БАУЫРЖАН МЕН МӘЛІК. ТАҒДЫРЛЫ ХАТТАР
Қазақ жерінің қос қиырында өмірге келіп, пешенесіне қан майдандағы ерлігімен, бейбіт заманда қалам қуатымен танылу жазылған, тағдырлас қос арыс – Мәлік Ғабдуллин мен Бауыржан Момышұлы арасындағы рухани байланыс Екінші дүниежүзілік соғыс жер-жаһанды шарпыған жылдардан басталыпты.
1941 жылы Алматы қаласының түбінде жасақталған 316-атқыштар дивизиясы (командирі генерал-майор И.В.Панфилов) құрамында қос қыран майдан шебіне аттанады. Автоматшылар ротасының саяси жетекшісі Мәлік Ғабдуллин мен батальон командирі Бауыржан Момышұлының таныстығы осы кезден бастау алады. Қызмет бабы, соғыс жағдайына байланысты үнемі бетпе-бет жүздесіп, пікір алмасып отыруға мүмкіндік жоқ еді. Рухани үндескен қос батыр өздерінің аман-саулықтарын, түрлі тақырыптағы ой-пікірлерін хат арқылы бір-біріне жолдап отырды. Ол хаттар негізінен төте жазумен жазылған және барлығы бірдей сақталмағандығын ескерген жөн. Себебі, Мәлік Ғабдуллиннің бірнеше қап материалдары, өзінің айтуынша, соғыс кезінде бомба түсіп жанып кеткен. Қазірде бізге жеткен хаттардың өзі біршама екендігін ескерсек, екі тұлға арасындағы тығыз байланыстың қандай болғандығын айқын аңғарамыз.
Хаттарға көз жүгірте отырып, майдандас аға мен іні арасындағы сыйластықты, кішіпейілділікті, ағалық қамқорлық пен інілік жанашырлықты байқауға болады. Хаттарда амандық-саулық, күнделікті тұрмыстық күйлер, майдан ахуалына қоса, ұлттық мәселелер де қозғалып, өзара жоспарларын, ойларын бөлісіп отырады. Мәлік Баукеңнің отбасына да хат жазуды да ұмытпаған. Батырдың жұбайы Жамал мен ұлы Бақытжанға әрдайым Баукеңнің амандығын айтып, сәлем жолдап отырған. Мәкең бір хатында былай дейді: «Қымбатты Жамал, Бақыт! Айдан бұрын жазған хатымды алған боларсыздар. Біз Бауыржанның тәрбиесінде өскен адамдармыз, Бауыржанның майдандас жолдастарымыз.
Кеше почтальон көп газет әкелді: онда бірсыпыра адамға награда беру туралы жайында бұйрық шығыпты. Осы бұйрық бойынша Бауыржан наградқа айбынды «Қызыл Ту» орденін алды. Сіздерге Бауыржанның алған наградымен құтты болсын айтамыз. Бұл наградқа сіздер қандай қуансаңыздар, біз де сондай қуанамыз», - деп, өзінің шын қуанышты екенін білдіреді. Мәлік Жамалға жазған хаттарында үнемі Бауыржанның ерлік істерін, азаматтығын, қайсарлығын тамсана айтумен болады: «Мен бұрын Бауыржанды, шынын айтқанда, білмеуші едім. Ол екеуімізді таныстырған жер – көкала түтіні бұрқыраған майдан болды. Батырлық, ерлік, өжеттік – бір кісінің бойында болатын қасиет емес. Сол сияқты, мінезі мауа, көңілі шат, мінезі мейірімділік қасиет те екінің бірінде бола бермейді. Адамдағы осы екі қасиет бір кісінің тұлғасынан табылуы өте сирек. Бірақ, осы екі қасиеттің екеуі де Бауыржанда бар. Мен мұны жақсы білемін. Мен жазушы адам емеспін. Егер жазушы я ақын болсам, көк күмбезді қағаз етіп, көкала дарияны сия етіп «Батырым Бауыржан» деген хикая да жазған болар едім» дейді жан сырын ақтара.
Бұл сөздерден Мәліктің адам тани білетін, азаматты бағалай білетін көрегендігін байқауға болады. Баукең екеуінің арасындағы қарым-қатынас әріптестік пен әскери жарғының аясында ғана қалып қоймай, аға мен іні, ұстаз бен шәкірт арасындағы нық байланысқа айналғанын көреміз. Мәлік Ғабдуллин өзі ұстаз тұтқан Бауыржан ағасын әрдайым ұлықтап отырғандығын тек хаттарынан ғана емес, мақалаларынан да байқауға болады. Майданда жүріп «Социалистік Қазақстан» газетіне Баукеңнің ерлік-өнегесі жайында жазылған «Қазақ мақалының күші» деген мақаласын жібереді.
Елге жазған тағы бір хатында: «Айтпақшы, мен «Қазақ баласы» деген үлкен нәрсе жаздым, барлығы 7 общая тетрадь болды. Онда 6-7 қазақ баласының майдандағы ерлік ісі айтылады. 2 дәптер көбінше Баукеңе арналды. Бұл материалды қазақ жазушысының бір мықтысына бермекпін, ол одан бірдеме шығара алса, тілек орындалғаны. Жазғандарымның бәрі – тек факті, материалдар».
Мәлік Ғабдуллинге Кеңес Одағының батыры атағын беруде Бауыржан Момышұлының үлкен қажыр-қайрат танытып, көп еңбек сіңіргендігіне тарихи құжаттар куә. Майдан даласында ерлік көрсеткендердің өзіне кешегі бұратана ұлттардың өкілі ретінде шекеден қарайтын шовинист шенділерді мойындатып, дала ұландарының адал еңбегін дәлелдеу оңай болмаған. Мәліктей батыр інісінің ерлік ісін елемеу – арға сын деп ұқты Баукең. Бұл Мәлікке ғана емес, барша қазақ солдаттарына берілген атақ еді. «...Маған герой атағын берді. Бұл атаққа ұсынуда Баукеңнің еңбегі зор, оны айтып, болмаса, жазып бітіре алмаспын. Тірі болсақ, Баукең еңбегін ақтау өз алдына. Герой атағын бесбармақпен қарсы алу керек емес пе? Әттең, не керек, қолдың қысқалығы және бұрын болмаған жаңа қызмет орны көп әсерін тигізді. Оқасы жоқ, аман болсақ, бес бармақ емес, он бармақ жазармыз».
Бауыры Батыр атанғанда ең алғашқы болып құттықтаған да Бәукең болатын.
«Ел күйзелген кезінде,
Ерлік еткен, бауырым,
Жау жағадан алғанда,
Батырлық еткен, бауырым,
Ел намысын құрметтеп,
Ер намысын ардақтап,
Құтты болсын айтамын,
Шын жүректен, Мәлігім!»-
деген жыр жолдары сол сәттерде жазылған, Баукеңдей батырдың шынайы көңілден шыққан риясыз тілегі болатын.
Мәкең өзін ешқашан ақын санамаған тұлға. Тіпті кейбір жазушыларға жазған хаттарында өзін ақын деп атаудан аулақ болуын ескертіп айтады. Алайда жазған өлеңдері де жоқ емес еді. Сондай өлеңдерінің бірі Бауыржан ағасына арналған:
Ардақты Бауке!
«Ақыл менен айбаттың,
Арнасы едің қайраттың,
Төгілген кезде қызыл қан,
Қысылған кезде шыбын жан
Алмадың тыным неше күн,
Жайланып кірпік қақпадың,
Сезбедің күннің батқанын,
Сарғайып таңның атқанын,
Қарсақ жортпас қарсаңнан,
Жолбарыс жүрмес жылғадан,
Құлан баспас тақырдан,
Тағалы ат тайған мұздардан,
Терістен соққан ызғардан,
Қарға қонбас қара ағаш,
Нелер биік құздардан,
Аяғың басып аттадың.
Қандасқан жаумен қағысып,
Неше күн тамақ татпадың,
Ата менен ананың,
Бесіктегі баланың,
Іні менен ағаның,
Жеңге менен келіннің,
Еркелеп өскен еліңнің,
Көк орай нұрлы жеріңнің
Сенімін адал ақтадың.
Ар, ұят, намыс сендегі –
Күшті еді-ау соққан дауылдан.
Сізге арнаған міндеті –
Сөздер еді осы, «Бауыржан!»
Темір жақты, жез таңдай,
Айыр көмей, ақ маңдай
Атанам деп талпынған
Болып еді кездерім.
Нөсерлете төгілген
Бір кездегі сөздерім,
Қазір менен аулақтап,
Көрдің бе, Бауке, безгенін.
Әйтпесе осы хатты өлеңмен жазайын деп пе ем. Бұл әшейін көңіл еді. Әйтпесе менде шатасып жүрген не ақындық, - деп хатын аяқтайды.
Мәлік Ғабдуллин Орталық Саяси бас басқармаға қызметке ауысып кеткенде де Баукеңмен хабарласып, хат алысып тұрады. Хаттарында ағасымен көп ақылдасады. «Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дер» деген мақалды көп қолданады. Баукеңе батыр атағын беру мәселесін (Мәліктің хаттарында) де сөз етеді.
Баукең жазған хаттардан ағалық қамқорлықты айқын аңғаруға болады. «Қарағым, қара тентегім –Мәлігім!» деп еркелете жауап жазған хаттары соған дәлел. Жалпы мазмұны ұлтқа қызмет етуге кеп саяды. Сол кездегі солақай саясатты сынай отырады.
«...Сіз Алматыға барғанда көп еңбек істегеніңізді естіп қуандым. Өте жақсы іс жасағансыз. Ол еңбектер халқымыз үшін өте бағалы, аса асыл қазына деп білемін. Мұндай еңбектің қазақ халқының атағын шығару, абыройын көтеру, адамдарын таныту жолында өте көп қызмет атқарары сөзсіз. Шынында да, халыққа қызмет етуден артық не бар? Бірақ осы қызмет ету дегенді теріс ұғынатын дурактар да жоқ емес, олар көп. Ондайлардың ойынша, қара қарның қампайса, қара басыңның бабы келіссе, үсті-басың дұрыс болса, бұл – халыққа қызмет еткендік болады деп қарайды. Нағыз мещандық осы ғой. Құдай сақтасын. Мұндайлар ел басқармасын. Елді де, ерді де ондайлар езеді. Езбесе езуге тырысады. Ондайлардың кейбіреуін сіз кездестірген боларсыз. Мұндай адамдар ұлт дегенді теріс ұғынады, одан қашады, тіпті қорқады. Айта берсең, пәле жауып, сені ұлтшыл етіп көрсетуге тырысады. Национальная гордость дегенге теріс қарайды».
Қылышынан қан тамып тұрған қызыл империя дәуірінде айтылғанын ескерсек, Мәлік батырдың бұл ойларын ерлік деуге тұратын іс және қазіргі күні де күн тәртібінде тұрған мәселе деп айта аламыз.
Екі бірдей тау тұлғаның ойы мен көзқарасы әрдайым бір жерден шыққан деуге де келмейді. Түрлі адам болған соң, түрлі пікір де болады. Сол пікір алуандығы екі тұлға арасында бейбіт күнде көрініс тапқан. Оған себеп болған батыр Бәукеңнің «За нами Москва» шығармасы еді. «За нами Москва» жарыққа шыққаннан кейін Мәлік Ғабдуллин Бауыржан ағасына хат жазып жібереді. Хатында шығарманың асығыс және қысқа жазылғаны айтылып, бірнеше ескерту де жасайды. «Осы шығармаға енген басты адамдардың соғысқа дейін кім болғандығын қысқаша түрде баяндап беру керек. Мәселен: Бауыржан, Рахимұлы, Бозжанұлы тағы басқалары соғысқа дейін кім еді? Генерал Панфилов туралы толық материал беріңіз. Бұл генералдың атын халық естіген, бірақ соғысқа дейін кім болғандығын екінің бірі біле бермейді. Сондықтан Панфилов жайлы материалдар қоссаңыз, өте хорошо болмақ. Панфиловтың образы көрінбейді. Көп жағдайда генералымыз қолбасшы емес, тек картаға үңіліп, жұрттың сөзін тыңдаушы ғана болып қалады. Генерал жұртты басқарушы, қолбасшы еді ғой. Ендеше, ол осындай дәрежеде бола тұрып не істеді деген сұраудың жауабын кітап бермейді. Сіз генералды мақтаймын, дәрежелеймін деген мақсатты қоя отырып, соны орындамайсыз. Көп жағдайда генерал тек сіздің сөзіңізді тыңдаушы, құптаушы ғана болып қалады. Сіз басқарған батальон Москваны қорғау жолында төрт тамаша ерлік жасағаны тарихқа белгілі, оған таласымыз жоқ. Бірақ та сіз өз батальоныңызды суреттеу арқылы бүкіл дивизияда бір ғана батальон бар, ол менің батальонным дегендей әсер қалдырасыз. Дивизияның басқа бөлімдері бос жүрген немесе тырқырап қашып жүрген сияқты болып көрінеді. Басқалардың ерлігін әртүрлі суреттеуге молынан болады ғой. Сонда сіздің батальоныңыздың ерлігі басты орында суреттелсін, сол арқылы басқалардың ерлігі көрінсін. Сондай-ақ, Бозжановты как политрук сіз көрсете алмағансыз. Жауынгерлердің арасында болып, жұртты ұйымдастырып жүрген политруктер сіздің кітабыңызда көрінбейді. Ол штаб айналасынан шықпайды. Бұл қалай? «За нами Москва» әңгімесіне берілген эпиграф сөзіңізді оқып шығыңызшы, онда сіз былай депсіз: «Мен бұл шығармамда өзімнің тәжірибемді айтумен қабат, кейбір қателерімді де көрсетпекпін» дейсіз. Меніңше, мұндай сөздің қажеті болмас, өйткені қатем мынадай деп көрсетпейсіз».
Мұндай өткір сын, әрине, кімге де болса, оның ішінде Баукең сияқты қаһарлы қолбасшыға оңай тимейтіндігі анық еді. Бұл хаттың жауабы да көп кешікпей иесін тапқан:
«Қарағым Мәлік!
Бір қалада тұрып, қарым-қатынасымыз болмастан хат арқылы сөйлесіп, пікір алысуды қалайынша азаматтығымызға, атағымызға жарасады деп ойлайсың? Менің есігім сенің алдыңда қашан жабылып еді? Мына хатты сен маған қандай оймен толғанып жазғаныңа түсінбедім. «Творческий кухнядағы тамақ» бес жылдап, он жылдап «пісетінін» сен білесің. Прием автора, методология, решение проблемных вопросов, тағы басқа нәрселерге қалайынша араласуға болады? Видение мира деген нәрсені жазушыға табиғат қана береді емес пе? Менің жауынгерлердің аруағының алдында, тарих, халық алдында адалдығыма күмән келтіруге сенің қандай моральдық правоң бар? Сенің жапқан «жалаң» маған жұқпайды. Асығыстық, шала-шарпы ойларың өзіңді кейін ұялтып жүрмесін. Әскери атағы барларда терең әскери ойлар бола бермейді. Форма мен профессияның жер мен көктей айырмасы бар екенін сен білесің. Тарихта Капров пен жиырма үшінші полк үшін ешқандай адвокаттың керек жоқ екенін де білесің. Құдай бар, архив бар. Мен Құдай мен архивтің құлымын. Зая баспаймын. Оқи білгін, ойлай білгін. Сенің көргеніңді мен көргенім жоқ. Менің көргенімді «көрдім» деп жағаласпағын. Хатыңды қайтарып отырмын. Пікіріңді ауызекі көзбе-көз айтқын. Арамыз онша алыс емес қой».
Батырдың батырға жазған жауабы осы болды. Қашанда ер шекіспей бекіспейді. Екі алып тұлғаның тарихи оқиғаларға қатысты көзқарасынан біз олардың турашылдық мінезін, ақиқат жолындағы адалдығын танығандаймыз. Бұған қарап, екі батырдың арасы бейбіт заманда суынып кеткен екен деген ой туындамауы тиіс. Әрбір жиындар мен мерекелік салтанаттарда Мәлік батырдың Бауыржан ағасын үнемі көтермелеп, қолдап, ол туралы көптеген материалдарды өмірінің соңына дейін басылым беттерінде жариялап отыруы сөзіміздің дәлелі болса керек-ті.
Мәлік Ғабдуллин мен Бауыржан Момышұлы арасындағы рухани байланыс 30 жылдан астам кезеңді қамтыды және ол жылдар өткен сайын кемелдене түсті деп айта аламыз. Мәлік Ғабдуллин өмірден өткенде Баукең қамығып, қайғырып отырып аһ ұрады. Екі батырдың арасындағы пендешілік, бақай есептен ада, не айтса да шындық, турашылдықтан айнымаған, жарасымды сыйластық бүгінгі ұрпақ - біздердің арамызда да болса, қанеки дегіміз келеді. Мәлік батырдың ғасырлық тойына орай, Бауыржан, Мәлік, Рамазан Елебаев, Төлеген Тоқтаров, генерал Панфилов, т.б. ерлердің өнегелі ғұмырын, шынайы адами бейнесін көрсететін фильм, сахналық туындылар жарық көрсе, жас ұрпақты отаншылдыққа, халықтар достығына, ерлікке тәрбиелеудің таптырмас құралы болар еді және осы ойымыз жүзеге асады деген сеніммен мақаламызды түйіндемекпіз.
Нұрболат ӘЛМЕНОВ.
Көкшетау.
P.S. Мақала Мәлік Ғабдуллин музейі қорынан алынған материалдар негізінде жазылды.
Abai.kz