Бішкекте Boeing ұшағы апатынан қаза болғандар саны 30-дан асты
Turkish Airlines әуе компаниясының ұшағы Бішкектегі Манас әуежайының маңында құлау салдарынан мерт болғандар саны 30 адамға жетті, - деп хабарлайды kaz.tengrinews.kz РИа Новости басылымына сілтеме жасап. Оқиға орнында құтқару жұмыстары ұйымдастырылды.
Оқиға орнына елдің премьер-министрі Сооронбай Жээнбеков және денсаулық сақтау министрі Талантбек Батыралиев келген.
Елдің денсаулық сақтау министрлігі өкілінің сөзінше, қазіргі кезде қайтыс болғандардың нақты саны белгісіз, анықталып жатыр. Жергілікті тұрғындар мен ұшақ экипажын алғанда кемінде 30 адам қаза тапқан.
24kg порталының нақтылауы бойынша, "Манас" әуежай маңындағы ұшақ апатынан төрт ұшқышты қосқанда 32 адам мерт болған. Тағаы сегіз адам, арасында балалар да бар зардап шгіп, ауруханаға жеткізілді. Барлығының жарақаты ауыр және қатты күйік шалған. "Қаза болғандар мен зардап шеккендер туралы ақпарат мұнымен нақтыланған жоқ", - дейді елдің Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі.
Мұның алдында жүк лайнерінің жеке үйлердің үстіне құлауынан 20 адам қайтыс болғаны хабарланған. Олардың арасында балалар да бар делінген еді. Құлағаннан кейін ұшақ өртенгендіктен, дәрігерлер оқиға орнында адамдарға көмектесе алмаған. Қазіргі кезде өрттің ауыздықталғаны хабарланды.
Абай-ақпарат