Сәрсенбі, 30 Қазан 2024
Алашорда 18399 0 пікір 28 Мамыр, 2015 сағат 13:10

БЕКМАХАНОВТЫҢ ҚУҒЫНДАЛУ ТАРИХЫ

Жалпы қазақстандағы «ұлтшылдық пен ұлт тарихын бұрмалау, Кенесарының реакциялық қозғалысы» туралы мәселенің ушығуының түпкі тамыры тереңде жатыр еді және мұндай «жазалау зұлпұһарының қазақ мәдениеті мен ғылымының желкесіне төнгеніне» алты жылдан асқан болатын.  Тарихты – тарихшыдан артық ешкім түсіндіріп бере алмаса керек. Ермұхан Бекмахановтың шәкірті (біздің де ұстаз, ағамыз) профессор Ә.Тәкеновтің жүйелеуінше, мұның қысқаша тарихы былай:

 1941 жылдың қысында Алматыға бір топ эвакуацияланған орыс ғалымдарының келуі бұдан бұрын оқу-ағарту  Халық Комиссариаты белгілеген Қазақстан тарихын жазу ісін тездетті.  Академик Панкратова және Орталық комитеттің идеология жөніндегі хатшысы Мұхамеджан Әбдіхалықов «Қазақ ССР тарихының» редакторы болып бекіді. Оны жазуға Греков, Дружинин, Вяткин, Кучкин, Зутис, Миллер, Лурье сияқты орыс ғалымдары атсалысты. Қазақстандықтардан Әуезов, Марғұлан, Покровский, Мұқанов, Мүсірепов, Исмаиылов, Кенжебаев қатысты.  Бұл – «егемен кеңес республикаларының» ішінде жеке республика тарихына арналған тұңғыш кітап. Бірақ КСРО Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі А.И.Яковлевтің: патшалық Ресей өзінің құрамына кірген (жаулап алынған) халықтар үшін прогресс пен мәдениет әкелді, сондықтан оған қарсы күресу реакциялық сипат ретінде бағалануы тиіс – деген пікірі    Сталиннің  «Орыс мектептерінің барлық оқулықтары орыстың ұлттық оқулығы болуы тиіс. Бұл мазмұнға тағы да 100 халықтың мүддесін сиғызуға болмайды»,– деген пікірі Яковлевтің республикалар тарихына қарсы позицияны нығайта түсті (Письма Анны Михайловны Панкратовой – «Вопросы истории», 1988, № 11, 54-79-беттер).

Бұл пікірге қарсылық білдірген А.Н.Панкратованың талап етуімен 1944 жылы  БК(б)П Орталық комитеті 29-мамыр мен 8-маусымның аралығында көрнекті совет тарихшылары 5 рет кеңес өткізді. Текетірес содан басталды. Яковлев пен Бушуев қарсы шыққан кеңес нәтижесіз өткендіктен де А.Н.Панкратова Орталық комитеттің хатшысы ІЦербаковқа: Яковлевтің пікірі ұлттық-отарлық саясат мәселелері жөніндегі марксизм-ленинизм негіздеріне сай келмейді, сондықтан да «Қазақ ССР тарихы» нақты талқылауды талап етеді. Бұл мәселе Қазақстан үшін маңызды, өйткені бұл: қазақтардың ұлттық сезімін қозғайды,– деп хат жазды. 

1945 жылы «Большевик» журналында қазақ тарихына еш қатысы жоқ М.Морозов деген партаппарат қызметкерінің «Қазақ ССР тарихы» туралы  1944 жылы Орталық комитет өткізген кеңесте айтылған теріс пікірлерді теріп жазған мақаласы шықты. Ал «Большевик» Орталық комитеттің органы болғандықтан да, Кеңестік Орталық комитеттің хатшылары Щербаков, Андреев, Маленьков жұмған ауыздарын ашпады.  Ол рецензия Орталық комитеттің пікірі ретінде қабылданды. «Басты кейіпкерлер» Яковлев пен Морозов емес, олардан да жоғары лауазымды адамдар болып шықты. Сөйтсе, 1944 жылы   Андреев, Маленков, Щербаковтардың атына хат түскен екен. Ол хат:«Кейбір кеңес тарихшыларының еңбектеріндегі күрделі кемшіліктер мен антилениндік қателіктер туралы» деген жазылыпты, оған Орталық комитеттің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Г.Ф.Александров, оның орынбасары П.Н.Федосеев, «Правданың» бас редакторы П.Н.Поспеловтің қол қойғаны кейін мәлім болды («Вопросы истории», 1991, № 1,188 – 205 беттер. 48).

Бұл хаттың «ұлтшылдық» қателіктерге арналған бөлімінде негізінен «Қазақ ССР тарихының  авторлары: ұлт мәселесі жөніндегі сталиндік ережелерді түсінбеген, өйткені, сталиндік тұжырым бойынша басқа халықтардың Ресейге қосылуының, тіпті күшпен қосылуының өзінің «зияны шамалы»; ал ол халықтарды, мысалы Грузияны – Персия, Украинаны – Польша жаулап алған болса, мұндай мүмкіндіктің «зияны үлкен» болған болар еді. Бұған қарасақ, бұрын отаршылдықты – «үлкен зиян» деп келгеніміз қате болып шығады» – екен.

Бұл орыс отаршылдығының зардабын жұмсарту ғана емес, оны ашық жақтау еді.

ҚК(б)П Орталық комитетінің 1945 жылғы 14-тамыздағы Морозовтың рецензиясынан туындаған бұл ресми пікірдің негізінде «Қазақ ССР тарихының» екінші басылымын дайындау туралы» қаулы қабылдады.  Бұл қаулының кесірі аз болмады. Ең бастысы, қазақ халқының тарихындағы ұлттық сананы оятқан қаһармандардың жаппай сынға алынуына жол ашты. Осы қаулыдан аттай бір жыл бұрын партия хатшысы Ж.Шаяхметов (Сталинге еліктеп) майдандағы қазақ жауынгерлерін олардың батыр бабалары – Абылай, Сырым, Исатай, Махамбет, Кенесары, Наурызбай – аруағымен рухтануға шақырған еді (Қазақ халқының жауынгерлік дәстүрі. «Социалистік Қазақстан», 1944, 18.VШ.).

Кейін бірінші хатшыға бұл сөздерінен бас тартуына тура келді. 1945 жылғы қаулы халқымыздың соғыс кезінде ояна бастаған ұлттық, тарихи санасына нұқсан келтіргенін алдағы оқиғалар дәлелдеді. Ұлтшылдықпен күрес науқанының отына түскен бірден бір тұлға талантты тарихшы Ермұқан Бекмаханов болды (Ә.Тәкенов). 

Қазақстан К(б)П Орталық комитетінің 1947 жылғы «Қазақ ССР Ғылым Академиясы Тіл және Әдебиет институты жұмысындағы өрескел саяси қателіктер туралы» қаулысы шықты. Бір таңданарлығы, тура сол жылы, осы қаулыдан кейін, яғни, 1947 жылдың 14-қыркүйегі күні «Социалистік Қазақстанда» «хан Кененің қаза тапқанына 100 жыл толуына орай «Кенесары Қасымов» деген көлемді мақала жарияланды. Мақала авторы Ермахан Бекмаханов. Мұндай батыл мақаласы үшін автор Орталық комитеттің тарапынан қатаң ескерту алды. Бұған ілесе зиялылар қауымының етегін өрт шалды. 1948 жылы 31 қаңтарда «Лениншіл жас» газетінде М.Ақынжанов пен Т.Шойынбаевтың «Саяси қате, ғылыми құнсыз кітап» деген сыни мақаласы жарияланды. Осыған байланысты Ж.Шаяхметов М.Сусловқа өтініш жасап, осы сұраныс бойынша КСРО ҒА Тарих институты 28-ақпанда Бекмахановтың монографиясын талқылады. Н.Дружинин: «Қазақстанның мәдени дәрежесі Ресейден төмен болды екен деп, оның қозғалысын прогресшіл сипаттан айыру заңсыз»,– деп көрсетті.

1948 жылы 16-желтоқсанда КСРО Жазушылар одағындағы өзінің баяндамасында одақ хатшысы Б.Горбатов ойламаған жерден саяси мәселеге ауысып: Кенесары қозғалысы «орыстарды қазақ даласынан қууға бағытталды, ал Бекмаханов сол Кенесарыны барынша дәріптейді – деген өкпе-наз айтады. Осыдан сескенген Кеңесбаев, Покровский, Бәйішев «Қазақ ССР тарихының» дайындалып жатқан екінші басылымында Кенесары қозғалысын қалай бағалау туралы Ж.Шаяхметовтен «принципті нұсқау» сұрап, хат жазды. I.Омаровтың араласуымен Ж.Шаяхметов Кенесары қозғалысы:«XIX ғасырдағы қазақ халқының ең көлемді ұлт-азаттық қозғалысы болды»,– деп бағалады.  А.Панкратова   1949 жылы 11-қазанда I.Омаровқа жолдаған хатында: «Тарихшылар арасында болған тарихи шындыққа кереғар, қалайда қазақ халқының тарихын төмендетуге тырысушылық орын алуда. Неге грузин патшалары мен өзбек хандары ұқсас тарихи жағдайда прогресшіл қайраткер болып есептелуі керек те, ал қазақтар Абылайды немесе Кенесары Қасымұлын қаралауы тиіс екенін мүлде түсіне алмаймын»,– деп (Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві, І.Омаров қоры) жазыпты. 1950-ші жылы 21-ақпандағы ҚК(б)П  Орталық комитетінің «Қазақстандағы тарих ғылымының жайы және міндеттері туралы» қаулысында да мәселе орнықты сын-пікірлер айтумен шектелген.  «Бірақ идеологиялық  дабыл орталықтан қағылды» (Ә.Тәкенов). Ал сол орталыққа қоңырау қаққан адам туралы  Жұмабай Шаяхметовпен болған оңаша бір әңгіме де Ілияс Омаров қойын кітапшасына:

«Маған бүгін бір досым өзін қазақ зиялысымын деп есептейтін бір мүттайымның өзіне құпия түрде:«Мен домалақ арыз жазбаған күні таң атқанша дөңбекшіп ұйықтай алмай шығамын,– деп айтқанын жеткізді. Кәсіпқой арызқойдың әдеті қандай қорқынышты еді десеңші! Адамның арамзалығы қандай шекесіз! Өкінішке орай біз олармен күресуге дәрменсізбіз. Қандай өкінішті жайт»,– деп (М.Х.Сулейменов, Ж.Сулейменова, А.Голубев «Ильяс Омаров. Жизнь и философия». А. 2003. 184 с.) жазыпты.  

Сумақайдың  арызы өте қатерлі әрекетке ұрындыруы мүмкін екенін ескеріп  Шаяхметовке барыпты:  

«Сонда Ілиясқа қажыған, шарасыз қабақпен қараған Ж.Шаяхметов: «Кеш қалдық, Ілияс, кеш қалдық. Бұл адам қазір Мәскеудегі әлдекімдердің көңілін тауып алған. Тіпті сеніміне де кіріп алды. Егерде біз оған тиіссек, ол біздің басымызды алып түседі. Ахметжан Қойшығұлов осыдан үш жыл бұрын оны жазалауды өтініп еді. Мен оған құлақ аспап едім. Сол кездің өзінде онымен күресу қиын болатын. Ал енді тіпті түк те істей алмайсың», – депті (сонда).

 Ақыры Шаяхметовтің жорамалы шындыққа айналып, «дабыл қоңырауы» қағылды да, астан-кестен басталып кетті. 1950-ші жылы 26-желтоқсанда «Правда» газетінде «Қазақстан тарихы мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан зерттелсін» деген атышулы мақала жарияланды.  Авторлары Т.Шойынбаев, Х.Ғ.Айдарова, А.Якунин.  «Правда» газетінде шыққан аты шулы бұл мақала кеңес одағы көлеміндегі жазалау науқанына ерекше қарқын берді. Өйткені бұл –  «коммунистік колонизаторлық», коммунистік шовинизммен  саясат еді. Ал мұны жүзеге асыру үшін Украинаны, Қазақстанды, Татарстанды таңдап алды.

Қазақстан БК(б)П Орталық комитетінің үгіт-насихат бөлімі және оның жауынгері «Правда» газеті төрт-бес жыл қатарынан табанды түрде жұмыс істегені архив құжаттары арқылы дәлелденіп отыр. Соның ішінде ұлттық мамандардың ұясы ұлттық ғылыми ойдың мәйегі енді ұйып келе жатқан Ғылым Академиясына шабыл еді.  БК(б)П Орталық комитеті тарапынан жүргізілген жазалау жұмыстарына дайындықтың қалай  жасалғанын түсіндіру үшін қысқаша шолу жасай кетеміз.

1950 мамыр-маусым айларында «Қазақ ССР Ғылым Академиясының саяси көзқарасы жат мамандармен нығыздала толтырылғаны» туралы «Правданың» Алматыдағы тілшісі Черниченко мен Т.Шойынбаев ұйымдастырған арызды тексеру үшін БК(б)П Орталық комитетінің үгіт-насихат бөлімі нұсқаушылары П.Апостолов, Б.Н.Митрейкина, партия, кәсіподақ және комсомол ұйымдары бөлімінің нұсқаушысы А.Петровский Қазақстанға келді. Олар өздерінің «әшкерелеуші қорытындысын» 1950 жылы 29 маусым күні  БК(б)П Орталық комитетінің хатшысы Г.М.Мальенковқа жолдады. Онда академияға қарасты барлық мекемелер тексерілді. Черниченко мен Т.Шойынбаевтің ықпалының күшті және тексеруге тікелей ықпал жасағанын комиссияның Академияны қаралауды Е.Бекмахановты Кенесары қозғалысына қатысты пікірін айыптаудан, жер аударылудан қайтып келген «халық жауларының» қызметін анықтаудан бастағанынан-ақ аңғаруға болады. Біз тексеру комиссиясының қоғамтану, оның ішінде тарих пен әдебиетке қатысты тұжырымдарына қысқаша ғана тоқталамыз. Онда:

«Жазылған арызда: Қазақстанның ғылымы мен мәдениет саласында ұлтшылдық көріністерінің орын алып отырғаны, Қазақ ССР Ғылым Академиясында кадрларды таңдауда және орналастыруда большевиктік принциптің бұзылып отырғаны, сынға қысым көрсететіні көрсетілген. Көрсетілген фактілер тексеру барысында негізінен расталды. Қазақстан К(б)П Орталық комитеті өзінің қаулыларында: Қазақ ССР Ғылым Академиясындағы кейбір ғылыми қызметкерлері өздерінің еңбектерінде зиянды және идеялық жағынан қате мәселелерді дәріптеп көрсетілетіні, хандар мен байларды марапаттауға жол беретіні, революцияға дейінгі қазақ ауылдарындағы таптық күресті көмескілеп көрсететіні, буржуазияшыл-ұлтшыл идеяларды өткізіп жіберетіні және орысқа қарсы көзқарасты қоздыруға ұмтылғаны – бірнеше рет аталып өткен болатын. Алайда көптеген ғылыми қызметкерлер аталған қателіктер мен бұрмалауларды қайталаумен келеді және оған Қазақстан К(б)П Орталық комитетінің тарапынан тиісті дәрежеде баға берілмей отыр.

Мысалы, «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» атты кітаптың авторы Бекмаханов Кенесары Қасымовтың көтерілісінің маңызы мен сипаты жөніндегі жалған көзқарасты әлі де қасарыса қорғаумен келеді. Ол өзінің осы еңбегінде  қазақ халқының тарихына қатысты сенімді дерек көзі ретінде Әлихан Бөкейхановтың – контрреволюциялық «Алаш» партиясының көсемінің еңбегін насихаттап отырғанын, осы кітаптың алғысөзінде «айдаудағы троцкишіл», Бекмахановтың кітабінің редакторы Варшавскийге «ерекше ықылас білдіргенін» жасырып отыр. Коммунист Бекмахановтың троцкишілмен сыбайлас болуы жалғыз бұл емес...

... Әдебиет пен өнер саласында да өрескел қателер қайталанып отыр. Қазақ әдебиетінің орта мектептің ҮІІІ класқа арналған оқулығында Жұмалиев (1948 ж.) «қырық адамның ақылы бар» хандар мен сұлтандарды мадақтайды. Оқулықта ХІХ ғасырдағы реакцияшыл ақындар Мұрат пен Шортанбайдың идеялары обьективті бағытта баяндалады, олардың Шығыстың мұсылмандық мәдениеті мен өткендегі хандықты жырлайтын өлеңдері насихатталады. Мұқановпен бірігіп құрастырған Жұмалиевтің ІХ класқа арналған оқулығында татардың контрреволюциялық жазушысы, пантүркістік идеяның көсемі Гаспиринский мен 1930-жылы кеңеске қарсы әрекеті үшін сотталып кеткен (Ыбырай, Үкілі Ыбырай – Т.Ж.) Сандыбаевтің аты жүр».

 Комиссияның қорытындысы (жалғасы): «Қазақ ССР Ғылым Академиясы 1950 жылы Ақышеваның «Қазақстандағы ірі байлардың мал мен мүлкін тәркілеу» атты монографиясын шығарды. Кітапта байлардың өшпенділікке толы, кеңеске қарсы пікірлері топтастырылып берілген, байлардың бандиттік көтерілісіне қатысқан кедейлердің көптеген  жағымсыз пікірлері мен мысалдары келтірілген. Оның саяси зиянды екеніне байланысты Қазақстан К(б)П Орталық комитеті оны таралымнан алып тастады. 

Сол сияқты 1950 жылы жарық көрген Погорельскийдің «Көшпелілердің отырықшылануы және Қазақстандағы мал шаруашылығының дамуы» атты таралымнан алынып тасталған кітабында автор: «көшпелілердің рулық құрылымы біз білетін Маркс-Энгельс айтқандай емес, керісінше, Радловтың жазғанындай»,– деп дәлелдеген. Қазақтардың көшпелі өмір салтынан отырықшылыққа көшу мәселесіне байланысты партия мен кеңес өкіметінің орынын жоққа шығарған, керісінше, халық жауы Байтұрсыновтың пікірінен (ашаршылық туралы – Т.Ж.) сілтеме келтірген.

Орталық өлкетану мұражайындағы көрмелер орысқа қарсы рухта тәрбие беретін, феодалдық-рулық құрылымды дәріптейтіндей етіп  қойылған. Патшалық өкімет емес, керісінше, орыс халқы қазақ халқының қанаушысы етіп көрсетілген...

... Қазақ ССР Ғылым Академиясының толық мүшесі Жұбановтың идеялық жағынан зиянды кітабында ұлтшылдықтың бағыты ашықтан-ашық баяндалған. Ол кітапта («Замана бұлбұлдары» – Т.Ж.) фольклорлық мұра дегенді бүркеншік етіп, революцияға дейінгі «әншіл», «күйшіл» қазақ тарихын орыстарға қарсы ұстанымдағы «әнмен» баяндайды... Сол кітабі үшін Жұбановқа диссертация қорғамастан өнертану ғылымының докторы атағы берілді.

... Республика театрларының сахналарындағы көптеген пьесаларда, операларда, балеттерде де зиянды идеялар мен образдар орын алған. Көптеген драматургиялық шығармалардың авторлығына партиядан шығарылған ұлтшыл Мүсірепов ие болған. Оның және басқалардың пьесаларында («Қыз Жібек», «Ер Тарғын», «Қамбар мен Назым») Қазақстан К(б)П Орталық комитеті 1950 жылы айыптаған феодалдық-патриархалдық сарындағы, аңыздағыдай жомарт хандар мен байлардың тұрмысы дәріптелген поэзиялық шығармалар пайдаланылған...

Мысалы, «Алашорда» партиясының белгілі көсемі Халел Ғаббасовтың туған інісі А.М.Ғаббасовты – Сәтбаев Шөлейттану институтының директоры етіп тағайындаған...

Тарих саласында ұлтшыл, Сәтбаевтің күйеу баласы Әлкей Марғұлан тасаланып жүр. Филология ғылымдарының докторы бола тұрып ешқандай пайдалы ғылыми өнім берген емес. Оның 1939-1940 жылдардың арасындағы жалғыз еңбегі Едіге туралы мақала. Марғұлан бұл мақаласында орыс және қазақ халқының дұшпанын мадақтап, Едігені қазақ халқының ең озық өкілдерінің бірі, оның қорғаушысы етіп көрсетеді. Марғұлан өзінің бұл мақаласын  БК(б)П Орталық комитетінің қаулысында Едігенің реакциялық сипаты әшкереленген соң жариялап отырғанын айта кету керек.

 ...Ұзақ уақыт бойы Сәтбаев төрт отбасынан тұратын байдың тұқымдары, ағасы көрнекті контрреволюционер, алашордашы болған Ермековтерді қолтығының астына алып келді...

Академияның президенті Сәтбаев басқаратын Геология институты саяси тұрғыдан барынша күдікті адамдармен нығыздала толтырылған. Қазақстан К(б)П Орталық комитетінің Академияның жұмысы туралы қаулысынан кейін 1950 жылы осы институттан бұрынғы троцкийшіл, кеңес әскерінің қашқындары, шет ел барлауының агенттерінің, бұрынғы «Алашорда» буржуазияшыл-ұлттық партиясының белсенді мүшелерінің балалары, жиыны 10 адам жұмыстан шығарылды...

Академияның Президенті Қ.И.Сәтбаев аса ірі байдың отбасынан шыққан. Оның екі ағасы кеңес өкіметі мекемесі тарапынан репрессияға ұшыраған. Сәтбаев өзінің 1917-1919 жылдары «Алашорда» контрреволюциялық партиясына белсенді қызмет еткенін партиядан жасырып келген...

... Тексерудің материалдары таяу арада Қазақстан К(б)П Орталық комитетінің бюросында талқыланатын болғандықтан да Қазақ ССР Ғылым Академиясының басшылығын ауыстыру туралы ұсыныс қойылғаны жөн болар еді – деп есептейміз» (Академик К.И.Сатпаев. Сборник документов и материалов. Астана. ТОО «IC-Сервис». 2009.  560 с.).

Міне, Орталық комитеттің нұсқаушыларының саяси өресі қандай дәрежеде болған және қандай «ірі ғылыми мәселелермен» айналысып, анықтаған. Анығы, бұл «Қорытындыны» жазуға Черниченко, Шойынбаев тікелей атсалысқан және Б.Н.Митрейкин де тікелей мүдделі болған. Өйткені, ол СССР Ғылым Академиясының филиалдары мен базаларының ғалым хатшысы болып жүрген кезінде Қ.Сәтбаевпен қас-қабағы жараспапты. Қ.Сәтбаевтің осы «Қорытындыға» берген 25-тамыздағы Қазақстан К(б)П Орталық комитетінің бірінші хатшысы Ж.Шаяхметов пен БК(б)П Орталық комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісінің орынбасары В.С.Кружковқа берген түсіндірмесінде: «Ол (Митрейкин – Т.Ж.) 1941-1945 жылдары Қазақ филиалына немкетті қарады, тіпті өзінің саруайымшыл күңкілімен оның өсуі мен дамуына кедергі жасады. Сол жылдары Қазақ филиалында құрылған кез-келген жаңа ғылыми институт Митрейкин жолдастың тарапынан үнемі «штыкпен» қарсы алынды, «қалай болып қалар екен» деген жалтақтыққа жол берді»,– деп жазуы Митрейкин мен Сәтбаевтің екі арасы «ежелгі жау дос болмас» деген жағдайда екенін байқатады. Өз кезегінде В.С.Кружков мәселені  БК(б)П Орталық комитетінде тезірек талқылауды жүзеге асыру үшін «Правда» газетіне тапсырма беріп, Қазақ ССР Ғылым Академиясы жөнінде сын материал жариялауды тапсырды. Ал олар «дайын тұрған» Кенесары Қасымовтың қозғалысы туралы жазылған Е.Бекмахановтың кітабін оққа байлады. «Қазақстан тарихы туралы кітаптағы бұрмалаушылықтарға қарсы» деген сыни мақала ұйымдастырып, «Правда» газетінің сын және библиография бөлімі редакторының орынбасары В.Озеровті Ж.Шаяхметовке жолығып, оның пікірін біліп келуге жіберді. Бүкіл қазақ елін «жау шапты» деп атойлатуға мүмкіндік берген екеуара әңгіменің жазбасы мынадай:

«1950, қазан. Сұрақ (мақала мен өзге де құжаттарды екі рет оқып шыққаннан кейін): – Біздің әңгімемізді қалай түсіндіруге болады және Сіздің пікіріңізді қалай жеткізу керек?

Жауап: – Ең басты мәселені бөліп алып жауап беру: Кенесарының қозғалысы реакциялық қозғалыс болды ма, әлде прогрессивтік қозғалыс болды ма? Біз оны осы уақытқа дейін прогрессивті деп есептеп келдік. Шәріповтің мақаласы Орталық комитеттің пікірін білдіреді. Егер «Правда» қалай да бұл мәселе жөнінде пікір білдіруді қажет деп шешсе, егерде бұл мәселе пісіп-жетілді деп есептейтін болса, онда бұл мәселені одан әрі талқылау барысында тұғыр етіп алу үшін мақаланың өктем мәнерін (об изменении тона) өзгертуді ойластырған жөн шығар. Біздің да атқарған жұмыстарымызды атап өту керек, Шәріповтің мақаласын, сонымен қатар өзге де құжаттарды жариялату арқылы Орталық комитет дұрыс бағытта жұмыс істеді ғой.

Сіздің мақаланың авторлары жөніндегі сұрағыңызға жауап ретінде айтарым мынау: бұл мәселені көтерудегі өздерінің орынын дұрыс түсінбей, Орталық комитеттің басына шығып, масайрап кетпес үшін мақаланы мұнда қолы қойылған адамдардың атынан бермегендеріңіз дұрыс. Бүркеншік атпен, ең дұрысы орыс фамилиясына ұқсас келетін атпен бергендеріңіз жөн. Әйтпесе, қазақтың астарлы фамилиясының артында кімнің жасырынып тұрғанын іздеп бүкіл Қазақстан шабылып жүрмесін. Мақаланы маған көрсетіп, сенім білдіргендеріңізге өте ризамын»,– деп екіұштылау жауап беріпті Ж.Шаяхметов жолдас.

Ж.Шаяхметовтің бұдан басқа мазмұнда жауап беруі мүкін бе еді? Әй, қайдам. «Мақаланы екі рет оқыған соң», «Қалай да бұл мәселе жөнінде пікір білдіруді қажет деп шешсе», «мәселені көтерудегі өздерінің орынын дұрыс түсінбей, масайрап кетпес үшін» деген сөздер Кенесары Қасымов қозғалысы мен Е.Бекмахановтың соңына түскендердің де табанды күресін, талыс сүйенішін танытады. Осы уақытқа дейін оларға Ж.Шаяхметов тосқауыл қойып келсе, енді оған «ризашылығын білдіру» ғана қалған еді.

Бұл мәселенің «беті кері қайтпайтындай теріс бағып кеткенін» 1950 жылғы 12-желтоқсан күнгі  «Правданың» бас редакторы Л.Ф.Ильичевтің  БК(б)П Орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы, әлемге «коммунистік идеологияның сұр кардиналы» деген аты шыққан М.А.Сусловқа тақырыбы «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» деп қайтадан өзгертілген қызмет бабындағы мәліметтік жазбасы анық дәлелдейді. Мұнда сол кездегі Қазақстандағы саяси көзқарас ахуалынан және ұлттың адал азаматтарының ұстанған пікірінен толық мағлұмат берілетін болғандықтан да, тұтас келтіреміз:

«Кенесары Қасымовтың қозғалысына дұрыс баға бермеген Е.Бекмахановтың мәселесі туралы әр кезде бірнеше адам: мәскеулік тарихшы Якунин мен Х.Ғ.Айдарова, қазақ тарихшысы Шойынбаев, «Правданың» меншікті тілшісі Черниченко редакцияның алдына арнайы мәселе ретінде қойып келді. Якунин мен Х.Ғ.Айдарованың, Шойынбаевтің бірігіп жазған мақаласы редакцияның алқа кеңесінде үш рет талқыланды. Кенесарының қозғалысы туралы мәселені П.Кузнецов («Правда»), Морозов пен Лихолат ( БК(б)П ОК үгіт-насихат бөлімі) жолдастар арнайы қарастырып шықты. Олардың барлығы да Е.Бекмахановты айыптаған бұл мақаланы жариялау жөнінде ұсыныс білдірді. Мақала жариялауға қабылданды.

Е.Бекмахановтан жедел хат алған соң және сіздің нұсқауыңызбен қосымша тексеру жұмыстары жүргізілді. Правда» газетінің сын және библиография бөлімі редакторының орынбасары В.Озеров арнайы Алматыға барып қайтты. Қазақ тарихшыларының көпшілігі Е.Бекмахановтың ұстанымына қарсы екені, оны буржуазиялық-ұлтшылдық деп бағалайтыны анықталды. Қазақ ССР Ғылым Академиясының басшылығы (Сәтбаев жолдас) және Орталық комитеттің қызметкері (Омаров), (иә, олар үшін Орталық комитеттің хатшысы жай қызметкер – Т.Ж.) Кенесары Қасымовтың қозғалысына реакциялық қозғалыс ретінде баға берілген жарияланымға үзілді-кесілді қарсы екендіктерін мәлімдеді.

Мақаламен Шаяхметов жолдас та танысып шығып: оның өзі қозғалысты реакцияшыл деп есептемейтінін, егерде мәселе пісіп-жетілді деп есептеп, «Правда» мақаланы жариялауға бекінсе, онда оған кейбір өзгерістер енгізу керектігін білдірді. Өзгерістер енгізілді.

Бұдан басқа, «Правда» редакциясының сын және библиография бөлімі арнайы кеңес шақырды. Онда мақала әр түрлі көзқарас иелерінің талқылауына ұсынылды. Мақалаға қарсы Бекмаханов пен Вяткин жолдастар (кітаптің редакторы) қарсы сөйледі, олар Бекмахановтың соңғы хатының рухында, бірақ бұрынғыдай өктем емес, пікір білдірді. Якунин, Х.Ғ.Айдарова және Қазақстаннан арнайы келген Б.Сүлейменов – Е.Бекмаханов кеңестің назарына ұсынған құжаттарды жоққа шығарды.

Содан кейін мақала редакция алқасында төртінші рет талқылауға қойылды, тағы да Морозов пен Лихолат жолдастардың қарауына жіберілді. Олар: басылсын – деген ортақ пікір білдірді.

Е.Бекмахановтың соңғы хаты, оның бұрынғы ұстанымын ақтауға тырысуымен ғана емес, сонымен қатар күш көрсете баяндаған өктем мәнерімен (угрожающим тоном), сондай-ақ бірқатар жалған айыптауларымен және қарама-қайшылықтарымен назар аударады.

Е.Бекмаханов мақала авторларын (олардың аттары оған белгісіз болатын) дұшпанның қолшоқпары деп атады. Оның ойынша, мақала: «қазақ халқының жаулары – буржуазияшыл-ұлтшылдар мен космополиттер қасақана қуана қолдап отырған жалған пікір» екен. Сөйтіп ол мақалада айтылмаған тұжырымдарды дәлелдеуге тырысты.

Мысалы, Е.Бекмаханов: авторлар Кенесары мен Шәмілдің арасын салыстырады,– деп көрсетеді, ал мақалада Шәмілдің аты да аталмайды.

Бекмаханов мақала авторларына: «...(ХІХ ғасырдың) 30-40 жылдары қазақ еңбекшілері отаршылдық езгіні басынан кешірген жоқ – деген пікір айтады. Мұндай тұжырымдар патшалық реакциялық-отарлаушылық саясатын тікелей қорғау болып табылады»,– деп кінә тақты. Ал мақалада: «Қазақстанның Россияға қосылуы «прогрессивтік сыпат алды» – деп көрсетіле отырып, бұдан әрі «сонымен қатар, патшалық өкімет, ХІХ ғасырдың 30-жылдарында қазақ даласы мен Орта Азияға басып кіруі арқылы еңбекші бұқараға ауыр езгі жүргізді. Орыс патшалығының отарлау саясаты, зорлық пен тонаушылық қазақтардың заңды қарсылығын тудырды»,– деп көрсетілген болатын.

Е.Бекмахановтың хатының өзінде тікелей қайшылықтар бар. Мысалы, ХІХ ғасырдың 30-40 жылдарындағы Орта Азиядағы ағылшын-орыс қатынастарының шиеленісуін жоққа шығарады (16-18 беттер). Ал Бекмаханов сол кітабінің ішінде орыс әкімшілігі жүйесінің Қазақстанға енгізілуі үрдісі жөнінде: «... бұл үрдіс 30-жылдары ағылшын-орыс қатынастарының бәсекесіне байланысты бұрынғыдан да кең түрде шиеленісе бастады... Орта Азия бірте-бірте орыс-ағылшын бәсекесінің негізгі күрес майданына айналды»,– деп жазды (114-бет).

Е.Бекмахановтың хаты – тек қана өзінің теориялық ұстанымын табанды түрде қорғау ғана емес, сонымен қатар мақаланың жариялануы мәселесін шешуге көрсетілген қысым болып табылады.

Сондықтан да мақаланы жариялаған жөн болар еді деп есептейміз.

Л.Ильичев».

Мұның өзі Кенесары қозғалысын теріс бағалау арқылы қазақтың ұлт-азаттық идеясын мәңгілік өшіруге бағытталған «идеологиялық жазалау» саясатының, С.Сәдуақасовтың салыстырмалы бағасымен айтсақ, «патшалық отарлаудың» – «коммунистік – колонизаторлық» жүйеге ауысуын басқа ештеңе емес» екенін танытады. Әрине, «сұр кардинал» Суслов сумаңдаған жіңішке, арық, салалы саусақтарымен сондай бір сүйінішпен сүйкете қол қойғаны анық. Реті келгенде айта кетейік, ол араға тура отыз бес – отыз алты жыл өткен соң қазақ тарихын тағы да жоққа шығаруға ұмтылып, Олжас Сүлейменовтің «Әліп пен ақын» кітабі туралы тура осындай  қаулыға қол қоюға тапсырма берді. «Сұр кардиналдың соңғы жазалау жарлығы» орындалмай қалды. Уақыттың екпіні мен ырғағы өзгерді, оның бойындағы «коммунистік-колонизаторлық» қуаты да сарқыла бастап еді.

 «Правданың» мақаласы – сот үкімінен де пәрменді еді және Орталық комитеттің бірінші хатшысы да оның күшін жоя алмайтын. Сол үкім енді Қазақстанның тағдырын ұршықтай иірді.

КПСС Орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы М.А.Сусловтың жетекшілігімен үгіт-насихат бөлімінің және «Правда» газетінің баспасөзде ұйымдастырған «науқандық шабуылын» әшкерелейтін хаттар мен құжаттардың, мағлұматтар мен түсініктердің, мақалалар мен домалақ арыздардың мазмұнына жүгінсек Ж.Шаяхметов пен І.Омаров Кенесары қозғалысын әшкерелеуге қарсы болған, олар үш айға дейін «Правданың» мақаласын бастауыш партия ұйымында талқылауға рұқсат бермеген, тек Шаяхметов ісспарға кеткен кезде екінші хатшы Кругловтың пәрменімен мақала Тарих институтының партия ұйымында асығыс талқыланған.  

Иә, Ұлы отан соғысындағы жауынгерлерге: «Сендерді Абылайдың, Кенесарының, Наурызбайдың әруақтары қолдасын!»,– деп ұран тастағанын Ж.Шаяхметовтің өзі де мойындай сөйледі:

  Ж. Шаяхметов: « Мен 1944 жылы Амангелді Имановтың кайтыс болуына 25 жыл толуына арналған, «Социалистік Қазақстан» газетіне жарияланған мақаламда елеулі саяси қате жібердім. Қазақ жауынгерлерін неміс-фашистерге қарсы күресуге шақыра отырып, мен оларды өздерінің даңқты бабаларына лайықты болуға шақырдым, сөйтіп, Сырымның, Исатайдың, Махамбеттің, Амангелдінің есімдерімен қатар, Абылайдың, Кенесары мен Наурызбайдың аттарын да атадым. Қазақ ССР Жоғарғы Советінің сессиясында 1944 жылы апрельде жасаған баяндамасында Оңдасынов жолдас та осындай қате жіберді. Орталық комитеттің насихат және үгіт мәселесін басқаратын секретары Омаров жолдастың идеологиялық жұмыспен шұғылдануы қанағаттанғысыз болды, буржуазиялық-ұлтшылдық сыпаттағы қателерді дер кезінде аша білмеді және ол қателерді Орталық комитет бюросының талқылауына салмады. «Қазақ ССР тарихының» екінші басылуының бас редакторларының бірі бола отырып, Омаров жолдас Бекмахановтың қателері туралы дабылдарға құлақ қоймады және «Қазақ ССР тарихының» Кенесары Қасымовтың қозғалысы туралы тарауын жазуды соның өзіне тапсырды» («Әдебиет және искусство», 1951, № 10) деп «мойындады».

 «Кенесарының жолындағы талмайтын күрескер, оның меншікті қорғаушысы, және хан тұқымдарының тұрақты алдияры» атанған Е.Бекмаханов, Е.Исмаиылов, Қ.Мұхамедханов, Б.Сүлейменовтің қатарында Қ.Жұмалиевтің өзі де қамаққа алынып, жиырма бес жылға кесіліп, Семейге жер аударылды.

 Ал Д.А.Қонаевтің естелігінде: бұл науқанды өршітуге ұйытқы болған және осы мәселеде дұрыс бағыт ұстамаған – Ж.Шаяхметов басқарған Орталық комитеттің өзі,– деген емеуірін танылады.  

Саяси қайраткерлердің, оның ішінде кеңестік идеология мен коммунистік этика мектебінен өткен тұлғалардың мемуарларының дені – сол тұстағы қаулы-қарарлардың, хаттамалардың негізінде жазылатын жазылмаған дәстүр бар. Д.А.Қонаевтің пікіріне де БК(б)П Орталық комитеті үгіт-насихат бөлімінің нұсқаушылары П.Апостолов пен Б.Н.Митрейкиннің және партия, кәсіподақ пен комсомол ұйымдары бөлімінің инструкторы А.Петровскийдің БК(б)П Орталық комитетінің хатшысы Г.М.Маленковқа жазған «Қазақ ССР Ғылым Академиясындағы ұлтшылдықтың орын алуы және саяси тұрғыдан жат мамандармен былықтырылуы (засоренности – Т.Ж.) туралы» мәлімхаты, «Правда» газеті және оның Қазақстандағы меншікті тілшісі А.Черниченко ұйымдастырып, оның бас редакторы Ильичев арқылы М.А.Сусловқа жолданған айыптау мағлұматы және жоғарыдағы «домалақ арыздың классигінің» формулировкалары сөзбе сөзге жуық негіз етіліпті. Әдетте, уақыттың ыңғайына бейімделе баяндауға әдеби өңдеушілер жиі жүгінетін бұл тәсіл – мемуар иесінің шынай көзқарасын білдіре бермейді.

  Сөйтіп, М.А.Суслов жетекшілік еткен БК(б)П Орталық комитеті мен «Правданың» дегені жоспарлы түрде жүзеге асырылып тынды.   

Бұл кезде Мұхтар Әуезовтің де жеке басы таразыға тағы да тартылып жатты. Үш жылға созылған үлкен науқанның алғашқы талқысы, міне, осылай аяқталды. Иә, бәрі де амалсыздың ырқы еді.

Тұрсын ЖҰРТБАЙ,

Филология ғылымдарының докторы,

Профессор

Abai.kz

0 пікір