Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 5572 0 пікір 22 Ақпан, 2017 сағат 10:36

АҚТАУ ТЕАТРЫ ӘЛИХАНДЫ САХНАЛАЙДЫ

Ақпанның 22-i мен 24-i күндерi Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрында ұлт көсемi Әлихан Бөкейхановқа арналған “Аманат” атты пьеса қойылмақ. Жаңа қойылымның алдында драматургияға алғашқы қадамын жасаған актер Нартай Сауданбекұлын аз-кем әңгiмеге тартқан едiк. 


– Неге бiрден Әлихан Бөкейханов туралы пьеса жаздыңыз? Аса iрi мемлекетшiл көшбасшы, тағдыры ауыр тұлғаны сахналауға жүрексiнбедiңiз бе?
– "Аманатқа" дейiн “Шемен” атты драма жазғам. Шоқан Уәлихановқа арнаған осы тырнақалды пьесамды алғаш оқығандардың iшiнде талғамы биiк режиссер, Маңғыстау облыстық драма театрының көркемдiк жетекшiсi, «Тарлан» сыйлығының иегерi Гүлсина Мирғалиева да болды. Гүлсина пьесаға қатты қызықты. Тiптi “саxналаймын” деп те айтып қалды. Бiрақ бiр жағдайлармен онысы iске аспады. Алайда жазу стилiмдi ұнатқан Гүлсина маған “Бес арыс” туралы пьеса жазуға ұсыныс тастады. Ойлана келе, бас тарттым. “Бес арыстың” әрқайсысы бiр пьеса тұрмақ, ондаған романға лайықты тұлғалар. Оларды қалай бiр жарым сағаттық дүниеге сыйдырам? Бұл Ә.Бөкейxановтың 150 жылдық мерейтойы кiрiп жатқан шақ. “ЮНЕСКО көлемiнде аталып өтiледi” деген құлаққағыс тасталған. Белгiлi актер Нүркен Өтеуiлов “Әлиxан Бөкейханов туралы пьеса жазшы, оны мен ойнайын, себебi ұлт көсемi туралы еш пьеса жоқ” дедi. Гүлсинаның өтiнiшi де санамның бiр бұрышында бұғып жатыр. Содан, нартәуекел деп, бiр Аллаға сиынып, бастап кеттiм. Әлихантанушы Сұлтанхан Аққұлына жолығып, ұлт көсемi туралы 6 томдық жинақ алдым. Содан екi ай бойы материал жинап, ұлт көсемiн оқып, танумен болдым. Кейiннен байқадым, ақпаратты артық жинау жазуыма кедергi келтiрдi. Есесiне, тағы бiр пьеса жазатындай мәлiметiм бар. Ал “аса iрi ұлт көсемiн сахналауға жүрексiнбедiңiз бе?” деген сұраққа айтарым, Әлихан Бөкейхановты кейiпкер ретiнде суреттеуден қорыққаным рас. Бiрақ осындай тұлғаны жай жазушы емес, актердың жазғаны ерекше болар деп шештiм. Себебi, саxна көрiнiсiн жазбас бұрын оны алдымен өзiм ойнап алам. Бұл бiр керемет iзденiстi шығармашылық болды. Бiр жағынан пьеса жазып отырсам, екiншi жағынан рөльде ойнап, образ iздеумен жүрдiм. 
– Сiздi жұрт театр және кино әртiсi деп бiледi. Актерлықтан драматургияға көңiл бөлуiңiздiң себебi неде?
– Жалпы, драматургия жазба өнерiнiң ең күрделi жанры. Бiзде, қазақта поэзия жақсы дамыған. Проза да жаман емес. Публицистика да өз орнында. Заманына қарай бұл жанрлар шама-шарқынша құбылып, көшке iлесiп келедi. Ал кәсiби актер ретiнде айтарым, драматургия туралы жылы пiкiр айту қиын. Дұрыс түсiнiңiздер. Бiзде “жаңа драма” жоқ десе де болады. Шиыршық атқан, оқиға желiсi үдеген үстiне үдей түсiп, актерды “жұтып жiберетiн”, ең бастысы көрермендi баурап алатын дүние жоқтың қасы. “Мүлде жоқ” деп қу шөппен ауызды сүрте беру де жарамас. Рахымжан Отарбаев, Дулат Исабеков ағаларымыз әлi де жазып, берерiн берiп-ақ келедi. Дегенмен, оның өзi аздық етедi. Тағы бiр ащы шындық ол — театрлар “тапсырыспен” спектакль қоятын “дертке” шалдықты. Театрға еш қатысы жоқ, тып-тыныш жүрген бiр көкемiз күндердiң күнi аспандағы айды алғандай, пьеса жазып әкеледi. Оған дейiн ол бiрлi-екiлi эссе әлде, мақала жазған да шығар. Бiрақ, пьеса жазу оңай ұрып алатын нәрсе емес қой. Көшеден қосылған сондай авторлардың шалажансар дүниелерiн театрлар талапайлап алып, сахналап жүр. Жетiскенiнен қоймайтыны анық. Көбiнесе, ондай дүниелер “төбеден” бұйрық болып түседi. Немесе авторы бiр “авторитет”. Бәлкiм, депутат, одан қалса, бизнесмен. Әлде тағы басқасы. Осы мәселенi «Театр қайраткерлерi одағының» кезектi жиынында Төлеубек атты актер жiгiт ашына айтты. “Қашанғы арзанқол, дүмше дүниелердi ойнай беремiз? Шаршадық! Төзiмiмiз таусылды! Көмектесiңiздер!!!” дедi. Актер ретiнде өзiм де бiрлi-екiлi сондай жағдайда болдым. Яғни, саxна заңдылығын бiлмей, құтты бiр керемет туынды жазғандай төменгi сыныпқа арналған “скетчтерiн” көтерiп жететiндердiң жазбасын адам таныйтындай түзегенбiз. Жетiскеннен түзеп, күземедiк соны. Өзiмiз ойнайтын болған соң, амалсыз өзгертiп, түзеттiк. Мiне, сондай сәттерде өзiмнiң тәп-тәуiр жаза алатынымды түсiндiм. Сосын, қорықпай бiраз пьесаларды аударып көрдiм. Осындай жағдайлар драматургияға келуiмдi жеделдеттi. “Жеделдеттi” дейтiнiм түбi бұл салаға келер едiм. Тек өзiм болып, пьеса жазуға жүрегiм дауаламай жүрдi. Оның сәтiн Алла ыңғайлап қойған екен. Жұмыссыз қалдым. Тәп-тәуiр қызмет етiп, ортаға сiңiп, әжептәуiр рөльдер ойнап, кей режиссерлерге пьеса “күзеуден” қолғабыс етiп келе жатқан менi жылы орным — Қ.Қуанышбаев театрынан еш себепсiз Талғат Теменов ағам шығарып тастады. Арызданып қудаланбадым. Алдына барып, жалынбадым. Босаған орныма “сәбiз ексiн” деп кете бердiм. Содан, қанша уақыт бос жатуға болады? Iшiм толған шер. Оны шығару қажет. Күндiз-түнi үйден шықпай жатып алып, “Шемен” атты псиxологиялық драма жаздым. Актер, режиссер, ақын-жазушы жiгiттердi жинап, оқып берген едiм, жақсы бағалады. Егер Талғат Теменов ағамыз менi себепсiз жұмыстан шығарып жiбермесе, “Шемен” мен “Аманатты” жазар ма едiм? Драматургияға қадам жасар ма едiм? Осыны ойласам, Т.Теменовке шапан жапқым келiп тұрады. 
– Былтырғы Ә.Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойында режиссер Ерсайын Төлеубайдың пьесасы сахнаға шықты. Осы пьесадан сiз жазған қойылымның нендей айырмашылығы бар? Жаңашылдық көрсете алдыңыз ба?
– Ерсайын (Төлеубай) ағамыздың пьесасын естiгенiм болмаса, әзiрге көрмеген едiм. Сондықтан ол туралы ештеңе айта алмаймын. Ұлт тұлғасына бiр пьеса жетедi деген түсiнiк болмауы керек. Кеңiнен алып қарасақ, Қазақстан тәуелсiздiгiнiң негiзiн қалаған Алаш үкiметiнiң көсемi Әлихан Бөкейханов туралы 25 жылда бар-жоғы екi пьесаның жазылуы азаматтығымызға сын! Өзiм пьесаны жаңа көзқараспен жаздым. Бiз өткенiмiздi советтiк идиологиядан тазартуымыз керек. 
– Жоғарыдағы бiр сөзiңiзде пьеса жазушылар көбейiп кеттi дедiңiз. Оның себебi неде? Әлде драма жазу табыс көзi ме?
– Театрға қатысы жоқтардың ерiккеннен пьеса жазуы “тойып секiрудiң” кебi. Қалтасында ақшасы, атақ-мансабы бар жандардың ермегi. Ал өз басым “Шемен” мен “Аманатқа” бiр тиын қаламақы алғам жоқ. Өз ерiк-жiгерiммен, жан дүниемнiң қалауымен жазып шықтым. Пьеса жазып жан бағу өркениетi түзу елде мүмкiн шығар. Ал Қазақстанда аштан өлiп қаласың. 
– Қойылымды өзi жазып, өзi режиссер болып, өзi басты рөлде ойнап жүргендер баршылық. “Аманатта” Әлихан Бөкейхановтың рөлiн неге өзiңiз ойнамадыңыз?
– Әрине, ойнағым келедi. Алайда өзiме сын көзбен қараймын. Бұл Әлекеңдi сомдай алмаймын деген қорқыныш емес. Жасым сәйкес келмейдi. Әлекең атылып кеткенде жетпiс жастан асқан едi. Мен қазiр қырықтамын. Елуден асқан актердiң ойнағаны анағұрлым әсерлi болып шыға ма деп тартыншақтаймын. 
– Театр сахнасында актер ретiнде өз рөлiңiздi таба алдыңыз ба?
– Актер ретiнде өз рөлiмдi таба алмадым. Құдай бiледi, соны таба алмай өтiп те кететiн шығармын. Бақытты актерлар бар. Нүркен (Өтеуiлов) сияқты. Гамлеттi, Абайды, Дон Жуанды тағы да басқаларын ойнады. Өзiмдi бақытсыздар санатына қоспаймын. Бiрақ жолым Нүркендердiкi сияқты болмады. Дөңкиген бойыма (1 метр 95 см) қарап, бiр типтi хандар, батырлар сияқты рөлдердi бере бередi. Шамам келгенше, солардан қашып, қалаған рөлдерiмде ойнауға тырыстым. Одан бағым соншалықты жанбады. Алдымызды болжай алмаймыз. Мүмкiндiк болса, арман-қиялымдағы ойнайтын рөлдер жетедi. Соның бiрi – осы Әлихан Бөкейхановты ойнау. Бәлкiм, сонда өз рөлiмдi тауып, актер бақытына бөленермiн. 
– “Аманат” неге Астана, Алматы не Шымкентте емес, Ақтауда қойылып жатыр?
– Негiзi “Аманат” былтыр, жазылған жылы қойылуы керек едi. Яғни, бабамыздың 150 жылдығында. Амал не, ұлт көсемi Бөкейxановтың мерейтойы жетiм қыздың тойындай жұпыны өттi. Жазғанымды екi-үш театрға ұсынып та көрдiм. Ешқайсысы селт етпедi. “Нартай Сауданбекұлы? Кiм ол?” деген шығар. Мейлi. Өкпем жоқ. Ал Ақтау қаласында қойылуының себебi — театр басшылығы мен ұжымы жаңашылдыққа құмар. Үнемi iзденiс үстiнде жүредi. Батыл, батырлығы және бар. Бiздiң буын. Үндес қаламгер. Шығармалық еркiндiктi қадiрлейтiн, iзденiстi серiк еткендер. Бар себебi осы. 
– Әңгiмеңiзге рақмет. Iсiңiзге сәттiлiк!

Сұхбатты жүргiзген Руслан ЕРБОТА

Түп-нұсқадағы тақырып: "Әлихан Бөкейханов туралы 25 жылда бiр пьеса жазылған жоқ"

"Жас Алаш" газеті


0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5347