Сүтті бағыттағы мал шаруашылығын дамытатын болды
ОҚО-да сүтті бағыттағы мал шаруашылығы Украин технологиясы бойынша дамитын болады. Бұл туралы Украин делегациясының Оңтүстік Қазақстанға жасаған сапары кезінде белгілі болды. Аталған елдің «Dairy Global Experts», «АгроКлимат Украина», сондай-ақ, Украинаның Голштинский қауымдастығы мен Сүт өндірушілер қауымдастығы сынды ірі ұйымдарынан келген мамандар оңтүстікқазақстандық сала жетекшілерімен тәжірибе алмасып, жаңа технологияны қолданысқа енгізудің тетіктерін қарастырды. Мұнан бөлек, кездесуде тауарлы-сүт фермаларының бірыңғай орталығы мен шаруаларды жергілікті асыл тұқымды ірі қаралармен қамтамасыз ететін кешеннің жұмысын жүйелеуге бағытталған кеңес беру орталығын ашу мәселесі де қаралды. Сондай-ақ, ұжымдық үлгідегі отбасылық шаруашылықтарда сүтті бағытты дамытудың механизмдері талқыланды. Іс-шара барысында делегаттар «Максимум» АИО-ның ұйымдастыруымен өткен кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығындағы семинар кеңеске қатысты. ОҚО-да сүтті бағыттағы мал шаруашылығын дамыту тақырыбына арналған жиында украиндық мамандар тауарлы-сүт фермаларын құру мен оны дамытудың қыр-сырымен бөлісті. Жиын соңында сүт шаруашылығы саласындағы әлеуетті жобаларды жүзеге асыру бойынша «Максимум» АИО және «ҚазАгроҚаржы» АҚ компанияларымен бірлесіп жұмыс жасау жолдары талқыланды.
Шардара су қоймасының жанында жылына 1200 тонна балық өңдейтін екі зауыт іске қосылады. Бұл туралы «Хабар» агенттігінің таратқан сюжетінен мәлім болды. Кәсіпорынның өнімдері ішкі нарықтан бөлек, сырт елдерге де экспортталады деп күтілуде. Шардараның көксеркесіне, әсіресе, Еуропа елдерінде сұраныс жоғары көрінеді. Шардарада дәл осындай тағы екі зауыт бұрыннан жұмыс істеп келеді. Олар жылына шамамен 3 мың тонна балық өңдеуге қауқарлы. Дайын балықтар, бүгінгі таңда, Түркия мен Германия елдеріне экспортталып жатыр. Еуропа елдеріне тасымалданып жатқан өнімдерді өңдей салысымен қатты мұздатпай, тоңазытқышта салқындатады. Сол кезде дәмі сол күйінде сақталады екен. Осылайша өзіндік құпиясы бар технологиямен өңделетін Шардараның балығына алыс-жақын шетелдіктер қызығушылық танытуда.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі