Бейсенбі, 7 Қараша 2024
Талдау 5912 0 пікір 25 Қаңтар, 2017 сағат 13:54

ЕРЛАН ҚАРИН: ҚАЗАҚСТАН БІТІМГЕРЛІК МИССИЯСЫН НАҚТЫ ІСПЕН ДӘЛЕЛДЕДІ

Алты жылда ауызбіршілікке келе алмаған Сирияның қазіргі билігі мен оппозициясының мәселесін Астанада талқылаған жиын өтті. Жиынға Сирияның қазіргі билеушісі Башар Асадтың жақтастары мен олардың негізгі оппоненттері қатысты. Әуелі Сириядағы қанқасапты толық немесе уақытша тоқтату мәселесі сөз болды. Алайда екі күнге созылған талқы ақталып, тараптар бітімге келе алмады. Бұл туралы түрлі әңгіме де болды. «Астанадағы кездесулердің не керегі бар еді?» деген пікірлер де айтылды. Осы және өзге де мәселелерді қайыра еске ала отырып, сараптау үшін біз Президент әкімшілігі жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қаринмен сұхбат жасағанды жөн көрдік.

 

- Әуелі Астана процессі туралы айтайықшы. Екі күн қатарынан келіссөздер жүргізген тараптар, жабық есік жағдайында өткен отырыстан шыққан бетте бір-біріне дүрсе қоя берді. Бірлі-жарым келісімдер болғанымен, негізгі миссия орындалмады. Қалай ойлайсыз,  жиын нәтижелі болды ма?

- Мен нәтижелі болды немесе болмады деп айта алмаймын. Себебі,  әу бастан «Астанадағы процесстерде барлығы жиналып келіп, Сириядағы жанжалды тоқтатудың жолын бірден табады, соғысты тоқтата салады» деген болжам болмады. Астанадағы келіссөздер бұл Женевадаға келіссөздердің алдындағы маңызды рөл атқаратын жиын ретінде қарастырылды. 5-6 жылда Сирияның оппозициялық қарулы тобы мен Сирия Үкіметі өкілдері алғаш рет бетпе-бет келіп, бір жерге жиылды. Осының өзі нәтиже.  Егер алғашқы жиында-ақ, тараптар ымыраға келеді десек, асыра айтқан болар ек. Бірақ, кешегі қабылданған бірқатар құжаттар болған кездесудің нәтижелі аяқталғанын көрсетеді. Себебі, бұнда кездесулердің аяғына дейін жетпей үзіліп қалуы немесе тараптардың бірі кездесу залын тастап кетуі секілді жайттар болмады. Ал, бұндай жәйттің ықтималдылығы жоғары еді. Көргеніңіздей жиынға қатысушы тараптар келіссөздің соңына дейін отырды. Түркия, Ресей және Иран үш жақты ортақ мәлімдеме жасады. Осы үшеуі Сириядағы бейтарап аймақтарда оқ атпауды бақылайтын механизм жасайтын болды. Сондықтан Астана кездесуі сәтсіз деп айта алмаймын. Әрине, толық шешім шықпады. Ең бастысы, Астанадағы кездесулер жалпы Сириядағы процесстерге, онда тұрақтылықты орнатуда жаңа серпін бергені сөзсіз.

Өзіңіз басы-қасында жүрдіңіз,  бұл Сирия билік өкілдері мен оппозиция арасындағы талқы ғана емес, оған кепілдік жасап, бақылаушы ретінде қатысып отырған үш жақтың ортақ келіссөздері болды. Оған БҰҰ Сирия мәселесі жөніндегі өкілі Стеффан де Мистура мырза да қатысты. Астанадағы отырыс алдағы уақытта Женевада өтетін кездесулердің нақты күн тәртібін айқындауға мүмкіндік берді.

- Дегенмен, кеше Сирияның оппозициялық қарулы тобының жетекшісі Мұхаммед Аллуш мырза, келіссөздер оң нәтиже бермесе, соғысты жалғастыра беретінін, ал тағы бір оппозиция өкілі Яхия әл-Ариди келісімге қол қоймағанын айтты.

-Бұндай пікірлер Сирияда қалыптасқан әскери жағдайларға байланысты болды. Әрине, күні кеше ғана қару асынып жүрген тараптардың өкілдері есіктен шыға сала, «біздің көңіліміз толды, келістік» дей салмайды. Келіссөздер аяқталған жоқ. 6 ақпанда  Женевада кең форматта үлкен кездесу болады.  Бұл бейбіт келіссөздердің басы ғана.  Тараптар келесі келіссөздерде ұтымды позиция жасау үшін, ықпал ету үшін  Астанадағы жиында айтылғанның бәрін ескереді.  Анығырақ айтсақ, екінші жаққа қысым жасау үшін жоғарыдағыдай мәлімдемелер жасала береді. Егер келіспеген болса, келіссөздер залын тастап кетер еді. Бірақ, барлығы соңына дейін қатысты, шыққан соң әр қайсысы әр түрлі пікір айтты. Себебі олар саяси қарсыластар емес. Бұлар қарулы, әскери қарсыластар. Бұлар 5-6 жыл бойы бір-бірімен соғысып жүрген адамдар. Астана процесіне қатысқан сириялық 15 оппозициялық топ 15 қарулы жасақпен келді. Әрбір топта ең аз дегенде 1200-4000-ға дейін,  ең үлкен дегендерінде 40 мыңға дейін әскер бар. Былайша айтқанда содырлар.

- Сирияның билік өкілі Джафар әл-Башари Астанаға келген оппозиция өкілдерінің қатырында террористер де болғанын атап өтті. Расында, террористердің өкілін мәмілеге шақыру – тәуекелдің тәуекелі емес пе? Бұл қауіпті процесс қой...

- Бұны Сирия үкіметінің өкілі айтып отыр. Әрине, ол Сирияның оппозициялық топтарын мойындағысы келмейді. Бұл енді Сирияның ішкі қарама-қайшылықтары. Оны тәптіштеп айтып жатудың қажеті шамалы. Сондықтан Сирия билігі олардың бәрін террористік ұйымдар деп атайды. Бірақ, бұл кездесуге қатысып отырған топтарды – Халықаралық ұйымдар, оның ішінде БҰҰ да бар,  «сириялық оппозициялық топ» деп мойындайды. Еегерде  ол жерде «Джебхат ән-Нусра» секілді ұйымдардың өкілдері болса, әрине, онда әңгіме басқа.  Екіншіден, сириялық оппозициялық күштер, бірыңғай ұйым емес.

- Астанадағы келіссөздерге де әр топ өз ұстанымдарымен келгенін көрдік.

- Бұл – әр түрлі саяси платформадағы, саяси ұстанымдағы қарулы топтар. Бұл – шартты жиынтық.  Бұлардың бірі сунниттік топтар, енді бірі жихадистер... Халықаралық ұйымдар «террористік ұйым» деп таныған топтар Астана процесстеріне қатысқан жоқ.

- Неге Астана? Сирия халқының басындағы ахуалға байланысты саяси шолулармен шғылданатын мамандардың сөзіне қарағанда, Астана мен Женева келіссөздерінің айырмашылығы жер мен көктей көрінеді. Шыныда, Женевада саяси мәселелер сөз болса, Астана қанды қырғынды тоқтатуды алдыңғы орынға қойып отыр. Бірақ, біз бұл процесске тіпті бақылаушы болып та қатыспадық. Бастамашы - Түркия мен Ресей. Бақылаушы - БҰҰ мен АҚШ. Бізге бұдан қандай пайда болды сонда?  

- Бұл оқиға өте маңызды екенін естен шығармайық. Біз әуелі бұл процесстің ауқымын түсініп алайықшы.  Меніңше дәл осы оқиғаға қатысты дұрыс түсінік болуы керек. Бұл үлкен маңызға ие. Біріншіден, Сирия дағдарысы жекелеген аймақтық кикілжің емес. Халқаралық қауымдастықтың назарын аударып отырған мәселе. Сирия дағдарысы бұл тек қана Сирияның емес, Ирактың да бірқатар территориясын қамтып отыр. Ирак қазір кем дегенде 30 пайыз ықпалынан айырылды. Ол жерде әлемнің көптеген елдерінен содырлар бар.  Сондықтан бұған тек Қазақстан немесе кепіл болып отырған үш мемлекет қана емес, күллі дүниежүзі көз тігіп отыр. Халықаралық масщтабтағы талқы.

Сириядағы содырлар халықаралық құрамда. Ондағы радикалды ағымда жүргендердің 3/1-і Орталық Азия мен Ресейден келген азаматтар. Онда Қазақстан азаматтар да аз емес.

- Сіз Сириядан елге оралған содырлармен кездесіп жүресіз ғой...

- Рас, олармен кездескенде маған не үшін барғандарын айтады. Олардың барлығы десек те болады,  саяси күштердің идеологиясына алданып қалғандар. Жаза басып, бөтен миссияның ойыншығы болғандар. Кейін өздерінің қателіктерін түсінгендер.  Сондай содырлардың қатарында әлі қанша қазақстандық жүр...

Дұрыс айтасыз, біз ұйымдастырушы емеспіз. Біз диалог орнату алаңы ғана болдық. Бұнда талқыланған ең бір өзекті мәселе – қанқасапты тоқтату. Сосын – азып-тозған Сирия жұртына Халықаралық ұйымдар тарапынан гуманитарлық көмек жеткізуді қамтамасыз ету. Бұл – ең басты миссия еді.  Кеше БҰҰ өкілі Стеффан де Мистури мырзаның өзі де айтты ғой, «бейбіт адамдардың өмірін сақтап қалуға алғашқы қадамдар жасалды» деп. Бұл –мұсылмандық тұрғысынан да сауапты іс. Мейлі азын-аулақ қаржы кеткен шығар. Бірақ, бұл керек десеңіз, Халықаралық ұйымдарға үлгі болды. Қазақстан өзінің бітімгерлік миссиясын нақты іспен дәлелдеді.

 - Осы тұста Қазақстанның географиялық орналасуы да Астананың бітімгерлік алаңы болуына тиімді секілді...

-Тағы бір мәселе, Қазқстан мен ОА өте қиын геосаяси аймақта орналасқан. Бұл жерде Ресей мен Қытайдан өзге Иран, Түркия, Пәкістан секілді аймақтық державалар бар.  Осындай жағдайда Қазақстан үшін 2 жол ғана бар. Біріншісі – саяси күштер есеп айырысатын алаң болу. Яғни, буферлік зонаға айналу. Бұл дегеніңіз – соғыс алаңы болу. Екіншісі – бейтарап бітімгерлік аймақ орнату. Қазақстан осының екіншісін таңдады. Неге біз оны қолдамауымыз керек?!.

- Алайда сириялық саяси күштер нақты кеісіміге келмеді ғой. Есесіне әлемдік БАҚ-тың басты тренді Астана болды. Бұл да өз кезегінде имидждік жоба секілді көрінді...

- Қазақстан үшін, Астана үшін бұл жиынды тек имидждік жоба деп түсінбеу керек. Әрине, шетелдік 300-ден астам БАҚ-тың басты ақпараттық лентасындағы негізгі тренд Астана процессі болды. Мен қарап шықтым, «The New York Times» секілді бірқатар шетелдік басылымдар Астананы нысана етіп алды. Бұл, біріншіден, Қазақстанның субьективті мемлекет екенін, дербес ел ретінде әлемдік деңгейдегі бітімгерлік миссияны орындай алатынын көрсетті.

Сұхбаттасқан Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1101
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2032
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 2018