Сенбі, 12 Қазан 2024
Мәйекті 4538 0 пікір 26 Қаңтар, 2017 сағат 12:14

ЖАНҰЗАҚ ӘКІМ. ҚАЗАҚСТАН ҚАЙ КЕЗДЕ ДАМЫҒАН ЕЛ БОЛАДЫ?

«...ХХІ ғасырда әділетті әлемдік жүйеге негізделген,

алдау мен жауапкерсіздігі жоқ

жаңа экономикалық модель керек.

Н.А. Назарбаев

Қазақстан экономикасы негізінен шикізат және аграрлы-индустриальдық бағыттағы дамушы ел. «Жаңа индустриальдық елдер» қатарына дамушы елдердің тек 5% ғана өтуде. Ол топқа Оңтүстік Корея, Сингапур, Малайзия, Гонконг, Тайвань т.б. елдер жатады. Олардың ішінде  Сингапур мен Малайзия ғана 20 жылда алдындағы жүзден астам елдерді басып озып дамыған елдер қатарына кірді. Бүгін Сингапур дамыған елдердің алғашқы ондығына кіреді.

«Қазақстан-2050» стратегиясы – ол «жаңа индустриальдық елдер» қатарына кіруді міндет еткен бағдарлама, яғни осы жоба сол стратегияны жүйелі, жан–жақты және қарқынды іске асыратын оның идеологиясы. Сондықтан, сол стратегияны іске асырып ақпараттанған экономика құру үшін инновациялық экономиканы дамытып, қоғамды әлеуметтік-экономикалық модернизациялайтын тактикалық міндеттері болып табылады.

БҰҰ–ның белгілі бір мемлекетті «жаңа индустриальдық елдер» қатарына кіргізетін талаптарының методикасы төмендегідей:

- әр адамға шаққандағы жалпы ішкі өнімнің мөлшері;

- экспортқа шығаратын өнеркәсіп өнімдерінің мөлшері және оның жалпы экспорттағы үлесі;

- экономиканың орташа жылдық өсу қарқыны;

- шеттен келетін тікелей инвестицияның көлемі;

- өңдеу өнеркәсібінің ЖІӨ-дегі үлесі (ол 20%-дан жоғары болуы керек).

Жоғарыдағыларды ескеріп, Халықаралық Адам институты (ХАИ) әлемдік нарықта бәсекелі жаңа индустриальдық стратегия дайындады. Оның негізгі міндеті үнемдеудің жоғарғы нормасы мен инвестицияға қол жеткізу, экономиканы экспортқа бағыттау, нарық капиталының ашықтығы, макроэкономикалық тұрақтылық, ұлттық валютаны АҚШ долларына таңу (привязка), экономиканың өсуін мемлекет жағынан ынталандыру арқылы оның тұрақты дамуына қол жеткізу және ұлттық экономиканың әлемдік нарықта бәсекелестігін арттыру болып табылады.

Бұл стратегияны іске асыру үшін келесі міндеттер орындалуы керек:

- қазіргі өнеркәсіпті және инфрақұрылымды, оның ішінде ақпараттық-коммуникация технологиясы саласын модернизациялау арқылы қалыптасқан даму моделін тез қарқынды даму жолына өзгерту;

- адам ресурстарының сапасын көтеру және оны дамытуға тұрақты инвестиция тарту;

- ғылым мен технологияны дамытатын жеке кәсіпкерлікті дамытуға көмек беру;

- жергілікті халықтың менталитеті негізінде отандық экономиканы басқару моделін дайындау;

- қаржылық бақылау, экономиканың банк-қаржы саласындағы мерзімі өткен қарыздарды реттеу, капиталдың келуіне мониторинг жасап бақылау орнату арқылы кәсіпорындарды реформалап, бұл саладағы саясатты өзгерту;

- шағын және орта бизнесті және ұлттық компаниелерді дамыту;

- сапасы халықаралық стандарттарға сай өнім өндіру мен қызмет көрсетуді іске асыру;

- мемлекет пен жеке сектор арасындағы қарым қатынастың ашық болуын қамтамасыз ету.

Бұл мақсаттарға жету үшін жоғарғы технологиялық сапалы өнім шығаратын инновациялық идеяларды дамыту арқылы экономика дамуының қарқынын тездету қажет.

Ол үшін үлкен корпорацияларда алдыңғы қатарлы жаңа әдістерді енгізу сол салалардағы алдыңғы қатарлы жетістіктерді мониторгтеу, жағдайдың өзгеруіне байланысты жоспарларға өзгеріс енгізіп, әрқашан жоспарды нақтылап отыру және бәсекелестердің алдын орап отыру.

Бұл«жаңа индустриальдық жоба» қазіргі іске асып жатқандардан келесі параметрлермен өзгешеленеді:

Көп еңбек пен капиталды қажет ететін шикізат экономикасынан, ғылым мен жаңа технологияға бағытталып, ақпарат пен коммуникация жетістіктеріне негізделген жаңа индустриальдық саясатқа өту. Ақпараттық технология мен инфрақұрылымды дамыту негізінде қалыптасқан инновациялық экономиканың өсу моделі қоғамдық өндірісті түпкілікті өзгертеді. Қоғам, ресурс шығынды және ресурс үнемді технология арасындағы қатаң таңдаудан «ресурсы лимиттенбеген» ақпараттық экономикаға өтеді. Осындай өзгерістер ғана Қазақстанның «жаңа индустриальдық ел» (ЖИЕ) қатарына жақындатады және оның дамыған қоғамға өтуін қамтамасыз етеді.

Ол үшін келесі қадамдарды іске асыру қажет:

А. Инновациялық экономикаға өтетін тиісті заңдар мен заңнамалық актілерді қабылдау арқылы экономиканы  диверсификациялау;

Ә. Ірі өндіріс аймақтары мен кенорындары жанынан салалық инновациялық кластерлер қалыптастыру. Мысалы, Атырау мұнай өңдеу зауыты жанынан  мұнай өңдейтін және сервистік шағын және орта бизнес кластерін құруға болады;

Б. Трансформацияның, немесе өтпелі экономиканың басымды салаларының келесі міндеттерін шешу:

Біріншіден, біркелкі экономикалық дамуды қамтамасыз ететін шешімді іздеу трансформацияның негізгі міндеті болып табылады. Ол үшін жоғары қосымша құнды өндіріс өнімдерін өндіруді көбейту қажет. Отандық нарық жүйесінің ерекшелігі мен экономиканың өсу моделін трансформация тұрғысынан қайта қарау;

Екіншіден, сыртқы қарыздар мәселесін шешу;

Үшіншіден, экспортқа бағытталған модельдің өсуін іске асыруда жетістіктерге қол жеткізу. Оған импортты алмастыру, елдің артықшылық жақтарын түпкілікті сараптау, қаржы көздерін толықтыруды мобилизациялау, экспорттық бағдарламаларды қолдау, инвестициялық ахуалды жақсартуға жағдай жасау, ғылыми-технологиялық зерттеу мен жоғары сапалы мамандар дайындайтын салаларда ұзақ мерзімдік саясат жүргізу, азық-түлік қауіпсіздігі мен әлеуметтік-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету т.б. Бұл жерде дамуды қамтамасыз ету үшін екі модельді пайдаланған тиімді. Мысалы, экспортқа бағытталған модельді басқа елдерден келетін сондай өнімдерден жоғары сатыдағы кедендік қорғауды қамтамасыз ету мен   импортты алмастыру элементтерін үйлестіру;

Төртінші, елге, оның үкіметі мен кәсіпкерлігіне деген сенімді әрқашан қолдап отыру. Ондай мақсатқа қол жеткізуді көп жағдайда аймақтардағы кәсіпкерлерге белгілі дәрежеде еркіндік берумен қатар орталықтанған басқару қамтамасыз етеді. Бұл жерде әлеуметтік-экономикалық саясаттың негізгі элементтерін генерациялау және жаңа реформалардың немесе екі ұшты бастамаларға кепіл болу арқылы салалық компаниялардың көпшілігін тікелей бақылауда үкімет негізгі рөл атқарады;

Бесінші, телекоммуникациялық және көлік инфрақұрылымын жетілдіру;

Алтыншы, ірі корпорацияларда қолданатын алдыңғы қатарлы ғылыми әдістерді пайдалану, болашағы зор бағыттарға тиянақты мониторинг жүргізу, мұқият жоспарлау, жағдайдың өзгеруіне байланысты жоспарды уақытылы өзгертіп, бәсекелестерден бұрын қимылдау. Мысалы,  қаржыны технологияның басымды салалары - биотехнология, компьютер өнеркәсібі, арнайы химикаттар шығаратын өндіріс және сервис салаларына салу;

Жетінші, Қазақстанды халықаралық инновациялық, зерттеу мен өңдеу (разработка) базасына айналдыру және елді «цифрлық технология аймағына» трансформациялайтын операциялық орталыққа айналдыру;

Сегізінші,талантты ұрпақ, "Е" буынының өкілдерін  тәрбиелеу және интеллектуальдық ұлт қалыптастыру;

Тоғызыншы, ұлттық мәдениет салаларын дамыту. Қазақстанға келетін туристердің санын екі есеге өсіру;

Оныншы, ауыл шаруашылығын жоғарғы рентабельді және экспортқа бағытталған салаға айналдыру;

Он бірінші, жергілікті халықтың менталитетіне сай экономиканың тиімді моделін қалыптастыру;

Он екінші, көмірсутегі, су және басқа табиғи ресурстарды консервациялау.

Елдің бәсекелестігін қамтамасыз ететін негізгі фактор адам капиталын (бұдан әрі АК) дамыту, яғни креативті мамандар, білім, интеллект, сапалы және жоғары өнімді еңбек пен өмірдің жоғарғы сапасына қол жеткізу;

Қоғам дамуының көрсеткіші ретінде БҰҰ елдегі адам дамуы көрсеткішінің жиынтығы - Адам даму индексін (АДИ) қолданады. АДИ азаматтардың денсаулығының ахуалы, білім алу деңгейі мен нақты табысынан тұратын үш негізгі бағыттағы жетістіктерді көрсетеді:

- сәби дүниеге келгеннен бастап күтілетін оның денсаулығы мен өмір ұзақтығы;

- үлкендердің сауаттылық деңгейімен өлшенетін және біліммен қамтылған барлық тұрғындардың коэффициентінен тұратын білімге қолжетімділік;

- әр адамның АҚШ долларына шаққандағы сатып алу мүмкіндігінің паритеті(САМП) бойынша Жалпы Ішкі Өнімнің (ЖІӨ) көлемімен өлшенетін бақуатты өмір деңгейі. Бұл индекс бойынша Қазақстанның 2011 жылдан бергі әлем елдері ішіндегі даму көрсеткіші 68-69 орындарда. АДИ үш индексінің ішінде Қазақстанның білім саласындағы көрсеткіші алдыңғы қатарда. Одан төменірек - өмір ұзақтығы индексі және ең төменгі көрсеткіш –ол әр тұрғынның табыс индексі.АҚШ-тағы адам капиталына (АК) бөлінетін жиынтық қаржы ЖІӨ 26%-ын құраса, Қазақстанда - 9%. Өмір деңгейі бойынша Қазақстан 2012 жылы әлемдегі 144 елдің ішінде 46 орынға тұрақтады.

АК дамыту елдің тұрақты дамуын қамтамасыз етеді және ол, біріншіден, технологияны дамытудың есебінен еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді, ал ол өз кезегінде елдің бәсекелестігін қамтамасыз етеді, екіншіден, - ол таусылмай, жаңарып отыратын ресурс, сонымен қатар, болашақ ұрпаққа жиналатын капитал.

Адам капиталының жағдайына әсер ететін факторлар

Адам капиталын жан-жақты дамытып және елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін Институт (немес ІІН) Қазақстанның үш ұлттық Академиясы мен 4 жетекші университетін және құрамында әлемнің 3,5 мың атақты ғалымдары (оның ішінде ТОП-500 және 87 Нобель сыйлығының лауреаттары) істейтін Әлемдік инновациялық Қор (әрмен қарай WIF) пен әлемдегі ТОП-50 технологиялық компанияларын біріктірді.

Форбстың дерегі бойынша WIF ғалымдары соңғы жарты ғасырда әлемдегі ғылым, технология, инновация және экономикадағы жаңалықтардың 70%-ын ашқан. Бұл қордан шыққан мамандар әлемдегі екі мыңнан астам компаниялардың басшысы немесе бас менеджерлері болып жұмыс істейді.

Жоба «Қазақстан-2050» стратегиясындағы 8 басымды салалардан тұрады.

Қазақстандағы адам капиталын дамыту бағыттары мен оны іске асыратын ғылыми мекемелер мен компаниялар.

Жоба білім, ғылым, медицина, рухани-гуманитарлық саламен қатар инновацияны енгізу механизмдері, ақпараттық-коммуникациялық жүйе, агроөнеркісіптік комплекс, экономиканы басқарудың жаңа жүйесі сияқты салалардан тұрады.

АК мен жоғарғы технологияларды дамыту инновациялық экономикаға көшуді іске асырудың және жаңа индустриальдық қоғамға өтудің нақты қадамдары болып табылады. Экономиканың бәсекелестік басымдығы мен оны моденизациялау мүмкіндігі жиналған және іске асқан адам капиталымен анықталады. Қоғамдағы технологиялық, экономикалық және әлеуметтік модернизацияның мүмкіндігі ондағы адамдардың білімі, кәсіпкерлігіжәне мамандығының деңгейімен анықталады. Жаңа индустриальдық қоғамға өту жағдайында индустриаландыру жалғаса береді. Дамыған елдер өнеркәсіп өндірісін дамыта береді және оны жаңа өзгерістерге байланысты модернизациялап отырады. Ол АК дамытудың базасы және шарттары болып табылады және негізгі капиталды екінші сатыға ығыстырмай, олар өзара бірін-бірі толықтыру арқылы дамиды. Ақпараттық-индустриальды қоғам қалыптастырудағықоғамдық даму прогрессі осы екеуінің синтезінен құралады. Индустриальдық және жаңа индустриальдық қоғам арасында нақты шегара жоқ, олар бірінен екіншісіне біртіндеп өтіп отырады.

Инновациялық кластерді комплексті дамыту

Инновациялық кластер келесі кезеңдерден тұрады:

1. Университеттер;

2. Іргелі және қолданбалы ғылымдар;

3. Инновация және технология (КБ, технопарктер…);

4. Қаржы-кәсіпкерлік бөлімдер (банктер, венчурлікқорлар, делдалкомпаниялар…);

5. Индустриальдық комплекстер.

«Елдің жаңа индустриальдық стратегиясын» іске асыру үшін Институт,

WIF, әлемнің ТОП-50 технологиялық компаниялары, университеттер, ҒЗИ, Ұлттық компаниялар, технопарктер т.б. Халықаралық инновациялық Орталық құрады.

Инновациялық кластердің алғашқы төрт сатысын (университеттер, ҒЗИ, КБ, технопарктер) комплексті шешу мақсатында Институт үш бағытта жүргізуді көздейді және оны іске асыру механизмдері:

А. WIF ғалымдарын «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде оқитын магистранттар мен докторанттарға ғылыми жетекші етіп тағайындау. Осы уақытқа дейін батыстың университеттерінде оқыған болашақтықтар, енді сол және басқа алдыңғы қатарлы университеттер мен ғылым орталықтарында WIF ғалымдарының шәкірттері ретінде білімдерін жетілдіреді. Осы уақытқа дейін шетелде оқыған жүз мыңдай қазақ жастарының, оның ішінде он мыңдай болашақтықтардың ешқайсысының WIF ғалымдарының шәкірттері болмағаны белгілі. Бұл бағдарлама бойынша магистранттар мен докторанттар «Болашақ» халықаралық Орталық бағдарламасы» АҚ қаржысына білім алатын болады. Алдағы 2-3 жылда бұл бағдарламаға қосымша қаржы бөлу қаралмаған. WIF, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі бекіткен магистранттар мен докторанттар дайындау бағыттары бойынша әлемнің 3500 белгілі ғалым-профессорларының, негізінен ТОП-500-дің ішінен жетекшілер таңдайды. Бұл, Қазақстан білімі мен ғылымының сапасын жаңа сатыға көтеретін қадам болмақ;

Келесі бағыт–ол WIF ғалымдарын жоғарғы оқу орындарына (ЖОО) шақырылған профессорлар ретінде университеттердегі білім сапасын арттыру. Ол профессорлардың лекциялары қашықтықтан оқыту арқылы барлық университеттерге тарайды және олар ашқан лабораторияларда (кафедра) яғни оқу орындарының қабырғасында магистранттар мен докторанттар дайындайтын болады.

Бұл механизм университет ішінде кафедралар мен факультеттер арасында пайда болған бәсекелестік, келесі кезеңде білім сапасы мен мамандар дайындаудағы университетаралық бәсекелестікке ұласады. Тәуелсіздік жылдары елде батыс үлгісіндегі ашылған үш университет (ҚИМЕП, ҚБТУ и Назарбаев университеті) жоғарғы білімнің сапасын жүйелі түрде өзгерте алмайды. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, мысалы 20 жылда университеттері әлемдегі алдыңғы қатарлы жиырма оқу орындарының қатарына кірген Малайзияның тәжірибесі, бізге барлық университеттердің сапасын бір уақытта жақсарту арқылы ғана 2030-2032 жылдары әлемдегі 20-25 оқу орындарының қатарына кіруге болатынын көрсетеді.    

Бағдарламаны іске асыруға үш түрлі қаржы көздері қаралған:

  1. Шетелдік профессорларды шақыруға бөлінетін бюджет қаржысы;
  2. Университетке қажетті мамандар дайындауға және ғылымды дамытуға бөлінген қаржыға WIF профессорларының басшылығымен оқу орнына қажеттімагистрант-докторанттар дайындалып, жаңа лабораториялар ашылады;
  3. Университеттердегі білім мен ғылымды дамытуға тартылатын инвестиция.

Жоғарыдағы шаралар университеттердің жауапкершілігінарттырып, білім сапасын жақсартуға ынталандыратын мүмкіндік туғызатын болғандықтан – оны оқу орындарын аттестациялау шарттарына енгізу қажет. ҚР БжҒМ мен университеттің қажеттілігіне байланысты мамандықтар бойынша Институт пен WIF ел ішінде және шетелде дайындалатын магистранттар мен докторанттарға ғылыми жетекшілікке және ғылым мен технологияны дамытуға профессор-мамандарды таңдап алады.

Бұл жұмыстың кестесі осындай: бірінші жылы-15-20, 2-3 жылдары – 55-60, 4-5 жылдары - 75-80 негізгі университеттерді WIF профессорларымен қамтамасыз ету. Ірі университеттерді 7-10, орташа университеттерді – 4-6 және шағын университеттерді - 2-3 WIF-тің профессорымен толықтыру көзделген.

Келесі кезеңде университеттердің инновациялық жобаларын немесе мемлекет бағдарламасы бойынша инновациялық кластерге кірген жобаларды іске асыру үшін ТОП-50 компаниямен құрған біріккен кәсіпорындар инновациялық экономиканы қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Бірінші кезеңнің алғашқы 2-3 жылында 13-15, 2020-2021 жылдары ТОП-50 компаниемен бірге 30-35 кәсіпорын ашу көзделген. 2024-2025 жылдары әлемдегі TOП-100 технологиялық компаниелермен (ТОП-50 соның ішінде) 15-17, 2028-2030 жылдары 35-37,яғни барлығы тоқсандай біріккен кәсіпорын құру көзделген.

Бұл жобаларды іске асыру үшін «Бәйтерек» холдингі, «Даму» АҚ, отандық банктер бір жағынан, Институт, WIF  и ТОП-50 + (50) екінші жағынан бірігіп Инновацияның менеджменті  және  кәсіпкерліктің ІТ (ақпараттық- технология) Орталығы  (Орталық) және Инновациялық қор құрады. Бұл екі құрылым біріккен кәсіпорындардың инновациялық жобаларын іске асыратын қаржы операторы болады. Сонымен қатар, инновациялық кластерге қатысатын біріккен кәсіпорындар мен компанияларды дамытуға мемлекеттің, инвесторлар, банктер, қорлар т.б. қаржы көздері тартылады.

IV. Ғылым, технология, дәстүрлі ұлттық мәдениет үйлесім тапқан және интеллектуальдық ұлттың ядросын құрайтынжаңа творчестволық топтан тұратын жан-жақты дамыған азаматтар ғылым, инновация  және интеллектуальдық салаларды дамыту арқылы елді заманауи  технополиске айналдырады. Қоғамдағы барлық өндіргіш күштердің ішінде ғылым мен технология ғанажылына 30-33% өсім береді. Дамушы елдердің ішінде осы салаларды уақытында қолға алғандары (5%) жаңа индустриальдық қоғамға өтсе, қалғандары бұрынғы деңгейде қалуда. Инновациялық экономикаға өту, елдің индустриальдық-инновациялық дамуын орташа 1,6-2,0 есе тездетеді. Ол үшін алдымен ғылымға бөлінетін қаржыны 2017-2018 жылдарыЖІӨ-нің3,0%-на, одан арғы бес жылда 5%-ға жеткізу қажет. Электрондық және энергияны үнемдеу технологияларын пайдалану өндірісте, тауар экспорты мен импортының шығындарын 50%-ға дейін төмендетеді.

V. Институт серіктестерімен бірге Қазақстанның инновацияны дамыту бағдарламасын іске асыру мақсатында ЭКСПО-2017 көрмесінің тұрақты павильоны ретінде жұмыс жасайтын «Халықаралық инновациялық парктің» (ХИП немесе Парк) жобасын дайындады.

Ұлттың жоғары мәдениеті, сапалы білім мен ғылым және дамыған адам капиталы қоғам дамуының және инновациялық экономиканың негізі. Бұл жоба интеллектуальдық ұлт қалыптастыруға арналған.

ХИП бойынша төрт миллиондай оқушылар, колледж бен университет студенттері, ұстаздар, ғалымдар, инженерлер мен дәрігерлерді қашықтықтан оқытып халықаралық стандарттарға сай сертификаттар мен дипломдар беру көзделген. Сонымен қатар, ХИП-те қашықтықтан оқыту арқылы әлемнің алдыңғы қатарлы университеттерінде 2020 жылға дейін он мыңдай студенттерді оқыту және болашақта халықаралық деңгейдегі 600 ғалым, оның ішінде 300 математиктер дайындау жоспарланған. Яғни, Парк елдегі халықтың 25-26% құрайтын, оның белсенді және өнімді бөлігі – оның болашақьағы адам капиталын толық қамтиды.

Сонымен қатар, Институт ХИП жобасын іске асыру мақсатында WIF, ТОП-50 инновациялық компаниялар, елдегі жетекші ҒЗИ мен университеттер, Байқоңыр ғарыш айлағы, Курчатов Орталығы, «Казатомпром» АҚ т.б. тартыпбаламалы және жаңарып отыратын энергия көздерін зерттеп-ендіруді, кванттық технология мен инновациялық экономиканыдамытуды жоспарлады.

Одан басқа ХИП бойынша елге жаңа технологияны, алдыңғы қатарлы инновациялық және білім беретін жобаларды трендтеп, оларды университеттер мен индустрияға енгізу және оларды жетілдіріп, отандық тауар ретінде реэкспорттау («technology transfer») көзделген.

ХИП-та ашылатын Green Sciences Park АСТАНА ЭКСПО-2017-нің мәңгі символы болмақ.

Сонымен қатар, бұл Парк арқылы әрқашан да Қазақстанның, Ұлттық компаниялардың, бизнес құрылымдардың, отандық мәдениеттің  жетістіктерін халықаралық деңгейде жарнамалу жоспарланған.

«Астанада өтетін ЭКСПО республиканың инновациялық дамуына жаңа серпін береді», деп Елбасы атап өткендей, ЭКСПО-2017 аясында атқарылатын міндеттері мен шешетін мәселелерінің ауқымы жөнінен әлемде баламасы жоқ Халықаралық инновациялық Парк жобасының іске асуы инновациямен қатар, адам капиталын жан-жақты дамытып жаңа индустриальдық қоғамға өтуге мүмкіндік береді.

VI. Қазақстан экономикасы моделінің негізі мемлекеттік реттеудің  белсенді араласуымен бәсекелестік жағдайында жүретін нарықтық қатынастар (заманауи мемлекеттің «100 қадамына» сай) болып табылады.

Ол үшін мемлекет өз функциясын дамыған елдердің (ОЭСР)стандарттарына сай, қоғам алдында есеп беру, ашықтық, бюрократизация мен реттеуден (регулирование) кету ұстанымымен және сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрес жағдайында әлеуметтік-демократиялық модельге өтудің институциональдық реформа жасау болып табылады.

VII.Экономикалық саясаттың негізі жұмыссыздықты жою және табысты теңестіру болып табылады.

Бұл мақсаттарды іске асыру үшін жеңіл несие беретін әртүрлі бағдарламаларды (арнайы займдар беру, несиені сақтандыру, субсидия бөлу т.б.) дайындап енгізу, банк жүйесіндемонополизациялау, шетелдік банктер жүйесін көбейту (мысалы, Сингапурдағы 122 банктің 116-сы шетелдік), шағын және орта бизнеске, «өз күндерін көріп жүргендерге», ауыл тұрғындарына және кедейлер мен тұрмысы орташаларға арнап ислам банкингін енгізу қажет.

Ішкі нарықтың тарлығын ескеріп, тауар өндірушілер мен оны экспортайтындарға арналған жеңілдіктер жүйесін дайындап экспортқа бағытталған модель жасау қажет.

Бұл жерде жеңілдікті өнеркәсіп өндірісінде шығарған өнімнің 25%-дан астамы шетке сатылатын және оның жылдық құны $100 мың болатын фирма пайдалана алады.

VIII. Шағын және орта бизнес пен технокәсіпкерлікті дамыту

Қазіргі банк жүйесі шағын және орта бизнеске (ШОБ) серік бола алмауда. ШОБ-тың экономикадағы үлесі 22% (дамыған елдерде 50%-дан астам). ШОБ-қа серіктес болып қарайтын қатынас қалыптаспаған, яғни ислам қаржы ұстанымына сай істейтін банктер жоқ болғандықтан шағын бизнестің ортаға, оның ірі бизнесе өтуіне мүмкіндік жасалмаған.

Ислам жүйесіндегі банктің болуы микроқаржыландыруды қамтамасыз ететін қолайлы жүйе және кедейшілікпен күресетін тиімді құрал болар еді.

ШОБ құрып кетпес үшін және шағын және орта бизнесті қолдау қорының шенеуніктеріне тәуелді болмау үшін пайызсыз несие беретін банк жүйесі қажет. Эконмиканы саласындағы ислам моделіне сыбайлас жемқорлық, алдау, табысты жасыру, салықтан кету және басқа қылмыстық әрекеттер жат. Бұл модельдің қызықтыратын жері–ондағы материалдық пайда мен рухани құндылықтардың үйлесімінде. Ол жүйеде ресурстар табыстың нормасына бағытталу арқылы потенциалы нарықпен неғұрлым оң бағаланатын экономиканың секторына айналатын ұстанымға негізделгендіктен, тезірек ислам экономикалық моделіне көшу қажет.

Капиталға тікелей араласуды өз ақшасымен қаржыландыру ислам экономикалық жүйесінің негізі болып табылады және ол жерде қаржы жүйесінің тұрақты болғаны маңызды.

Ислам қаржы жүйесі (ИҚЖ) нақты өндіріске инвестициялаумен байланысты болғандықтан, оны қаржы дағдарысы және дефолттан қорғайды. Ал, әлемдік қаржы жүйесіндегі негізгі активтердің тек бес пайыздайы ғананақты ақшамен (валюта) бекітілгендіктен ол әртүрлі дағдарыстарға ұшырайды. Бұл жағдайда барлық ақша трансациясының 95% таза спекулятивті болғандықтан, ол коммерциялық саудаға жатпайды.

-  ИҚЖ бірінші кезекте қажетті тауар шығаратын және базисті қызмет көрсететін салаларға акцент жасай отырып экономиканың барлық салаларын біркелкі несиелеуді ұстанады;

- инвестициялық шешім қабылдағанда, әсіресе  басқа кәсіпорындардың жарғылық капиталына араласқанда басымдылықты ұзақ мерзімдік қаржыландыруға береді.

- ИҚЖ экономиканың барлық саласын үйлесімді қамтамасыз ететін және экономиканың маңызды элементі болып табылатын шағын бизнесті дамытуға көп көңіл бөледі;

- Әлеуметтік жауапкершілік және қайырымдылық ислам қаржы институты жұмысының міндетті шарты болып табылады;

- Инвестициялық саясаттың үйлесімділігі, өндірісті белсенді қаржыландыру және банк қызметінің тартымдылығы арқасында ислам қаржы жүйесі іштен жаңарып отыра алады және ол оның өміршеңдңгңн көрсетеді.

Отандық кәсіпкерлікке ИҚЖ келесі жақтарымен пайдалы:

-банк жүйесінің пайызсыз моделін жасап, енгізу өз кезегінде шағын бизнесті ортаға және орта бизнестің ірі бизнеске айналуына, яғни бизнесті дамытуға мүмкіндік ашады және ШОБ-тің зкономикалық қатынасқа түсетін басқа субьектілермен серіктес болуына жағдай жасайды;

- әкімшіліктің бизнеске қысым көрсетуі мен әлеуметтік жауапкершілікке мәжбүрлеуді жойып, бизнестің жұмысына мемлекеттің араласуын шектейді, сыбайлас жемқорлықпен күресу арқылы компанияның ашық болуын қамтамасыз етеді;

-адалдық, тазалық, ұқыптылық, материалдық пайда мен рухани құндылықтарды ұштастыру сияқты этникалық нормаларды және кәсіпкерлік құрылымдарда әлеуметтік-жауапкершілікті қалыптастырып, дамытудың тірегі болады;

-бұрынғыдан әділетті, демократияланған және үйлесімді қоғамдық жүйенің жұмыс істеп және дамуына, қоғам мен экономиканың әлеуметтік қажеттілігін қамтамасыз етуге кәсіпкерлікті бағыттау;

-бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруда әлемдік тәжірибеге, әлеуметтік жауаркершіліктің халықаралық стандарттарына, этникалық, пайызсыз модель мен серіктестік арқылы экономиканы басқарудың жүйесінебағытталу.

 

IX. Ұлттық компанияларды дамытып, оларды трансұлттық компанияларға (ТҰҚ) айналдыру.

Ол үшін Үкімет экономиканың басымды салаларында істейтін Ұлттық компанияларға кенорындарын сатып алуда, шетелдік және басқа компаниялардың акцияларын (үлесін) алуда жеңілдік жасайтын шаралар қабылдап, мүмкіндік ашуы керек және олардың ел ішіндегі және шеттегі халықаралық жобаларға қатысуына белсенді саясат жүргізуі қажет.

 

Жаңа индустриальдық қоғамға өту келесі кезеңдерден тұрады:

-Қазақстан оның бірінші сатысын өтуде, яғни ол экономикада қалыптасқан мұнайгаз секторын, мұнайхимия, түсті және қара металлды, энергетиканы, астық шаруашылығы және басқа қолжетімді салаларын дамытуда. «ЭКСПО 2017»қорытындысы бойыншаэкономиканың басымды бағыттарын қайта қарап өзгеріс енгізу қажет: ол жерде 5-6 жоғарғы рентабельді бағыттарды тағдап, соларды дамыту қажет;

-2025-2027 жылдары елдегі технология жаңа сапаға көшкенде (2-ші кезең)жоғарыда таңдалған 5-6 бағыттың ішінен халықаралық нарықта жақсы көрсеткіштерге жеткен 3-4 саланы таңдап, оларды әрмен қарай дамыту қажет.

Ол салалар әлемдік нарықта өз орындарын тапқан кезде (3-ші кезең) инновациялық технология өз мақсатына жетеді. Ол кезде экспортқа бағытталған жоғарғыы технология өнімдерінің үлесі 45-50%, ел ішінде қолданатын отандық технологияның үлесі 70%-ға дейін көтеріледі.Импортталатын машин, құрал-сайман және технологияның үлесі 40-45%-ға кемиді.

Жоғарыдағы өзгерістер экономикадағы келесі көрсеткіштерге қолжеткізеді:

-экономиканың технологиялық уклады инновацияға өзгереді;

-ЖІӨ-нің жылдық өсімі орташа $85-90 млрд болады;

-ЖІӨ орташа 8-10 жылда екі еселеніп ел экономикасы тұрақты дамиды;

-2032-2033 жылдары елдегі адам капиталының үлесін 65-70%-ға жеткізіпбәсекелес өмір салтын қалыптастыру;

- инновациялық кәсіпорындар мен инновациялық өнімдердің үлесін 70%-ға жеткізу.

Бұл жобаның негізгі бөлімдерінің тұсаукесері ҚР үкіметі жанындағы салааралық ғылыми-техникалық комиссияда, «НұрОтанның» фракциясы мен Қазақстан Республикасы Парламентінің біріккен отырысында, «НұрОтанның» эксперттер Кеңесінде, Индустрияны дамыту министрлігі мен Білім және ғылым министрлігі т.б. ведомстволарда жасалып, қолдау тапты.  

Abai.kz

 

 

0 пікір