Жұма, 22 Қараша 2024
6029 0 пікір 2 Ақпан, 2017 сағат 09:51

ЖОЛДАУДАҒЫ ҚАТЕ АУДАРМА – ҰЛТШЫЛДЫҚҚА БЕТ БҰРУ

Бұл  жолдаудың негізгі жаңалығы оның Қазақстанды Үшінші жаңғырту жөнінде жаңа міндет қойып, оны қолға алуды ұсынуы болды. Бұл жаңғырудың жолдауда  бес негізгі басымдығы атап көрсетілген, олар келесілер: Бірінші басымдық – экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы; Екінші басымдық – бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту; Үшінші басымдық – макроэкономикалық тұрақтылық; Төртінші басымдық – адами капитал сапасын жақсарту; Бесінші басымдық – институционалдық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты.

Біз өз кезегімізде білім беру саласының маманы болғандықтан төртінші басымдық – адами капитал сапасын жақсартуға қатысты өз пікірімізді білдіргіміз келеді. Президент ең алдымен, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиістігін атап өтеді. Ол елдің негізгі  міндеті – білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру екендігін алға тартады. Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін Президент тарапынан үкіметке тиісті ұсыныстар беру тапсырылды. Атап айтқанда, үш тілді оқуға кезең-кезеңмен көшу мәселесі бойынша ұсыныстар әзірлеу мәселесі басты орынға шығарылды. Президенттің ұстанымына сәйкес, білім беруде қазақ тілінің басымдығы сақталады және әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, бүгінде ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі. Қазіргі кезде 90% ақпарат ағылшын тілінде жарияланады. Әрбір екі жыл сайын олардың көлемі 2 есе ұлғайып отырады. Ағылшын тілін меңгермей, Қазақстан жалпы ұлттық прогреске жете алмайды.

Осы тұста тек бір мәселеге ғана көңіл аударғымыз келеді, яғни ағылшын тілін мектептерге кеңінен енгізіп, болашақ ұрпақтың ағылшын тілін еркін меңгеріп, білімді осы тілде алуына жол ашу расында да ұлттық прогреске қол жеткізуге  жол ашары сөзсіз. Ал, ағылшын тілін үйрету басты мақсат болғандықтан мектептерге үш тілділікті енгізудің қаншалықты тиімділігі зор?  Президент жолдауда нақты көрсеткен қазақ тілін дамыту арқылы ағылшын тілін мектептегі оқу бағдарламасына кеңінен енгізу міндеті – заман талабы болып табылады. Бірақ, осы тұста халқының басым бөлігі қазақ ұлтынан тұратын, жыл сайын елдегі барлық мектеп оқушыларының басым бөлігі қазақ мектептерінде білім алатын елде үш тілділікті мақсатты түрде мектепте енгізудің қаншалықты тиімділігі бар? Біздің ойымызша, еліміздің мектептерінің басым бөлігі қазақ тілінде білім беретіндіктен ондай мектептерде білім алушылардың қажеттіліктерін ескере отырып орта білім мемлекеттік тілде беріліп, ондағы ағылшын тілінің кеңінен меңгерілуіне көңіл бөлінуі қажет сияқты. Яғни, бастауыш сыныптарда білім тек қазақ тілінде беріліп, оқушының өз тілін еркін меңгеріп, дүниені өз тілінде тануына, ұлттық ұстанымының қалыптасуына жағдай жасалуы қажет. Бесінші сыныптан бастап ағылшын тілі тереңдетіп оқытылып, жоғарғы  сыныптарда біртіндеп пәндердің елу пайызын ағылшын тілінде оқыту тиімді нәтиже берер еді.

Сонымен қатар, орыс мектептерінде және өзге де ұлттық мектептерде үштілділік жолға қойылып, оқушыға қазақ, ағылшын тілін өз ана тілімен қатар жоғарғы деңгейде меңгерту мәселесі жолға қойылғаны дұрыс. Бұл өз кезегінде өзге тілде білім алатын жастардың өз тілімен қатар мемлекеттік тілді де еркін меңгеріп, ағылшын тілінде білімін жалғастыруына жағдай тудырар еді. Үштілділік негізінен қазақ еліндегі мемлекеттік тілде білім алмайтын орта мектептер үшін табиғи қажеттілік болып табылады.

Жолдауда болашақ ұрпақ бойында ұлтжандылықты дамытуға да баса көңіл бөлу керектігі айтылған (орысша нұсқасында «патриотизм» ретінде берілген). Дегенмен, патриотизмнің қазақша баламасы «отаншылдық» екенін біле тұра қазақша мәтінде ұлтжандылық ретінде берілуі бізге үлкен үміт сыйлағандай...  Елбасы жолдауынан ұлтжандылық турасында мәселенің (тіпті қасақана қате аударма сипатында да...) орын алуы, осы құжаттың даярлануы барысында бұл мәселенің маңызының артқанына мән берілгендігі деп түсінеміз. Дегенмен, өскелең ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелеу туралы ұсыныс айтылуы әлі де болса биліктің ұлтшылдықтың бүгінгі күні ауадай қажеттігін ашық түрде мойындай алмай отырғандығынан хабар береді.

Мемлекеттің билігінде әлі де болса бұрынғы комсомолдардың отыруы, олардың түсінігіндегі ұлтшылдықтың лениндік түсініктемесі мықтап орныққандығы биліктің әлі де болса ұлтшылдықтан бойын алшақ ұстауға тырысатындығын көрсетеді.

Бүгінгі күні саясаткерлердің ұлтшылдықтан қашып, оған балама етіп алған ұлтжандылық терминінің мәніне үңіліп көрейікші. Ол үшін өзінің ұлтшыл екендігін мақтан етіп, ол жайлы жасырмай айтып, ұлтшылдықтың мәнін түсіндіруден жалықпаған Сәбетқазы ағамыздың пікіріне сүйенгіміз келеді. Ол адам бойынан, әсіресе, қазақ ұлтының өкілі бойынан табылатын үш қасиет - ұлтшылдық, ұлтжандылық және ұлтсыздық туралы өз ойын келесідей өрбітеді: «Ұлтшылдық та, ұлтжандылық та ұлтсыздыққа қарағанда  өрелі қасиет. Бірақ, шынайы ұлтшылдыққа не жетсін! Өйткені ұлтсыздықта (мәңгүрттікте) сатқындық бар, ұлтжандылықта жалаң сезім басым да, ал ұлтшылдық болса, бірбеткей саяси категория, өрелі де көшелі философиялық ұғым, езілген ұлттардың жарақатының дауасы, шипасы. Ұлтшылдық құлаққа қанша жағымсыз естілгенімен, ол ғылым шеңберіне сыймайды. Ол – ілім. Ұлтжандылық адам біткеннің баршасында бар болса, ұлтшылдық зейінді, алды-артын болжағыш асыл азаматқа ғана тән қасиет екенін баса айтқанымыз жөн. Ұлтжандылық ұлтшылдықтың баламасы емес. Ұлтшылдық әлеуметтік заңдылықтар тоғысқан ілім де, ұлтжандылық – түптеп келгенде қос жастықты шынтаққа басып қойып, қаймақ қатқан қарсақ жон күрең шайды сораптап ішіп, сары самаурынның жанында бәйбішесі мен бала-шағасының ортасын ойып отырып, ұлт туралы, қазақ халқының арман- мүддесі туралы сөз бастауға әлде сәнді бөтелке толған дастархан басындағы бейпіл әңгімеге  саяды, ұлт үшін аса керек насихат, уағыз ешкімнің басын ауыртпайтын күңкілге айналады. Саяси әрекетпен астаспаған, өзінің ұлты үшін, елі мен жері үшін, бала-шағасы үшін ешқашан саяси әрекетке бастамаған адам ұлтжандылық сипатта ғана қалады (Ақ Атай. Ұлтсыздық, ұлтшылдық һәм ұлтжандылық.// Қазақ әдебиеті, 10 сәуір, 1998 ж., 8 б.). Ол ұлтшылдық сезімнің ұлтты ұлт ретінде сақтап қалатынын, ұлтшыл азаматтар ұлттың ядросы екендігін, сондықтан ұлтшыл адамнан қорықпай, оны ұлтшылдығы үшін құрметтеу қажеттігін, сондай-ақ мемлекеттің тетігін ұстаушы азаматтардың бойында, ең құрығанда, ұлтшылдықтың ұшқыны болуы қажеттігін алға тартады. С.Ақатай мемлекет басшысының басқа көршілес елдің басшысының тізгінінде кетіп, ізбасар інісі  болғаны намысымызға тиеді, қазақтың ұйықтап жатқан ұлтшылдық сезімін қоздыра түседі. Ұлтжандылықты Қазақстанның тағына президентіміздің шапан жамылып, қамшы ұстағанынан емес, оның күнделікті саясатынан бағамдап отырсақ дейміз» - деп ұлтшылдық пен ұлтжандылық туралы ойын тұжырымдайды (С.Ақатай. Ұлтшыл болу ұят па? // Жас қазақ. 24 маусым, 1992 ж., 5 б.). Дегенмен, бағамдай қарасақ, ұлтжандылық ұлтшылдыққа бастайтын баспалдақ  қызметін атқарады, кез-келген уақытта нақты жағдайға байланысты, бағыттайтын идея негізінде ұлтжанды адамның ұлтшылға айналу мүмкіндігі зор.

Жалпы алғанда, қоғамда көзқамандар мен ұлтсыздар сұранысқа ие болып, ұлтшылдар биліктің есігінен сығалай алмай қалған тәуелсіздік жылдарындағы орын алған көптеген жағдайлар түптің түбінде ұлтқа жаны ашитын адамдардың ғана мемлекетке адал қызмет істей алатындығын дәлелдеп бергендей. Көптеген ірі жобалар мен өміршең идеялардың жүзеге асырылуы нақты лауазым иелеріне тікелей байланысты екендігі, ұлт мүддесіне қызмет ететін адамдардың ғана қолына түскен мүмкіндікті өз пайдасына асырмайтыны орын алған көптеген даулы оқиғалармен дәлелденді. Сондықтан, ендігі жерде мемлекеттік аппараттың шешуші тетіктерін өзге тілде ойлайтын, әлемдік деңгейде тұжырым жасайтын, мықты мамандарға емес ұлтына жаны ашитын ұлтшылдарға беру басты мәселеге айналды. Әрине, ол үшін ұлтшылдықты қоғамда жағымды категория ретінде насихаттап, қоғамның ұлтшылдарға деген оң көзқарасын қалыптастыру керек. Сонымен қатар, ұлтшылдықты лозунг ретінде ұстап, әсірешілдікке бой алдырып, көзбояушылыққа айналдырмаған да жөн.

Ұлтсыздық, ұлтын қорсыну, ұлттық құндылықтардан жеріну ұлттық идеологияның жоқтығының салдарынан орын алуда. Жекелеген адамдардың өз тілінен безінуі, өз ұлтын жек көруі, ұлт болашағынан түңілуі, өз болашағын өз елінен жырақтан іздеуі және т.б. үйреншікті жағдайға айналды. Көпшілік қарапайым адамдар осылайша өз ұлтынан безінуін елдегі сыбайлас жемқорлықпен, заңсыздықтармен және өзге де жағымсыз жағдайлармен байланыстырады. Ал, түптеп келгенде сол жағымсыз жағдайлардың орын алуы да ұлттық идеологияның, мемлекеттегі билік тетігін ұстаған адамдардың бойында ұлтшылдықтың болмауының салдары екендігі көпшілікті ойландырмайды. Яғни, ұлтсыз адамның жеке басының, отбасының мүддесін бәрінен жоғары қоятындығы, жеме-жемге келгенде ұлттық мүддені жеке, кландық, топтық мүдде жолында оңай құрбан ететіндігі қаперге алынбайды. Ал, нақты бір өкілеттіктерге ие болған тұлғаның ұлтына жаны ашыса өз мүддесін ұлттық мүдде жолында оңай құрбан ете алатындығына мән берілмейді. Бұл өз кезегінде ұлтшылдықтың ғана мемлекет үшін көп мәселені шеше алатындығын көрсетеді.

Қоғамдағы ұлтшылдық деңгейін көтеру, адамдарды ұлттық тұтастыққа ұмтылдыру үшін арнайы тетіктер қарастырылып, нақты шешімдер қабылдануы қажет. Болашақ ұрпақтың бойындағы ұлттық сезімді оятып, ұлттық мүддеге қызмет етуді дәріптеу мемлекеттің болашағының басты кепілі болып табылады. Билікке келетін жаңа буынның бойында ұлтшылдық дәнін егу арқылы ғана болашақ үшін алаңсыз болуға болады. Мемлекет билігі тарапынан ұйымдастырылатын әртүрлі мерейтойлар мен бір реттік шаралар, көрмелер, олимпиадалар, съездер, симпозиумдар мен конференциялар және т.б. жекелеген азаматтар бойындағы ұлтқа жанашырлықты, отаншылдықты дамыта алмайды. Ол үшін нақты нәтижеге бағытталған жүйелі жұмыс жүргізілуі тиіс.

Соңғы жылдары ұлттық тәрбиенің насихатталмауы, ұлттық сананың дамуына көңіл бөлмеу жастар арасында ұлтжандылықтың да төмендеуіне алып келгені жасырын емес. Сондықтан, мектеп қабырғасында ұлттық құндылықтарды дәріптеп, оқушылардың бойында ұлтжандылықты дамыту үшін олардың ең алдымен өз тілін толық меңгеріп, өз тілінде ойлана алуына жағдай жасау қажет деген пікірдеміз. Жалпы жас ұрпақ бойындағы ұлтжандылықты дамыту үшін оған берілетін ұлттық тәрбиеге баса назар аудару қажет. Ұлттық тәрбиенің отбасылық сипатының қазіргі замандағы жаһандану үрдісіне байланысты өзгеріске ұшырауы ендігі жерде бұл мәселенің шешілуіне мектептің үлесінің артуына алып келді. Осы тұста мектептегі ұлттық педагогиканың үлесін арттыру шараларын қолға алу мәселесі орын алуда. Бұл үшін ұлттық тәрбиенің мектепке бейімделген жаңа бағдарламасын жасап бекіту, жаңа концепциясын жасау қажет. Бастауыш мектептегі бағдарламаға ұлттық таным сабақтарын енгізіп, мектептің алғашқы төрт жылында ұрпақ бойында ұлттық тәрбие іргетасын қалау керек. Біздің пікірімізше, мектеп бағдарламасындағы «өзін-өзі тану» және «дүниетану» пәндерінің негізінде жаңа «ұлттық таным» пәні жасақталса, оның берері мол болар еді. Жалпы алғанда, болашақта ұлтқа жаны ашитын азамат тәрбиелеп шығару үшін ең алдымен ол адамның ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, өз ұлтының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын толық меңгерген, өз тілінде ойлайтын адам болып қалыптасуына назар аударған жөн. Бастауыш мектепте баланың дүниетанымы қалыптасып,  өз тілін меңгеруі, адами құндылықтарының түзілуі орын алады. Ал, бастауыш мектепте балаға өзге тілді, өзге мәдениетті насихаттау - оның ұлттық санасының қалыптасуына нұқсан келтіру болып табылады.  

Әрине, кезекті жолдаудың әдеттегідей сауатты, жоғарғы деңгейде жазылғаны анық, ендігі басты мәселе – онда айтылған мәселелердің жүзеге асырылуы. Ал, жүзеге асырудың басты кепілі ұлтшыл мемлекеттік қызметкердің қарасының көбеюі болып табылмақ!

Есбол Өміржанов  

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1456
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3219
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5273