Дүйсенбі, 7 Қазан 2024
Әдебиет 8780 0 пікір 27 Мамыр, 2015 сағат 11:40

МЕШІТ ПЕН ШІРКЕУДІҢ МҰНАРАСЫ

                                                       (Деректі әңгіме)

«Қазақ хандығының 550 жылдығы» мен

«Қазақстан халқы Ассамблеясының

20 жылдығына» орай жазылған шығарма

Әлемге аты әйгілі саңлақ ғалым Сәтпаев атындағы қалаға қандай қолтаңбасын қалдырарын білмей Руслан көптен бері толғанып жүретін. Санасын саққа жүгірткен сол ойларының ұшығы бүгін ғана ұстатқандай. Құдай-ау, қалада Құдайға құлшылық ететін, ораза мен құрбат айт кезінде, жұма намаздарында мұсылман қауым бас қосатын арнайы орынның болмауынан халықтың қиналатынын бұрын қалай байқамаған. Жұмыр басты пенде үшін аса бір қажет нәрсе осы Алланың жердегі үйі мешіт екен ғой. Адалдық дегеннің не екені ұқтырылып, жүрек қалауымен табысқан екі жастың ақ некесі қиылатын, пәниден бақиға көшкен жанның жуылып, тазарған тәні аруланып оралған соң жұрт алдына қойылатын, жаназасы шығарылып ақтық сапарға аттандырылатын орны да осы ара. Ендеше жер басып жүрген пенделердің бәріне жақсылық пен ізгіліктің нұрын тарататын, тіпті соңғы сапапарына да құрмет көрсетіліп шығарып салатын осындай бір орынды халыққа сыйға тартса одан артық қолтаңба болар ма?! Қарап тұрсаң мешіт дегенің тамаша бір таным мен тағылым, тәлім мен тәрбие мектебі екен ғой. Таяуда облыс орталығына барып өзінде жұмысшы болып істейтін бір жас шахтёрдің үйлену тойына қатынасып қайтқаннан кейін Руслан осындай ойға келді. Оған екі жастың некесін қиған басында ақ сәлдесі, үстінде жиегі оқаланған кіршіксіз әппақ шапаны бар, ақ шұлықты, ақ туфли киген, екі иығына екі кісі мінгедей, сұңғақ бойлы, сұңғыла ойлы, қазақша, орысша екі тілде бірдей еркін сөйлейтін имамның айтқандары ерекше әсер еткен-ді. Адамдарды екі тілде алма-кезек сөйлеп, сүттей ұйытқан имамның айтқандарының бәрі рас. Айтты-айтпады адамның танымын-нанымын қалыптастыратын, ғарышпен байланысын нығайтып, көкірегіне адалдықты, адамгершілікті орнықтыратын, екі жүзділіктен, ғайбаттан сақтандырып, әділ де шыншыл болуға баулитын, дүние құмарлықтан аулақтатып, рухани жан-дүниесін тазартатын жалғыз орын болса ол мешіт емес пе. Бала күнінен қазақы ортада, қазақ ауылында туып- өскен Руслан оны жақсы біледі, жан-жүрегімен, бар болмысымен сезінеді. Сондықтан да өзі қызмет істейтін қаладағы бұхара халықты мұқтаждан шығарып мешіт салу керек деген байламға тоқтаған. Тек мешіт қана салса орысы мен өзге де християн дініндегі халқы көп қалада бір күні болмаса бір күні күбір-күбір сөздің көбейері сөзсіз. Ол сөзден қорықпайды. Дегенмен таразының екі басын тең ұстап, басым көпшілігі шахтёрлар тұратын қалаға мешіт пен шіркеудің екеуін қатар салуды дұрыс көрді. «Ең бастысы ниетім түзу. Мешіт пен шіркеудің екеуі де ғибадат орны», - деп ойлады ол.

 Ұлты кәріс болса да, Руслан қазақтарды ерекше жақсы көреді, жақын жүреді. Оның себебі әкесі мен шешесінің жатса-тұрса қайта-қайта айтып, құлағына құюдай-ақ құйған ақыл-кеңестерінің, өтініш-өсиеттерінің әсерінен болар. Иә, сонау бір бұған беймәлім бей-берекет аласапыран жылдарда ата-анасын, туған-туыстарын суыққа тоңдырмай, қақпайлап қор қылмай,  қатарға қосылып кетуіне көмектескен, қолда барын бөліп берген қонақжай халықтың қайырымдылығы ұмытылмастай еді. Сондықтанда Руслан қазақтарды жанындай жақсы көреді, қарапайым қазаққа қолындағы барын беруге дайын тұрады.  Рас, кешегі қазақтар мен бүгінгі қазақтардың арасы жер мен көктей. Неліктен солай, ақылына сыймайды. Заман жақсарған сайын адамдардың арандары ашылып, ашкөзденіп, өзгеде жұмысым жоқ, өзімде ғана болса екен деп тойымсызданып бара жатқандай көрінеді оған. Бұл жақсылықтың нышаны емес, түбі орға, не жарға жығатын түпсіз тұңғиық. Марқұм ата-анасы сондайдан сақтандыратын, қарағым «Бүтінді маңыңдағылармен бөліп, жартыңды жаныңдағылармен жарып же», - деп отыратын. Ойлап отырса солардың айытқанының бәрі рас екен. «Адам адамға қонақ, жан денеге қонақ» немесе «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деуші еді жарықтықтар. Ата-анасы бұл мағынасы терең сөздерді көңілі кең, пейілі даласындай дархан, кімге де болсын тілеулес қазақ халқынан үйренген тәрізді. Руслан оны өсе келе кейінде білді. Қандай ғажайып философиялық тұжырымдар десеңізші. Міне, қаршадайынан осындай тамаша тәрбиеге қаныққан  тарлан азамат көп бөгелмей тез арада мешіт пен шіркеудің жобасын жасатуға бір компанияға тапсырма берді. Оларды кәсіпорынның емес, өзінің ақ адал маңдай терімен тапқан ақшаға салдыруды ойлады. Бұл бір үлкен сауапты іс еді.  

Жұмыс қызу жүргізіліп айналасы төрт-бес айдың ішінде мешіт пен шіркеудің құрылысы қатар бой көтерді. Сәтін салса енді біраз уақыттан кейін барлық жұмыстар ойдағыдай аяқталар мезгіл де жақындап қалған. Өйткені құрылысшылардың жұмысын өзге емес Русланның өзі күнделікті назарында ұстап, үнемі  бақылап отырды. Тек соңғы бірер аптада ғана шұғыл іссапарлар киіп кетіп бұл жаққа мойын бұра алмаған еді. Сондықтанда іссапардан оралысымен кәсіпорындағы жұмысын реттеп тастады да мешіт пен шіркеудің құрлысын көріп қайтпаққа арнайы уақыт бөлді. Алдымен әдеттегісінше мешіт ғимаратының ішіне кіріп көрді. Сыртынан бастап бұрыш-бұрышын, өзі жоқ кезде жасалған жұмыстарды тиянақты түрде толықтай қарап шықты. Әлі де болса қажет дейтін керек-жарақтарын түп-түгел көңіліне түйді. Содан соң аяңдап шіркеудің ішіне кіріп, оның да сыртқы ауласынан бастап барлық жерін аралап шықты. Оған да қажетті дүниені көңіліне тоқып алды. Содан соң бір көшенің қос қапталына салынған мешіт пен шіркеу құрлысының қалай үйлесім тауып келе жатқанын байқап көрмекке көше бойлап алыстау кетті.

Екі бірдей құлшылық орнының тап осылай бір көшенің бойында орналасуы бұрын-соңды қазақ жерінде болмаған жағдай ғой. Осыным дұрыс болды ма, жоқ па? Біреу болмаса біреу күні ертең сөгіп жүрмей ме деген ой мазалады оның көңілін. Онда тұрған не бар, ислам дінінің талаптары толығымен ескерілді. Тіпті мешіттің қыбыла жағында шіркеудің болмауына да көңіл бөлінді. Елдің бас шаһарында орналасқан муфтияттағы мықтылармен де ақылдасып көріп, бұл ісінің ешқандайда оғаштығы жоқтығы жөнінде келісімдерін алды. Бір жолдың бойына екі құлшылық орнын қарама-қарсы салғызуы бұл діндерді бәсекелестіру емес, керісінше біріне-бірін түсіністікпен қарауға жақындата түсу ниетінен туған еді. Сонымен  бірге жасыратыны жок, кейбір кері кетіп шоқына бастаған қазақтар шіркеуден әлдеқайда әдемі көрінетін, салихалы, сауапты, салауатты істер атқарылатын мешіттің жанынан өтіп бара жатқанда өз дініне  жүрегін жібітіп, көңіл аударар деген де ойда болған. Рас, адасқан қазақ бауырлар санасы оянып, ақылына келіп, өз дініне қайтып оралып жатса, тіптен жақсы. Оның мұндай   ішкі ізгі ойын былайғы жұрт қайдан білсін. Мұның ондай ойларын басқа түгіл сонау бас шаһардағы муфтияттың мүйізі қарағайдай мықтыларының өзі  біле бермесі анық. Сол шіркіндердің ұлттың ұстанымына кереғар келетін  мұндай күрделі мәселелерге бас қатырып жатқаны  шамалы сияқты. Әйтпесе бұрын мұсылман діні қағаберіс қалып келген кеншілер қаласына мешіт салына бастағаннан бергі мерзім ішінде өз тараптарынан көңіл бөліп, бақылау-басшылық жасап, бір емес бірнеше мәрте келіп қайтуларына әбден болатын еді. Одан да имамдықтан үміттеніп, күнделікті қалталылардың қалтасындағы тиын-сыйынын қарақтап, құран бағыштататын біреулер бар ма деп құлақтары елеңдеп, қалталарына қарға тамғанына мәз. Бір құран бағыштағаны үшін екі-үш жүз долларды айналасы бірер сағаттың ішінде жаны қиналмай жамбасына басатын оңай олжа тұрғанда олар бір қиырдағы кеншілер қаласында салынып жатқан мешітке бастарын ауыртып қайтсын. Қазір бір кездегі әйгілі Ақтайлақ би мен Шәкірім қажыдай дінді ел ертеңінің, ел болашағының алтын діңгегі тұрғысынан қарайтын даналар қайда?! Көкейлерін доллар дейтін көк қағаз тескен, өзгеден гөрі өз басының қамын көбірек күйіттейтін кілең бір кіреуке көз діни мықтылар қаптап кеткен кез ғой бұл. Байшікештерді жағалаған, депутаттарды сағалаған сондай діншілдер мен дінбасылардан не үміт, не қайыр?!  

Руслан ой жетегінде біраз жер ұзап кетіпті. Енді тоқтап шамамен жарты шақырымдай жерден екі ғимартқа  алма-кезек қараған. Бір сәт екі ғимараттың мұнараларына көзі түскен кезде өз көзіне өзі сенбей «Бұл қалай»? – деп қараптан-қарап тұрып таң қалды. Мешіттің мұнарасынан  шіркеудің мұнарасы әжептәуір биіктеп кеткен. Жоба жасаушыларға тапсырыс бергенде мешіт пен шіркеудің биіктігі бірдей болсын деп ерекше тапсырған-ды. Сондықтан жобада мұндай ақаудың болуы мүмкін емес деп ойлады Руслан. Сөйтті де қолындағы рациямен көлікте отырған жүргізушісін шақырды. Машинасы келісімен орнына отыра сала дереу көлік ішінде жатқан жобалардың сызбасына үңілді. Екі жобаны да тағы бір мәрте мұқият қарап шықты. Жатқа білетін жобаның әр сызығы көкейіндегідей сайрап тұр. Бәрі ойлағанындай, бәрі дұрыс. Сонда қағаздағы жоба қалайша іс барысында өзгеріске ұшыраған. Руслан дереу қалта телефоны арқылы хабарласып ғимарттарды тұрғызып жатқан компанияның инженерлерін шақыртып алды. Бірі қазақ, енді бірі орыс жігіті. Қазақ мешіттің, ал орыс шіркеудің құрлысына жауапты. Руслан екеуіне алма-кезек қарап « Мырзалар, мына жоба бойынша мешіт пен шіркеудің биіктігі бірдей болу керек еді. Ал шын мәнісінде шіркеудің мұнарасы  биіктеп кеткені қалай? – деді шіркеуді тұрғызушыға  бұрылып:

- Руслан Борисович, сәл биіктеп кетсе кеткен шығар. Оны сызғышпен өлшеген жоқпын. Меніңше екеуі де бірдей сияқты, - деді орыс жігіті жалтарып. Ал Руслан үндемей тұрған қазақ жігітіне қарап:

- Мұрат, сеніңше қалай? – деді.

- Білмеймін, бәрі дұрыс сияқты, - деді анау иығын қиқаң еткізіп.

Орыс ұлты тұрған жерде қазақтардың осылай күмілжіп, солардың сөзін қостайтынын баяғыдан білетін Руслан енді саз беттеніп сазырайып тұрған орыс инженеріне :

     -Сергей, жобада бәрі де тайға таңба басқандай анық көрсетілген. Сендер  жобадан ауытқымауларың керек емес пе? Неге бұлай істедіңдер?- деп қайталап сұрады.

  Сергей қитығып, Русланның сұрағына шамдана жауап берді.

     -Руслан Брисович, онда тұрған не бар? Шіркеудің мұнарасы биік болса, бірдеңеңіз кете ме? Жалпы мұсылмандар мешітінің мұнарасы биік болғанын көрген емеспін. Ал қазақтарға келсек бұлар қала, мешіт салып көрмеген халық.  Қой баққан халықтың салған мешіті қой қорасынан азғана ғана биік болған. Ал біздің шіркеуіміздің мұнаралары қашанда биік, асқақ келеді емес пе? Оны өзіңізде жақсы білесіз. Әрі-беріден соң Сіз христиан дінінде емессіз бе? Ендеше Сізге мешіттен гөрі шіркеудің мұнарасы биік болғаны дұрыс шығар, - деді Сергей  бұжыр беті міз бақпай сызданып.

      -Мен саған менің дінімді айт деген жоқпын, қымбаттым, - деді Руслан орыстардың «дорогой», – деп сөйлейтін әдетіне басып, – Сен маған дін жәйында дәріс оқыма. Мен діннің жәйын сенен гөрі жақсы білемін. Мұсылман мешітінің мұнарасы аласа балғанын қай жерден көрдің? Ал, қазақтарда қала, мешіт болмады дегенді кім айтты саған? Басқа-басқа, осы Ұлытау өңірінің өзінде бұл халықтың дүниенің төрт бұрышымен аралысып, сауда саттық жасасқан қанша қалалары болғандығын білесің бе? Білмесең біліп жүр. Тарихына үңіл, оқы, ізден. Сондықтан көп сөзді қойып, шіркеудің мұнарасын мешіттің мұнарасынан асырмай, теңестіретін бол. Мұны тапсырушының талабы деп біл, - деді қатқыл үнмен.

       -Руслан Борисович, мен олай жасай алмаймын. Кім болсаңыз да айтарым сол. Шіркеудің мұнарасына бола ренжіспейік. Тапсырушымын деп ойыңызға келгенді жасата алмайсыз маған. Менің де діннен хабарым бар. Сондықтан өзім білемін. Ең бастысы шіркеу жоба бойынша сапалы салынды, - деді Сергей әлі де қасарысқан қалпынан қайтпай.

      -Ендеше ертең мен келгенше шіркеудің мұнарасын мешіттің мұнарасынан тұп-тура  жеті метр төмендетесің. Әйтпесе, басыңа әңгіртаяқ ойнатамын. Сен кіммен сөйлесіп тұрғаныңды біл пұшық компанияның, инженері, - деп жайшылықта жаймашуақ көрінетін қоңырқай жүзі қошқылданып қатты ашуланып кеткен Руслан шіркеудің жобасын Сергейдің бетіне лақтырып тастап кетіп қалды.

      Сол бетінде үйіне барып, жүргізушісіне ертерек келуді тапсырды да өзіне-өзі келе алмай аулада теңселе басып біраз жүрді. Содан соң кешкі асын ерте ішіп жатып қалды. Ерте жатты деген аты ғана, көрер таңды көзімен атырды десе де болғандай. Таңертең тағы да ертелете тұрып, ойсоқты жандай үй ішінде тағы ерсілі-қарсылы жүріп толғанды. Ойына қайта-қайта кешегі оқиға орала береді. Адамзаттың түбі бір екенін ойлайды. Бірақ осы Адам атадан тарайтын түбі бір туыс адамзат құдірет қанша ақыл, сана бергенмен неге ақылсыздық жасайды. Бірімен бірі таласып-тартысады, өштесіп-қастасады, жанжалдасып – жауласады. Неге, неліктен, не жетпейді? Русланның ойы осыған бола онға, санасы саққа бөлінеді. «Біреуді біреу  бойына тоғытпай менсінбеу, кемітіп-кемсіну, мінеп-мұқату, қағып-қақпайлау деген болмайды ғой. Үлкен әділетсіздіктер осындай кіразымайтын кішкентай нәрселерден ушығып кетіп жатады», -  деп ойлады ол.

Томаға тұйық күй кеше жүріп, қырынып-жуынып, жүргізушісі келгенше дайын болған Руслан көлігіне отырысымен:  

- Мешіт жаққа тарт,- деді.

      Жүргізушісі аң-таң қалды. «Таң атпай мешітке неменеге бармақ? Кешегі істің нәтижесін көрейін деді ме? Бар болғаны бір түнде не бітеді. Бірақ кеше көкжал көрген дүрегейдей дүрдиіп, бастықтың қаһарынан қаймығып қалған орыс инженері бүкіл жұмысшыларын жапса да бүгін жанталасып айтылған істі ретке келтіріп қоюы да әбден мүмкін-ау. Дәуде болса ол бүгін жата алмаған шығар», - деп ойлады. Сөйткенше болған жоқ, олар мінген жүрдек машина межелі жерге алып келіп те қалған еді. Көлік мешітке бес-алты жүз метр шамасында қалғанда Руслан жүргізушісіне тоқта деді. Машина тоқтаған соң байыппен далаға шыққан Руслан  мешіт пен шіркеудің мұнарасына көз салды. Айтқаны айнымай орындалыпты. Орыс инженері шіркеудің мұнарасын шауып, мешіттен әжептәуір төмендеткен. Соны көріп  көңілі орныққан Руслан  «Ақымақ, ақылың орнына түскен екен», - деді мырыс етіп.

     Жүргізушісі өзі бірге қызмет істеп жүрген соңғы үш-төрт жылдың жүзінде қадалған жерінен қан алатындай бастығының талапшылдығын талай көрген. Әсіресе, туралығы мен кісілігі ұнайды. Қажет болса дәл осылай кімге де болса өз айтқанын істетеді, сөзін өткізеді. Қашан болсын тығырықтан шығатын жолды таба біледі, жылдам да дұрыс шешім қабылдайды. Әлсізді қорғап, қолдайды, ақауды оңдайды, кем-кетікке, жоқ-жітік пен қаріп-қаспірге қарайласып, қол ұшын беріп, көмектеседі. Ол бәрібір орыс инженерінің істемесіне қоймас еді. Ешқашан ешбір дінді бөлмейді, мұсылман дінін християн дінінен кем көрмейді. Табиғатынан жаны да, ары да таза кәріс азаматының осындай батылдығы, ақылдылығы біздің қандастарымызға жұғысты болса ғой. Мейірімсіз  тасжүрек, обыр да озбыр, жемқор да қорқау менің  кейбір қандастарым осындай абзал жандардан үлгі алса етті  деген ойда отырды жүргізуші. Жұмыс орнына бастығын жеткізгеннен кейін де жүргізуші қаумалаған қалың ойдың құшағында болды.

Мешіттің мұнарасы тұрмақ, қазақтың ойы мен санасы да төмендеп кетті емес пе. Ол осы жексембілерден жұққан ауру. Бір кезде қазақ хандығының батыс бөлігін алдап арбап қоластына қаратып алған ақ патша ақырындап құрлықта жыландай жылжып, тасбақадай ілбіп, өзендерді өрлеп уылдырығын шашқан балықтай сырғып алдымен қамалдар соқты. Содан соң сол қамалдарда қоңыраулары күңгірлеген шіркеулерін тұрғызды. Қазақ даласының төсінде соғылған сол қоңыраулы шіркеулер біртіндеп, қазақ баласының санасы мен жүрегінің төріне де соғылуы тиіс болатын. Алайда ол зымиян ойлар ғайыптың күшімен қазақ даласында тәуелсіздіктің таңы атты да быт-шыты шығып жүзеге аспай қалғандығы белгілі. 

Құдайға тәуба, тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта қазақтардың жағдайы жақсарып, тұрмысы түзелді. Ең бастысы қожайындардың қолына қараған, мынауым дұрыс, анауым бұрыс па деген жаутаңкөздіктен, жалтақойлықтан арылды. Өз билігі өзінде, аузына қақпақ, сөзіне тиым салып жатқан ешкім жоқ. Дегенмен баяғы даласындай дархан көңілді, кең пейілді қазақтар қазір жоқтың қасы. Тіпті қазіргі қазақтар мүлде өзгерген деседе болғандай. Жақсы күнде әрқайсысы жанталасып баюды ойлайды. Кедейі бай болсам, байы төрт қыбылам сай болса деп армандайды. Ал баюды армандаған адамның рухани баюы екіталай.  Содан барып ұлттық рухтың, білім мен біліктің, кішілік пен кісіліктің, адамгершілік асыл қасиеттердің мұнарасы аласарады екен. Едігедей ел қамын жеген Елбасы біреу, қалғанымыз оған тіреу болайық деген елдің ертеңін ойлайтын азаматтар аз. Көбісі билікке қолы жетсе қарпып қалуға дайын тұрады. Бізге бұл алдымен өзіңе, содан соң өзгеге зиян екендігін санамен ойлап білмек керек сияқты. Нәпсінің құрығы ұзарып, иманның құрығы қысқармаса игі еді. Құлқынына құрық бойламайтын азаматтары бар елдің болашағы қалай жарқын болмақ. Сондықтан әр жүрек ұлттық ойдың мұнарасын биіктетсе ғой шіркін!

Лайым солай болғай. Ұлттық та, рухани да мұнарамыз биіктей берсін, ағайын!                                                           

Дастан Ақаш,

 Астана қаласы.

Abai.kz 

0 пікір