МӘССАҒАН! ҚАРҒАЛЫДА ҚАЗАҚ МЕКТЕБІ ЖОҚ...
Қазақстанның Ақтөбе облысында бірде-бір қазақ мектебі жоқ аудан бар екен. Ол Қарғалы ауданы.
Егемендіктен кейін Тәуелсіздігімізді алып, ес жиып, етек жаптық десек те ескі одақтың тілінің тасасында жүрген мемлекеттік тіліміздің маңдайы шылқымады. 1989 жылы «Тіл туралы» Заң қабылданғанда Ақтөбе облысында қазақ мектептерінің саны 50 пайызға да жетпеген екен. Ал қазіргі көрсеткіш — 64 пайыз.
Сол жылдары өңірде 185 орыс мектебі болса, содан қалғаны — 27. Балабақшаларда да солай екен. 1991 жылы балақайлардың небары 26 пайызы ғана қазақ топтарында тәрбиеленген болса, қазір — 67,2 пайыз. 1991 жылы өңірдегі 435 балабақшаның 160-ы қазақ балабақшасы болса, қазір олардың саны 373-ке жетіпті. Міне, осындай көрсеткіш көрсетіп отырған аймақ тілді дамытуға, қазақ тілді мектептердің артуына біраз үлес қосқан. Бұл ресми статистика. Нақты цифрлар.
Сөйткен Ақтөбенің Қарғалы ауданында 17 мыңнан астам адам тұрады екен. Олардың 32 пайызы өзге ұлт өкілі. Аудандағы 17 мектептің үшеуі орыс тілінде, өзгесі аралас тілде білім береді. Қарғалы ауданында әлі күнге дейін бірде-бір таза қазақ мектебі жоқ. Бұны «Білім ал» дейтін портал жазды.
Аталған жайтты Қарғалы ауданының әкімі де растап отырғанға ұқсайды.
«Аудандағы үш мектеп орыс тілінде, өзгесі аралас. Қарғалының орталығы Бадамша ауылында бір мектеп орыс тілінде, біреуі аралас болып тұр. Аралас мектеп төрт жылдан кейін түгелдей қазақ тіліне ауыстырылады. Оған дейін, бұрын мектепке қабылданған балалардың бәрі бітіріп шығады. Бала саны аз болған соң, аудан орталығындағы аралас тілде сабақ беретін бір мектептің өзін толтыра алмай отырмыз»,- дейді аудан әкімі Рахат Сыдықов.
Әкімінің айтуынша, алдағы 2-3 жылда аудан мектептерінің 60 пайызы қазақ тілінде білім береді деген жоспар бар. Мұндай аз мерзімге үлкен талап қойып отырған аудан басшысының уәдесі қаншалықты нанымды? Жоқ, күмән келтіріп, келте ойлмақ ниетіміз жоқ. Тек 25 жылда ашылмаған мектепті 2 жылда аша саламын деген ақылға сыйымсыз екені жасырын емес. Бұл жердегі тағы бір мәселе - жергілікті халықтың этникалық балансы. Халықтың 32 пайызы өзге ұлттардан құралған десек те, қалған 68 пайызы қазақтар емес пе? Сонда 32 пайыз ұлтқа мектеп ашқан аудан, облыс басшылығы, қала берді осы салаға жауапты БжҒМ 68 пайыз қазақтың құқығын бұзып отырған жоқ па?
Мемлекеттік тілде білім алғысы келетін жас ұрпақтың құқығы Қарғалыда ғана емес, өзге де өңірлерде аяққа тапталып жатыр. Дәледер келтірейік, мысалы: өзге ұлт өкілдері, соның ішінде орыс диаспорасы бақ-қуатты өмір сүріп жатқан Қостанайда 36 мектеп болса, соның жетеуі (19,4%), Павлодардағы 40 мектептің төртеуі (10%) , Петропавловскіде 40 мектептің жетеуі ғана қазақ тілінде оқытады. Теміртаудағы 30 мектептің төртеуі ғана қазақ тілінде, Лисаковск, Риддер, Шахтинск қалаларында бір-бірден ғана қазақтілді мектеп бар.
Сорлағанда Ақтөбенің Қарғалысы қазақ мектебін ашпаған жалғыз аудан емес. Қарағанды түбіндегі Саран қаласында да бірде-бір қазақ мектебі жоқ екен.
Енді мектеп бітірушілердің тіл бағытына келсек, өткен жылы түлектердің 74 % -ы қазақ тілінде, 26 %-ы орыс тілінде ҰБТ тапсырды, осылай жалғаса берсее, 5 ары кетсе 10 жылда бұл көрсеткіш орыс тілді көрсеткіш 10% - ға түседі. Дәл осы қарқынмен бұл мәселе өздігінен ешқандай қаржы төгусіз-ақ шешіледі деген үміт бар.
Еліміз тілге байланысты мәселеге мән бермесе, Президенттің «2020 жылға дейін қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуі керек» деген мәлімдемесі бос сөз болып қалу қаупі бар. Онсыз да басы дау-дамайдан арылмай келе жатқан Ерлан Сағадиев мырза мұны біле ме екен?
Мөлдір Байбөрі
Abai.kz