Абайдың тағылымы

Әсемпаз болма әрнеге
Өнерпаз болсаң, арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та, бар, қалан!
Бұл алғаш мектеп есігін ашып, қара танып, ежіктеп әріп оқып, Хакім Абайдың рухани әлемімен танысканда санасында сақталып қалып, бүгінге жеткен балалық шақтың, жастық дәуреннің, толып-толысқан кезеңің, ел ағасы жасқа келіп, жаратыстың құдіретін өз көзі, өз сезімімен сезіне бастап "толық адам" болуға ұмтылыс жасап көрмек болған пенденің жадында жаңғырып тұратын жыр Пайғамбарымының бір шумағы болатын.
Абай - исі қазақтың ұлттық паспорты болды. Оның куәсі шетелде туылып, білім алып, қызмет істеп, екі мемлекеттің, екі қоғамдық формацияның ыстық-суығын отыз-отыз жылдан тең көріп, тағдыры мен табан тірер тиянағын тәуелсіздікпен қауыштырған мына біз десек артық айткандық болмас.
Қазақ бар да Абай мәңгі!
Біз әрқашан да күн сайын, апта аттап, ай аунатып, мезгіл ауыстырып, жыл жылжытып Абайды оқыған сайын жаңадан санамызға сәуле түсіп, көкірек көзіміз ашылғандай болады. Оның рухын бұрынғыдан мүлде басқаша сезініп, шыт жаңа ұғым мен түйсікке кенелеміз.
Адамзат өркениет тарихында ғасырлар койнауынан бір-бірін тұтастырып жалғап тұрған дәуір бөлгіштік сипатқа санаулы ғұламалар кездеседі. Сондықтан да болар ағылшындар Уильям Шекспирді "айтып тауысуға болмайтын Шекспир" десе, немістер Йоганн Вольфганг фон Гётені "айтып, жазып жеткізуге болмайтын Гёте" деп түйіндейді. Жаңа эрадан бұрын туылған Кон Фуцидің тағылымын қытайлар күні бүгінге дейін тәпсірлеп, жеріне жеткізе алмай келеді. Абай атамыз да біз үшін сондай хикмет.
Абайдан кейін империяның темір құрсауында болыс-болыс болып "өңкей қиқымға" айналып кеткен ел Алашорда айналасына жиналып, шеттерінен "жасымда ғылым бар деп ескермедім", деп аһ ұрып, елдіктің жолын ғылым, мәдениет, білімнен іздеді.
Империя ыдырап, Кенестік кезең басталғанда, аты Республика болса да, заты отар болған ел қажырлы еңбек етіп, зор бодау бере отырып шығар жолды индустриялық система қалыптастырырудан, ғылым, білім, денсаулық, әлеуметтік нысандарын жаңартып құрудан іздеді .
Тәуелсіздік таңы атқанда, тізгін-шылбыр қолына тиген ел мен элита тілге, ділге, дінге, дәстүрге байланысты құндылықтардың туын биік желбіретумен бірге "біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос", деп ұлттық бірегейленудің сара жолына түсіп, қазақ көшінің алтын ғасырын бастады.
1995 жылы Семей облысында БҰҰ -ның ЮНЕСКО шеңберінде өткен Абайдың 150 жылдық мерейтойы "Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп" деген Абай құндылығы бұдан кейінгі көп векторлы сыртқы саясатымыздың түпқазығына айналды.
Жаңа Қазақстан тарих сахынасына шығып, әлеуметтік әділеттілік орнатып, адам капиталын тиімді пайдалану мақсаты күн тәртібіне енгенде Президент аузымен айтылған "Адал адам - адал еңбек - адал табыс" концепциясының тамыры ұлы Абайдың “толық адам” идеясымен ұштасып жатыр. Міне, Хакім Абай біздің ұлттық болмысымызға айналып кетті. Бұдан кейін де даму мен өрлеуіміздің бағдаршамы болып қала береді.
Тамыз айының бірі мен оны аралығында қасиетті Семей жерінде Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойы әр түрлі бағытта дүркіреп өтті. Мерейтой мәресіне жетер күні Қарауылда 180 үй тігіліп, дәстүрлі құндылықтарды айғақтайтын маңызды шара өтті. Сол күні қасиетті Қарауылға 30 мыңнан астам адам ат басын тіреп қуанышты бөлісіп, мерекенің мерейін өсірді.
Омарәлі Әділбекұлы
Abai.kz