Жексенбі, 17 Қараша 2019
2740 0 пікір 25 Қаңтар, 2017 сағат 22:00

А.МҰХАМЕДИҰЛЫ: БІЗ САЛЫСТЫРУ ПСИХОЛОГИЯСЫНАН АРЫЛУЫМЫЗ КЕРЕК

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қазақстандық жас әнші Димаш Құдайбергеннің халықаралық сахнадағы қол жеткізер жаңа жетістіктерінің ауылы алыс емес деген сенімде. Төмендегі сұхбатында министр қытайлық Хунань провинциясында өтіп жатқан танымал «I am a singer» телевизиялық музыкалық-вокалдық конкурсындағы Димаштың жетістігі жөнінде өз пікірін білдірді.   

 Арыстанбек Мұхамедиұлы, Димаш Құдайбергенді Қытай ғана емес, бүкіл әлем таныды. Қытай елінде өткен Димаштың конкурстық видеосы көрсетілім саны бойынша рекордтық мәреге жетті...

– Бұл үлкен жетістік. Мен көптеген конкурстардың, оның ішінде 2015 жылы өткен «Славян базарының» лауреаты Димашымыз үшін өте қуаныштымын. Димаш шығармашылық отбасында дүниеге келіп,  музыкалық ортада тәлім-тәрбие алды. Сондықтан, оның табысы кездейсоқ емес. Димаштың ата-анасы Қанат пен Светлана Айтбаевтар – Қазақстанда ерекше сый-құрметке ие өнерлі отбасы. Қанат Айтбаев – танымал әндердің, оның ішінде Астана туралы әннің авторы. Қазір ол Ақтөбе облысының мәдениет басқармасын басқарып отыр, әкімшілік жұмыстарды да табысты атқарып жүр. Ал, Светлана Айтбаева тамаша әнші, жұбайы екеуі дуэт болып, үлкен сахналардан да көрінуде.

Димаш бірегей музыкант, әрқашан ізденіс үстінде. Қазір біз оған арнап опералық бағдарлама дайындап жатырмыз, оны Димаш симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен орындауды жоспарлап отыр.  Болашақта Димаш үлкен жетістіктерге жетеді деп сенемін. Оны әлемдік сахналардан көріп, «Мынау біздің Димаш Құдайберген ғой» деп мақтанышпен айтатын боламыз.

 Бұқаралық ақпарат құралдары Димашты ресейлік әнші Витаспен салыстырып жатыр.

–  Мен Витастың шығармашылығына үлкен құрметпен қараймын, ол ұзақ уақыт бойы Қытайда тұрып, өнер көрсетуде. Алайда, Димаш Құдайберген – еліміздің бірегей жас дарыны. Ол Ақтөбе музыкалық училишесін аяқтаған, қазір Астанадағы Қазақ Ұлттық Өнер университетінде білім алуда. Димаш - жан-жақты дайындығы жетіліп келе жатқан әнші. Мен оны бірнеше жылдардан бері  білемін, оның  дамып, жетістіктерге жетіп жатқанының куәгерімін. Белсенді түрде көмек көрсетудеміз. 

Ол жоғары ноталарды еркін алатындықтан оны басқа әншілермен салыстырудың қажеті жоқ. Димаш біреуге еліктегендіктен жоғары ноталарды алып отырған жоқ. Оның дауыс диапазоны кең әрі ашық, ол төмен таза ноталарға да оңай бара алады. Димаш Құдайберген екінші Витас емес. Бұл Бурабайды Швейцариямен теңестіргендей. Біз салыстыру психологиясынан, өзімізді екінші орынға ысырудан арылуымыз керек.  Әрине, Швейцария көз тартарлық сұлу мемлекет, бірақ Бурабайдың қайталанбас өз ерекшелігі бар. Бір кездері біз ЮНЕСКО делегациясын қабылдаған болатынбыз, шетелдік қонақтарды Бурабайға апардық. Делегация мүшелерінің бірде біреуі Бурабайды екінші Швейцария деп атамады. Шетелдіктер Бурабайдың бірегей табиғатына тамсанды, оның көркемдігі мен ғажаптығына таңданыс білдірді.

Кейбіреулер Геннадий Головкинді басқалармен салыстыру арқылы оны екінші орынға қойып отырғандарын түсінбейді. Геннадий - кәсіпқой бокс әлемінде өзіндік ерекше орны бар боксшы.

–  Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан - Нұрзат Тоғжан

Abai.kz

 

0 пікір