Ж. Түймебаев: Басты мақсатымыз – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету
Қазіргі таңда азық-түлік тапшылығы орын алып, ашаршылықтан зардап шегіп жатқан елдер де жоқ емес. Дүниежүзінде бүгінгі күні созылмалы аштық дертіне шалдыққандардың саны 925 млн адамға жетеді, бұл Жер шары тұрғындарының 14 пайызын құрайды. Сондай-ақ әлем елдерінің 29-ы азық-түлік тапшылығын өткір сезінуде. Бұл маңызды мәселе турасында Қазақстан Президенті Н.Назарбаев ШЫҰ мүше мемлекеттері басшыларының отырысында сөйлеген сөзінде: «Қазіргі уақытта әлемдік тұтыну мен табиғат апаттарының салдарынан шикізат пен энергия ресурстары бағасының өсуі азық-түлік өнімдерінің қымбаттауына алып келді. Азық-түлік дағдарысының зардаптары бүкіл әлемдегі әлеуметтік және саяси жағдайдың ушығып кетуіне соқтырады. Бұл жағдайда азық-түлік қауіпсіздігін аймақтық және халықаралық деңгейде тұрақтандырып, үйлестірілген және келісілген әрекеттерді жүзеге асыру шарт», – деген болатын. Сондай-ақ осы отырыста Елбасы азық-түлік қауіпсіздігі мен суды пайдалану ісінің маңыздылығын ескере отырып, «Су - азық-түлік» комитетін құру жөнінде бастама көтерген-ді. Азық-түлік дағдарысының әлем бойынша белең алып отырған шағында мұндай іс-шаралардың жедел қолға алынып, нақтыланған жүйеде жұмыс атқаруының, азық-түлік қауіпсіздігін сақтауда қосымша қор жинаудың, сондай-ақ елді азық-түлікпен қамтамасыз етудің бірден-бір бағыты – ауыл шаруашылығында кәсіпкерлікті өрістету, шаруа қожалықтарын кеңінен дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласы мен тамақ өнеркәсібіне аса мән беріп, олардың жұмысын жандандыруды қадағалау қажет. Сондықтан біз үшiн де елдiң азық-түлiк қауiпсiздiгiн нығайту, соған орай iс-қимыл жасау бiрiншi кезектегi мiндет болып табылады. Мiне, осыны басшылыққа алған Оңтүстік Қазақстан облысының басшылығы азық-түлік қауіпсіздігін нығайту әрі шешудiң жолдарына ерекше назар аударуда. Әрине, облыста аграрлық сектор саласының мүмкiндiгi мол. Жыл сайын облыс ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiруде бұрын-соңды болмаған табыстарға қол жеткiзiп келедi. Бұл бағытта қандай жұмыстар қолға алынып жатыр? Қолда барды бағалай алып жүрмiз бе?
«Қазақстанның халықаралық деңгейдегі экономика қауымдастығының тұрақты мүшесіне айналуы – отандық нарық тарихында өз таңбаларын қалдыруда. Бүгінгі мақсатымыз – әлемдік нарықта орнымызды тауып, технологиялардың даму заманында бәсекеге қабілетті өнім өндіру, мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету болса керек», – дейді Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мырза.
Абай-ақпарат