенко, Васильева, Водолазов сияқты «халық қамқоршыларының» Өскемен, Семей, Кереку, Жайық өңiрiн Ресейге қосу туралы сандырақтарының тегi осында жатыр. Бұл жердi Қазақстанға қосу үшiн жанын салып кiрiсiп, Лениннiң алдына дейiн барып, жер дауын даулап, ақыры дегенiне жеткен адамдар – Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Халел Ғаббасов, Әлiман Ермеков. Оларға құжаттарды дайындауға көмектескендер Жүсіпбек Аймауытов, Ыдырыс Мұстамбаев, Мұхтар Әуезов. Мына жиналыстағы Ақаев жолдастың есесi кеткен адам ретiнде сөйлеп, талап қоюы сондықтан. Осы бiр шиеленiстi оқиғаның жай-жапсарының өзi дербес әңгiменi қажет етедi. Ол бiздiң мақсатымыз емес. Бiрақ ескерте кету – парыз.

Сондай арбасулар мен ырғасулардың салқыны тидi ме, әлде Әуезовтiң жеке билiкке жетуiне кедергi жасауды ойлады ма, жоқ, ол шынында да жұмыста кемшiлiк жiбердi ме, әйтеуiр белгiсiз, губревком I қыркүйек күнi Мұхтарды тұтқындау туралы ұсыныс жасаған. «Қазақ тұрғындарын шұғыл жұмылдырмағаны үшiн (? – Т.Ж.) Қазақ бөлiмiнiң бұрынғы меңгерушiсi Әуезов жұмыс iстей жүрiп 5 күн Мырзақамаққа алынып, тұтқындалсын. Әуезовтi тұтқындау Губкомның iшiнде жүргiзiлсiн, бес күн бойы кезекшiнiң бөлмесiнен шықпасын және белгiленген кезекшiлiгiн өтесiн», - деп бұйрық берiлген. Қазақты неге жұмылдырмағаны үшiн жазалы болғаны анық көрсетiлмеген. Азық-түлiк салығын жинамағаны үшiн бе, жоқ, жаппай мал жиып, ашаршылыққа ұшыраған Поволжьелiктерге зорлап мал сатып алмағаны үшiн бе? Түсiнiксiз. Бiз де мына жай едi деп айта алмаймыз. Анығы, сол Мырзақамақта жүрiп қазақ бөлiмiнiң жетекшiлiгiне көп дауыспен сайланады. Араға бiр апта салып Мұхтар ол жұмыстан босатуды өтiнедi. Iле: «Әуезов жолдастың өтенiшi қабылдансын. Оның мiндетiн уақытша губревком мүшесi Аймауытов жолдас атқарсын» - деген бұйрық 10 қыркүйек күнi шыққан. Бұл кездегi осынау түсiнiксiз сапырылысты Мұхтардың жеке басындағы өзгерiстерге байланыстыру дұрыс па, жоқ па, анығын тап басып айта алмаймын. Ол да пенде. Iшкi жан толқынысының тiршiлiкке, жұмысқа әсерi де болуы мүмкiн. Дегенмен де, губкомның iшкi аппаратында осы кезде түсiнiксiз бiр иiрiмнiң пайда болғаны байқалады. Қазақстан мен Сiбiр ревкомының жер туралы таласы автономияның жариялануымен күн тәртiбiне ерекше қойылғандықтан да, Сiбiр большевиктерiнiң өзiне қолайлы сақаны сайлап, мүдделi iсiн қорғап отыруға ниеттенгенi сөзсiз. Мен бұл сұрақтың жауабын ашық қалдырамын. Оны уақыт өте келе түсiндiруге мүмкiндiк туатынына сенемiн.

Аумалы-төкпелi сол заманның қат-қабаты мол тағдыр талқысын басынан кешкен адам үшiн көркемдiк тартысты ойдан құрастырудың ешқандай қажеттiгi жоқ едi. Мұхтар да жан-дүние толғанысын «Ел ағасы» атты пьесаға арқау еттi.

1920 жыл. Қазан, қараша айлары.

Семей театрының негiзiн қалаған «Ес аймақ» атты қазақ жастарының мәдени-ағарту қоғамын ұйымдастырушылардың бiрi, педагог Ғалиакбар Төребаев:

«1920 жылдың күзi. Жаңа талап қазақ жастары, мұғалiмдер тұңғыш рет мәдени-ағарту iсiн дамыту мақсатында Семейде «Ес аймақ» атты қоғам ұйымдастырған. Бұл атау аймақты есейту, саналандыру мағынасында алынған.

Жұмысты неден бастап, қалай өрiстету керек екендiгi жөнiнде өзара пiкiр алысып, жоспар жасауға отырған кезiмiз едi, ойламаған жерден жарқ етiп Мұхтар Әуезов кiрiп келдi. Қуана қарсы алдық. Ол бәрiмiзбен қол алысып амандасқаннан кейiн, аз тоқтап былай дедi:

– Сiздердiң, - дедi Мұхан, – қазiргi талапқа сай қоғамдық үйiрме құрып, оған «Ес аймақ» деп ат қоюларын өте орынды. Мақсат, мiндеттерiңiз айқын. Бiрақ осы мiндеттi сауатсыз халықтың сана-сезiмiне жеткiзу үшiн құрғақ сөз негiзгi құрал бола алмайды. «Ес аймақ» қоғамын жандандыру керек. Ол үшiн ескi күйреген заман мен жаңа өмiрдi бейнелейтiн пьесаларды көбiрек қойған жөн. Баспасөз арқылы суырып салма ақындарды шақырып, айтыс ұйымдастыру, әншi, бишi, күйшiлер тобын құру қажет. Жалынды да өткiр күлдiргi, сықақ өлеңдердi жаттап алып, тақпақ етiп айту әсерлi болмақ. Мұны өздерiң де үйренiңдер. Әйелдер мен ерлер тобынан хор ұйымдастыру, осы сияқты көптеген жұмыстарды күнi бұрын дайындап, арнаулы клубтарда, өндiрiс орындарында, жұмысшылар орталарында сауық кештерiн түрлендiрiп өткiзе бiлсеңдер, сендер жүргiзген үгiт жұмысы да дәрмендi болады. Мұндай жұмыстарды атқаруға өз күштерiң де жететiн сияқты. Ал пьеса жағынан мен көмектесiп тұрамын. Осыған орай жаңа құрылған «Ес аймақ» қоғамына тарту болсын деп, осы арқылы сахна шымылдығы пьесамен ашылсын деп, жақында жазып бiтiрген «Ел ағасы» аталатын пьесамды әкелдiм. Бұл менiң советтiк тақырыпқа жазған драмалық шығарманың беташары, осыған даярлық жасауға кiрiсiңдер.

Ол кезде пьеса жазушылар жоқтың қасы. Сондықтан бiз Мұхаңның пьесасын қолма-қол оқып, танысуға тырыстық. Пьесаны Мұхаңның өзi оқып бердi. Соңынан оның тақырыбы мен идеясы, басты кейiпкерлерi туралы түсiнiк бердi.

Бiз пьесаға даярланған кезде әйелдер рөлiн ойнауға әйелдер жеткiлiксiз болды. «Ендi қайттiк» деп қиналып отырғанымызда, Мұхаң: «Қиналмаңдар, мұндай игiлiктi бастаманың мән-мақсатына көз жеткiзе бiлсек, сол iздеген әйелдер де табылып қалар», - деген сенiм бiлдiрдi. Бұл сенiм ақталғандығын келесi бас қосқан кезде бiлдiк. Сол кезде мұғалiм болып iстейтiн Әжен Махмутова (қазiр пенсионер) мен Жәмила Кәрiмова (қазiр Мәскеуде), қызметкер Фарида Кәрiмова, тағы басқа әйел жолдастар үйiрмеге қатысуға келiптi. Сөйтсек, олардың бәрi оқыған, совет өкiметiнiң ағарту майданының алғашқы қарлығаштары екен. Мұхаңның сөзiн сыйлап, оның айтуы бойынша келiптi. Бұлар көп уақытқа дейiн труппаның белгiлi мүшелелерi болды және басты рөлдерде ойнап. Ойдағыдай қызмет көрсеттi.

Мұхаңның тiкелей басшылығымен жұмысты осылай ұйымдастыра отырып, «Ел ағасы» пьесасын ай жарым даярладық. Сонсоң Жаңасемейде халық үйi (нардом – қазiргi № 2 мектеп) клубына апарып қойды. Бұрын мұндай ойын-сауық көрмеген жұртшылық ду қол шапалақтап, едендi тепкiлеп, тiптi ойын бiткен соң да клубтан тарамай отырып алды. Бiз ойынды бiрер күннен соң қайта қоймақ болдық».

Бұл спектакль қойылымының өзi үлкен оқиға болса да, оның қуанышы ұзаққа созылмады. Мұхтардың жанын ауыртатын қазаны. дос қазасын ала келдi. Спектакльдiң режиссерi әрi басты рөлде ойнаған талантты өнерпаз Сейт – Сеитқазы Тоқымбаевқа сахнада суық тиiп, сол тосын дерттен кешiкпей қайтыс болды. Аяулы азаматтың өлiмiнiң Мұхтар жүрегiне салған жарасы мен оның семьялық трагедиясы өз алдына дербес әңгiме. Тек бұл спектакльге Сеиттiң әйелi Қапинаның да қатысқанын құлағдар ете кетемiз. Өкiнiштiсi сол, «Ел  ағасы» атты пьесаның тағдыры да беймәлiм күйiнде қалды.

Неге? Күрделi де құпия сауалдың бiрi осы.

Тұңғыш рет ресми түрде сахнада қойылған пьесасын Мұхтардың мүлдем есiне алмауы. Алғышкы нұсқасы жоғалып кетсе де, қырық жыл бойы оны қалпына келтiруге тырыспауы – шындыққа жанаспайды. Досының спектакльден соң iле қайтыс болуын жаман ырымға баласа да (Мұхтардың ондай ғадетi де болған – Т.Ж.) Төл шығармасын қырық жыл бойы iздемеуi таңдандырады. Алайда пьесаның кейiпкерлерi мен оқиғанын ұзын ырғасынан хабардар ететiн деректi архив қызметкерi, зерделi азамат Бейсенбай Байғалиев тауып, бiзге ұсынды.

Бiрiншiсi – «Ел ағасы» спектаклiнiң бағдарламасы. Ол – Орынбор қаласының баспаханасында басылған. Ойыннан түскен қаржыны Мәскеуде оқитын қазақ студенттерiне көмекке берген. Спектакль Орынбор қаласында қойылған. Демек «Ел ағасының» қолжазбасы жалғыз ғана дана болмаған, өзге де көшiрмелерiнiң сақталып қалуы әбден мүмкiн. 1921 жылы Мұхтар Орынборға ауысты. Ал Иса ақын да сол кезде Орынборда болған тәрiздi. Бағдарлама Орынборда басылып, Семейде қойылды деудiң қисыны келiңкiремейдi. Екi қаланың арасы тым қашық. Дегенмен де бұл деректер әлi де қадағалай зерттеудi қажет етедi. Бiрақ шығарма кейiпкерлерiнiң атының анықталуының өзi де олжа. Бағдарламаның мазмұны мынадай:

 

Программа

 

Қадiрлi жолдастар!

 

«Бiреу тойып секiредi, бiреу тоңып секiредi».

Мәскеудегi мұқтаж қазақ студенттерiне жәрдем болсын, программа сатып алыңдар!

 

I.

 

«Ел ағасы

 

Мұхтар Әуезов шығарған 4 перделiк пьеса.

Ойнаушылар.

Жұмақан – (жуан зорлықшыл) ... Нұрмұхамбет Жамышин.

Ақыш – (Жұмақанның қайын ағасы) ... Серке Жармұқанұлы.

Ермек – (оқыған жiгiт) ...Мұхаметжан Парызұлы.

Қабыш – (жаңа пiкiрлi учитель) ...Абдолла Байтасұлы.

Әсия – (Ермектiң ағайының қызы) ...Шәмсия Әлибекова.

Битемiр – (Әсияның әкесi)  ...Ғаббас Дәулетбекұлы.

Қалиман – (шешесi) ...Бану Асылбекова.

Жұмағұл –  (пысық кiсi) ...Әбдiрахман Бектасұлы.

Әдiлбек – (ақсақал) ...Ғабдолла Диқанбайұлы.

Дүйсен – Рахметолла Қаржаубайұлы.

Салмеш – Рахым Асылбекұлы.

Дәметкен – (Өсекшi қатын) ..............................

Ыдырыс – (оқыған жiгiт) ...Рахым Асылбекұлы

Оқыған жiгiттер:

Милиция

Жүнiс – Жолмағанбет Мендiбекұлы.

Бiрiншi жiгiт – Рахым Иманбайұлы.

Бiрiншi жiгiт – Сейтқасым Әмiреұлы.

 

II.

 

Ақын Иса наурызға арналған hам көптiң тiлеген өлеңдерiн ойынан шығарып айтады.

Жастар кейiн қалып, әр түрлi ұлт ойындарын ойнады.

Басқарушы: Х.Мырзағалиұлы.

                                     Даярлаушы: М.Қазақбайұлы.

Оренбург. Краевая киргизская типография Киргисгосиздата. РВЦ, тираж – 50».

Бейсенбай Байғалиевтiң екiншi дерегi бағдарламаның астарындағы оқиғаны ашып, «Ел ағасының» сюжеттiк желесiнен мағлұмат бередi. «Қазақша сауық кешi» деп аталатын Бұл мақала Семейде шығып тұрған «Қазақ тiлi» газетiнiң 1921 жылғы 26 ақпандағы № 122 санында, яғни спектакль қойылғаннан кейiн үш күннен соң жарияланды. Онда Сеит Тоқымбаев тiрi болатын. Авторы – «Сауықта болған» деген бүркеншiк атпен қол қойған. Ұшты-күйде жоғалып кеткен» «Ел ағасы» пьесасының жалпы оқиғасы ешкiмге белгiсiз болғандықтан да бiз сол кем-кетiктiң орнын толтыру үшiн «Сауықта болғанның» мақаласын толықтай келтiремiз. Әрi онда әншi Әмiре туралы да мәлiмет бар.

 

«Қазақша сауық кешi»

 

21-февральда Алаштағы халық ағарту «Ес – аймақ» ұйымы затонда қазақ жұмысшыларына қазақша сауық жасады. Тамашаға жас жазушы Мұхтар Әуезовтiң «Ел ағасы» атты, нағыз қазақ тұрмысынан алынған төрт бөлiмдi драма кiтабы қойылды.

Бұл кiтап бұрын дүнияға шықпаған жаңа кiтап болғандықтан бiр сөз айтып өтейiк: 17-шi ұлы өзгерiстiң ең алғаш халыққа жарияланып, қазақтың тұңғыш топтары болып, комитеттерi сайланып, оқыған азаматтары, ұлт жұмысын жаңаша баурамақ болып, «Бостандық» деген сөздi халық сезiп, едәуiр оянып қалған кезi.

Оқиға: бұрын елдi құл қылып, бетiне қарсы келетiн жан болмай, бiрден соңғы сөзi болып, момындарға не iстеймiн дегенiн iстеп жүрген ел iшiндегi аталы-iргелi, тапты жуан hам бай ағасы Жұмақан. Бұның қайыны өзi жуан және кәрi қасқыр Дүтбай (жасы 40-тың iшiнде). Бұл бiр нашар, аз атаның iшiндегi Битемiр деген момын адамының Әсия деген жалғыз қызын немересiне айттырып отырғанда, немересi өлiп hам мұнымен жедел Дүтбайдың қатыны өледi. Дүтбай әлгi немересiне айттырған қызды өзi алмақ болып, күйеуi Жұмақан арқылы Битемiрге кiсi салады. Битемiр бұрында тепкi жеп қорғалап қалған бейшара, жалғыз баласын жылатып, Дүтбайға күндiкке бергiсi келмейдi. Бiрақ қарсыласарға хал жоқ. Әсия сол елдегi Қабыш деген мұғалiммен көңiл қосып, уәденi бекiтiп жүредi. Қыздың әкесiнiң оқыған Ермек деген iнiсi бар, жiгерлi, өткiр жiгiт, анау жауыздар iсiне шыдай алмай көмексiздiктен зорға ғана жүретiн. Қызды Дүтбайға бермеу жағындағы жалғыз сол. Барлық ел-жұрт Жұмақан, Дүтбай жағында. Ақырғы кезде қыздың ағайыны, әкесi де, жуандардың зәріне шыдай алмай. Беру жағына шығады. Жалғыз қарсы Ермек болады.

Осы қарсаңда Жұмақан қызды барлық нәрсесiмен талтүсте байлатып алып, Дүтбайдыкiне апарып, қыздың басынан таяқ айырмай әбден көкжұлын қылып өлер болғанда Қабыш пен Ермек екеуi қаладан бiрнеше милиция мен бiрге оқыған жiгiт алып шығып, Дүтбай мен Жұмақанды арастауайт еткiзiп қалаға жөнелтiп, тұтқындағы Әсияны босаттырып алып, бұрынғы сүйгенiне – Қабышқа қосады.

Осы жоғарғыдағы сүйкiмсiз оқиғаны дәл өздерiнiкiнен аудармай, жұрт көзiне масқаралап айқын көрсетедi. Ойнаушылар мойнына артылған мiндеттi (рольде) бiр түрлi келiстi күтпегендей қылып өте жақсы шығарды. Әсiресе, тiптi тамаша шығарғандар: Жұмақан болған Сейтқазы, қыздың ағасы Ермек болған – Уәли, қыздың әкесi болған – Латиф, Дүтбай болған – Кенжебек hам басқалары. Әйелдердiң бәрi де жақсы шығарды, әсiресе өте тамаша ойнаған: қыз болған Әжiке – Бике, болыстың қайыны болған Қапина – Бике, қыздың шешесi болған – Шәжiида – бикеш, hам басқалар.

Ақырында бiр перделi әдебиет бөлiмi болып, әуелi қазақтың қандай әншiлерi болса да басшылық етiп, үлгi көрсетуге жарарлық Семей мен Алаштың атақты, сүйiктi әншiсi Әмiре жолдас Қашаубайұлы ән салды. Одан кейiн Шыңғыс қазағы атақты Абайдың сүйiктi әншiсi Әлмағамбет ән салды. Одан кейiн бұғылы қазағы атақты Сәрсембай ән салып, бұдан соң қосылып жақсы қазақ әндерi айтылып, декламация болып, ақырында бостандық ұрандары айтылды. Тамашаға қызметкерлерден басқа жиылған халық лайықсыз көп болып, ойын үйiне халық иiн тiресiп, лықа толды. Жалпы қарағанда ойын бiр түрлi әсерлi шығып, халық ойнаушыларға hам сол жолға қызмет қылушыларға өте ризалықтарын бiлдiрiп, алғыс айтысып, аса шат болысып тарқады. Бұл жолға басшылық қылып, аянбай көмегiн көрсетiп, қызмет қылған бауырларға сансыз алғыс айтып, hамiсе осындай халықтың ағару жолына жан-тәнiмен ерiнбей қызмет қылып, iлгерiдегi iске өркендi негiз салып, бұдан да артық әсерлi етiп көркейiп, жемiстендiрер деген зор үмiттемiз.

 Сауықта болған».

(жалғасы бар)

abai.kz

 

0 пікір