Жексенбі, 24 Қараша 2024
Тарихтың бір күні 10530 1 пікір 15 Сәуір, 2015 сағат 11:16

АБАЙ ЖӘНЕ ҚАРАМОЛА СЪЕЗІ

Биыл Қарамола съезіне 130 жыл 

Ұлы адамдар өмір сүрген я қызмет қылған жерлер киелі тұтылып, белгі қойылады. Бұл әлемдік тәжірибеде орныққан салт. Мысалы, Вена қаласында әйгілі композитор Бетховен пәтерде тұрған 30-ға тарта үйде тақта бар екен. Орыс халқы да қалысар емес - Пушкин, Толстой сынды тұлғалары болған жерлерді бүге-шігесіне дейін зерттеп, ескерткіштер қоюда. Соның бірі - қазақтың Орал қаласына Пушкиннің келіп-кеткені жайлы ескерткіш-тақта орнатылды. 

 

Қарамола... Ол 1885 жылы ұлы Абай болған, болған деймін-ау, атақты билер Ережесін дүниеге әкелген жер. Ол ол ма, шайырдың ақындық шабыты тау селіндей тасқындауына түрткі болған жер. Жарайды, білген-тергенімізді рет-ретімен баяндайық.

Қарамола Семейден 70 шақырым, Шар өзенінің бойында. Ұсақ төбешікті кең далада екі су қатар ағады: Шар және Қызылсу өзендері. Қызық. «Шар» деген не сөз? ХІІ ғасыр жазбаларында «қыпшақ» атауы «шары (сары)» түрінде кездеседі. Пәлі, «Шар» дегеніміз сол «Шары» сөзі болмасын. Көне қазақтар қос өзенді Сарысу және Қызылсу деп ажыратқан сыңайлы. Сонан келе-келе Шарысу «Шар» деген қысқа түрге айналғанға ұқсайды.

Енді  Қарамола топониміне келейік. Қазақ ескі әлемінің адастырмас картасы, компасы әрі шекарасы – мола болғаны мәлім. Әлем әміршісі Шыңғысхан құрған көшпелі империя астанасы «Қара қорым» аталған (мола және қорым түбінде бір сөз). Сонымен, «Қара мола» атауы - киелі мекен, көне орын, қара жұрт деген мағынаға саяды. Сол себепті тоғыз жолдың торабы - Қарамолада жылына екі мәрте (маусым және қазан айларында) жәрмеңке жұмыс жасаған.

(Сенсеңіз, жәрмеңке тарихы есте жоқ ескі мезгіл - Қимақ-қыпшақ қағанаты дәуіріне кетеді-дүр. Киіз туырлықты көшпелі халықтың қан базарында мал, жүн, теріден бөлек, мата, шәй, былғары, ыдыс-аяқ сияқты заттар саудаға түскен. Масатыдай құлпырған Шары өзені жағасына тіккен көп үйлер, байлаған бие, түрлі ойын-сауық, топтанған халық жәрмеңке сәнін келтірген. Қарқаралы жеріндегі атақты Қоянды жәрмеңкесі 1848 жылдан 1930 жылға дейін жұмыс істегені аян. Ал оған дейінгі Арқаның атақтысы осы Қарамола жәрмеңкесі болғаны хақ. Сауда керуені Сібірден, Қытайдан және қазақ даласының түкпір-түкпірінен жәрмеңкеге бет түзеген ғой. Ләжіміз не, сол ертегідей алыс шақтан бүгінгі біздерге тек қана қазақтың «Бұл бас не көрмеген дейсің, Қызылсу-Шарды да көрген» деген кәрі сөзі ғана жетіп отыр...).

Сөйтіп, төтенше (шербешнай) съезге басқа емес, Қарамоланың таңдалуы - ақ патша шенеуніктерінің мәртебелі әрі қолайлы жерлерді жете зерттеп, жақсы білгенін байқатады.

«1885 жылы, - деп жазады М.Әуезов, - Қарамола деген жәрмеңкеде бірнеше дуан елдің, ол күндегі әдет бойынша, бас қосатын шербешнай (чрезвычайный – А.О.) сиезі болады. Бұл уақытта Тобықты ішінде Абайға жау болып шыққан кісілер, өздеріне іштей ниеттес, тілектес болатын кісілерді басқа елдерден де тауып алған болады. ...Шербешнайға жиылған топтың ішінде осы сияқты Абайға қастық ниет ойлайтын кісілердің барлығы Қарамолаға келетін жандаралдан Абайды жазалайтын қаттылықты күтеді. Абай айдалар деп те үміт қылатындар болады».

Мінеки, сиездің (сияздың) Абайға қандай маңызды болғаны осыдан-ақ түсінікті. Төтенше съезде бес дуанның (Зайсан, Өскемен, Кереку, Қарқаралы және Семей) болыс, билері мен генерал-губернатор (қазақтар оны «жандарал» деген) Цеклинский бастатқан патша шенеуніктері бас қосты. 

Алайда, «Абайды жазалайтын қаттылықты күткен» күпілдектердің үміті ақталмай, жағдай керісінше қалыптасқан. Жандарал ел кісілерін жағалай жүріп, Абайға келгенде: «Партияшыл, ел бүлдіргіш Құнанбаев сенбісің?» депті. Абай: «мен» дейді. Неге партия қыласың дегенде: «Жалғыз мен партия қылмаймын, дүния түгел партия, тіршілікте бәрі алыс-тартыспен өтеді» дейді.

- Сені ел неге көп жамандайды?

- Ел көп, мен жалғызбын, көп әрқашан тентек, бұзық, бұзық көппен алысқан адам жаман атты болмай тұрмайды, - депті.

Осы сөздерден кейін жандарал Абайды өзіне тіккен үйге ертіп әкеліп, ұзақ әңгімелесіп отырып қалады. Сұхбат, мәжілістен кейін: «Съезді жақсы өткізіңдер, ұрыда ақысы кеткендердің ақысын толық әперіңдер, съезді жақсы өткізу үшін Абай сияқты кісіні төбе би сайлаңыздар» деп, өзі Абайды Шербешнайдың төбе биі қылып, қайтып кетеді», - деп жазады Мұхаң. Бұдан асқан сәттілік бола ма? Сол күндері халық Абайды «төбе би», «әділ би» деп төбесіне көтереді. Тәңірі өткір сезім сыйлаған ұлы ақын шабыты шалқып, жиылған би, болыстарға арналған Ережені айналасы 3-4 күнде дүниеге әкепті. Сол 73 баптан тұратын жаңа заңды баршасы - болыс, билер һәм ұлықтар мақұлдап, ереже астына қолдарын қояды. «Абай әдет-ғұрып мәселесін заманға лайықтап, халық пайдасына шешті, кем-кетіктің, әсіресе, әйел правосын жақтады, - дейді қазақтың көрнекті ғалымы Әуелбек Қоңыратбаев. - Сол үшін Абай көзінің тірісінде-ақ «әділ би» атанған. «Ереженің» заң қатарлы мәні болды».

Қорыта айтқанда, «Ереженің» жазылуы - Қарамола съезінің басты тарихи оқиғасы болды. Төбе би сайланған әрі Ереже иесі Абай өзін ерекше сезініп, ауылына зор әсерге бөленіп қайтады. Ең бастысы, туған халқының көсемі болудың жауапкершілігін алғаш рет жан-жүрегімен сезінеді.

Ұлы өмірдің әр сәтін қалт жібермей қадағалаған М.Әуезов: «Осыны сезуінің арты қазақ елінің барлық салт-сана, әдет қалпына қатты сын көзімен қарауды туғызды. Бүгінгі ел жайына, ел ортасындағы өз жайына болса да қанағат қылмайтын, заманынан озған ойларды ойлата бастайды», - деп қорытады («Абайдың туысы мен өмірі» атты еңбегі).

Ерекше жауапкершілікті сезінді дегенге оқырман назар аударуымыз жайдан жай емес. Мұхаң жаңа ақынды қоярда қоймай шығармашылыққа жетелеген бұла күшті тап басып айтқан. Қарамола сиязы мен Абайдың атақты «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» өлеңі өзара тығыз байланыста. Дәлдісінде әлеуметтік өлең алқалы басқосудың ізі суымай жазылған болатын. Яғни, 1885 жылдың маусым айының басында. Бірақ Абайдың тұңғыш жинағында бір жыл кейін, «1886 жылғы» деп қате белгіленіп кеткен-ді. Сол себепті «Қалың елім, қазағым» өлеңіне түрткі жәйт - Қарамола сиязы екені қарастырылмай келді. 

Ол заманда барша жұрттың делебесін қоздыратын науқан - болыс сайлауы еді (соның бір көрінісі - сайлаудың әрбірі дерлік Абай шығармашылығында із қалдырып отырды). Ал сияз сайлаудан да даңқты.

«Көжекбайға» деген өлеңінде ақын:

                                Орыс сияз қылдырса,

                                Болыс елін қармайды.

                                Қу старшын, аш билер,

                                Аз жүрегін жалғайды, -

десе, Күлембай болысқа арнаған өлеңінде:

                               Сияз бар десе жүрегім,

                               Орнықпайды суылдап.

                               Сыртқыларға сыр бермей,

                               Құр күлемін жымыңдап, -

дейді. Сияз – сайлаудың атасындай оқиға екені осыдан-ақ түсінікті.                                

Қалай десек те, қыр төсінің дүбірлі оқиғасы - Қарамола сиязынан Абайдың қатты әсер алғаны сөзсіз. Бұл жасы 40-қа толған Абай зор ғалым болған, ақындық қуаты бойын кернеген шақ екенін ескерте отыралық. Айта кетейін, Абай қалам ұстап, халық қамын ойлап іске араласуына түрткі оқиға - Қарамола съезі екенін дейектеп «Абай ақындығының басы қай жыл?» деген арнау мақала жазған едім. Бұл жерде қайталап жатуды артық көріп отырмын.          

Сөз басында даңқты, тарихи орынды қастерлеу - әдемі әлемдік салт дедік. Биыл Қарамола съезіне - 130 жыл. Оны туристік бағдарларға енгізудің уақыты жетіп-ақ отыр. Ол үшін керегі - жолды төсеу, көрнекі белгіні тұрғызу ғой. Осы мақсатта 1995 жылы жергілікті азаматтар бір белгіні орнатуын орнатқан-ақ екен. Бұл жөнінде Суықбұлақ кентінің тұрғыны Тұрсынбек Жүсіпов сөйлесін: «Жәр­меңке өткен алаң су­лы, нулы жер. Қазіргі Суықбұлақ кентінен онша қашық та емес. Семей-Алматы күре жолының бойынан бар-жоғы бір ша­қырым қа­шық­тықта. Мен зауытта ди­рек­тор болып жүр­­ген уақытта руд­никтің басшысы Шәкәрім Ра­хымжанов екеуміз ақыл­даса келе, ұлы Абай­дың 150 жылдық мерей­тойына орай, осы тарихи орынға белгі қоюды ойластырдық. Біздің бұл ойы­мызды Жар­ма ау­да­ны­ның басшысы И.В.Белихин де қолдады. Сөйтіп, Қара­мола жәр­­меңкесі өткізілген орын­­ға ес­керткіш белгі қойып, ат шаптырып, той жасадық».

Бірақ, Қарамола туристер келетін, жолаушылар ат басын бұратын зиярат орынға айналған жоқ. Неге? Себебі, жұртшылық оны жәрмеңкенің, қала берді сиездің орны деп қана естіп, білді.  Ал Абай шығармашылығына қатыстылығы лайықты деңгейде бағаланбай-ақ келеді. Осы олқылықтың орнын толтыру қамында «Қарамола съезінде Абай төбе би сайланған, сол жиыннан алған әсерден әйгілі «Қалың елім, қазағым» өлеңін жазған, сөйтіп, осы жер - Абай ақындығының бастауы» деген мазмұнда айшықты сөздер қашалған еңселі тас тұрса жөн. Және небәрі қозыкөш жерге асфальт төселсе игі. Осы сауапты істерді атқару, қолы жомарт, қалтасы қалың азаматтар мен Суықбұлақ кенті басшылары құлағына алтын сырға, қарызды міндет. Өркениетті елдер тарихи орындардың ұмытылуын, көзден таса, елеусіз қалуын – елдігіне сын деп қарайды. Осыны бізге де үйрену керек сияқты.

Асан ОМАРОВ,

зерттеуші.

 

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1492
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3261
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5584