Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 7500 0 пікір 14 Қаңтар, 2017 сағат 10:22

КӘСІПОДАҚ ЗАҢ БҰЗҒАНДАРДЫ МАРАПАТТАУДАН АРЫҒА БАРА АЛМАЙ ОТЫР

Қазақстанда кәсіподақ мұғалімдерді қорғайтын бірден – бір ұйым саналады. Бірақ  сол кәсіподақ  мұғалімдерді қорғай ала ма? Егер кәсіподақ мұғалім құқығын қорғайтын болса, біз неге көше тазалап, қоқыс жинап жүрміз?

19-мамыр 2016 жылы  мектепке  Қарасай  ауданының  ақсақалдары  келіп, жиналыс ашып, менің тәртібімді қарады. Бұл туралы  Аbai.kz сайтында  «Қарасайлық ақсақалдар ұстазға қысым көрсетті»( http://abai.kz/post/view?id=7969)  тақырыбындағы  мақаладан оқып білуге болады.  

Сол ақсақалдар жиынында «педогогикалық әдеп нормаларын сақтамады» деп мектеп директоры Б.Нүсіпбекова маған ескерту берді. Бұл жайт (http://www.azattyq.org/a/kazakhstan_rights_of_teachers/27784042.html)  Азаттық радиосында «Ақсақалдар ақылын тыңдамаған мұғалімге ескерту берілді»  тақырыбындағы мақалада  баяндалады.

Өзіме берілген тәртіптік шарамен келіспегендіктен сотқа жүгінуге мәжбүр болдым.

5 қыркүйек күні менің талап арызым бойынша  Қарасай аудандық  сотында   шешім шықты. Ол туралы  Аbai.kz, Қамшы.кз, «Азаттық»   радиосы  жазып (http://www.azattyq.org/a/27967250.html) , «31»  арна жаңалықтардан хабарлаған болатын.

Бұл жеңіс – халық жеңісі . Мені сотта қорғап шыққан заңгерлердің жеңісі. Мен үшін сот алдында таңнан кешке дейін сарылып отырған белсенділердің жеңісі. Әр минутты қалдырмай бақылаған журналист қауымның жеңісі. Менің басыма іс түскен күннен бастап  қолдап, тілегімді тілеп  отырған  желі қолданушы халықтың  жеңісі.  

Осы соттың барысында  бар мүмкіндігімді пайдаланайын  деп, өзім 12 жыл бойы жарна төлеп келген  кәсіподаққа хат жаздым.  Кәсіподақтың  Республикалық  төрағасы Амантаева Майра Тұрғанқызынан,  азаматтық іс жүргізу кодексінің  58-бап, 3-тармағына сай менің құқығымды қорғау мақсатында сотқа қатысуларын сұрадым. Маусым, шілде, тамыз айларында  3 рет хат жаздым. Майра Амантайқызы Алматы облыстық кәсіподаққа хат жібергенін айтып жауап жазды.

Облыстық кәсіподақ үнсіз отырды да ,  аудандық кәсіподақ төрағасы Еркін Қойшыбаев мырза 7-шілде 2016 жылы мені аяқ асты келісімге келуге шақырды. Ол жерде 3 сағатқа жуық уақыт отырдым. Сұхбат барысында «сен сеніп отырған халық, желідегілер калян шеккендер, алкаштар, олар халық емес, халықтан әдрем  қалсын» деген сөздер айтты.  Мен табынатын халықты осылай қаралады. Сотта менің құқығымды қорғауға заңгер берген жоқ. Есесіне халық арасынан заңгерлер табылып, Маржан Аспандиярова мен  Ғалия Әженова тегін көмектесті.

Осыдан кейін желідегі жүзге жуық мұғалім  «Қазақстан мұғалімі»  парақшасында , Қарасай ауданының кәсіподақ төрағасы Е.Қойшыбаев мырзаны орнынан алып тастауын сұрап, бұл талаптары орындалмаса кәсіподақ құрамынан шығып кететіндіктерін ескертіп,  Амантаева Майра Тұрғанқызына хат жазды.

Осыған байланысты  «Қазақстандық салалық  білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі атқару комитеті қаулы шығарды.

 

Бірақ өзгерген ештеңе болмады. 26 жыл Қарасай аудандық кәсіподағын басқарған  Е.Қойшыбаев  әлі орнында отыр.

Өзімді-өзім қанша  сабырға шақырғаныммен, халыққа тіл тигізгенін ұмыта алар емеспін.

Осыдан бірер  күн бұрын  Республикалық кәсіподақ қызметкерлері қоңырау шалып , Қарасай ауданына  А.Ж.Омашев  келетінін  айтып , ол семинарда  Е.Қойшыбаевтың  орнынан  кетуін  талап етуіме  болатынын  айтып  ескертті.  Бүгін мен сол семинарда болдым.

Семинар ортасында маған сөз беруін сұрадым. Е.Қойшыбаев мені көрді де сөз берілмейтінін айтты. Мен: «Сөйлеуім керек , облыстық кәсіподақ төрағасы  Омашевқа айтарым бар» дедім.

Қойшыбаев  менің сөйлеуіме үзілді-кесілді қарсы болды.

- Мен кәсіподаққа жарна төлеп отырмын, қалаған жиыныма қатысып, өз ойымды айтуға құқығым бар. Мен сөзімді, сотқа заңгер сұрағанымнан бастадым.  Қойшыбаев тағы да аузыма қақпақ қоя  бастады.  

- Сен ол әңгімені қозғама , шешілді ғой, неменеге сен сондайсың , мені Астанаға шақырды,   ше дабиваеш, артыма түсіп алдың ғой , - деді  Қойшыбаев.  Ол кезде мен әлі ештеңе айтпаған едім. Оның маған сөз бермей, тиісе бастағанына таң қалдым.

- Асан Жұмақанұлы сөзімді аяқтауыма бола ма? - дедім облыстық кәсіподақ төрағасына қарап .

Ол үнсіз, жаз бойы да үнсіз отырып еді, әлі сол үнсіздігі жалғасуда.

- Жоқ , жарыс сөз емес микрофонды өшір, жарыс сөз берілмейді , сұрақ бересің бе бер, елдің басын қатырма, дұрыс па менің айтқаным, дұрыс па, қол көтеріңдер,- деді  Қойшыбаев залға қарап..

Залдың жартысы жарылып ,  шу ете қалды. Семинарда 50-ге жуық мектеп директорлары мен  мектептердің  кәсіподақ  төрағалары және білім бөлімінің өкілдері бар болатын.

- Дұрыс, дұрыс, - деп залдағылар менің  дауысымды естірткісі келмеді ме , шапалақ соға бастады.

Мен кәсіподақтың сотқа қатысуын сұрағанымды, өтінішім қанағаттандырылмағанын айта бастап едім, қолымдағы микрофонымды  өшіріп тастады.   

Залдағылар: «микрофонды тартып алыңдар, сөйлетпеңдер» деп шулай бастады.

 Бәрібір айтқым келгенін айтып қалдым.

Мұғалімдердің Майра Амантайқызына жазған хатын   А.Омашевқа да  тапсырдым. (Хаттың толық нұсқасы Фейсбук әлеуметтік желісінің «Қазақстан мұғалімі»  парақшасында бар)

А.Омашев : «16 қаңтарда бұл мәселені қайта қараймыз» деп қысқа қайырды.

Республиканың мұғалімдерінің жиналып жазған хатында:

Жалпы кәсіподақ мұғалімдер құқын қорғай алмайтын болса «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі Жарғысының 4.11-тармағына сәйкес кәсіподақ құрамынан бастауыш кәсіподақ ұйымына жеке өтініш беру арқылы кәсіподақ мүшелігінен шығуға болатынын ескерткіміз келеді, – депті.

«Ай сайын 1000 теңгені кәсіподаққа төлегенше, қайырымдылық қорына аударғанымыз дұрыс болар» - деген ой келді маған да.

Айтпақшы, жиын соңында Жаңатұрмыс мектебінің бұрынғы директоры  Б.Нүсіпбековаға Е.Қойшыбаев ақшалай  сыйақы мен мақтау қағазын табыстады. Б.Нүсіпбекова жиында болмағандықтан сол мектептің кәсіподақ төрағасына аманат қылды.  Алдағы күндерде Республикалық кәсіподақтан аудан атқамінерлеріне,  атап айтқанда директорлар мен әкімге марапат сұрап отырғанын, жақын күндерде келетінін айтты.

Бір адамның қателігінен алған жазасы, мың адамды қателік жасаудан сақтайды. Е.Қойшыбаевты орнынан алдырғанда табатын ештеңем жоқ, бірақ  кәсіподақтардың заң бұзуына жол бермейтініміз шындық.

Халық – Құдайдың аты. Халыққа тіл тигізу,  кешіруге келмейтін күнә, түзеуге келмейтін қателік!   Кәсіподақ шенділерді марапаттап, заң бұзғандарды қолдаудан арыға бара алмайтынына көзім жетті.  Сенсең халыққа сен, қолдасаң халықты қолда.  Халық аман болсын!

Айман Сағидулла, «Ағартушы» қоғамдық қозғалысының мүшесі,  Жаңатұрмыс мектебінің  мұғалімі

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5456