Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Экономика 5651 0 пікір 29 Қараша, 2016 сағат 00:00

Алматыда 100 қоғамдық дәретхана іске қосылады

Жыл сайын әлем жұртшылығы 19 қарашаны –  Дүниежүзілік дәретханалар күні ретінде атап өтіп келеді. Әрине, бұл біздің қаламыз үшін әзірге таңсықтау «мереке» екендігі рас. Тек, аталған өзекті мәселе жөнінде, яғни, шаһарда қоғамдық дәретхана­лардың жоқтығына байланысты қазақ басылымдары арасында алғашқылардың бірі болып осыдан 4-5 жылдай бұрын «Алматы ақшамы» газеті мәселе көтермесе, бұл тақырып әлі күнге дейін «жабулы қазан жабулы» күйінде қалатын ба еді?!

Атап өтетіні, «Ақшам» газетінің өзінде алғаш рет қалада қоғамдық дәретхананың тапшылығы жөніндегі мәселе осыдан бірнеше жыл бұрын қараша айында қозғалған болатын. Одан бері біздің басылым бұл тақырыпты жыл сайын жазудайын жазып-ақ келеді. Бірақ, бұл мәселеге орай тиісті орындар тарапынан көңіл бөлінбегендей сыңай танытылып келген-ді. Содан да мегаполисте әркім үйлер қалтарыстарында, ағаштар тасасында қажеттіліктерін өтеуді әдетке айналдыруға дағды алды. Сөйтіп, бір кездердегі әсем шаһар сасып, жаман иістерге бөгетін болды.

Ал, бұл мәселеге елордамыз – Астана қаласы әкімдігінің өзі мән бере қарап, тиісінше шаралар қолдана бастады. Мәселен, өткен жылы Астана әкімдігі қаладағы барлық министрліктер мен ведомстволар, көпшілік орындар мен сауда орталықтары, жоғары оқу орындары мен мәдениет ошақтары жанынан қоғамдық дәретханалар ашуға бел шеше кірісе бастағанын сырт «құлақтардан» естіп қалдық. Керек десеңіз, олар бұл мәселені жылдам шешу мақсатында қалада ішінде дәретха­насы бар 50-ден астам жылы аялдамалар салуды да жоспарға енгізіп жіберіпті. Сөйтіп, астаналықтар біздің газет көтерген бастамаға көз жұма қарамай, тез арада жүзеге асыра бастады.

Әрине, бұл кезде Алматы қаласының әкімдігі де қалада дәретханалар салу мәселесіне немқұрайды қарап, қол қусырып отырмағаны бүгінгі таңда белгілі болып отыр. Өйткені, осы жақында ғана шаһарда орталық су құбыры желісі мен кәріз жүйесіне қосылған алғашқы үш бірдей биодәретхана пайдалануға берілгенін естідік. Олар Мақатаев – Уәлиханов көшелері қиылысында, сонау «Орбита» ықшамауданындағы Мұстафин көшесінің бойында және «Қазақстан» қонақ үйінің жанында орналас­қан. Мұнымен қоймай, жыл аяғына дейін Алматы қаласында тағы 10 дәретхана пайда болады деп күтілуде. Осылай келер жылы мегаполисте көше дәретханаларының саны 100-ге жетеді деп жоспар­ланып отыр. Айта кететіні, бұлардың бәрі мемлкет­тік-жекеменшік әріптестік негізінде жеке инвестордың күшімен жүзеге асырылған екен. Бұл ретте, аталған бір биодәретхананы салуға әлгі кәсіпкер 7 млн. теңгедей қаржысын жұмсапты.

Қорыта айтқанда, Алматы – бүгінде дүние жүзі туристері үшін тартымды қалаға айналу жолында тыным таппай жұмыс істеп жатыр. Ал бұл үшін ару шаһарымыз – жанға жайлы, таза, көрер көзге көрікті, саябақтары мен гүлзарларынан жұпар иіс аңқып, көшелер мен аулалары сасық та күлімсі иістерден ада болып тұруы керек. Бұл тұрғыда дәрет­ханалар – жоғары мәдениеттіліктің бір белгісі санала­тыны анық. Осыған дейін, қаламызда дәрет­ха­наның жоқтығы мәдениетсіздік пен ұятсыздықтың белең алуына әсер етіп келген еді. Ендігі жерде бұл кемшілік келмеске кететін секілді. Осы ретте, мәдениеті мен салт-дәстүрін қатты құрмет тұтатын жапон халқы дәретхананы, баяғыдан-ақ – ерекше тынығу,  тіпті, терең ойлар мен әсерлі сезімдерге жетелейтін, керемет өлеңдер мен шығармалар ойға оралатын, жаңа бастамаларға бастайтын айрықша орын ретінде бағалағанын айта кеткен жөн деп білеміз. Міне, сондықтан  біздер де дәретханаға жоғары тазалықтың, үлкен мәдениеттіліктің белгісі деп қарай білуіміз қажет!..

abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2061