Жексенбі, 24 Қараша 2024
Мәйекті 7445 0 пікір 20 Сәуір, 2015 сағат 12:07

ӨМІРДЕН СӘУКЕЛЕ КИІП ӨТКЕН ЖАН

Қазақстанның халық артисі Бикен апа Римованың дүниеден өткеніне де 15 жыл болыпты. «Сахна сұлуы» атанған ғажайып актрисаға деген сағынышымызды аздап болсын басу үшін ол кісімен кезінде театр және кино саласында қатар еңбек еткен әріптес, үзеңгілес, замандастарынан естелік айтып беруін өтінген едік.

Қазақ театрының көркі еді

Есмұқан ОБАЕВ, Қазақстанның Халық артисі, профессор:

– Актриса ретінде халқына еңбегі сінген, аты аңызға айналған есімдер болады. Солардың бірі – Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, актриса, драматург Бикен Римова еді.

Бикен апа Жамал Омарова, Рабиға Есімжанова, Үрия Тұрдықұлова, Рахия Қойшыбаева, Сәбира Майқановалар сияқты ұлы лектің ізінен ерген қазақ театрының көркі еді. Ару қыздардан бастап, әжелерге дейін ана образдарын жасауда айрықша еңбек сіңірді. Мысалы, бұ кісінің алдындағы Р.Қойшыбаева, С.Майқановалардың ерекшелігі – олар ұлттық сипатқа жақын, бейнеге қазақы бояуды көбірек енгізетін, мінез жағынан өктем, кей-кейде тәкаппар бейнелерді жасауда өзіндік бір әдіс-тәсілдерді ұстанған тұлғалар еді. Осы романтикалық пафосты аналар бейнесінен кейін сахнаға ойлы, ұяң, ұстамды, білгір, шыдамды, көреген, сұлу, мұңлы образдар келе бастады. Осы жаңалыққа із салған Бикен Римова, Хадиша Бөкеевалар болатын.

Актрисаларға ондаған рөл ойнап, артына мол мұра қалдыру міндет емес. Ірі-ірі классикалық тұлғаға айналған екі-үш рөл жасаса, сол жетеді. Бикен апаның үлкен классикалық тұғыры – Еңлігі мен Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер-анасындағы» Жер-анасы. Ол кісі ойнаған Еңлік – батыр, ерке, еркін Еңлік бейнесі ерекше тұлға еді.

Мұқаң, Ғабең, Сәбең секілді ұлы драматургтердің көзін көрген, Қаллеки, Құрманбек, Қапан сынды қазақ өнерінің көшін алға сүйреген ардагерлермен бірге жұмыс істеген Бикен апамның, әрине, сахнадағы әріптестері жағынан да жолы болды. Мысалы, «Еңлік-Кебекте» Нұрмұхан Жантөрин – Кебек, Бикен Римова – Еңлік, Ыдырыс Ноғайбаев – Есен болып ойнады. Осы үш ұлы тұлғаның жарасымдылығын, ірілігін, актерлік биік тұғырын дәл қайталай алу мүмкін бе?.. Қайдам. Шеберлік деген осы...

Бикен апамның сахнадағы даусының өзі – ешкімге ұқсамайтын қоңыр, нағыз сахналық үн еді. Сөз саптауы нық, естілмей қалатын бірде-бір дыбыс жоқ. Қазақ сөзін мәнерлеп сөйлеуде басқа актрисалардан ерекше еді. Бізде актерлер интеллект жағынан ақсап жатады. Интеллект дегеніміз – білім. Ал Бикен Римова мәдениетті, тарихты, өнерді және күнделікті шығармашылығына қажетті басқа да дүниелерді көміліп отырып оқитын, соны бойына сіңіретін. Үйінде бай кітапханасы бар еді.

Кино мен дубляж саласына да аз еңбек сіңірген жоқ. Классикаға айналған «Менің атым Қожадағы» шеше бейнесін қандай керемет жасады! Кешегі «Тоғысқан тағдырларда» («Перекресток») Бикен апа жасаған ана бейнесі ұлттық образға айналды. Ондағы Бикен апамның актерлік шеберлігіне, Қ.Жәкібаев екеуінің әріптестік жұмысына елдің бәрі риза шығар. Ал драматург ретінде Бикен апа «Абай-Әйгерімнен» бастап өмірінің соңына дейін талай пьеса жазды. Қазір олар Қазақстанның барлық облыстық театрларында жүріп жатыр. Үкіметтің арнайы қаулысымен өзінің туған жері – Талдықорғандағы облыстық театрға аты берілді.

Сахнада жүріп көз жұму Құдайдың берген абыройы ма, әлде тағдырдың сыйы ма екен?.. Әйтеуір өнерден қол үзбестен, жұмыс үстінде қайтты.

 

«Естайдың Қорланы» өзі дер ем...

Шәмшагүл МЕҢДИЯРОВА, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі:

– Бикен апамен бірге жүргендегі алған тәжірибеміз ұшан-теңіз. Театрдағы үйренгеніміз – өз алдына бір мектеп. Алдымен үйдің иесін, шаңырақты сыйлауды үнемі айтып отыратын. Ол кісінің отағасына (драматург Шахмет Құсайынов – ред.) деген құрметі, пейілі ерекше еді. Тіптен аға екеуінің қалай киім таңдағандарының өзі бір ертегідей. Соған қарағанда Шақаң Бикенді өнер адамы ретінде еркін ұстағаны аңғарылады. Шақаңның мәрттігін, жаңадан ашылып келе жатқан жас жазушыларды дастарханға шақырып, қалай бағыт беретінін, күй-жайы жоқтарына қаражатпен де көмектесетінін сүйіспеншілікпен айтатын. Оған үйлеріне барып жүріп, өзім де талай куә болғанмын. Әйтеуір, ерлі-зайыпты екеуінің қайырымдылығы бір жерден шыққанына таңданбасқа болмайтындай.

М.Әуезов театрында «Естайдың Қорланы» атты пьеса қойылды. Меніңше, осы пьесаны жазғанда Бикен апаның авторға тікелей ықпалы болды-ау. Өйткені, Қорланның Естайға айтқан сөздерінің ішінде Шақаң туралы айтатын монологтары мен жауаптары үндестік тауып отырады. Сол спектакльде мен жеке дауыста жоқтау айтамын. Бір күні осы спектакль енді сахнаға шыққалы жатқанда: «Қыз, бері келші!» – деп оңаша шақырып алды. Екеуміз екінші қатарға барып жайғастық. Қолымды сипалап отырды да: «Әй, қыз, енді мен қанша жүреді дейсің...» – деп бастай бергенінде: «Қойыңызшы, қайдағыны айтпай, ол Құдайдың еркі ғой», – дедім. Ал ол кісі болса жайбарақат қана: «Сонда да мен саған көп ұзамай кететінімді айтқым кеп тұр», – деді...

Сөзінен іштей секем алғаныммен, әуелі үндей алмай қалдым да, сөзді басқа арнаға бұрып жібердім. Бірақ апа шын көңіліндегісін айтқан екен.

Бикен апамның өмірінің соңғы кездерінде шығармашылық жұмыстары көбейіп кетті. «Перекрестокқа» түсу, театрда ойнау, жазу, Болат Атабаевтың «Абай десем» спектаклінің басы-қасында болу... міне, осының бәрі өмірінің соңғы тынысындай еді. Ол кісінің жасының ұлғайғанына қарамай тың серпіліс табуына сол уақытта Болат Атабаевтың біздің театрға режиссер болып келуі себеп болған сияқты. Өйткені, екеуі жақсы түсіністік тапты да, Болат қойған спектакльдің барлығында дерлік ойнады.

«Естайдың Қорланында» өзінің бір киер сәукелесі бар еді. Емханада жатқанда «маған соны кигізіндер» деген екен, ақыры соны киіп кетті. «Естайдың Қорланы» апамның Шақаңа деген сүйіспеншілігі, сезімі ғой, сондықтан сәулет салтанатын сезініп өткенді қалаған шығар.

 

Қобыланды батырдың қарындасы дейтінмін

Асанәлі ӘШІМОВ, Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

– Бикен апайды мен «Қобыланды батырдың қарындасы» деуші едім. «Онда сен Қобыландының өзісің!» деп қарқ-қарқ күліп, мәз боп қалушы еді. Шынында да, апамыз әрі батыр, әрі нәзік жанды, әділетсіз пікір айтылса шыдап тұра алмайтын жан болатын. Өрескелдікке жаны қас, жақсылыққа құштар, нағыз өнер адамына тән қасиеттері мол еді. Өнердің ұстыны, әрі әділ сыншысы, ойын жасырып-бүкпей ашық айта білетін, сирек кездесетін батыл мінезді, сахна үшін жаралған тұлға еді ғой.

Сәбира апамыздың орнын басып, театрымыздың екінші анасына айналып, кейінгілерге бас-көз боп, елді аузына қаратып келе жатқан кезінде сұм ажал ортамыздан жұлып әкетті. Сахналас болдым, ол кісімен бірге ойнаудың талай табысты тамашасына кенелдім. Алғаш ойнаған рөлім –  Кебекке режиссерлік етіп, Фарида екеуімізді сахнаға алып шыққан да Бикен апа болатын. Құрдастарша қалжыңымыз жарасып тұратын. Сахна – жас-кәріге қарамайды, бір-біріңе етің үйреніп, әдемі әзіл, әділ сын, риясыз өмір кешу алаңы ғой. Сол кездегі, сол аланда қатар еңбек еткен азаматтарға, партнерлеріме айтар алғысым көп. Сонау Нұрмұхан, Ыдырыс, Әнуар, Есболған, Матан, Раушандар қандай еді?! Әрқайсысы бір-бір театр еді ғой. Ойлағанда жүрегіме сағыныш мұңын толтыратын да, жақсы мінездері еске түскенде қажымас жігер беретін де – сол періште актерлерім менің!

Тағдыр мені көп еркелетгі де, еңіретті де. Еркелеткені де, еңіреткені де маған үлкен сабақ болды. Өмірден мың жасап өткен қарттаймын. Сағиымның бір жылдық асында Бикен апамның айтқан сөзі әлі құлағымда. «Сағидың талант-дарыны әкесінен, нағашы атасы Шәкеннен жұққан ғой деп топшылаушы едім, мандайға сыймай кетті-ау! Тіл-көзден аман болса екен деуші едім ішімнен. Берік бол, Асанәлі, мұндай бала өсіріп-тәрбиелегеніңе қазақ мың да бір алғыс айтады әлі! Сен қайсар жансың, қайғың ішіңе түспесін! Да здравствует Асанәлі!» деп еді.

Ниетіңнен, айтқан әдемі сөзіңнен айналдым, асылым, ұлы сахна шебері Бикен апам!

Өмірдегі аналық үлкен жүрегі, дос-жаранға жұғымды кішіпейілділігі, жастарға, балаларға деген мол мейірімі, сахнадағы ғажайып өнері лайым кейінгілерге жұғысты болсын!

Әзірлеген С.ӘБДІҒАППАРҰЛЫ.

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5572