Жексенбі, 24 Қараша 2024
Қауіп еткеннен айтамын 7196 0 пікір 24 Сәуір, 2015 сағат 11:21

«ЖІБЕК ЖОЛЫ» МА? ЖЕГІҚҰРТТЫҢ ЖОЛЫ МА?

Кеше. Б.з.д.  IV ғасыр мен б.з.14-ші ғасырына дейін Жібек жолы - өркениет жолы болғаны рас. Ол кезде Жібек жолы жабайы Еуропаны киіндіріп, жуындырып, білім-ғылымға жеткізген еді. Енді ол қандай болмақ?

Бүгін. XXI ғасырдың Жібек жолы атанған, Батыс Қытай – Батыс Еуропа күре жолы Қытайдан бастау алып, 8,4 мың шақырымы еліміздің 5 облысын басып өтіп, Ресей арқылы Еуропа мемлекеттеріне ордалы жыландай шашырап тарап кетеді. Бірақ бұл жолмен Еуропадан шығысқа немесе шығыстан Еуропаға қарай өркениет болатындай не тасылар екен? Үнемі жалаулатып мақтанып айтып жүрген Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасының ірі жобасы ретінде қазақ билігінің бұл ісі қазақ халқы үшін баянды ма?  

Иә, Батыс Қытай – Батыс Еуропа күре жолы бітіп, әр отыз, елу шақырым сайын шағын техникалық жөндеу орталығы, дәмхана, май құю бекеті, дүкендер, шағын қонақ үйлер салынады. Осы күнге дейін шалғайдағы бір ауылдан екінші ауылға жете алмай жатқан халық жолды болып, ұзыны қысқарып, қысқасы қосылып, ағайын-туыстың арасы жақындайды. Күре жолға жақын маңдағы ауылдардың тұрмысы түзеліп, халқы жадырап, азан-қазан қайнаған еңбек, сауда күнкөріс көзіне айналады. Күре жол қазағы көп оңтүстік өңір мен батыс аймағы арқылы жүргендіктен ылғи қазақтар жұмысты болады. Түйенің шұбаты, биенің қымызы, сиырдың айраны, қолдың сары майы, қазы-қарта мен шұжығы, оңтүстіктің көкөнісі, жеміс-жидегі ақша көзіне айналады. Бизнесін өркендетіп, жолаушылар мен жүргізушілерге қызмет көрсетеді. Жағдайлары түзеліп, біразы байып та шығады. Қайран, қазағым, бір жырғап қаласың-ау, қайтейін. Қандай тамаша жоба, ойлап отырып көңілің риза болады. Бірақ «батпан құйрық, бұл не қылып айдалада жатқан құйрық» дегенді ешкім ойламайды да, оны ойлауға қазіргі кедей қазақтың жағдайы да көтермейді. Жекелеген жандар баюы мүмкін. Бірақ халық ешқашан байымайды да, бұл өмір заңдылығы, тек «коммунизм елесін» қуғандай арман ғой, «міне, ертең, міне, ертең байимыз» деп жүргенде  о дүниге өтіп те кетесің. Сосын сенің балаң да «міне, ертең, міне, ертең» деп байып кететіндей болып, ол да өмірден өтіп кетеді. Дүние жалған деген – осы. Бұл мәңгілік тіршілік қағидасы. Орыстар айтады: «Қақпанда ғана тегін ірімшік жатады» деп. Сорымызға орай, күре жол 20 жылдың көлемінде қазақ руханияты үшін арыстанның апанына айналады.

Ертең… Жиырма жылдан соң нарығын, саудасын дөңгелеткен қазақтар байып, дүниені жалпағынан басып жүреді. Бірақ... ақша қуған жандар ұрпағының тағдырын ойлай қоймас. Таратып айтсақ; ұзақ та жапан даладағы жол бойында не болып, не қойып жатқанын бақылау мүмкін емес. Малды қазақтың малы жолға шығып кетіп, үлкен жылдамдықпен жүретін көліктерге соқтығысып, күніне төрт түлік малдың нешесі қырылып, неше көлік апаты болатыны бірі тіркелсе бірі тіркелмейтін қылмыста есеп болмайды. Қазақстанның барлық аймағынан жезөкшелер «ақша табамыз» деп, саяхатшылар, қаңғыбастар, нашақорлар, қылмыскерлер мінген шетелдік көліктердегі еркектерді «аулап», тәнін сатып, әлемдік аурудың неше түрін жұқтырады. Еркек болса жата салатын, «өзім үшін» деп байсыз бала табатын ақылсыздар күре жолдың бойында қаптап жүреді. Олардан тараған ауру, деліқұлв, шата, тексіз балалар көп болады. Орта Азия мен Ауғанстан анашасы қосылып; «Шу бойының керемет нашасы бар» деген аңыз әлемге тарап, Жібек жолы емес «Шу жолы» деп аталатын болады. Әлемдік қару-жарақ бизнесі мен наркобарондар күре жолды «бақылауға» алады. Қазірдің өзінде кішкентай мектептегі жемқорлықты жоя алмай отырған билік әлемдік қылмыс пен жемқорлықты жеңбек түгілі, соларға тік тұрып қызмет етеді. Алыс ауылдардағы жұмыссыз қыз-келіншектерді «вахталық қызметке» әкелетін, 15-30 жас арасындағы жезөкше, жәлептер сататын, порнофильмдер түсіретін мұздай қаруланған жендеттері бар қылмыстық мафия үстемдік етеді. Қазақ жігіттері шетелдіктерге наша сатып, өздері де нашақорға айналады. Кішкентайынан шетелдіктерді көріп, қызмет етіп өскен балалар, ешқашан оларды жатсынбай шатасатын болады. Қазақ балаларына Джон, Елизабет, Анель, Жанель, Шанель, Кабель, Ху, Жин Тауа, Александр, Путин сияқты кісі есімдерін қою сәнге айналады. Ары өткен көліктен біреуі, бері өткенінен екеуі түсіп қалған шетелдік келімсектер, қаймағы бұзылмаған қазақ ауылдарына мүләйімсіп кіріп, бар жылтырағын беріп, қазақша үйреніп, домбыра тартып, ән салып, өздеріне қазақтарды үйрете бастайды. Қазақтар да жат келімсектерді туысындай жақсы көріп кетеді. Келімсек қазақ қызына үйленеді, оны көрген екінші қыз екінші келімсекпен танысады, сосын жаппай қазақ қыздары күндіз-түні шетелдікті ойлап, бірі күйеуге тиіп шетке кетсе, бірі жайылып төсегіне айналады. Бірі қытай, бірі орыс, бірі негр, бірі еуропеид, бірі кавказ тектес; шегір, көк, жыртық, ит көзді, бірақ аты-жөні қазақша, жүзіне қарап қай ұлтқа жатқызарыңды білмейтін «хамелеон» бетті, жат пиғылды жиендер көбейеді. Бір ұрпақ ауысқанда бұларға іштен шыққан мәңгүрттердің ұрпағы қосылса, қазақ ұлтының болашағы қараңғы…

Ақылымен, санасымен, аналық махаббатымен емес, әйел болғандығы үшін ғана билікке келген санасыз әйелдер азғындардың «құқығын» заңдастырып, әлемнің лесбианкалары мен гомиктері де Қазақстаннан жылы мекенін табады.

...Әлі қазақша сөйлей білмейтін қазақ баласы балабақшадан үйренген, оқыған, ағылшын тілін 10 пайызы ғана білім, ғылымға жұмсап,  90 пайызы ақша табуға, азғындыққа қызмет етуге жарататын болады. Оларды жол бойындағы әрбір бекет, дәмхана, дүкен, қонақ үй аудармашы ретінде жұмысқа алады. Кәсіпкерлер мен шетелдіктердің екі қоянды бір оқпен атып: «Жастарға жұмыс тауып бердік» дегеніне мәз болған билік қызымызды қойындарына салып береді. Ұлттық жүйесі, ұрпақ тәрбиесінің мемлекеттік бағдарламасы жоқ «Мәңгілік Қазақ еліндегі» жастардың санасына «толеранттық», «көп ұлтты мемлекетпіз» деген саясатымыз әбден бекіп, ұлттық рухы мүлдем жұтап, өз еліне жат болып қалыптасады. Жол бойының жастары туғалы тәрбиесі - шетелдікке қызмет ету, алғандары – білім-ғылым емес, сауда-саттық, азғындық, анайы іс-әрекеттер болса қайбір оңар дейсің?.. Күніне мың сан ауыр, жеңіл жүк көліктері мен жолаушылар, ары-бері шұбырған халық. Кісі өлтіру, қорқытып май құйғызу, сатушылардың ақшаларын тартып алу, май құю бекетін, дәмхананы, дүкенді, үйді тонау, қыз-келіншектерді зорлап кету, өлтіре салу күнделікті үйреншікті әдетке айналып, халықтың еті үйреніп, оған мән де бермейтін болады. Бұл жердегі қазақ отбасының еркегі мен әйелі; бірін-бірі қызғанып ажырасады, өлтіреді, сотталады, арақ ішіп немесе нашақор болып кетеді. Бала-шаға жетім қалады. Күн көру үшін, тағы айрандай ұйып отырған отбасы күре жолдың бойына көшіп келіп бұзылады...

«Батыс Қытай – Батыс Еуропа» күре жолының бойында (Жамбыл облысы) «Ақыртөбе» ауылында осы айтқандарым шынайы өмірде болды. Биліктің «Осы жолдан елдің экономикасы дамиды» деген сандырағы «сынақтан» өтпей қалды. «Ақыртөбеде» қаймағы бұзылмаған, ұлттық мәдениетін, дінін, ар-намысын, асыл қасиетін сақтаған қазақтар мыңдаған жылдар бойы тіршілік етіп келеді. Тәуелсіздік алғаннан соң, жол бойы жан асырауға қызмет етті. Жол бойында дәмхана, шағын қызмет көрсету орталығы, жатар орын, май құю бекеті, базар ашылып, әркім өзімен-өзі бірі саудасын жасап, бірі техникалық қызмет көрсетіп, бірі асын пісіріп, тіршілік қызу жүріп жатты. Бірақ, нарық дендеп енген сайын ауыл нағыз Америкадағы жын-ойнақтың ордасы «Лас-Вегас» қаласына айналды. Ақыртөбеліктер бұл жерді «Лас-Вегас» деп атады. Өйткені, келімсек еркектер кешке шамға жиналған түнгі көбелектей, үймелеген қазақтың қыздарын топ-тобымен сатып алып, қызығын көрді. «Қыз керек пе, қыз?» деген жеңгетай кексе әйелдер жолаушы еркектердің құлағына «сыбырлап» жезөкшелерді тауар ретінде ұсынып жанталасты. Тіпті, қалтасына ақша түссе, жемтікке үймелеген шиебөрілердей алыс ауылдың жігіттері де «Ақыртөбені» бетке алатын үрдіс пайда болды. Мұнда жап-жас қазақ қыздары 15 мыңға, 25-30 жастағылары 10 мыңға «қызмет» көрсетіп жатты. Жезөкшелер негізінен жергілікті қыздар емес. Жеңгетайлар оларды Тараз, Шу, тіпті, Алматыдан алып келеді. Таң атқанша саудалап, таң қылаң бере қайтадан алып кетеді. Ауыр, жеңіл көлік иелері жезөкшелерді өздерімен алып жүріп, сатып, ақша табатын пысықайлар да көбейді. Жезөкше саудасы пайда болған соң, бауырында баласы, жанында сүйікті жары бар әйелдерге, ар-ұятын сақтаған адал аруларға жұмыс істеу мүмкін болмай қалды. Өйткені, олар туралы байдан ажырасқан, жеңіл жүрісті, байсыз бала тапқан, бақталас, бәсекелес сатушылар пайда болып, сай-сүйегіңді сырқыратар өсектер таратып, айрандай ұйып отырған отбасына бақытсыздық әкелді. Ақыртөбелік пәк те ару қыздар «Лас-Вегастың түнгі көбелектері» деген былғаныш атқа қалды. Арлы әйелдер отбасының берекесін ойлап, саудасын тастап кетті. Жас қыздар ол жаққа аяғын баса алмай қалды. Арам пиғылдылар: «Пәленшені түнде «Лас-Вегастан көрдік» деген сықылды өсектер, қысыр сөздер таратып, қаймағы бұзылмаған шағын ауылдың ойран-топырын шығарды. Құқық қорғау органдары, салық, қаржы, СЭС қызметкерлері де бұл жерден «ауқаттанып», қарық боп жүрді. Ауыл шағымданып, ашық та, жабық та қарсылықтарын білдіріп, қалайда бұл жерді жабудың айла-тәсілін іздестіре бастады. Ақыры, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» күре жолы өтеді» деген себеппен «жын-ойнақ» ордасын, инфрақұрылымын сүріп тастады. Бірақ, көп өтпей-ақ ұрпағын азғындыққа итермелейтін, «күн көріс» саясатын ұстанған, билік тарапынан алып механизм іске қосылып, қайтадан «Лас-Вегас» пайда болады. Осы «аждаһаның» жұтқынында қанша қазақтың тағдыры аяқ асты болары белгісіз. Атыраудан Алматыға дейінгі құс қанаты талатын ұшан далаға салынып жатқан күре жолдың бойында қаншама «Лас-Вегастар» ашылар екен?.. Зорланған, қорланған, жазым болған қазақтың қанша қызының, өлтірілген еркегі мен баласының сүйегін ит-құс жеп, көмусіз қалары белгісіз. Зауыт-фабрика салып, технологияны, білім-ғылымды дамытады десек, жол бойын торып, ары-бері өткенді торуылдап  МАИ қызметкерлеріне ұқсап қарын майлайтын сияқтымыз. Қайыр жинап қайбір өркендер екенбіз?..

Бұл сауда жолы болғандықтан бұл жолмен Еуропадан Шығысқа ешқандайда мәдениет, білім, ғылым, өркениет емес, адами қасиеттерден жұрдай; әлемдік аурулар, надандық, маскүнемдік, алаяқтық, ұрлық, азғындық, білімсіздік, рухсыздық, анайылық, анаша, ақша, тауар, қару тасылады. Ал, Қытайдан Еуропаға сапасыз, бірақ-рет киетін киімдер мен бір айдан аспай істемей қалатын техникалық тауарлар тасылып, асығы алшысынан тұрады. Қытай үшін – Қазақстан жолда жатқан пөстек, Ресей естек, Еуропа жемтік болып, Кедендік одақ ұлт тамырына балта шабады.

 

                                                               Тоғайбай НҰРМҰРАТҰЛЫ,

                                              ҚР Парламент Сенатының Алғыс хат иегері

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5560