Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Қоғам 11373 0 пікір 6 Қаңтар, 2017 сағат 13:43

ҚАРИЯЛАРЫМЫЗДЫ «ШАЛ» ДЕП АТАУЫМЫЗ ДҰРЫС ПА?

 «Шал» жайлы бүгінгі ұрпақтың білетіні:

1. «Шал» (каз. Шал, рус. Старик);

2. Шал мен Кемпір (ауыз екі әңгіме де және ертегілерде «Баяғы да бір кемпір мен шал болыпты» деп басталатын ертегіні бәрімізде оқыған болармыз);

3. «Шал мен теңіз» (роман Эрнест Хемингуэй);

 5. Ермек Тұрсыновтың «Шал» атты фильмі;

6. «Шал» ақын. Ақын Тілеуке Құлекеұлының лақап аты;

 7. «Шал» - топономикалық атау;

8. «Шал» - бұйрық рай (аяқтан шал);

9. «Шал» - қариялар жайлы әр түрлі кемсітулер мен жағымсыз анекдоттарға арқау болған жағымсыз «кейіпкер»;

10. «Шал» – шайтанның аты.

Толығырақ тарқатар болсақ:

 «Қазақстанның Шығыс Қазақстан облысындағы Семей қаласында «Кемпір» тауы бар болса, Жамбыл облысындағы Тұрар Рысқұлов ауданы мен Қырғызстанның шекарасында «Шал» тауы бар. Қырғыз Алатауының батысында орналасқан. Осы тау бөктерінен Шалсу өзені бастау алады.

Солтүстік Қазақстан облысында «Шал ақын» ауданы бар. Орталығы Сергеевка деп аталады. 25 жыл бойы қазақша атауын қайтара алмаған болып тұр.

 «Найман Өкіреш Шал. Шежірелердің әртүрлілігіне орай «Өкіреш Шал»  кейде -Тоқпан деген кісінің лақабы. Кейде, Тоқпан-Өкіреш Шалдың ұлы. Өз заманында Өкіреш Шалды - «Ақмырза», «Ақсофы» деп те атапты. Қалай деп атаса да сол шежіредегі «Өкіреш Шал» қазір ең кемі үш миллионға жуық найманның ұлы бабалары, найманның «Өкіреш Шал» тармағының бастауы» (Камал Абдрахманов NaimanKZ  газеті (http://yvision.kz/post/48555().

«Шал Ақын», Тілеуке Құлекеұлы (1748-1819) халық ақыны, Абылай ханның замандасы.

(газеттен (http://www.inform.kz/kz/shal-akyn_a2192486).

Чал (ия, әуелі де осылай айтылған) — өзіміздің төл түркі сөзіміз. Бастапқы мағынасы — сұр; ақ (шашқа қатысты). Шашына ақ түскен адамды чал деген («Керекинфо» газетінен http://kerekinfo.kz/blog/16821.html). Қосарым, Қазақтың төл Алып биінде (Әліппесінде)  «Ч» деген таңба жоқ. Бұл біздің тілімізге орыс отаршылдығымен бірге енген кірме таңба.

«Қаусаған кім-кімгеде қара шалмын.

Кемпірім көңіліме жара салдың.

Өкпелеп теріс қарап отырсаңда,

Мен саған жаңбыр жауса қарасармын!» (І.Қажымұқан «Шал»).

Дереккөзі: https://www.zharar.com/kz/olen/1844-shal.html#read Қосарым: Шал мен Кемпір деген сөзді екеуі біріне-бірі айтса ғана жарасымды болып тұр. Себебі, бұл кемпірінің шалына «Сен дұрыс қартаймадың, Ақсақалды Абыз Ата бола алмадың» деген сыни қалжыңы болса, шалы да одан қалыспай Сенде Пір (ұстаз) бола алмай, бір қайнауың кем болып «Кем Пір» болып қартайдың дегені болып шығады. Екеуінікін де бірін-бірі Адами қасиеттің ең биік шыңынан көру үшін айтылған сыни сөзі десе әдемі жарасып тұрған жоқ па?

Бірақ, бұл Сөзді жастарымыз айтса үлкенді менсінбеген қорлау сөз болып шығады.

Пушкиннің «Балықшы мен балығын» аударған А.Байтұрсынов сол ертегіні қазақшалағанда ондағы ерлі-зайыпты қарттарды былай атайды:

«Теңіздің жағасында кемпір мен шал,

Тұрыпты отыз үш жыл нақ дәлме-дәл».

«Қара тауда қара шал» романы. (Байахмет ЖҰМАБАЙҰЛЫ).

Кемпір-шал шуақ іздеп, бала шулар,

Мал мазатсып, қуанып, аунап-қунап (Абай).

«Кәрілік, шал деген – бір, ат қылғандай,

 Айнадай ақылыңды тат қылғандай» (Шәкәрім).

 «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» (мақал).

 «Заманың шабуылшы болса, қорғаушы болып шал» (Жас Алаш №2 (16084) 12 қаңтар, сейсенбі 2016 жыл).

"Раббың үшін құрбан шал!" акциясына қатыс! - Muslim.kz.

Соңғы үш ғасырға жуық басында патшалық Ресейге, кейіннен Кеңестік қызыл үкіметке бодан болған жылдары ел арасында қарияларымызды «шал» деп атау  дәстүрімізге мықтап  енген. Себебі, бодандық пен Қызыл ұкіметтің сұмпайы саясаты аузы дуалы Қарияларымызды жаппай қырғынға ұшыратып (Алашордашылар), тірі қалғандарын шалға айналдырып жіберді.  Олардың тұжырымында «шал» деген сөз  «Ата», «Ақсақал», «Қария», «Қарт» деген сөздерге тең сыйлы сөздер сапындағы атау деген пікірлер берік орнаған. Бірақ, бұл тұжырым шындыққа еш жанаспайды.

«Алтыға дейін бала ерке, алпыстан кейін шал ерке». Бұл мақалда шалдың  деңгейі ақылы толыспаған балаға теңеліп тұр.

Атам қазақтың аузынан тастамайтын «Бала-шаға» дейтін сөзі бар. Баламыз сірә, ата да емес, аға да емес – кәдімгі бала. Ал шағамыз шал аға, яғни жасарын жасап, асарын асаса да ата болуға жете алмаған адам деген мағына беріп, баладан кейін аталып, дәрежесі баладан да төмен болып тұр.

Шал сөзінің түпкі мағынасы «түнгі төсекке жарамай қалған ер адам» деген сөз (газеттен «Алаш айнасы»).

«Редакциямызға шақыра салып едік, ебелектеп келе қалды шал. Ішіндегісін күбідегі айрандай ақтара салды шал. Пайғамбар жасынан асса да, бала сияқты шал. Бетіндегі әжімі жарасып тұрған шал… Біртүрлі жүрегімізді зырқ еткізді… Қайран біздің шал…» (ЖАЗҒАН: ZHASORKEN.KZ · ҚАҢТАР 14, 2013 жыл).

«Шал» сөзі бұл жерде жас адамның жас үлкенге құрметінің жоқ екендігінен айқын хабар беріп, жасы келген қарияға менсінбеушілік, келеке, келемеж тұрғысында қолданылған. Бұл жерде пәленше деген ағамыз, немесе атамыз келді десе өте жарасымды болар еді.

«Шалдарымыз неге соншама жағымпаз болып кеткен» (газеттен). Шынында да, жағымпаздық үлкен кісілер үшін аса жағымсыз қасиет. Елдің арын арлап, жоғын жоқтайтын Ақсақалды Ата, Абыз Қария болса «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп, ханның алдында да, қараның алдында да әрқашанда сөздің Әділін (ақиқатын) айтар еді. Ел-жұртқа айқын көрініп тұрған жағымпаздық бір ауыз сөздің өзі қарияны әп-сәтте шалға айналдырып жібереді. Демек, әрбір қазақ баласы үшін Ата, Ақсақал, Қария, Абыз атанып әдемі қартая білуден асқан ерлік те, бақыт та жоқ.

«Шал - шайтанның аты» дегенімізде, шайтан мен шал «ша» деген бір түбірден басталып, шал болып қартайған адамның шайтан сияқты, елді аздырғаннан басқа еліне, ұрпағына еш пайдасы жоқ тек қана «ас ішіп аяқ босатар» тірі жан иесі  дегенді білдіріп тұр.  Алжыған шал мәңгі өлмейтін елді аздырушы шайтанмен теңестіріліп отыр. Жарайсыңдар, Аталарым! Даналық деп осыны айт. Қазақ та осыған орай «жын-шайтан» деп қосарланып айтылатын сөз тіркесі бар. Жынның түбірі «ын», ары қарай қын, қынап, яғни әйел адам дегенді білдіреді. Демек, шайтанның тегі әйел. Жын-пері делінетіні де осыдан. Міне біз бұл сөз тіркестерінен «Шалдың» жасына жетпей елі, руы түгілі отбасына да қадірі жоқ, әйелі мен баласының аузына қараған «бишара» адам дегенді білдіріп тұр. Қазақтың «Азғын» деген сөзі де осы мағына да қолданылады. Мағынасы, ешқашан екі сөйлемей, бір ауыз сөзге тоқтайтын  қазақ баласының санасы азып, уәдесінде тұра алмайтын, көп сөзді әйелге айналғаны дегенді  білдіреді. Бүгінгі театр сахнасынан күнде көретін, әйелдің кейпіне енген (әйелдің киімін киіп әйелдің ролін сомдайтын), құлағына сырға салып, басына орамал тартқан, жынысын алмастырған еркектеріміз  бен «қазақтың бір ауыз сөзге тоқтайтын мәрт мінезін» тәрк етіп, билікте жүріп, екі сөзінің бірінде көзіңді бақырайтып қойып өтірік айтатындар осы айтқанымыздың айдай айғағы болмақ. «Ердің екі сөйлегені өлгені» (мақал).

«Ерте, ерте, ерте де, Қаңбақ шал деген шал болыпты. Мал мен басқа зар болыпты. Кедейліктен шықпапты. Ол ау салып, балық ұстап, тамақ асырапты. Жел соқса, шал домалап жөнеледі екен. Содан оған Қаңбақ шал деп ат қойылған екен» деген ертегіден «Шал» деген ұғымның әлеуметтік дәрежесінің қандай деңгейде екенін айқын көреміз. Егер де «шал» деген сөздің дәрежесі Ата, Ақсақал, Қариямен тең болатын болса, онда біз Оларға да «ұшарын жел, қонарын сай» білетін «Қаңбақты» қосақтап Қаңбақ Ата, Қаңбақ ақсақал, Қаңбақ қария деген болар едік. Демек, Шал деген ұғымды Ата, немесе Қариямен бір деңгейде деп айтуға  тіптен де келмейді.

Шал деген сөзді  Ата, Ақсақал, Қария, Абыз, Қарт («Қарттарым аман сау жүрші!») деген аса құрметті атаулармен қатар қолданылатын жақсы сөз деп қаншалықты ақтап алғымыз келсе де, ел арасында жиі кездесетін «алжыған шал», «саңырау шал», «осырақ шал», «ақсақ шал», «тоқсақ шал», «соқыр шал», «қыңыр шал», «қисық шал», «малшы шал», «жалшы шал», «жағымпаз шал», «қайыршы шал», «қажыған шал», «жұтыр шал», «сұм шал», «қу шал», «жалмауыз шал», «жасына жетпей қартайған шал», «шал-шалшық», «шал-шауқан», «шал-шапыр» деген сөздер Шал мен Қарияның аражігінің қаншалықты алыс екендігін айқын көрсетіп тұрған жоқ па?! Өздеріңіз көріп отырғандай, бүкіл жағымсыз сипаттағы сөздердің бәрі тек қана «Шалға» қосақталып тұр.

 Тарих тағлымы: Сөздің парқын білмей өзінен үлкендерге «шал» деп сөйлетіндер осы атаулардың бәріне әбден ылайық болады.

Бірде марқұм әкем бір жерге бару үшін атына мініп жатырған болатын. Қасымызға  жасы  отыздар шамасындағы бір кісі  келіп амандық жоқ, саулық жоқ «Шал! Сен мынаны білесің бе?» сөйлей жөнелді. Ол кісінің мына сөзін ерсі көріп, әкемнің бетіне қарасам, әкемнің түрі өрт сөндіргендей болып түтігіп кетіпті. Менің жауабымды естігің келсе «жақында бері» деді.  Әлгі жігіт әкемнің қасына келгенде Әкемнің қамшысы, әлгінің жаурынын да «ойнай» жөнелді. Жауырынан «таспа тілінген» әлгі жігіт «Ата мұныңыз не?», «Менің Сізге не жазығым бар еді? деп шыр-пыры шығып безілдегенде  барып, әкемнің қолындағы қамшы «ойнауын» тоқтатты. Сондағы әкемнің әлгі жігітке айтқаны, «Кімнің баласысың? деп сұрап алды да,  бұдан былай, біріншіден, өзіңнен жасы үлкен адамға Сәлем беретін бол. Екіншіден, ешкімге «Шал» деп айтпайтын бол. «Шал-шайтанның аты», Сен менің шайтан екенімді қайдан білесің»  деді. Әлгі жігіт «Ата кешіріңіз!» енді қайталамаймын деп уәдесін беріп жөніне кетті.

Қазақтың барлық ұлы мен қызы өзінен жасы үлкендерді «Ата (Атай)», «Әке (Әкей), «Аға (Ағай), «Әже (Әжей), «Апа (Апай)», «Жеңге»,  «Жеңеше», Бақыт болса Бәке, яғни Бақыт әке, Ереке, Сәке деп құрметтеген. Бұл да қазақтың «ат тергеу» ғұрпының бір түрі. Ат тергеу – біздің халқымыздың адам сыйлау жөніндегі ізеттілік, көргендік, кішіпейілділік қасиеттерінің биік көрінісі. Қазіргі уақытта  жастарымыздың, әсіресе билікте жүргендер мен қалталылардың  арасында үлкен кісіні «Шал», «Әй, Шал», «Мына шал», немесе «Старик» деп айтушылар жиі кездеседі. Бұлай деу және өзінен үлкен адамның атын тура атау барып тұрған  анайылық пен жабайылық. Жоғарыда айтқанымдай, Біздің ауылдың қариялары өзінен кішіге өзін «шал» деп айтқызбайтын. Кейбір сөздің парқын білмейтін әумесер (ессіз, білімсіз, көрсоқыр, милау) біреу табыла қалса, сол қарияның қамшысы әумесердің жауырынында ойнайтын. Үлкендердің үнемі өзіңнен үлкен кісіге «шал» деп айтпаңдар, «шал-шайтанның аты» дейтіндері, екеуінің де алғашқы буындарының бірдей болатыны содан. Қазақта бастауын осы сөзден алатын «шала», «шалажансар», «шалағай», «шалақай», «шалапай» (піспеген, жетіспеген, кемеліне келмеген), «шалжию», «шалқаю» (а. дұрыс отырмау, б. жағымсыз әрекет), Кір шалу (ылас болу), «шалшық» (теңіз де емес, көл де емес, кішкентай ғана шұңқырға жиналған, лас су), «шалыс» (қате), «шалаш» (үй деп, үй емес, соған ұқсас бірдеңе, күрке), «шалан» (суда ғана өсетін балдырдың қураған кезіндегі атауы), «шалам» (шөп-шалам, толық қанды ас емес, яғни құнарсыз тағам), шалықтау (есі ауысу),  «шалы» (тек қана қара сумен қоректеніп, суда пісетін дәнді дақыл, шалғы (орақ), шалғын (көк майса)  деген сөздер бар. Демек, «шал» дегеніміз, өмірінің бәрін тек қана «ас ішіп, аяқ босатқаннан басқа дым білмей, ұрпаққа үлгі болатындай ештеңе қалдырмай, мағынасыз өткізген «надан (бейшара) адам» дегенді білдіріп тұр.

Ал орақтың шалғы (шалғы орақ) деп аталатын себебі, «шал» болып қартайған қарияның көк шалғынды (қазақтың ұлы мәдениетін) қырыққан сол шалғыдан айырмасы жоқ деген сөз.

«Шал» сөзінің этимологиясына келсек, Ша және Ал деген екі буыннан тұрады.

Сөз түбірі  Ал - алғашқы аталарымыздың жиынтық атауы. Осы түбірден Алғы (алдыңғы, алғашқы, алдымыздағы), Алаш, Алты Алаш ұғымдары туындайды.

1.Ша – шаб (шабыс, шабыну, шабарман), 2.шағ (бала-шаға, шағала, шағадам), 3.шад (шат-шадыман), 4.шай (шайы орамал), 5.шақ (шақыру, шақырым), 6.шал (шала, шалапай, шалағай, шалақай, шалажансар, шалық, шалықтау, шалшық, шалқыма, шалы, шалу (аяқтан шалу), шалғы шалт (қимыл), шала қазақ т.т.), 7.шам (шам-шырақ), 8.шан (шана, шандыр), 9.шаң (шаң-тозаң, шаңғы), 10.шап, шапан, шапалақ, шапқылау 11.шар (домалақ шар, шарықтау), 12.шат (шаттық), 13.шау (шау тарту), 14.шаш (бастағы шаш), барлығы 14 сөз жасалып тұр. Ежелгі Қазақ Алып биінде 30 дыбыс-таңба бар, қалған 12-сі орыстың ықпалымен енген кірме таңбалар. Бұл таңбалардың орналасуында тура Құран Кәрімдегі сияқты 50/50 пайыз қағидасы сақталған. Демек, «Ш» дыбысы соңғы 28 таңбаның жартысын беріп, Шал деп аталып тұр. Соңғы Алаштың баласы (ұлы, қызы, ұрпағы) деген мағына беретін 29-шы «Ы» және 30- «І» таңбасы бұған енбей қалған. Ақиқатын да,  қазақтың толық қанды сөз түбірлерінің бәрінде қолданылатын 15/15 болып, 50/50 пайызды құрауға тиіс еді. Демек, бұл жерде де толық қанды сөз жасалмай, бір қайнауы ішінде қалған болып тұр.

 «Шал – шалақай, қария – қадiрлi» (Төрегелдi Шарманов, академик, Қазақстан Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты: Ақсақал – халықтың ар-ұяты деген сөз).

«Сөздің мән-мағынасын түсінбей, тереңіне үңілмей, орынды-орынсыз жеріне қолдана беретін кезіміз болады. Жазылған сөз тасқа басқан таңбадай боп өшпей, кейінгі буынға қалдырылады. Ұрпағымыз қателеспей, әр сөзді өз мағынасында қолдансын десек, өзіміз барлық сөздің түп-төркініне зер салып, қолданылу аясын біліп жүргеніміз абзал. 

Әдетте ақсақалды – шал, шалды – қария деп шатастырып, синоним ретінде кезектестіріп айта береміз. Шынтуайтқа келгенде, синоним сөздердің де қолданылар орны бар.

Бауыржан Момышұлы жасы үлкен қарттарды шал, қария, ақсақал, абыз деп төртке бөлген. Отбасы, ошақ қасынан ұзап шыға алмай, түтін аңдып, үй аралап, саяси өсек айтатын қарт – шал. Өз әулетін шашау шығармай уысында ұстап, билік жүргізген қартты қария деп, тұтас бір ауылдың жоқ-жітігін түгендеп, жыртығын бүтіндеп, азаматын атқа мінгізіп, айдынын асырып отыратын қартты ақсақал деп, бүкіл елдің сөзін сөйлеп, намысын жыртып, дау-дамайын шешіп, арғы-бергі тарихтан әңгіме қозғап, тұла бойына ұлттық рух, ізгі қасиеттерді молынан сіңірген қартты абыз деп атаған». Меніңше бұған ешқандай комментарий қажет емес.

Толығырақ: http://massaget.kz/layfstayl/debiet/bauyirjan_momyishulyi/35726/

Материалды көшіріп басқанда Massaget.kz сайтына гиперсілтеме міндетті түрде қойылуы тиіс.   

Жоғары да көрсетілген деректерден «Шал» сөзінің бірнеше мағына беретінін көреміз.

 А. Қазақ даласының кейбір өңірлері үшін жағымды сөз, құрметті атау. Әйтпесе, «Шал» деген сөз ру атын иемденіп, тауға, өзенге, елді мекен атауларына берілмеген болар еді.

 Ә. Шал – бұйрық рай, (шал (шала) болмай әдемі қартаю үшін қарсы әрекет ет, құрбандық шал, аяқтан шал (қастандық жаса),  өлтір, кес, алдын ал деген мағыналарды қамтиды.

Б. Шал - Қазақ халқы аса құрметтейтін  Ата, Ақсақал, Қария, Абыз деген ең құрметті ұғымдардың сирағына да татымайтын қарияларымыздың атына айтылатын қорлау сөз.  

Ұлы Аталарымыз бізге «Өсер елдің баласы, бірін-бірі батыр дер, өшер елдің жігіті бірін-бірі қатын дер» деген ұлағатты сөз қалдырған.

Жоғарыдағы мысалдар сөздің мән-мағынасын түсінбей, тереңіне үңілмей, орынды-орынсыз жеріне қолдана беретінімізді көрсетеді. «Айтылған сөз, атылған оқ», кері қайтара алмайсың, хатқа жазғанымыз тасқа басқан таңбадай боп өшпей, кейінгі буынға қалады. Ұрпағымыз қателеспей, әр сөзді өз мағынасында қолдансын десек, өзіміз барлық сөздің түп-төркініне зер салып, қолданылу аясын біліп жүргеніміз абзал.   

Баршаңызға мынадай кеңес берер едім. Күн сайын бір мезгіл өз жүректеріңізден сұрап отырыңыздар, Ата-аналарыңызға және өздеріңізден жасы үлкендерге деген жүректеріңіздегі мейірім деген сезімнің деңгейі қандай? Егер Сіздер өз Ата мен Аналарыңызға және жасы үлкен қарияларға құрмет пен мейірім деген сезімді сезіне алмасаңдар, онда Сіздерді Құдайдың атқаны. Онда Сіздер Ұлы Аталарымыздан қалған «Ата-Анаң жынды болса, байлап бақ!» деген өсиетіне сай бола алмағандарыңыз. Сіздердің өздеріңізден жасы үлкенді сыйлай алмай, оларды кемсітіп, қорлап «Шал» деп кинофильм шығарып, әдеби шығармалар мен мақала жазатындарыңыз және оларды «Шал» деп атайтындарыңыз, келешек те қазақ халқының ең үлкен қасіреті болмақ. Қасіреті болып та жүр. Жасы үлкендерге деген сый-құрметтің азайып, соңғы жылдардағы елімізде Қарттар үйінің көбейіп бара жатқаны осы айтқанымыздың айдай айғағы болмақ.

Осы жерде арнайы есімізде ұстайтын жаит, өзімізден жасы үлкендерді кемсітіп, қорлағанмен бізге ешкім жақсы Атасын, жақсы Ағасын бермейді. Барына разы болып, өзімізден жасы үлкенді Аға, Ата, Әже, Апа деп сыйлап, құрмет көрсете сөйлеуді үйренейік. Өзіміз жақсы Аға, жақсы Ата болып қартая білсек, арты жақсылыққа жалғасып кететін болады.

Ал Қарияларға айтарым: Ежелде, тіпті күні кешегі біздердің бала кезімізде үлкендер жастардың кейбір жағымсыз іс-әрекеттеріне ренжісе, реніштерін  «Бар болғыр!», «Көбейгір!», «Мың болғыр!»,  «Тұқымың құрымағыр!» деген сияқты сөздермен білдіретін. Ұрсып отырып ұрпағына баталарын беретін. Ал, қазіргілердің ауыздарынан үнемі «ақ ит кіріп, қара ит шығады», бар  білетіндері боқтық, балағат, өл, өле ғал, жоғал, жоқ бол т.т. болып барады. Бұған «Алла артының қайырын берсін!» дегеннен басқа не айтуға болар.

Жоғарыда айтылғандардан және өз тәжрибемнен жасаған қорытындым, бұл дүниеде өзінен басқа жан жоқтай, өзгені менсінбейтіндер,  менменсіп сөйлейтіндер ғана  «Шал» деген сөзді жиі қолданады екен.  Ақиқатында, менменсіп сөйлеу (өзіңнен жасы үлкенді Ата, Аға демей, шал деп атауың соған жатады), біреуге қатты сөз айту, балағаттау т.т. кез-келген жанның білімінің, тәрбиесінің, мәдениетінің төмен екендігін көрсетеді. Ежелде үлкендер ондайлардан «Кімнің баласысың?» деп сұрайтын. Демек, ол сенің отбасыңдағы Атаң мен Анаңнан алған тәрбиеңе және өскен ортаңа байланысты деген сөз. Оны Аталарымыз «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп тұжырымдаған.

Мен Сіздерге «Шал, Шала, Шалағай, Шалақай, Шалапай, Шалажансар (тірі өлік)» болмай, аузынан тек қана жақсы сөз шығатын, елге, ұрпаққа жақсы ісімен, жақсы сөзімен үлгі болатын Ақсақалды Ата, Ақсақалды Қария, Абыз Ата болып қартаюларыңызға тілектеспін.

Тарих тағлымы: «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді».

ОСЫ ЖОЛДАРДЫ ОҚЫҒАН БАРШАҢЫЗҒА ҰЛЫ ЖАРАТУШЫ – АЛЛА ИМАН БЕРГЕЙ!

Қожырбайұлы Мұхамбеткәрім, Маңғыстау

Abai.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052