Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 21645 0 пікір 16 Ақпан, 2017 сағат 13:19

БОТАЙ – ЕЖЕЛГІ АДАМДАР ҚОНЫСЫ

Көкшетау өзінің сұлулығымен барша жұртты тәнті етсе, оның батыс бөктерінде қазақ үшін ерекше қастер тұтатын  бабаларымыздың ежелгі қонысы – Ботай ескерткіштері де әлем ғалымдарының назарын аударғалы қашан. Бұл қорымның әлемге «Алтын адам» сыйлаған ескі  Есік қаласының тарихи жәдігерлерінен еш кенде түспейтін сипат-сырлары жетіп жығылады. Себебі, алтын киімді ханзада қазақтың түп-тамыры тереңде жатқан халық екенін айдай әлемге паш етті. Біздің өркениетті ел болғанымызды жаңағы Ботай қорымынан табылған жәдігерлер де растай түседі.

Көкшетау тауымен  барып тұтасатын Айыртау сілемдері тарихтың небір сырларын өзіне жасырып тұрғандай көрінеді. Ғұн мен сақ бабаларымыздың ат тұяқтары тиген бұл өңір ежелгі дәуірлерден елес береді десек еш қателеспейміз. Біздің ұлы бабаларымыздың ұшы-қиыры жоқ сайын далаға алғаш аттың дүбірін естірткенін осы жазиралы аймақтағы ежелгі Ботай қорымы өзінің қойнына жасырып, тұмшалаған жәдігерлерімен әлдеқашан дәлелдеген.

Қорымның жер қойнына жасырған тылсым сырлары  ойыңды сан-саққа жүгіртеді екен. Осындайда Ботай қорымы бізге несімен қымбат деген сауал төңірегінде де ойға берілгендей боласың.  Енді бір сәт тарих қойнауына көз салып,  зерделеп көрейікші. Шынымен, Ботай қорымы жайлы алғашқы тарихи деректер бізге қашаннан белгілі болды?  Жергілікті тұрғындардың айтуынша,  сонау жетпісінші жылдары осы қонысқа жақын жерде ағып жатқан Иман-Борлық өзенінің жағасында ойнап жүрген балалар сүйектен, тастан және балшықтан жасалған бұйымдарды тауып алады. Ежелгі дәуірге жататын бұл бұйымдардың ол кезде ешкім байыбына бара қоймаған еді. Жергілікті мектептің директоры, тарих пәнінің мұғалімі Есләмбек Зәкәрияұлы бұл заттарды Көкшетау қаласындағы тарихи-өлкетану мұражайына тапсырады. Бірақ, ол дәл сол сәтте тарих оқулығынан күнде көріп жүрген ежелгі адамдардың құрал-сайманына ұқсас бұл жәдігерлердің ертеңгі күні баға жетпес құндылық болып, археология ғылымында тағы бір жаңалықтың ашылатынын ескермеген еді.

Арада біраз жыл өткен соң Көкшетау мұражайынан бұл жәдігерлерді көрген Қызылжар педагогика институтының жас ғалымы В.Зайберт дереу ат басын Ботайға бұрып, арнайы экспедиция ұйымдастырды. Ол сол сәтте ғалым атаулы таңғажайып жаңалық ашу үшін қолына шырақ ұстап, дүниені кезетінін, бірақ, сол жаңалық  дәл аяғының астында жатқанын ескермейтініне таңқалған еді.

Қараңғы түнекте шырақсыз жоқ іздеген адамның күйін кешкен ол ақыры Ботайды төрткүл дүниеге мәлім етті. Сөйтіп, әлем «Ботай мекенін» белгісіз ғалым Зайберт арқылы алғаш  рет естісе, ал, Зайберттің ғылыми ортадағы есімі де  осы  тарихи жаңалық негізінде биіктерге көтерілді.

Бүгінде Ботай ЮНЕСКО-ның тізіміне алынып, мұнда табылған археологиялық жәдігерлер саны 120 мыңнан асты. Ең бастысы, қазақтың ежелгі халықтардың бірі ретінде жылқыны бағзы замандарда-ақ қолға үйреткендігін айғақтайтын жәдігерлердің біз үшін құндылығы зор. Жылқының қадір-қасиетін дәл біздей жетік білмесе де, қымызына дейін  патенттеп иемденіп жатқанда, мұндай жағдайларға біз Ботайдан табылған тарихи жәдігерлеріміз арқылы ғана  тойтарыс бере алатынымызды ескерсек дейміз.

Кешегі кеңес заманындағы сыңаржақ саясаттың салдарынан қазақты өз терең тарихы, тамыры жоқ халық етіп көрсетуге тырысушылық белең алды. Тіпті, сонау Шыңғыс ханның шапқыншылығынан кейін қазақтың ұлыс-тайпаларымен құрылған Алтын орда сияқты мемлекеттердің  Ресейді өзіне бағынышты еткенін былай қойып, одан әргі  ғұн мен сақтың да қазақтың арғы бабалары екендігін жоққа шығарушылық ешқашан бәсеңдеген емес. Ал, енді жылқыны біздің бабаларымыз  алғаш қолға үйреткен деген ғылыми тұжырыммен орыс ғалымдарының келісе қоюы екіталай еді. Содан да болар біздің қаншама асыл құндылықтарымыз шаң басқан мұрағат сөрелерінде қалғаны.

Осы тұрғыда батыс ғалымдарына қарыздар екенімізді ұмытпағанымыз абзал. Тоқсаныншы жылдары Кембридж университетінің профессоры Маршал Левине бастаған ғалымдар Ботайға арнайы келіп, өз зерттеулерін жүргізген-ді. Көп ұзамай ағылшынның «Би-Би-Си» телекомпаниясының журналистері қазақ жеріндегі ежелгі адамдар қонысы жайлы деректерді айдай әлемге паш етті.

Өткен ғасырдың аяғындағы шетел ғалымдарының бұл зерттеулеріне әлемнің жиырмадан астам елінен келіп қатысқан  ғалымдар тобының тұжырымы соңғы нүктені қойды. АҚШ, Англия, Германия, Қытай және Иран ғалымдары сол жолы Ботай мәдениеті жайлы тарихи деректерге негізделген  пікірлерін білдірді. Осылайша жер астынан табылған адам мен жылқының сүйектерін, қымыз ішетін ыдыстарды терең зерттеп, адамдар бұл өлкеде 5300 жыл бұрын өмір сүрді деген тұжырымды шегелеп айтты. Ал, жылқының қолға үйретілгенін былай қойып, оның өз тамағын қар астынан өзі тауып жейтіні ғалымдардың одан әрі қызығушылығын тудырған еді.

Міне, Ботай қорымы жылқы мен адам арасындағы байланыстың жұмбақ күйінде қалған тұстарын ашуға негіз қалады. Расында да, бұл тарихтағы таңғажайып жаңалықтардың бірі еді. Қазақ пен жылқыны бір-бірінен бөліп қарау еш мүмкін емес. Басқа халықтардай емес, қазақтың жылқыны аса қастер тұтатынының да астарында осы жайлар жатқанын аңғарамыз.

Ендеше, Ботай біз үшін ежелгі адамдар қонысы ғана емес, төл тарихымыздағы сабақтастықты төрткүл дүниеге жарқыратып шығарған құнды ескерткіш  те болып табылады. Батыс ғалымдарының бұл айтқан пікірлеріне сүйенсек, тіпті, ежелгі өркениеттің бір діңгегі – Грекияның өзі жылқыны біздің бабаларымыздан әлдеқайда  кеш қолға үйреткенін дәлелдей түседі. Өзіміздің кішкентайымыздан оқып, түйсінген Гомердің еңбектерінде айтылатын «Кентавр» деген мифологиялық бейненің астарын ұғып, түсінсең, адам мен жылқы арасындағы байланысты да ұғуға болады. Егер тарихқа жүгінсек, біздің қаһарман бабамыз – Еділ (Атилла) патша грек жеріне жаугершілік жорықтар жасағанын білеміз. Еділге дейін де байырғы қазақ жерін мекен еткен ұлыстардың гректердің талай апшысын қуырып, ежелгі өркениеттің астан-кестенін шығарғанын жоққа шығара алмаймыз.  Ендеше, жылқыны жаратып мінген көшпенділердің «ежелгі адамдар» еліне жорық жасағанын ондағылар қалай қабылдады екен?!

«Кентаврдың» тууы да осыдан емес пе екен!? Себебі, «Кентавр» – денесі жылқы, басы адамның мүшесінен жаратылған мифтік образ. Ежелгі гректер  ол кезде жылқыны қайдағы бір хайуан  ретінде ұғынып, ал, оны ерттеп мініп, найзасын шошаңдатқан адамды алғаш рет көрсе, бұл «құбыжықты» «Кентавр» демей, не десін. Демек, «Кентаврдың» пайда болуына  жылқыны ең алғаш қолға үйреткен біздің қаһарлы бабаларымыз емес деу еш қисынсыз.

Жылқының адамның ең алғашқы серігі болғанын растайтын тағы бір тұжырым бар. Ол батыс ғалымдары ортасында жаңағы Еділ патшаның Европаға алғашқы кресті апарушы деген пікірдің қалыптасуы. Әрине, бұдан Еділ патша шоқынды болды деген ой тумаса керек. Оның апарғаны сол кездегі көшпелі тайпалардың  елдік, рулық таңбасы да болуы да мүмкін ғой. Неге десеңіз, өз арнасын сақ пен ғұннан алатын бүгінгі қазақ руларында креске ұқсас таңба-белгілер көптеп табылады. Мысалы, керей тайпасының таңбасы креске өте ұқсас. Кәдуілгі ашамайдың сұлбасы. Ал, осы тайпаның ашамай деген үлкен бір тармағы тағы бар.

Жалпы, «ашамай» – дегеніміз ердің ең алғашқы нұсқасы дегенді бүгінгі ғалымдарымыз да айтып жүр. Бәлкім, әлі ер жасалмай тұрғанда жылқыны алғаш үйретуші бабаларымыз алдымен ашамайды жасап, ердің орнына пайдаланған да шығар. Олай болса, Еділ патша алғаш жылқы түлігін  қолға үйреткен  елдің  билеушісі ретінде ердің алғашқы нұсқасы – ашамайдың белгісін елдік таңба ретінде апаруы ғажап емес. Әрине, бұл терең зерделеуді қажет ететін  дүниелер.

Осыдан 5-6 мың жыл бұрын бабаларымыздың адамзат өркениетіне тұңғыш көлік құралы – жылқыны әкеліп, бұл түлікті қолға үйреткені шынымен таңқаларлық жағдай. Ендеше, қазақтың қиыр даласының бір төсінде жер-ананың бауырында тұмшаланған ежелгі адамдар қонысы – Ботай қорымы қазақ тарихына осылай даңғыл жол салды.

Біз де осы бір киелі өңірге әр барғанымызда одан үлкен тағылым алып қайтамыз. Енді ешкім де қазақтың шынайы тарихын бұрмалай  алмайтындығы ақиқат. Өйткені, шын тарих оған көнбейді, сол өзі тиесілі халықтың мәңгі еншісі болып қала береді.

Бақыт СМАҒҰЛ

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435