Соқыр көргенінен жазбас немесе «Орыс тілінде ыңғайлы»
Қазақ тілінің «ауруы» әлі жазылар емес. Біреулер сөйлеуден қашады, біреулер айтудан қашады. Әйтеуір, «қазақша сөйле, жаз» деп әлі ауыз жаппай келеміз. Бұл жолғы ниет те қазақ тілінің хал-жайын білу еді. Жұма күнгі демалысымды пайдаланып, Алматы қаласындағы Түрксіб аудандық халыққа қызмет көрсету орталығын бетке алдым.
Көппен бірге мен де керегімді іздегендей болып, ішке ендім. Ең алдымен залдағы хабарландырулар ілінген қабырғаны шолып шықтым. Жаман емес. Аудармамыздағы ала-құлалық болмаса, біраз нәрсе қазақшаланып қалыпты. Үстелдердегі үлгілер де екі тілде сайрап тұр. Ал қызметкерлер ше? Оны білмек болып, «консультант» жігіттерге жақындадым:
– Сәлеметсіз бе! Мен төлқұжатымды жоғалтып алып едім. Қайтадан жасату үшін не істеуім керек?
Қазақ жігіті жанындағы әріптесіне нұсқады. Не керек екенін жақсы біліп тұрсам да, мұқият тыңдадым. Жолдасына сілтегеніне қарағанда өзінің қазақшасы осал болса керек. Дегенмен досы сыннан мүдірмей өтті.
Қарбалас жұмыс үстінде қызметкерлердің уақытын алуға ыңғайсызданып та тұрмын. «Сұрағаның алдыңнан іздемей-ақ табылар» деген осы шығар. Алдымнан танысым ұшыраса кетті. Жоғарғы оқу орнын кеше ғана бітірген жас маман. Жағдайымызды сұрап болған соң, сұрағымды қойып үлгерейін дедім:
– Мақсат, келушілерге қай тілде қызмет көрсетесіңдер?

– Негізі адамдардың өздері алдымен орысша сұрай бастайды. Сосын біз де орысша жауап береміз. Бірақ бізде барлығы екі тілде де жақсы сөйлесе алады, – деді.
Сөзінің растығына көзімді жеткізейін деп, құжаттарын жинастырып жатқан қазақ апаның жанына бардым:
– Кешіріңіз, сіз құжатыңызды қай тілде толтырдыңыз?
– Орыс тілінде.
– Сізге қазақша нұсқасын бермеді ме?
– Жоқ, маған орыс тілінде ыңғайлы.
Үнсіздік және ыңғайсыздық. Неге? Танысым, әудем жерден «Міне, осылай» дегендей басын қисайтып кетіп барады. Мұхтар Шаханов бір өлеңінде «Мен қыз үшін ұялдым» десе, мен осы сәтте «әлгі апайым үшін ұялдым…»
Орталықтағы әрбір жазуға үңіліп, аралап жүрмін. Көзіме «Қазақ тілі кабинеті» деген оттай басылды. Cолай қарай беттедім. Өкінішке орай 1-қабаттағы кабинет 2-қабатқа ауыстырылған екен. Күзетшілердің немқұрайлылығынан сол күні кабинет меңгерушісін таппай біраз сандалдым да, кабинеттің телефон нөмірін алып үйге қайттым.
Кабинет меңгерушісі Сәуле Әскерқызымен телефон арқылы сөйлесудің сәті түсті. Ол кісі мекемедегі қазақ тіліндегі іс жүргізудің сәтті қолға алынғандығын жаңа басшының келуімен байланыстырады. Ал «Қазақ тілі» кабинеті өткен жылдың қыркүйек айында жұмысын бастапты. Содан бері алдымен көпшілікке арналған ақпараттар қазақшаланып, қазір қызметкерлерді оқыту жүргізіліп жатыр екен. «Қызметкерлердің көбісінің тілі орысша. Бірақ қазір ептеп үйреніп қалды. Аптасына бір рет арнайы маман сабақ жүргізеді. Ақпан айында ашық сабақтар өткізгенбіз. Ол да нәтижелі болды», – дейді С. Әскерқызы. Ал орталықтағы құжаттар тілі туралы сұрағанымда: «Бәрін бірден түзеу мүмкін емес. Бірақ қазірдің өзінде бұйрықтар мен шығыс хаттары 100 пайыз қазақ тілінде» деді сенімді түрде. Демек болашақта тек қазақ тілінде қызмет көрсетулері ғажап емес секілді.
Қаламыздың әр ауданында халыққа қызмет көрсету орталығы бар. Мен бір ғана орталықта болдым. Бір қуаныштысы, мекемеде тілдің жағдайы жақсарып келеді.
Иә, өз тілімізде қажет ақпаратты алатын, құжат толтыратын уақыт жетті. Бұл үшін бізді ешкім жазаламайды. Және оның еш қиындығы да жоқ. Қажет болса оқытады, үйретеді. Тек адамдардың ықыласы мен тілге деген құрметі болса жетіп жатыр. Жоғарыда тілге тиек етілген апамызға ұқсап етектен тарта берсек, оның зардабын тек өзіміз ғана көреміз.
Ақмоншақ Жұмай, студент
«Ана тілі» газеті 28 мамыр 2009 жыл